Көкте қалықтаған күй
Ұлттық рухты асқақтатып, шексіздікті бағындырған ұлы домбыраға тағзым

Домбырашы Айдидаудың ұшқыр қиялынан қалықтаған ұлы миссияның бірі – қазақтың қанатты күйлерін барлық жерде қалықтату, домбыраны барлық жетістіктермен үйлестіру. Оның мұндай батыл бастамалары еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (UEFA) да қызығушылығын туғызып, мұның маркетингтегі жаңа белес екенін дәлелдеп берді.
Айданадан Айдидау аруға
Павлодар қаласындағы қарапайым отбасында дүниеге келген Айдидаудың өнерге қызығушылығын оятқан ата-әжесі болатын. Қызымыздың талабы әуесқойлық деңгейде қалып қоймасын деген ата-ана оны дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатқа берген. Қабілетті, қағылез қыздың домбыраға деген шексіз махаббаты осы баспалдақтарда шыңдалды. 9-сынып бітіргеннен кейін Павлодардағы музыкалық колледжде оқуын жалғастыра жүріп, Айдидау республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Колледжден кейін ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Жеке орындауда Дина Нұрпейісова секілді биік жетістікке жеткісі келген ару бүгін өзі ұнатқан саласын түрлендіріп, жаңа маркетингтік белестерге көтеріліп жүр.
2020 жылы әлеуметтік желілерде әртүрлі локацияда видео түсіріп, оны жүктей бастаған Айдидауды өнердің жаңа қырына сусап отырған жастар мен желі қолданушылары бірден қолдады. Өнердегі ізденістеріне тәнті болып, жылы лебіздерін жазған көп көрермен домбырашы қызды шабыттандырып, оны өз контентін одан да қызықты әрі сапалы етіп жасауға қанаттандырды. Айдидаудың бүгін әлеуметтік желілерде 300 мыңға жуық оқырманы, жеке домбыра мектебі бар. Домбыра мектебінде 5 жастан бастап 60 жасқа дейінгі шәкірттерді кезіктіруге болады. Себебі мұнда олардың бәрін домбыраға деген ерекше махаббат пен топ жетекшісінің креативті идеялары тоғыстырады.
Қазір Aididau Ethno домбыра мектебінде жеке, топтық және онлайн сабақтар өткізіледі. Шәкірттер әлеуметтік желі арқылы хабардар болып, сұрастырып, бұл мектепке үлкен қызығушылықпен келеді. Тіпті Дубай, Түркия, Корея, Қытай, Катар, Испания мен Италиядан да оқушылар онлайн сабақтар арқылы домбыра үйреніп жүр. Айдидаудың айтуынша, домбыра үйрену үшін ешқашан кеш емес, бастысы оқуға деген ниет пен тұрақты дайындық қажет. Домбыра мектебіне қарапайым үйренушілерден бөлек, блогерлер мен әртістер де келеді екен. Ал бұл қазақтың қара домбырасын тағы бір жаңа деңгейге көтереді.
Айдидау өзі болса – домбыра тартуды жаңа биікке көтеруді армандайды. Осы жолда қазір жан-жақты ізденіс үстінде. Ол, тіпті, домбырашыларға арнап жаңа киім үлгісін, тың дизайн да іздеуде. Айдидаудың ұстанатын ұраны – бабалар ізін жоғалтпай, жалғастыру.
«Аты-жөнім негізі Айдана Кабдылова. Сахналық есімім Айдидау, дәстүрлі өнерпаз болғандықтан ерекшеленіп тұрайын деп, есте қалу үшін осы нұсқаны таңдадым. Айди – есімімнің бала кезден қысқартылып айтылатын нұсқасы, сленг тәріздес, «-дау» көркемдеуші жұрнақ ретінде алынды», - деп түсіндіреді ол өзінің шығармашылық псевдонимін.
Айдидаудың сүйікті күйшісі Дина Нүрпейісова. Дина апамыздың атақты «Науысқы күйі» домбырашы аруды әрдайым ерекшелеп, мәртебесін биіктетуге көмектеседі десек артық айтпаспыз. «Өзім де жеке орындауда Дина апамыздың ізін жалғап, күй өнерін жаңғыртқым келеді. Заманауи авторлар ішінде Бауыржан Ақтаевтың «Алаш аманаты» күйі ұнайды. Ол менің танымалдылығыма жол ашқан күйдің бірі. Ал шетелдік оқушыларымның талғамы әртүрлі. Түркиялықтар – Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра» әнін және «Бешикташ» маршын үйренуге тырысады. Кейбір іс-шарада мені танығандары, тіпті, «Бешикташты» жеке орындап беруді сұрайды. Еуропалық оқушылар мен Корея, Дубайдағы шәкірттерімнің талғамдары да әр қилы, бірі дәстүрлі күйлерді, яғни «Адай», «Көроғлы», «Балбырауынды» таңдаса, енді бірі саундтректерді үйренгісі келеді», - дейді Айдидау.
Осылайша қазақтың қаршадай аруы домбыраға, ұлттық өнерге деген шексіз махаббатымен әлемнің түкпір-түкпіріне қазақтың қасиетті домбырасын таныстырып, әлем жұртының домбыраға деген ықыласын арттыруға үлес қосуда.

Спорт деген бір сиқыр
«Футболға деген махаббат студенттік шағымда пайда болды. Біздің командамызда домбыра, қобыз, жетіген тартатын музыканттар мен әншілерден құралған ансамбль бар. Алматыдағы «Қайрат» клубының ойыны алдында стадионға келіп, жанкүйерлер жиналғанша қазақ күйлері мен әндерін орындайтынбыз. Алғаш рет футболмен сол кезде таныстым», - дейді Айдидау.
2023 жылы Қазақстан Ұлттық футбол құрама командасының ойыншысы Бақтияр Зайнутдинов Түркиядағы «Бешикташ» футбол командасына ауысқан болатын. «Сол кезде біз бастаған «қазақ бауырымызды қолдайық!» деген акциямыз әлеуметтік желілерде кең тарап кетті. Бақтиярды қолдау мақсатында «Бешикташ» командасының формасын алып, олардың ұранын домбыраға салдық. Символына бүркіт іздедік, сөйтіп, Медеу шатқалында жаңа бейнеролик түсірдім. Ол видео Түркияда жақсы тарап, оны көріп, тамашалағандар саны өте көп болды: төрт миллионнан астам қаралым жинады. Кейін бізге Бешикташтан арнайы шақырту келді. 40 мың адам жиналатын үлкен стадионда «Бешикташ» футбол командасының әнұранын домбырада ойнау ең үлкен жетістіктеріміздің бірі еді», - деп еске алады біздің кейіпкеріміз.
Қазір көпшілік Айдидауды «Бешикташқа барған қыз» деп танып жатады, алайда, ол Түркияға 2021 жылы барып, бұған дейін де үлкен концерт өткізген екен. Талант иесі бүгін де Түркия, Әзірбайжан, Қытайдағы көрермендерінен, жанкүйерлерінен концерттерге көптеген шақыртулар алып тұрады. Бешикташта өнер көрсеткен соң бұл топ UEFA PR-департаментінен де арнайы шақырту алыпты.
«UEFA маркетологтары біздің домбыраға қайран қалды: олардың осы уақытқа дейін көрген көпсалалы, мобильді ерекше аспабы домбыра екен. Домбыра халықтың тұрмыс-тіршілігі мен кез келген көңіл-күйді әуенмен жеткізе алатын санаулы аспаптардың бірі. Ұсыныс форматында келген хат аясында UEFA-мен келіссөздер 7 айға созылып, ақырында нақты бір нәтижеге келе алмадық», - дейді домбырашы. Бірақ біздіңше, бұл қазақ домбырасы үшін үлкен имидждік жобаның бастауы, үлкен еңбектің нәтижесі деуге толық негіз бар.

Ахмет Жұбановтың өмірбаяны мен еңбектерін зерттеген талапты ару, ұстаз ағаның домбыраны кәсіби деңгейге көтергеніне қатты қызығады, қазақ даласында домбырашылар оркестрін құрған сол ағасы секілді 100 домбырашыдан құралған ансамбльді жинап, оларды көпшілік алдына шығаруға да ұмтылған. Және ол 100 домбырашыға күй ойнатуды ғана мақсат тұтпай, осы тәуекелі арқылы мағыналы, терең философиясы бар тарихи жоба жасауды армандайды. Бұл жобаны жүзеге асыру 2023 жылы қыркүйекте Қазақстан Ұлттық футбол құрамасы мен солтүстік Ирландия құрамасы арасында өткен матч кезінде мүмкін болды. Тұңғыш рет Алматы орталық стадионында 90 минут бойы қазақ домбырашылары футболшыларымызды қолдап, күй ойнады. Бұл Ұлттық лигада топ жарған отандық командаға көрсетілген жанкүйерлік ілтипат қана емес, бұл – ұлттық рухты күймен асқақтату талпынысы да болатын.
Енді теңіз түбін бағындырсам
«Кейін қазақ кинематографиясында тарихи-биографиялық жанр сипатында прокатқа шыққан «Міржақып. Оян, Қазақ!» филіміне пиар ретінде, продюсерлерден бөлек, волонтерлердің қолдауымен кино соңында Бауыржан Ақтаевтың «Алаш аманаты» күйін орындадық», - деп әңгімелейді Айдидау. 100 домбырашының алғашқы құрылымы Ахмет Жұбанов ағамыздың оркестрін заманауи үлгіде жаңғырту болса, қазіргі мақсаты – мақтанышпен айта алатын, тарихи жобаларға күмбірлеген күймен сүйемелдеу жасау. Домбыраны, этноиндустрияны қолдау жолында жүрген волонтерлер өте аз, деп отыр біздің кейіпкеріміз. Көп жағдайда еріктілер насихатқа негізделген іс-шаралар аясында топтасып, жиналып жатады. 100 домбырашы жобасының көмегі сол, тағы бір жаңа бағыт, яғни «домбыра волонтерлерін» ортамызға қосты.
Ал парапланмен әуеде қалықтап, домбыра ойнау идеясына Айдидау 2022 жылы Хасан есімді түркиялық пилотпен танысқанда тоқталған. «Түркияға барған сайын уақыт жетпей қалатын. 2023 жылы қыркүйекте Денизли қаласына арнайы барып, осы идеяны жүзеге асырғым келді. Басты мақсатым – домбыра үні шықпаған жер қалмасын деп көкке көтеріліп, күй орындадым. Көкке көтеріліп, қалықтап ұшқан кезде бір қолымда домбыра, бір қолымда камера – тепе-теңдіктің өзін әрең ұстадым. Бізге қолдау көрсеткен түрік бауырларымыздың бәрі таңқалды. Парапланмен ұшу үлкен арман немесе батыл шешімді талап етеді. Әйтсе де, дереу ішкі толқынысты басып, әуеде «Алаш Аманаты», «Көк Ту» шығармаларын орындадым. Мұндағы мақсатым – қазақ баласын шабыттандырып, ұлттық рухын ояту еді. Енді теңіз түбін бағындыру да ойымда бар...» - дейді домбырашы ару Айдидау.