Базалық мөлшерлеме 16,0% деңгейінде бекітілді

12919

2023 жылдың 6 қазанында ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 16%-ға дейін төмендету туралы шешім шығарды. Бұл тұрғыдағы келесі шешім қарашаның 24-де жария етіледі

Фото: Pixabay

Айтқандай, бас банктің бұл шешімін отандық қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың 50%-дайы алдын ала болжай алды.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы 5 қазанда жария еткен кезекті шолуында сарапшы қауымның 71%-ы базалық мөлшерлеме қалайда төмендейді деген пікірге тоқталған. Дегенмен, мөлшерлеменің төмендеу қарқынына қатысты олардың пікірі үшке бөлінген. Атап айтқанда, төмендеуді күткендердің 33%-ы базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі 6 қазаннан бастап 16,25%-ды, 50%-ы – 16,0%-ды құрайды десе, қалған 17%-ы 15%-ға дейінгі төмендеуге үміт артқан.

Бірақ олар алдағы 12 айда инфляция мақсатты 5% деңгейіндегі ернеуге қайта оралады дегенге біршама күмән келтіреді. «Алдағы жылдағы тұтыну бағасы индексіне берілген баға 11,3%-ды құрап, 2021 жылдың ортасынан бері алғаш рет бақылаудағы инфляцияға (11,8%) мейлінше жақындай түсті», - деп мәлімдейді өз шолуында ҚҚҚ сарапшылары.

Айта кетейік, ҚҚҚ ұсынған бұл жолғы шолуда отандық қаржы нарығындағы 2023 жылдың қазанындағы жағдайға сай негізгі көрсеткіштер қамтылған. Онда әдеттегідей нарық ішіндегі кәсіби ойыншылардың Brent маркасындағы мұнай бағасына қатысты болжамдары, теңгенің және ресейлік рубльдің АҚШ долларына шаққандағы бағамы мен инфляция, ЖІӨ және Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне қатысты пайым пікірлері есепке алынған.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, қыркүйек айында баяулай түскен айлық (0,7%-дан 0,6%-ға дейін) және жылдық (13,1%-дан 11,8%-ға дейін) инфляция аясында мемлекет басшысының инфляцияны биыл еке есе төмендету туралы (20,3%-дан 10,1%-ға дейін) тапсырмасын жүзеге асыру ықтималдығы арта түссе керек. Олардың пікірінше, бұл, өз кезегінде Ұлттық Банкке ақша-кредит шарттарын әрі қарай қалыпқа келтіруге жол ашуы тиіс.

Әйтсе де Ұлттық Банктің 6 қазандағы ресми хабарламасында: «Ағымдағы шешім мен тәуекел балансын ескерсек, 2023 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралатын болады», - делінген.

Ал отандық нарықтағы кәсіби ойыншылардың пікірінше, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 12,5%-ды құрауы әбден мүмкін, бұл, әрине, теңге түріндегі құралдар тартымдылығының төмендеуіне әсер етпей қоймайды.
Айтқандай, соңғы екі айда ұлттық валюта бағамына қатысты сарапшы қауым алға тартқан болжамды пікірлер көңілге күдік ұялатады деуге тұрарлық. Өз кезегінде, бұл жағдай нарық ішіндегі сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдік біршама ауытқып, алдағы қараша-желтоқсан айларында Ұлттық қордан сатылатын шетелдік валюта көлемі азая береді деген пікірлер аясында қалыптасып отыр (қазірдің өзінде трансферттер 85% деңгейінде орындалған).

Есесіне, сарапшы қауымның «қара алтынға» қатысты көзқарасы аса өзгере қоймаған: олар бір жылдан кейін мұнайдың бағасы «тұрақты оң болып қала береді» деген сенімде. Бұған, сірә, ОПЕК+ елдері ұсынысты қысқартқан соң, нарық ішінде тереңдей түскен өнім тапшылығы көрінісі септік етсе керек.

Бұл тұрғыда, ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан отандық сарапшылар, бір жылдан кейін ЖІӨ 4,1% деңгейінде өсуі ықтимал деген болжам айтуда (қаңтар мен тамыз аралығындағы болжам 4,9% болатын).

Сондай-ақ, олар ресейлік рубль «өзінің құлдырау шегіне жетті» деген пікірде. Отандық сарапшылардың пайымынша, бір жылдан кейін рубльдің АҚШ долларына қатысты бағамы ағымдағы деңгейде қалатын секілді (99,7).
Дәрия Кемер

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube