Білім беру азамат қалыптастыруы керек

19261
Автор: Толғанай Үмбетәлиева
Саясаттанушы, PHD

Қазақстанда жекеменшік мектептер саны артып барады, ол жақсы ма әлде жаман ба?

Мұны ата-аналар мемлекеттік мектепке қарағанда жеке білім беру жүйесіне көбірек сенім артады, олар әлдеқайда сапалы білім береді деп түсінуге бола ма? Жалпы осындай сұрақтың қойылуы қаншалықты дұрыс?

Әрине, пандемия білім беру жүйесіне өзгеріс енгізді және енгізе де береді. Өткен жылы онлайн оқу кезінде жиналған тәжірибені болашақта қалай пайдалануға болады және бұл тәжірибе кезекті реформалар пакетін дайындағанда ескеріле ме? Осы тәрізді сұрақтар көп, тоқтаусыз жалғастыра беруге де болады. Бірақ, менің ойымша, олардың арасынан білім беру бағдарламасының мазмұны және сабақ беру тәсілі деген бағыттарға тоқталу керек.

Бүгінде әлемде сан түрлі білім беру модельдері, мектеп түрлері бар. Білім беру институттары арасындағы бәсекелестік өте жоғары, бұл жарысқа мемлекеттік мектептер де белсенді түрде қатыса бастады. Альтернативті білім беру деп аталатын формат та бар, яғни ата-аналар балаларын өздері үйде оқытады. ЖОО-ның алуан түрлі рейтингі пайда болды, олардың қатарына қазақстандық ЖОО-лар да қосылуға тырысып жатыр. Бірақ осындай бәсекелестікке қарамастан елдегі білім беру жүйесі қоғамның қажеттілігін қанағаттандырмайды.

Экономикалық идея және даму моделі ретінде неолиберализм өмірдегі әлеуметтік сфераларға үлкен өзгерістер енгізді. Мәселен, білім беру жүйесін бағасы бар тауарға, ал адамдарды адами капиталға айналдырды. Бірақ барлық елде емес. Әлеуметтік-демократиялық идеялар әлі де күшінде тұрған кейбір еуропалық мемлекеттерде мектеп, университеттер нарықтық қарым-қатынастан тыс қалған. Мысалы, Германия білім беруді тегін жасады. Өздерінің оқыту модельдері бар көптеген жеке мектептер, колледждер болғанына қарамастан орта және жоғары білім беру жүйесі тегін жұмыс істейді.

Қазақстанда тәуелсіздік алған сәттен бастап білім беру жүйесі нарықтық қатынастардың субъектісіне айналды. Білім бағасы бар тауарға тең болды. Айта кету керек, халықаралық және бірлесіп ашылған мектептерді (қазақ-түрік лицейі және т.б.) есептемегенде, жекеменшік мектептегі білім беру моделі мемлекеттік білім ошағынан аса қатты айырмашылық көрсетпейді. Жекеменшік мектеп мемлекеттік бағдарламамен сабақ береді, пәндері мен сағат бөлінісі де ұқсас. Соңғы кездері жекеменшік мектептер мен ЖОО-лар төлем қабілеті бар клиенттен айырып қалмауды ғана ойлап, білім сапасына мән бермейді дейтін пікірталас жиі болатындықтан, мемлекет әрдайым жекеменшік мекемелердегі білім сапасын бақылауға тырысады. Жеке мектептің тиімділігін ҰБТ, емтихан немесе тест қорытындысы бойынша бағалау мүмкін емес. Себебі оқушы жетістігі мұғалімге немесе репетиторға байланысты екенін түсіну қиын. Әрине, мектепті бағалау критериі ретінде жаңа технологияның бар болуын да ескеру маңызды, бірақ олар шын мәнінде білім сапасына әсер ете ала ма? Жауап: әрдайым емес.

Жалпы алғанда Қазақстанда «білім берудің ажыратылған моделі» қалыптасқан, бұл дегеніміз білім қоғамның қажеттілігі мен қалауынан тым алыста. Сондықтан көбінде білім алу емес, диплом алу бірінші орында. Өкінішке қарай, университеттер және орта білім беру жүйесі халыққа қызмет етпейді, олар көпшілікке сапалы қызмет ететін басқару, заңгерлік, экономика, медицина, қаржы, әлеуметтік (сантехник, құрылысшы, архитектор т.б.) саладағы сапалы мамандар шығармайды. ЖОО-лар мен колледждер қаншама заңгерлер, қаржыгерлер, банкирлер мен дәрігерлерді дайындайды, бірақ соған қарамастан біз әлі күнге дейін азаматтардың қаржылай немесе құқықтық сауатын қалай арттырамыз деп толғанамыз.

Мүмкін, бізге білім не үшін қажет деген сұраққа жаңа көзқараспен қарау керек шығар. КСРО таралғаннан кейін қазақстандық қоғамның ерекшелігін ескерместен көптеген мектеп пәндері көшіріле салды. Бағдарлама құрылымы өзгерген жоқ, оның мазмұны жоғарыдан берілді. Мысалы, қазақстандық білім беру жүйесі бұрынғы қағиданы сақтап қалған, яғни тар шеңберлі мамандыққа бағытталған. Оқу материалын мұндай форматта құрастыру білімнің жүйелілік және біртұтастық деген принципін бұзады. Ғылыми салада да осындай жағдай, мамандықтар шифрі өте тар шеңберде бөлінеді, диссертация да соған сай жазылуы керек. Әйтпегенде Қазақстандағы ғылыми жұмыстар қорғалмайды және мойындалмайды, дегенмен басқа елдерде «пәнаралық» деген түсінік бар және көпшілігі оны дұрыс деп қабылдайды. Мәселен, саясаттанудың өзінде бірнеше шифр бар. Меніңше, бұл тәсілді қайта қараған дұрыс, жас ғалымдарға ғылыми зерттеу үшін көбірек кеңістік беру керек. Олар тар шеңбер аясында емес, зерттеу тәсілдерін және өзге де ғылыми пәндердегі зерттеу қорытындыларын пайдалана отырып жұмысын еркін жазуы керек.

Мысалы, посткеңестік кеңістіктегі академиялық ортада «ана тілі» деген пәнге қатысты жиі пікірталас болады. Кеңестік білім жүйесінде бұл пән ережелер жиынтығы мен грамматика түрінде берілген. Ал бүгінде балаларға ана тілі деген ұғымды жан-жақтан қарауға мүмкіндік беретін түрлі әдістемелер ұсынылады. Мысалы, ана тілін үйрету бойынша бағдарламаны шет тілін үйрену жүйесіне ұқсас құрастыру: аудио, оқу, сөйлеу, коммуникация және т.б. Сондай-ақ мәтінді дұрыс және жылдам оқудың да бірнеше түрі бар, бірақ бұл дағды мектеп бағдарламасына енгізілмеген. Ал бала мектепте тек білім алып қана қоймай, сараптама жасау, көпшілік алдына шығу, таныстыру, пікірталасқа қатысу, тыңдай білу, өзгенің пікірін сыйлау, сыни ойлай білу деген тәрізді дағдыларды да игеруі керек.

Сабақ беруде әлі де ескі тәсіл қолданылады, кеңестік жүйеде патриоттық тәрбие үшін қолданылған «әдебиет», «тарих» тәрізді пәндер әлі оқытылады. Бұл пәндерді берудің тәсілі де, мазмұны да (бәлкім, қазақстандық контент көбейген шығар) кеңестік кезеңнен қазақстандық мектептерге көшіріле салған. «Әдебиет» сабағының мазмұнын, сыныпта талқылауы керек кітаптар тізімін педагог дайындамайды. Дегенмен оқушылардың құрамына, білім беру тіліне қарай отырып оны педагогтың құрастыруына болар еді. «Әдебиет» курсының мазмұнын гендерлік жағынан қайта қарау керек, бағдарламаға өз кезінде түрлі себептермен қосылмай қалған не алынып тасталған әйел жазушыларды, ақындарды да қосу керек. Сондай-ақ, бағдарламада оқушыларға өткен ғасырдағы роман, әңгіме, поэма, миф бойынша бағыт беріп қана қоймай, жаңа заманғы, идеологиялық әдебиетке де орын қалдыруға болады.

«Тарих» пәніне қатысты да «сезімтал» тақырыптар көп. Әлеуметтік желіде жиі жазылатын аштық, репрессия, геноцид тәрізді тақырыптарды да мектеп бағдарламасына қосу керек. Агрессия туғызбай, қоғамның біртұтастығын арттыру үшін кейбір тақырыптарды қалай жеткізу керек екенін де ойлану қажет. Мысалы, тарих туралы, оны қарадүрсін түрде жеткізбей, интерпретация жасайтын кейбір тақырыптарын сыни талқылау үшін белгілі бір тезаурус құрастыру керек. Ескеретін нәрсе, кеңестік кезеңде тарих тек соғыстағы жеңіс негізінде жазылды, ол жерде қателікке жол жоқ, бір адамнан басқа өзгелердің дауысы шықпады. Барлық тақырыптар «біздің адам – дұшпан» деген қатынаста жазылған.

Әрине, кеңес уақытында «тарих», «әдебиет» тәрізді пәндер идеология үшін өте белсенді пайдаланылды, сондықтан оны барлық мектеп оқуы керек еді. Ал бүгінде мемлекет академиялық еркіндік ұсынып отыр, ендеше неге мектеп педагогтарына да еркіндік беріп, оқытатын курс мазмұнын ғана емес, оларды міндетті ету туралы мәселені де өздері шешпеске? Осыған байланысты, бұл пәндердің мазмұны қаншалықты патриоттық тәрбие береді деп емес, алған білімнің азамат ретінде қалыптасуына қаншалықты қажет деп сұраған жөн.

Мұндай жаңа өзгерістерді, ұсыныстар мен сызбаларды, жаңа модельдерді енгізуге жеке мектептер жақсы көмектесе алады, олардың форматында пән мазмұнына қатысты академиялық еркіндікті сақтау мүмкін. Тіпті оқушыларға барлық пәнді міндеттемей, өздері таңдап алатындай жағдай жасауға да болады. Бұл білім беру жүйесіне өзгеріс әкеледі, оқушылар мен студенттердің өз қалауын айтуына мүмкіндік береді. Себебі жеке мектеп деген тек бай материалды-техникалық базасымен ғана емес, бағдарлама мазмұны мен педагогиканың жаңа форматына байланысты қызықты идеялар ұсынуымен де ерекшеленуі керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить