Гибрид көліктердің жолы болды

Әлем жұрты бензиннен жуық арада бас тартпайды

Автомобили на дороге
Фото: © Pixabay/Colemay

Әлем бойынша және Қазақстанда да байқалып отырған соңғы трендтер электр көлігі нарығының белгілі бір шектеуге жетіп қалғанын көрсетеді. Қазір толыққанды электромобильдер сатылымының өсімі біршама бәсеңдеп қалды. Халықаралық энергетика агенттігі (IEA) мен сала ішіндегі сарапшылардың дерегінше, 2022 жылы электромобильдер сатылымының өткен жылға шаққандағы өсімі шамамен +55%-ды құраса (10 млн көлік), 2023 жылы өсім +35%-ға дейін, ал 2024 жылы +25%-ға (17,1 млн көлік) дейін төмендеп кеткен; 2025 жылы өсім тек +18% шамасын құрайды деген болжам бар (шамамен 20 млн).

Бұның себебі неде? Біріншіден — Еуропада мемлекеттік субсидиялар қысқарып, тіпті тоқтатылып та жатыр. Екіншіден — литий бағасы айтарлықтай өсті және соның әсерінен батареялар қымбаттап, электромобильдердің бағасын көтерді. Үшіншіден — зарядтау инфрақұрылымындағы проблемалар: қолданыстағы зарядтау станциялары электропарк қажеттіліктерін әлі де өтей алмай отыр, әсіресе, ірі қалалардың сыртында. Сондай-ақ ұзақ сапарда электр заряды сарқылып, жол бойында қалып қоямыз деген жүргізушілердің үрейі де жоқ емес.

Қазақстандағы жағдай да осыған ұқсас. Оған қоса бізде электр қуатының тапшылығы деген маңызды мәселе бар. Энергетика министрлігінің дерегінше, 2024 жылы елімізде электр қуатының жетіспеуі анық байқалды. Алматы секілді ірі қалаларда зарядтау станцияларын көбейтуге қажетті қуат ресурстары тапшы. Мұндай жағдайда электр көліктеріне жаппай өту — энергожүйе үшін үлкен жүктеме болмақ.

Әйтсе де бұл тұрғыда көлік өндірушілер мен сатып алушылар үшін балама шешім жоқ емес, атап айтсақ: тоқ түзеуші розеткадан зарядталатын гибридтік көліктер (PHEV) түрінде. Іштен жанатын әрі электрлі моторға негізделген (батареясын сырттан зарядтауға болады) екі қозғалтқышы бар бұл көліктерге деген сұраныс қазір әлем бойынша қайта жанданып жатыр. Әлемдік статистика бойынша, 2022 жылы шамамен 2,9 млн (2021 ж. шаққанда: +46%), 2023 жылы — 4,2 млн PHEV (+47%) сатылса, 2024 жылы сатылым көрсеткіші 53%-дай өскен. IEA деректерінше, гибридтерге деген сұраныс, мысалы, Қытайда 2023 жылы 85%-ға өсіп, 2024 жылы әрі қарай жалғасқан. Еуропада 2025 жылдың І тоқсанында сатылған автокөліктердің 35,5%-ы — гибридтер. АҚШ-та Ford 2024 жылы толыққанды электркөліктерге қарағанда екі есе көп гибрид көліктерін сатқан.

Гибрид көліктерге деген сұраныс Қазақстанда да өсіп келеді. Қазақстан автобизнес қауымдастығы келтірген деректерге сай, елімізде мұндай көліктердің бастапқы тіркелуі 2023 жылы серпін алған: 4,4 мың электромобиль. Ал 2025 жылдың жеті айындағы мәлімет бойынша бастапқы тіркелу көрсеткіші 6,4 мың көлікті құраған.

Гибридтер сегментінде көш басында қытайлық көлік өндірушілер тұр. Олар әдетте тұтынушыға икемді таңдау ұсынуға басымдық береді. Қытайлық автокөлік өнімдері сегментінде сұранысқа қарай толыққанды электр көліктері де, бірнеше нұсқадағы гибридтер де, тіпті бензинмен жүретін көліктер де бар. Әлем жұрты бензиннен жуық арада бас тартпайтынын анық түсінген қытайлық өндірушілер нарық ішінде өтпелі кезең ұсынып, тұтынушылар үшін қолжетімді болатын технологиялық жаңа өнімдер шығаруда. Бүгінгі гибридтер — уақытша компромисс емес, ол — бәсекеге қабілетті толыққанды өнім деуге тұрады.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте