Қазақстандық бизнесмендер Байденнен гөрі Трампты дұрыстау санайды

Forbes сауалнамасына қатысқан кәсіпкерлердің бірқатары АҚШ-тың экс-президенті «бизнестен шыққан адам» деген пікірге тоқталады

Фото: © Depositphotos.com/gints.ivuskans

Дәстүрлі анонимді сауал­намада біз бұл жолы бизнес «генералдарының» жасанды интеллектінің жеңіс маршына деген пікірінен бастап, елімізде былтыр қабылданған «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға және Ресейді айналып өтетін «орта дәліз» атты көлік жобасына (Каспий арқылы Азиядан Еуропаға) қатысты көзқарасы мен ел ішін сергелдеңге салған су тас­қынының себебі туралы сұрадық. Қорытынды сұрақ: «АҚШ-тағы сайлауда Қазақстан үшін кімнің жеңгені ұтымдырақ – Байденнің әлде Трамптың?» дегенге саяды.

Сауалнама сұрақтарына жауап бергендердің бәрі дерлік ЖИ – тәуекелден гөрі мүмкіндік деген пікірге тоқталады. Олардың 94 %-ы қазір өз бизнесінде ЖИ қолданып жүр не қолдануға шақ отыр. Жобалардың ішінде – байланыс орталығына арналған бот әзірлеу, электронды құжат айналымы мен жаңа қызметкерлерді оқытып, жұмысқа бейімдеу үшін цифрлық ассистенттер және ақпараттық бекеттерге қажет цифрлық кеңесшілер әзірлеу, бизнес мәселелерін шешуде өз деректерін пайдалана отырып, ЖИ оқыту, сондай-ақ нарықта қолжетімді дайын шешімдерді нақты бір мақсатта қолдану секілді бағыттар қамтылған. Медицина, білім, көлік (мысалға, автономды жүргізу жүйелерінде) саласында ЖИ қолдану мүмкіндігі зор деп есептейтіндер де аз емес.

Ал заңсыз иемденіп кеткен активтерді қайтару идеясына респонденттердің басым көпшілігі «оң» және «біршама оң» деген баға береді (70 %-ы). Алайда біразы заңның шикі тұстары да жоқ емес деген пікірде, мысалы, кейбіреуі активтерді адал жолмен сатып алғандар мен үшінші тұлғалардың құқықтарын қорғау тетіктері қарастырылмаған деп отыр. Тағы бірі – активтерді мемлекет меншігіне қайтарумен қатар, оны әрі қарай ел мүддесі үшін дұрыс пайдалануға басымдық беру керек деп есептейді.

Бизнесмендердің бір бөлігі, әзірше бұл заң – оның тиімділігін бағалайтындай деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ деген пікірде. Сол сияқты, бүгінгі қалпында бұл заңның пайдасынан гөрі, зияны көп деп есептейтіндер де бар: «Ол жеке меншік кепілдігіне күмән келтіріп, критерийлер аясын айтарлықтай бұлыңғыр етеді. Оны іс жүзінде жүзеге асыру өте қиын. Тіпті осы заңды қолдана отырып, активтерді қайтару бойынша қандай да бір жұмыс жүргізудің өзі оңай емес, көп жағдайда ол формалды емес, бейресми түрде ғана жүзеге асуы мүмкін. Бұл заң инвестициялық климат үшін тәуекел туғызып отыр деуге болады. Заң қабылдаудағы бастапқы оң ниетке қарамастан, оның шынымен тиімді құрал болып қалатыны екіталай. Бұл арада инвестицияға келер залал – осы заң аясында елге қайтарылатын активтерден де асып түсе ме деген күдік бар».

Респонденттердің пікірінше, заңға тән өзіндік кемшіліктің бірі – оны жазалау мақсатында пайдалану және оны қолданудағы таңдамалы сипат. Мұндай мәселелер комиссия негізінде емес, сот арқылы шешілуі тиіс дейді бизнесмендер. Сондай-ақ олар, заңсыз жолмен иемделіп кеткен активтерді елге қайтаруды бастап, әділеттік орнатудың өзі – осы заңның тартымды тұстарының бірі деп есептейді.

Сауалнамаға қатысқандардың 87 %-ы «орта дәліз» жобасының Қазақстан экономикасына әсерін «оң» деп, 13 %-ы бейтарап деп бағалайды. Басым көпшілігі бұл жоба жоспарланған ауқымды дұрыс игеріп, Қазақстан логистикалық хаб деңгейіне шыға алады деген пікірде. Әрбір бесінші респондент – жеткізулер тізбегінде жергілікті бизнес те өз орнын таба алады десе, әрбір алтыншы респондент – жоба елімізді дамытып, Ресейге деген тәуелділікті азайтады деп есептейді. Жоба басқа да сыртқы ойыншыларға деген тәуелділікті арттырады дейтіндер бар, бірақ олар бұл арадан қауіп-қатер байқап отырған жоқ. Респонденттердің пікірінше, Транскаспий бағыты инфрақұрылымды барынша жақсартып, еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға көмектеседі, бірақ ол баршаға бірдей мүмкіндік бергені маңызды.

«Орта дәліз» алдында қазір бірқатар қиындықтар да бар, мысалы, басқару тиімділігі, айлақ инфрақұрылымының дұрыс дамымауы, «айлақ – теміржол» жүк тиеу бекеттеріндегі шектеулі жылдамдық, шекарадағы кідірістер, заманауи ақпараттық технологияларды қолдануда интеграцияның жеткіліксіздігі, т.б. Бірақ соған қарамастан Қазақстан бұл маршрутта өзінің негізгі рөлін толыққанды қолдануы керек», – деп түсіндіреді топ-75 қатысушыларының бірі. «Орта дәліз» – сөзсіз оң бағыт. Кез келген логистикалық инфрақұрылым тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, сондықтан біз бұған оң көзқараспен қараймыз. Қазақстан мен барлық басқа ойыншылардың маневр жасау мүмкіндігі арта түседі», – дейді тағы бір респондент.

Ал еліміздің сегіз бірдей өңірінде су тасқынына негіз болған климаттық өзгерістерге дайын болмауымыздың себебі жөнінде сауалнамаға қатысқан бизнесмендердің біразы: жергілікті деңгейлерде басқару сапасы төмен, еліміз технологиялық тұрғыда артта қалуда, ресурстар жетіспеушілігі мен климаттың қарқындап өзгеруі сынды объективті себептер дегендей пікірлерін ортаға салды. Сол сияқты, сыбайлас жемқорлық, үкіметте стратегиялық ойлаудың жетіспеуі және отандық ғылымның бүгінгі жағдайы да осы себептер қатарында. Алайда бірқатары – әлемде ешбір үкімет климаттық апаттарға дайын емес деп есептейді, ал қазақстандықтар жалпылай алғанда су тасқынымен күресте өздерін әлдеқайда дұрыс көрсете алды деп отыр олар.

Респонденттердің төрттен бірі, АҚШ-та өтетін сайлаудың қорытындысы Қазақстан үшін қай жағынан алсақ та бейтарап деген пікірде, бірақ көпшілігі (44 %-ы) Трампқа «Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтата алатын», «бизнестен шыққан адам» деп баға береді. Ал Байденді қолдаушылар Трампты «іс-әрекеті бей-берекетсіздеу» адам деп көрсетеді.