Соңғы бес жылда агросектордан 150 мыңдай адам кетіп қалған. Бұл нені меңзейді?

27436

Ауыл шаруашылығы саласы қоршаған ортаға, климатқа, геосаяси жағдайларға және мемлекеттік субсидияға тікелей тәуелді. Ал бұл факторлар жиі құбылып отыратын көрсеткіштер

ФОТО: © pixabay.com/pcdazero

Ұлттық статистика бюросы жыл сайын жариялайтын «Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығының негізгі индикаторлары» атты құжатты қарап отырып, ауыл шаруашылығы саласында еңбекпен қамтылған адамдардың саны жылдан-жылға азайып бара жатқанын байқауға болады.

2018 жылдан бері Қазақстанда еңбекпен қамтылған халық саны шамамен 244 мың адамға артқан. Десек те, осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтіндердің саны 150 мың адамға қысқарған. Былайша айтқанда, ауыл шаруашылығында еңбек еткен 150 мыңға жуық қызметкер басқа салаларға ауысқан немесе жұмыссыздар қатарына қосылған. Ал 150 мың адам – кішігірім қаланың, мысалы, Көкшетау қаласының халық санымен шамалас.

Жалпылай алғанда, 2018–2022 жылдар аралығында Қазақстандағы жұмыс күші (яғни, жұмысы бар адамдар мен жұмыс іздеп жүрген еңбекке жарамды жұмыссыз адамдар) 260 мың адамға артқан. Әрине, бес жыл ішінде еңбекпен қамтылған халық санының 244 мыңға көбеюі қалыпты көрсеткіш. Осыған қарап, жұмыссыздар саны 16 мыңға артса керек деп те топшыладық...

Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адам саны азая түскенімен, бұл санаттағы қызметкерлер әлі де еліміздегі ірі еңбек топтарының біріне жатады. Биылғы мамыр айындағы дерек бойынша, Қазақстандағы еңбекпен қамтылған халықтың 11,5%-ы – 1 млн 36 мың адам ауыл, орман және аңшылық шаруашылығы саласында жұмыс істейді.

2018–2022 жж. аралығында Қазақстандағы еңбекпен қамтылған халық саны
2018–2022 жж. аралығында Қазақстандағы еңбекпен қамтылған халық саны
Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Осы орайда мынаны ескере кеткен жөн: статистика бюросына деректерді жергілікті әкімдіктер ұсынады. Ал олар өз аймағындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетіп көрсетуді көздеуі ықтимал. Сөйтіп, ауылда тұратын жұмыссыз азаматтарды ауыл шаруашылығында қызмет атқаратын өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар ретінде көрсеткен болуы да мүмкін. Өйткені 2023 жыл басталған сәттегі ауыл халқы 2019 жыл басталған сәттегі ауыл халқынан 200 мыңға кем. Яғни, ауыл шаруашылығындағы азаматтардың саны қысқарды деп емес, ауылда тұратын жұмыссыз азаматтар қалаға қоныс аударды деп те тұжырымдауға болады. Айтпақшы, бірер апта бұрын ҚР Бас прокуратурасы Түркістан облысындағы 174 әкім мал шаруашылығына қатысты статистиканы бұрмалағанын анықтады. Ал әр аудандағы кішігірім бұрмалаудың соңы бүкіл елдегі статистиканың бұрмалануына апарып соғады.

Тағы бір маңызды факт – ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдардың азаюы қалыпты құбылыс және бүкіл әлемге тән тенденция. Шын мәнінде, біз жұмысшылар санына емес, олардың еңбек өнімділігіне, яғни жұмыс сапасына назар аударуымыз керек.

Мысалы, Америка Құрама Штаттары – ауыл шаруашылық өнімдерін ең көп экспорттайтын мемлекет (жылына 118 млрд доллардың өнімін). Соған қарамастан, 2019 жылғы дерек бойынша, бұл елде еңбекпен қамтылғандардың тек 1,4%-ы (2,28 млн адам) ғана осы салада жұмыс істеп, бір фермер жылына, орташа есеппен, 100 мың долларлық өнім шығарған.

Ал осы кезеңде қазақстандық бір фермер құны 7650 доллар болатын ғана өнім өндірген. Америкалық шаруа қазақстандық шаруадан 13 есе еңбекқор, 13 есе мықты деп айта алмаймыз, олардың негізгі артықшылығы – технология мен білім мүмкіндіктерін пайдаланып, өз жұмысын автоматтандыра алуында, шикізаттан дайын өнім шығара білуінде.

Осы арада тағы бір заңды сауал туындайды: ауыл шаруашылығындағы қызметкерлер санының азаюы өндіріске қалай әсер етуде?

Статистикаға көз жүгіртсек, агроөнеркәсіп саласында жұмыс істейтін адамдардың саны азая түскенімен, сектор ішіндегі өндіріс көлемі төмендей қоймаған. Яғни, бұл саладағы жұмысшылар саны өнім өндіруге айтарлықтай әсер етпеген, тіпті жылдан жылға мал саны мен егістік көлемі ұлғайып келеді десек те болады. Соған қарағанда, ауыл шаруашылығында жаңа технологиялардың қолданысқа түсуі – жерді игеріп, көбірек мал асырауға серпін берсе керек.

Қазақстандағы егістік жердің жалпы көлемі, 2012–2021 жж.
Қазақстандағы егістік жердің жалпы көлемі, 2012–2021 жж.
Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы
Қазақстандағы мал басының саны, 2012–2021 жж.
Қазақстандағы мал басының саны, 2012–2021 жж.
Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Жоғарыда келтірілген кестелерге байыппен қарасақ, соңғы он жылда елімізде егістік көлемі ұлғая түскенін байқай аламыз. Шошқа шаруашылығын есепке алмағанда, Қазақстанда мал басы да жылдан жылға тұрақты түрде көбейіп келеді (Статистика бюросы жариялаған деректер бойынша, еліміздегі шошқа саны 2013 жылы 10,5%-ға кеміп, артынша 2014 жылы бір жыл ішінде 8,5 есе көбейген. Соған қарағанда, сарапшылар сандарды енгізу барысында қателесті, я болмаса есептеу әдісін өзгертті деген ойға тоқталдық).  Дегенмен, ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемі сапалық көрсеткіштердің жақсаруынан гөрі, егістік жер аумағын арттыру мен мал басын көбейту есебінен ұлғайып отырғаны байқалады.

Ауылшаруашылық дақылдарының түсімділігі, 2012–2021 жж.
Ауылшаруашылық дақылдарының түсімділігі, 2012–2021 жж.
Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы
Мал мен құстың өнімділігі, 2012-2021 жж.
Мал мен құстың өнімділігі, 2012-2021 жж.
Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Мал шаруашылығының өнімділігі баяу да болса артып келеді, бірақ егін шаруашылығының түсімділігі тұрақсыз. Әсіресе, Қазақстанның негізгі экспорттық тауары – дәнді дақылдар шаруашылығы сыртқы факторларға тәуелді. Айтқандай, ауыл шаруашылығындағы сапа көрсеткішінде ілгері жылжу болмаса, ертеңгі күні ол экологияның нашарлауына жол ашуы мүмкін. Егістік жер аумағы мен мал санын шексіз ұлғайту топырақтың тозуына, ресурстардың жеделдеп сарқылуына апарып соғады. Мұның орнына асыл тұқымды мал шаруашылығына, топырақтың құнарлығын арттыруға, сапалы өсімдік сұрыптарын жасап шығаруға көңіл бөлген дұрыс болар еді. 

Ал енді мақала басында сөз етілген мәселеге қайта оралсақ. Сонымен, Қазақстанда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің саны неге қысқарып жатыр? Ашық көздерде жария етілген бірқатар деректерді сарапқа салып, талдай келе, біз мұның бірнеше себебін анықтай алдық.

Төмен жалақы: Finprom порталы таяуда жария еткен есепте айтылғандай, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің айлығы тым төмен. Олардың жалақысы еліміздегі орташа жалақы мөлшерінен екі есе аз. Бұл ауыл шаруашылығы қызметкерлерін басқа салаларға кетуге итермелейтін негізгі фактор. Еліміздегі ауыл шаруашылығы көп жағдайда арнайы кәсіби білімді қажет етпейтін арзан жұмыс күшін талап етеді. Сәйкесінше, олардың жалақысы да төмен болады.

Табыстың төмен болуының тағы бір себебі – бұл салада тұрақты жұмыс жоқтың қасы. Шаруалардың көпшілігі маусымдық қызметпен айналысады. Егін науқаны аяқталған соң жұмыс та тоқтап, олар табыстан айырылады.

Автоматизация: Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы дегеніміз өгізбен жер жыртып жүретін орта ғасырдағы дәстүрлі кәсіп емес, ол – соңғы үлгідегі комбайндар, тракторлар, роботтар, жасанды интеллект және дрондар. Шаруашылыққа инновациялық технологиялар қосылып, жұмыс автоматтандырылыған сайын жұмысшы адамдарға деген қажеттілік те азая түседі. Әрине, қара жұмысты азайтып, автоматтандыру өте жақсы, бірақ ол жұмыс орындарын қысқартатыны сөзсіз.

Тәуекелдердің жоғары болуы: Ауыл шаруашылығы саласы климатқа, мемлекеттің субсидия саясаты мен геосаяси жағдайларға қатты тәуелді. Бұлар жиі құбылып тұратындықтан (мысалы, кейінгі 2,5 жылда субсидия беру туралы бұйрықтар 21 рет өзгерген), осылайша ертеңгі күннің қалай боларына сенім болмағандықтан, фермерлер тәуекелі аз басқа салаларға кеткісі келеді. Әсіресе, климаттың өзгеруі, құрғақшылық, топырақтың тозуы салдарында түсімнің төмендеуі дәстүрлі шаруаларды бұл кәсіптен кетуге мәжбүрлеп отыр.

Ауылдағы нашар инфрақұрылым: Ауыл шаруашылығы қаладан тысқары жерлерде, аймақтарда жүргізіледі. Ал елімізде ауылды жерлердегі өмір сапасы төмен, жолдардың жағдайы нашар, интернет байланысының жылдамдығы баяу. Білім мен медицина деңгейі де ілгері жылжуды қажет етеді. Осының бәрі ауыл шаруашылығымен айналысатын жұртты қалаға көшуге не басқа салаға ауысуға итермелейді.

Десек те, қазіргі жағдайда ауыл шаруашылығы қызметкерлері санының азаюы – қалыпты құбылыс және оны тоқтату мүмкін емес. Бұл тұрғыда мемлекет, ең алдымен, мына сұраққа жауап іздесе дұрыс болады: ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін халықтың санын қазіргі деңгейде ұстап қалу қажет пе, қажет емес пе? Егер «қажет» болса, онда ел үкіметі жоғарыда аталған себептерді жоюға түпкілікті мән беруі керек.

Ал «қажет емес» жағдайда, үкімет, ертеңгі күні жұмыссыз қалатын жүздеген мың адамды еңбекпен қамту жолдарын ойластыруы тиіс. Бұл жүздеген мың азаматтың біліктілігін шыңдау, қайта даярлау курстарынан өткізу, жаңа жұмыс орындарын ашу сынды кешенді шараларды талап етеді.

Одан бөлек, қала әкімдіктері инфрақұрылымға түсетін зор жүктемеге де дайын болуы шарт. Биыл маусым айында Астана қаласында көрініс берген су тапшылығы – өзіндік бір ауқымды түйінді мәселенің әншейін басы ғана болып көрінуі де мүмкін...

Оразай Қыдырбаев

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить