Сіз қалдырған цифрлы із
Цифрландыру кезеңінде адам өмірі цифрлы ортаға байлаулы, бұл қазір баршаға мәлім дәйек
Бірақ цифрлы әлемді әрі-бері шарлаған кез келген қолданушы өз артында «цифрлы із» қалып жатқанын елеп, ескеріп жүрген жоқ. Қолданушының цифрлы қадамынан қалған із — ол өзі оқып, қараған кез келген ақпарат көзінде, әлеуметтік желіде, сервистер мен қосымшаларда қалып жатады. Сәйкесінше бұлардағы контент ұсынушы да қолданушы туралы мәліметті жинақтап, ол қандай ақпаратты тұтынуға бейім, оған қандай контент ұнайды дегенді бағамдап отырады.
Қолданушының цифрлы әлемде қалдырған ізін мамандар әдетте белсенді және пассивті деп сипаттайды. Белсенді, яғни интернетте сіз өзіңіз қалдырған «деректер», мысалы, әлеуметтік желілердегі жазбаларыңыз, пікірлеріңіз, фото және видеоңыз, т. б. Ал пассивті ізге сіз емес, сіз қолданған ресурстар қалыптастыратын деректер жатқызылады, айталық, сіз қандай контентті, қай платформадан, қай уақытта және қай жерде отырып қарадыңыз деген сияқты.
Енді біз қазақстандық интернет қолданушылардың соңғы үш айда қалдырған цифрлық ізі нені көрсетті, соған тоқталсақ. Байқауымызша, Google мен YouTube қазір ақпарат іздеумен қатар уақытты көңілді өткізуге арналған құралға да айналған. Біз осы екі платформаны қолдана отырып, қазақстандықтардың соңғы үш айда іздеген ақпараты да, қажеттіліктері де әртүрлі екенін көре алдық. Бұл деректердің барлығы Google Trends сайтына жинақталып отырады. Әрине, Google Trends деректерін қалыпты түсініктегі «цифрлы із» ұғымына жатқызу қиындау. Себебі датаның барлығы жинақталып ұсынылады, жеке деректер көрсетілмейді. Дегенмен, деректің барлығы интернет қолданушылардың цифрлы іздерінен құралған. Қазіргі таңда мыңдаған, тіпті миллиондаған адамның интернеттегі әрекетін бақылай отырып, қоғамның қандай ақпаратты қажет ететінін бағамдауға болады.
Сонымен, соңғы үш айда Қазақстандағы интернет қолданушылардың Google және Youtube арқылы іздеген деректері нені көрсетті?
Google. Басқаларға қарағанда мұнда көш басында ауа райына қатысты ақпаратты іздеу тұр. Бір қызығы, екінші орынға «аударма» сөзі шықты. Яғни, көптілді елде Google аудармашы қызметін де атқарып жатса керек. Бұл қысылтаяң шақта қолдағы телефон арқылы күнделікті қажеттілікті жылдам өтеудің амалы деуге тұрарлық. Бұдан бөлек аталған платформа бізге қазақстандықтар спорт жарыстарын жиі қарайтынын көрсетті. Әсіресе, «Олимпиада — 2024 ойындары» кілт сөзін жазатындар жиі ұшырасты. Олимпиада ойындары негізінен қазақтілді аудитория көбірек шоғырланған аймақтарда ерекше сұранысқа ие.
Youtube. Бұл платформадағы деректерден көңіл күй қалыптастыратын контентке сұраныс жоғары екенін байқадық. Қолданушылардың арасында «музыка» сөзі бірінші орында тұрса, одан кейін «кино» және «songs» сөздері шығып отыр. Яғни, бұл платформа күнделікті қолданыс құралы емес, жайлылық тетігі іспетті болса керек. Мультфильммен қатар балаларға арнап контент түсіретін ресейлік «А4» youtube контент мейкеріне де сұраныс күшті. Ал ересектер арасында соңғы 90 күнде «Күйеу балам депутат» фильміне Алматы мен Шығыс Қазақстанда қызығушылық жоғары болған.
Көріп отырсыздар, екі платформадағы ерекшелік қазақстандықтар арасында цифрлы дағдының әртүрлі қалыптасып жатқанын байқатты. Сонымен қатар Google мен Yotube біздің елімізде өзара бәсекелес құралдар емес, бірін-бірі толықтыратын құралдар ретінде қабылданады. Ескеретін жайт — сұранысқа ие ақпараттың көп бөлігі Қазақстанда өндірілген контентті құрап келеді.