Топан судың әлегі

Көктемгі су тасқынынан кейінгі бірер түйін

Фото: primeminister.kz

2024 жылдың көктемінде Қазақстанның он екі өңірін топан су басып, елдегі экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелердің түйіні одан әрі шиелене түсті. Апат айтып келмейді, бірақ оның салдарын талқылап, алдын алу жолдарын ескеру — мемлекет алдындағы кезек күттірмес шараның бірі. Бүгінгі материалда біз сырт көз сарапшыларды әңгімеге тартып, ел экономикасының табиғи апаттар алдындағы қауқарын, тәуекелі мен мүмкіндіктерін сарапқа салдық.

Судың да иесі болғаны дұрыс…

Еліміздің бірқатар аймағын дүр сілкіндірген су тасқыны ел экономикасындағы жекелеген кәсіпорындарды да, тұтас бір салаларды да шарпымай қойған жоқ. Маусымда премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев алдын-ала есептеулер бойынша су тасқыны салдарында елдегі инфрақұрылым нысандарына келген залал көрсеткіші 53 млрд теңгені құрағанын мәлім етті. Оларды қалпына келтіру үшін кем дегенде 48,7 млрд теңге қажет. Бүгінгі таңда қолға алынған жобалардың құны 39,8 млрд теңгеге бағаланып отыр.

«Автокөлік жолдарының 109 учаскесіне 39,6 млрд теңге, мектептерге — 11,7 млн теңге залал келді. Электрмен жабдықтау желілерінің шығыны 1,5 млрд теңге, бірақ бұл сомаға жекеменшік нысандары енбейді», — деп көрсетті сол тұста вице-премьер. Бұл арадағы жекеменшік нысандары — азаматтардың баспанасы мен өзге де жылжымайтын мүлкі, мал басы, техника түрі, егістік жері, т. б. Әлбетте, орасан-зор шығынға ұшыраған отандастарымызға өтемақы төлеу мемлекеттік бюджет есебінен шешіледі, бірақ өтемақы мөлшері мен оны төлеу тәртібі бірнеше айдан бері қоғам мен билік арасындағы дау-дамайға ұласқан. «Қиын-қыстау кездегі адамдардың эмоцияларын түсінеміз… Әр проблеманы жеке алып қарауға тырыстық. Қабылданып жатқан шаралар зардап шеккен әр отбасының пікірін барынша ескере отырып, іске асырылуда. Әкімдіктерге жедел желі жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың сұрақтарын шұғыл қарап, шешуді тапсырамын», — деді қыркүйектің соңында үкімет басшысы Олжас Бектенов.

«ТЖМ мәліметтерінше, 2024 жылдың ақпан айындағы көрсеткіштерге сай, Қазақстандағы 537 гидротехникалық құрылғы жөндеуді қажет еткен. 200-ден астам бөгеттердің тиісті паспорттары болмаған, жоспарлы-профилактикалық жұмыстарға ақша бөлінгенімен, бұл бөгеттердің техникалық қауіпсіздік деңгейі дұрыс анықталмаған», — дейді экономист Айдар Әлібаев. Әйтсе де сарапшының айтуынша, дұрыс қамданған жағдайда су тасқынын тиімді жағынан қарастыру мүмкіндігі де бар. «Биыл көктемде Батыс Қазақстанға солтүстіктен кең ауқымда ағын су келіп, біраз шығынға батырды. Бұл жағдайдың абсурдтығы сонда — дәл осы су ағынына ШҚО жаз айларында көрші Ресейге миллиардтаған теңге төлейді. Бұл мақсатта облыс бюджетінде жыл сайын 1–2 млрд теңге есепке алынады, бірақ кейде су сатып алуға қосымша ақша бөлуге тура келеді. Мысалы, 2021 жылы 147 млн текше метр су үшін салық төлеушілер 4,2 млрд теңге төлеген, ал 2023 жылы БАҚ өкілдері бұл тұрғыдағы төлем сомасын 6,5 млрд теңге деп көрсетті. Ал осы мәселені шешу үшін салынуы тиіс су қоймасының құны әзірше 1 млрд теңгеге бағалануда», — дейді экономист маман.

Рас, суға қатысты ел ішінде қордаланған мәселе көп, бірақ бұл тұрғыда ешқандай шешім-әрекет, іс-шара мүлдем жоқ дей алмаймыз. 2024 жылдың 5 ақпанында елімізде ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған концепциясы қабылданды. Бұл құжат осы сала бойынша елдегі бүгінгі ахуал мен халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Онда елдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңадан 20 шақты су қоймасын салып, қолданыстағы 15 қойманы қайта жөндеу және ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын иррагациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыс нысандарын модернизациядан өткізу көзделген. Бұл концепцияны жүзеге асыру аясында су ресурстарына қатысты нақтыланған мониторинг жүйесі қалыптасып, алдын ала болжамдар жасалуы тиіс, сондай-ақ онда елдегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңартып, қайта салу мүмкіндігі де ескерілген.

Өз кезегінде, сарапшы, инженер-гидрогеолог Анар Тілеулесова, Қазақстандағы су тасқыны — су шаруашылығы саласындағы бей-берекетсіздік пен қамсыздықтың салдары деп есептейді. Сарапшының пікірінше, елдегі су ресурстарының нақты бір жауапты қожайыны, «су иесі» жоқ. «Су тасқыны кезінде Қазақстандағы шағын су қоймаларының басым бөлігі қараусыз қалып жатады. Ал жаз айларында сол су қоймаларының біріне барып көріңізші, өте алмайсыз — алдыңыздан міндетті түрде кедергі бекеті кездеседі. Ал биыл көктемдегідей қиын да төтенше жағдай орнап жатса, су ресурстары үшін жауапкершілік жергілікті билік орындарына жүктеледі», — дейді ол.

Гидрогеолог маман су ресурстарын басқаруды республикалық деңгейден қайта қарап, реттеу керек деп отыр. «Біздің елмен ортақ трансшекаралық су көзі бар Орталық Азиядағы көршілеріміз Қырғызстан, Өзбекстан әу бастан су шаруашылығы менеджменті үшін бөлек бір комитет, арнайы министрлік ашып, тізгінді соларға беріп қойған. Ал бізде су шаруашылығы және ирригация министрлігі бір жыл бұрын ғана пайда болды. Су ресурстары жөніндегі комитет те әрі-бері көшіп жүрді — біресе қоршаған ортаны қорғау министрлігінің, біресе ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағында болып. Қазір енді өз алдына бөлек министрліктен дұрыс нәтиже күтеміз», — дейді Анар Тілеулесова.

Маман мәселесі елеусіз қалған

Әйтсе де биылғы зілзаланың себебін тек қана әлсіз менеджменттен іздеген дұрыс болмас, сарапшы Анар Тілеулесованың айтуынша, бұл арада кәсіби білікті мамандар мәселесі де өте өзекті. Гидрогеолог маман, су ресурстары министрлігіндегі бөлімдер мен су мәселесіне жауапты жергілікті деңгейдегі мекемелерді осы мәселенің анық-қанығын жақсы білетін, тәжірибесін сол өңірде бастап, шыңдай білген білікті мамандар басқаруы тиіс деп есептейді. «Мен су ресурстары саласындағы білім жүйесінің сарапшысы болдым, бұл мәселені жақсы білемін. Қазір Қазақстанда су инженерлерін оқытып, дайындау елеусіз қалған. Біздің университеттер тек су ресурстарын басқару бойынша мамандар даярлайды. Ал су мәселесімен гидрогеологтар, гидрологтар, гидротехниктер айналысуы тиіс», — дейді ол.

Естеріңізге сала кетсек, еліміз үшін стратегиялық маңызды саладағы маман жетіспеушілігі мәселесіне биыл сәуірде Мемлекет басшысы да мән берді. «Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып, гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек», — деді ҚР президенті БҚО-да өткен төтенше жағдай жөніндегі штаб отырысында.

Өз кезегінде экономист Айдар Әлібаев, су шаруашылығына қажет мамандарды оқытып, әзірлеу барысында осы салаға маманданған оқытушылар тапшылығы сыр беруі мүмкін деп пайымдайды. «Біздің елде осы профильде оқытып, білім беретін ұстаздар аз. Тіпті оларды тапқан күннің өзінде жаңа мамандарды оқыту үшін кем дегенде 4–5 жыл қажет, ал оларды практикалық тұрғыдан дұрыстап үйретуге тағы екі-үш жыл кетеді. Яғни, маман тапшылығы мәселесін өз есебімізден шешу үшін шамамен 8–10 жыл қажет болады», — дейді ол. Айтқандай, сарапшы маманның пікірінше, биылғы су тасқынының салдары тек инфрақұрылымға ғана шығын әкелген жоқ, зілзаланың зардабы жанама түрде болса да экономиканың барлық салаларын қамтыды. «Қираған жолдар, көпірлер, электр желілері азық-түлік пен тауар жеткізуді қиындатып жіберді. Осының салдарында жекелеген өңірлерде өнім, тауар тапшылығы туындап, бірқатар нарықтарда бағаның қымбаттауы байқалды. Шағын және орта бизнес те тәуекел аймағында қалып қойды: кәсіпорындар арасында өз жұмысын уақытша болса да тоқтатқандар бар. Ал бұл еңбек нарығына әсер етпей қойған жоқ», — дейді экономист Айдар Әлібаев.

Сарапшының айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру үшін қомақты инвестиция қажет: мемлекеттік де, жекеменшік те. Қираған инфрақұрылымды түзеп, зардап шеккен кәсіпорындарды қолдау мақсатында ел билігі бюджеттен қаражат бөлетінін әу бастан мәлім етті. Тіпті ең жоғары деңгейден түскен ұсыныста — әр өңірге Forbes Kazakhstan тізіміндегі ауқатты бизнесмендерді белгілеу туралы да айтылды. Бірақ кез келген елде зілзала соққысына ұшыраған экономиканы қалыпқа келтіру үшін бірнеше жыл керек дейді мамандар. Олардың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен секторларды оңалту үшін Қазақстанға қазір ұзақ мерзімді стратегия қажет.

Гуманитарлық салдар

Су тасқынының тағы бір салдары туралы отандық экологтар да дабыл қағуда. Нөсер жауындар мен су деңгейінің көтерілуінен елдегі өзен-көлдердің, су қоймаларының гидрологиялық балансы өзгерген, ал бұл жергілікті экожүйе жағдайына әсер етуде, дейді олар. Мамандардың айтуынша, табиғи апаттардың салдарында жануарлар мен жәндіктердің, өсімдіктердің жекелеген түрлері жойылып кетуі ықтимал, егер су тасқыны олардың мекендеу аймағына зиян келтірген болса.

Эколог Тимур Елеусізов, су айдындарындағы өзгерістердің бір себебін ауыл-аймақтағы септиктермен байланыстырады. «Көп жағдайда адамдар әншейін шұңқыр қазып, қалдықтарды сол жерге төге салады. Ал су тасқыны кезінде бұл қалдықтар қалқып шығып, егіс алқаптарына түседі. Сөйтіп, егін егу, егін жинау барысында алқаптағы өнім ластанған болып шығуы мүмкін. Тасқын аясында су алып кеткен малдың өлексесі бактериялық аурулардың тарауына септік етуі ықтимал. Су астында қалған әр өңірдегі қоқыс үйінділерін топан су қалай, қай жерде қопарып шығарғанын білеміз бе? Экологиялық тұрғыда бұл үлкен мәселе», — дейді эколог Тимур Елеусізов. Сарапшының айтуынша, су тасқыны жер бетінің құлдилау проблемасын ушықтыра түссе керек. Күн біресе қатты ысып, біресе толассыз жаңбыр жауып, жыл мезгілдеріне тән температуралық режимдердің алмасуы — климаттың өзгеру тенденциясының анық көрінісі, ал бұл — табиғи апаттардың жиілігін арттырушы фактор. Мұндай сын-қатерлерді алдын ала ескеріп, оларға бейімделе білу үшін кез келген мемлекеттің қолында тиімді стратегиясы болуы тиіс, дейді Тимур Елеусізов. Оның айтуынша, биылғыдай су тасқыны «енді қайталанбайды деп қамсыз отыруға болмайды», ендігі кезеңде біз табиғаттың жаңа талабына дайын болуымыз керек.

Негізі, су тасқыны кезінде Қазақстан үкіметі барынша жылдам әрі тиімді әрекет жасай білді: зардап шеккен өңірлердің жұртын бірден эвакуациялап, баспанасыз қалғандар үшін уақытша қоныс орындарын құрып берді. Бөгеттерді нығайтып, өзендердің деңгейін бақылау тұрғысында да дереу шаралар қабылданды. Дегенмен көктемдегі аласапыран төтенше жағдайларға ден қою жүйелерінде кемшіліктер барын анық көрсетті. «Елдегі инфрақұрылым да, төтенше жағдайлар қызметі де мұндай апаттар алдында дайын емес екенін көрсетті. Кей өңірлерде жергілікті билік топан су алдында абдырап қалғаны тағы рас», — дейді өз кезегінде сарапшы Айдар Әлібаев. Қазір ел үкіметі төтенше жағдайларға ден қою жүйелерін реформалау туралы мәселе көтеруде. Бұл тұрғыда инфрақұрылымды жаңартып, гуманитарлық көмектің қосымша қорын қамтамасыз етумен қатар, төтенше жағдайлар қызметі өкілдерін оқыту мәселесі де жоспарда бар. Ал тәуекелдерді бағалап, болашақ апаттардың алдын алу стратегиясын әзірлеу барысына ел үкіметі халықаралық эксперттерді тартуды да жоспарлап отыр.

Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, алдағы уақытта мұндай жағдайға жол бермейміз десек, «ел болып, билік болып су ресурстарын басқару және табиғи апаттарға дайын болу тұрғысындағы көзқарасымызды өзгертуіміз керек». Заманауи технологияларды қолдана отырып мониторинг жүргізуге, апаттар туралы алдын ала хабарлау жүйелерін қолдануға мән беру керек, дейді сарапшы. Ол сондай-ақ, бұл арада — инфрақұрылымды жаңартып, экологиялық саясатты жетілдіру және халықтың кез келген апат алдындағы әзірлігін арттыру сынды кешендік мәселелер де билік пен қоғамның, бүкіл халықтың назарынан тыс қалмауы тиіс деп қосады.