Тамыры «трендтен» де терең: Ұлттық стиль жаңа капиталға айнала ала ма?
Кейінгі жылдары жаһандық мәдени кеңістікте жаңа парадигма пайда болғандай. Әлем елдерінің көбінде жаппай тұтынуға «жауап» ретінде мәдени бірегейлік (identity), экосана, slow fashion сияқты трендтер қалыптасып келеді. Тұтынушылар бұрынғыдай арзан әрі жылдам өндірілетін дүниеге емес, мағынасы бар, тарихы мен идеясы терең өнімдерге бет бұра бастаған
Мәдениетке ғана емес, экономикаға да ықпал ететін бұл процесс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Біздің елде де ұлттық стильдегі өнімдерге сұраныс ерекше арта түскені байқалады. Ұлттық нақыштағы өнімдер музей мен мерекенің «межесінен» шығып, қалыпты сипат алған, тіпті жылдам өзгеріп жатқан заманда өз тамырынан ажырағысы келмейтін жаңа буынның тіліне айналғандай.
Этностильге деген мұндай қызығушылық неден пайда болды? Отандық шеберлер, дизайнерлер мен суретшілер ұлттық стильді заманауи өнімдерде қалай қолданып жүр? Бұл бағыттың болашағы қандай? Ұлттық стильдің капиталға айналуы мүмкін бе? Бүгінгі пікірталас осы тұрғыда өрбіді.
Мәдени бірегейлік көрінісі
Этнодизайнер Тілек Сұлтан қазақтың дәстүрлі киімдерін этнографиялық негізде зерттеп, қалпына келтірумен айналысады. Шебер кимешек, сәукеле, шапан, қамзол секілді ұлттық киім түрлерін түпнұсқаға барынша жақын етіп тігеді. Он жылдан астам осы салада еңбек етіп, ЮНЕСКО-ның сапа белгісіне ие болған дизайнер ұлттық стильге деген сұраныстың артуын терең мәдени процеспен байланыстырады.
«Адамдардың ұлттық стильдегі өнімдерге қызығып, тұтына бастауы — табиғи құбылыс. Оны уақытша нәрсе деп айту қиын. Әрине, кейбір дүниелер трендке айналып, келіп-кетіп жатады, ал ұлттық киім мен дәстүр — біздің болмысымыз, ол өзгермейді, сол күйі қалады. Иә, адам түрлі бағыттарға қызығып, түрлі стильге еліктеуі мүмкін. Бірақ уақыт өте бәрібір: «Мен кім едім? Ата-бабам қандай болған? Не киген? Қалай өмір сүрген?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Бұл — заңдылық. Тренд әрі кетсе бір-екі жылға созылар. Ал қазір біздің елде көрініс берген этноөнімдерге деген қызығуышылық халықтың ішкі аңсауынан, шынайы ықыласынан туған дүние», — дейді Тілек Сұлтан.
Бұл ойды суретші Ләйлә Жарқын да қуаттайды. Текстильмен, оның ішінде киізбен жұмыс істейтін дизайнер бұл құбылыстың астарында терең мәдени мұқтаждық жатқанын айтады. «Кеңес үкіметі тараған шақта халықтың басты уайымы күнкөріс болды. Өнер, оның ішінде қолөнер назардан тыс қалғаны рас. Базарды Қытайдың арзан өнімдері басып алды. Бағасы төмен, күтімі оңай. Ал өзіміздің сырмақ, түскиіз сияқты дәстүрлі бұйымдарымыз керексіз, «ескінің сарқыншағы» болып қалды. Қазір керісінше, жұрт ұлттық элементі бар өнімдерді көптеп сатып алады. Оған тек эстетикалық тұрғыдан емес, ұлттық және мәдени бірегейлікті айшықтайтын туынды деп қарайды», — дейді суретші.
Интерьер дизайнері, Yerimbetdesign студиясы мен Lunagrosh галереясының негізін қалаушы Айдана Ерімбеттің айтуынша, осыдан он жыл бұрын нарықтағы сұраныс мүлдем басқаша болған.
«Мен интерьер саласында 12 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Осы жылдар ішінде ұлттық элементі бар бұйымдарға деген көзқарастың қалай өзгергеніне куә болдым. Бұрын көпшілік ондай заттарды «талғамсыз» деп санайтын. Ал қазір қазақы өрнек пен мәні бар заттарға сүйсініп қарап, қуана таңдайды. Меніңше, мұның қисынды себебі бар. Қазір әлемде урбанизация күшейіп келеді. Бәріміз бірдей трендтерге бағынып, бірдей киініп, бірдей тамақ ішетін болдық. Ұқсас өмір адамдарды өзінің түп-тамырына үңілуге жетелей бастады. Кейбіреулер осы процесс арқылы ішкі бос кеңістікті толтырғысы келетіндей. Адам қаншалықты ілгері жылжыса, соншалықты өз түп-тамырын іздеуге құштар. Меніңше, бұл ұстаным алдағы уақытта да тереңдей түспек», — дейді Айдана Ерімбет.
Халықаралық патент керек…
Ұлттық стильдегі өнімдердің сұранысқа ие болуы — көңіл қуантатын құбылыс, бірақ сапаға селқос қарайтындар да көбейген. Тілек Сұлтанның айтуынша, «этно» деген атаумен эстетикалық ұқсастықты ғана басшылыққа алып, тарихи, мәдени негізді тыс қалдыратындар да бар.
«Кейінгі жылдары ұлттық шапан тігу үшін жиһаз қаптайтын синтетикалық маталарды қолдану жиілеп кетті. Бұл шын мәнінде қынжылтатын, тіпті ұят құбылыс. Себебі қазақ халқының өзіне тән маталары бар, олардың атауы да, тарихы да тереңде жатыр. Бірақ сол бай мұраны зерттеп, түсініп қолданудың орнына жылтыраған матаны алып, одан «ұлттық стильдегі» шапан тіге салу үрдіске айналып барады. Ұлттық нақыштағы әшекейлер де бастапқы сипатынан алшақтап кеткендей: қазір бойжеткендер бастарына «шекелік» тағып жүр, ал шекелік деп қазақта сәукеле мен тақияның самай тұсына тағылатын әшекейлерді айтқан. Меніңше, мұндай жағдайлар ұлттың мәдени жадын көмескілейді», — дейді этнодизайнер.
Қолөнер шеберінің пікірінше, мұндайға жол бермеу үшін этнодизайн саласына маманданған тәуелсіз сарапшылар қажет-ақ. Себебі эстетикалық жағы бір бөлек, сапасыз киім мен арзан бижутерия адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. «Қазақта күмістің қасиеті жайлы көп айтылады. Сондықтан ертеде әшекейлер мен ыдыс-аяқтың көбі күмістен жасалатын. Ал қазір көп әшекей түрі отандық зергерлердің авторлық үлгілері бойынша Қытайда көшіріліп, арзан материалдан құйылады. Олар аллергия тудыруы мүмкін. Бірақ оны тексеріп жатқан ешкім жоқ», — дейді Тілек.
Бұдан туындайтын тағы бір мәселе — авторлық құқықтың бұзылуы және жаппай көшіру. «Кейде біздің отандық дизайнерлер мен шеберлер ойлап тапқан дүниені кей көршілеріміздің өндіріс орындары айнытпай көшіріп, қайтадан біздің базарларға арзан бағамен шығарады. Бұл — авторлық құқықты бұзу. Бізге халықаралық патент алу керек, ал ол өте қымбат. Әлемдік аренада ұлттық мұраны қорғайтын мемлекеттік жүйе болса, жақсы болар еді», — дейді ол.
Өз туындыларын АҚШ, Үндістан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан сияқты елдерде таныстырған шебердің пікірінше, басты назар сыртқы нарыққа емес, алдымен жергілікті халыққа аударылуы тиіс. «Жұмыстарымды көргендер «мұндай дүниелерді шетелге шығару керек» деп жатады. Ал, меніңше, осы бай мұрамызды ең алдымен өз халқымыз толық танып, қабылдауы керек. Себебі бүгінгі таңда өз жұртымыз ұлттық болмысқа сусап отыр. Сондықтан болашақта ұлттық киім мен өнерді кеңінен таныстыратын галерея-музей ашқым келеді. Онда халық осы бай мұрамызды көзбен көріп, қолмен ұстап, сезіне алса деймін. Әр қазақ өз этнографиясын толық танығанша, осы жолда жұмыс істей береміз», — дейді дизайнер Тілек Сұлтан.
Этностиль бәсекеге дайын
Айдана Ерімбеттің айтуынша, этностиль — шығармашылық сала ғана емес, нақты нарықтық сұранысқа жауап беретін бағыт. Бизнес саласында негізінен HoReCa, яғни қонақ үй, мейрамхана, кафе интерьерін жобалайтын дизайнер ұлттық стильді нарықтық сегментке үйлестіріп жүр. «Байқауымша, этнодизайн саласында екі бағыт бар. Біріншісі — ежелгі дәстүрді сақтауға негізделген: Қазақ хандығы құрылған кезден келе жатқан техниканы, болмысты, көркемдік тәсілдерді сақтап, оларды дәл сол күйінде жеткізуге тырысу. Ал екінші бағыт — қазіргі заманның талғамы мен өмір салтына сай, күнделікті өмірге бейімделген этноэлементтерді қолдану. Мен өзімді екінші бағытқа жатқызамын. Көне дүниелерден шабыт алып, өз идеямды, айтар ойымды қазіргі заманауи материалдар мен өндіріс мүмкіндіктерін пайдалану арқылы жаңа мотивпен, жаңа дизайнмен жасау маған әлдеқайда қызық», — дейді ол.
Мысалы, кейде ас үйдің бір бөлігіне «бар орындықтары» қойылғанын байқауға болады. Бұрын қазақ халқы мұндай жиһазды қолданбаса да, ұлттық мотивтегі акценттік орындықтар кеңістікке ерекше әр береді. Сонымен қатар Айдана этностильдегі шамдардың дизайнын жасайды. Қазақы стильдегі қабырға, үстел және еден шамдары — оның авторлық жобаларының бір парасы.
«Қазірдің өзінде екі-үш моделін нарыққа шығарып үлгердік. Енді сұранысқа байланысты бұл бағытты кеңейтіп, этношамдарды ауқымды жоба ретінде жүзеге асыру жоспарда бар. Арасында біз шектеулі тиражбен шығарылатын, заманауи қолөнер жауһары бола алатын бұйымдарды да жасаймыз. Әрине, мұндай бұйымдардың өндірісіне көп қаржы, көп уақыт жұмсалады. Сондай жобалардың бірі ретінде ағаш мүсіншісімен бірлесе астау жасадық. Бір жыл бойы дизайнын, бірнеше прототипін әзірлеп, тексеріп, нарыққа шығардық. Кейін ол бестселлерге айналды. Дәл осындай премиум сегменттегі әрі қолөнер жауһары саналатын коллекциялар шығару — алдағы негізгі бағыттарымыздың бірі», — дейді Айдана Ерімбет.
Киізден бірегей туындылар жасайтын Ләйлә Жарқынның айтуынша, қазір этнотуындыларға деген сұраныс тек үй иелерінен емес, коммерциялық бағыттағы мекемелер тарапынан да арта түскен.
«Бұрын жұмыстарымды тек үйге немесе мейрамханаға деп алса, қазір сұраныс басқа бағыттарға қарай кеңейіп жатыр. SPA салондар, аймақтардағы шағын орталықтар, этнодүкендер, сән салондары — бәрі ұлттық нақыштағы интерьер шешімін іздейді», — дейді ол. Дизайнердің айтуынша, қазір клиенттер дәстүрлі элементті кеңістіктің концепциясын анықтайтын арт-объект ретінде қабылдай бастаған. Ұлттық өрнекпен безендірілген панно, текстильдік композициялар арқылы мекеме өзін мәдени орта ретінде көрсетуге талпынады. Осы бағыттағы туындыларын Ләйлә тек интерьер бұйымы емес, көркем және концептуал деңгейдегі өнер объектісі ретінде көрсеткісі келеді. Суретші мүсін мен инсталляция жасауға бет бұрып, алда халықаралық көрмелерге қатысуды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда этностиль киім, интерьер, мерекелік рәсімдерге арналған бұйымдар арқылы күнделікті өмірге толықтай еніп үлгерген. Әсіресе той-томалақ, ұлттық дәстүрлерге қатысты заттарға сұраныс тұрақты. Ал Айдана Ерімбеттің айтуынша, этно бағыт халықаралық нарықта да бәсекеге ие бола алады.
«Менің ең үлкен арманым — қазақтың ұлттық стилін әлемге экспорттау. Бірақ экспортқа шығу үшін алдымен ішкі нарықта сеніммен тұрақтау қажет. Бұл жол тек дизайнмен немесе концепциямен шектелмейді, үлкен еңбек пен айтарлықтай инвестицияны талап етеді. Егер алдағы уақытта өз дизайн тілімізді толық қалыптастырып, жүйелі түрде дамытсақ, онда біз әлемге тек өнерімен, спортпен ғана емес, ұлттық эстетикамыз арқылы да таныла аламыз. Сол арқылы өз философиямызды, мәдениетіміз бен болмысымызды көрсете аламыз», — деп түйіндейді дизайнер Айдана.