Қазақша кітап шығаруда табыстан гөрі энтузиазм басым
Соңғы жылдары қазақ тілінде кітаптарға сұраныс та, оны шығаратын баспалар саны да артып келеді

Алайда, бұл нарықта кітап түріндегі тауар айналымымен қатар өнім құны да жыл сайын өсуде. Баспагерлер отандық кітап шығару бизнесіне серпін беру үшін салық жүйесіне өзгерістер енгізу керек деп отыр. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мәліметтері бойынша, соңғы жылдары бөлшек саудадағы кітап сату көлемі біршама артқан. Мысалы, 2022 жылы кітап түріндегі тауар айналымы 26,8 млрд теңге болса, 2023 жылы 44,5 млрд теңгеге жуықтаған. Сауданың басым бөлігі Алматы және Астана қалаларына тиесілі.
Мұхиттағы тамшыдай…
Қазақстандық баспа үйлері былтыр жалпылай алғанда 70,2 млрд теңгеге қызмет көрсетсе, кітап шығару — оның тек төрттен бір бөлігін (16,7 млрд) ғана құраған. Яғни, кітап саудасының қомақты бөлігін Ресей секілді басқа елдерден келетін өнімдер құрап отыр, ал елімізге төл туындылар қажеттігі бұған дейін ең жоғарғы мемлекеттік деңгейде көтерілген.
Әрине, қазіргі күні елімізде тек қазақша кітап шығаруды мақсат тұтқан баспалар да бар. Alqa Publishing баспасының директоры Бану Дәулетбаева бір жылдың ішінде 10-нан астам кітап шығарғандарын, тағы бірнеше кітапты баспаға даярлап қойғандарын айтады. Олар түпнұсқадан қазақшаға тікелей аударылған немесе жергілікті талантты қазақ авторларының жаңа кітаптарын жариялайды. Мысалы, Қазақстан жазушылар одағының «Жас қалам — жаңа роман» жобасына қатысып, оқырмандар мен сыншылар жоғары бағалаған заманауи үш қазақ романын жарыққа шығарған. Тіпті баспа атынан өздері «Алқа» грантын тағайындап, байқауға келіп түскен жаңа шығармалар арасынан тағы үш кітап шығармақшы. Дегенмен, әзірге қазақ кітаптарын шығару барысында есептен гөрі энтузиазм басым.

«Қазақ тілінде кітап шығаруды бизнес десек те, табысты бизнес деп айта алмас едім. Бірақ «ауызды қу шөппен сүртетіндей» емес, бұрынғыға қарағанда қазақ аудиториясы өсті, кітап оқу мәдениеті де қалыптасып келеді. Осы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жүрміз деп ойлаймын, сол ойдан керемет қуанып кетемін. Кітап оқуды шамамыз жеткенше насихаттап, оқырманның қажеттілігін қанағаттандыруға тырысып-бағудамыз. Кітап оқуды насихаттау, кітап оқу дегеніміз — адами капиталды дамыту. Яғни, қазақша кітап шығару қазақ тіліндегі интеллектуалдық еңбек жоғары бағалана бастағанда бизнеске айналады», — дейді Alqa Publishing директоры Бану Дәулетбаева.
Баспагердің айтуынша, «қоғамдық сананың өсіп, өзгеруі кітапқа деген сұранысты да өсіріп, өзгертеді. Сонымен қатар, мұнда тіл мәселесі де бар. Бұрын қазақ тіліне аударылған шығармалардың көпшілігі орыс тілі арқылы аударылды. Ал қазір түпнұсқадан аудару қолға алынған. Кей жағдайда тіпті әлі орысшасы шығып үлгермеген кітаптар да аударылады».
Дегенмен, «Мазмұндама» баспа үйінің жетекшісі, Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан Қазақстандағы жағдайды, мысалы, америкалық кітап нарығымен салыстыруға келмейді деп отыр. Оның айтуынша, АҚШ баспалары жылына 350 мың атау жаңа кітап шығарады, ал жеке тұлғалар дәстүрлі баспалардан тыс түрлі платформалар арқылы 1 млн атауға дейін кітап контентін таратады. Жалпы, әлем баспаларынан жылына 2 млн атау жаңа кітап жарық көреді. Ал қазақстандық кітаптар әлемдік нарықта, әншейін, мұхиттағы тамшыдай.

«Қазақстанда бір жылда шамамен 2500 атау кітап тіркеледі, бірақ оның барлығын да жаңа кітап деп айта алмаймыз. Мысалы, «Абай жолын» басатын баспа көп, әрқайсысы ISBN алады да, әрқайсысы қайта тіркеледі. Оған қоса 2,5 мың кітаптың жартысы — орыс тілінде. Әлем нарығында жаңа кітап саны бойынша 0,125%-ға иеміз. Тіпті 1% да емес. Жылына 20 мың атау жаңа кітап шығарғанның өзінде, 1%-ға ғана жетеді екенбіз. Кітап — нарық үшін тауар болғанымен, нан немесе қант секілді физикалық өндіріс емес, интеллектуалды өндіріс. Сондықтан шығатын кітаптың құны емес, ондағы құндылық маңызды. ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметінше, Қазақстанда шығатын кітаптың жартысы қазақша, жартысы орысша шығады. Бірақ қазір қазақша кітаптарға деген сұраныс артып келеді», — дейді «Мазмұндама» баспа үйінің жетекшісі Шыңғыс Мұқан.
Өз кезегінде «Steppe&World» баспасының директоры Раиса Сайран Қадыр да қазақша кітаптарға сұраныс жоғары деп есептейді. Бірақ соған қарамастан, мемлекеттік тілде шығарылып жатқан кітаптар әлі де жеткіліксіз. Мысалы, баспагердің айтуынша, хоррор, детектив, ғылыми-танымдық, медицина, аспаздық тақырыбындағы, үй жабдығы мен ханымдарға, жеке адамдардың қызығушылығына арналған кітаптардың барлығы қазақ тілінде бар деуге келмейді. Көркем әдебиеттің өзінде қазақша әлі жарық көрмеген кітаптар бар. Дегенмен, бизнес, психология, технология, экономика салаларында танымал туындылар қазақшаға аударылып, жақсы таралуда.

«Көктемде шығарған Элиф Шафактың «Махаббаттың қырық қағидасы» кітабы өте жақсы сатылды. Біздің «бұл кітап жақсы сатылады» деген болжамымыз болған жоқ. Сұраныс неге жоғары болды десек, адамдар рухани тыныштықты аңсайды екен. Қоғамда стресс көп болғандықтан, ел іші тыныш өмірдің амалын іздейді. Сатылымы жақсы тағы бір кітабымыз — «Хүгге. Дат халқының бақытты болуының сыры» деп аталады. Яғни, кез келген елде, кез келген қоғамда халық бақытты болғысы келеді. Біздің баспамызда кітаптар негізінен қазақша шығады, бірақ соңғы бір жылда бір-екіден орысша кітаптар шығарып бастадық. Бізге шығарманың мазмұны маңызды. Кейбір тақырыптағы кітаптар орысшаға аударылмаған болса, оларды да сол тілде жеткізе бастадық. Жақында Тоғжан Қасеннің «Атомная степь» деген кітабы шығады. Бұл — ұзақ жыл жасалған зерттеу 2022 жылы Стенфорд университетінде ағылшын тілінде шыққан. Күзде қазақшаға аударып, шығарғанбыз. Болашақта орысша, ағылшынша кітаптар шығарамыз, бірақ оған уақыт керек», — дейді Раиса Сайран Қадыр.
Баспа басшыларының айтуынша, нарықта сатылу жағынан, әрине, әлемдік бестселлерлер өтімді. Бірақ жақсы сатылатын кітаптардың арасында жергілікті жазушылардың шығармалары да бар. «Ең көп шығатын кітаптар — оқулықтар. Сосын нарықта сұранысқа ие кітаптар — көркем әдебиет пен балалар әдебиеті, сосын танымдық кітаптар, яғни бизнес, психологиялық әдебиет», — дейді Шыңғыс Мұқан.
Ал Бану Дәулетбаева болса, әр кітаптың өз оқырманы бар, «бірақ салыстырмалы түрде, біздің елде әйелдер қауымы кітапты көп оқиды деуге болады», — деген пікірде.
Кітап неге қымбаттады?
Кітап құнының өсу тенденциясы 2021 жылдан бері анық байқалды. Статистика мәліметтері бойынша, 2024 жылдың наурызында 2023 жылдың наурызымен салыстырғанда отандық нарықта кітап бағасы 3,7%-ға артқан. Кітап өнімдерінің қымбаттауының бір себебін сарапшылар қағаз бағасының өсуімен түсіндіреді. «Қағазды Қытай, Ресейден әкеліп жатыр. Ал Ресейде соғыс басталғалы сәл-пәл сауда тоқтап қалған болатын. Көбі Финляндия арқылы әкелетін. Қағаз жасайтын кәсіпорындар Ресейде де тежеліп тұр. Дегенмен, қағаз бағасы бәрібір қымбат. Жалпы, дүниежүзінде нарықта қағаз бағасы қымбат, оған әсер ете алмаймыз», — дейді Раиса Сайран Қадыр. Оған қоса биыл отандық баспалар үшін күрделі жыл, кітап сатылымы аздау деп есептейді баспагер.
«Көктемнен бастап су апаты ел халқының сатып алу қабілетіне қатты әсер етті. Сонымен қатар, биыл бұқара алдында жария өткен әйгілі сот пен тұрмыстық зорлық-зомбылық жайындағы тақырыптардың көтеріле бастауы адамдарды стресс жағдайына алып келді. Халық стрессте болған кезде артық заттарға шығындалғысы келмейді. Кітапты қосымша entertainment, luxury зат деп көреді. Бірақ кітап, керісінше, адамның, оқырманның сабасына түсіп, күйзелістен шығуына көп көмек көрсететінін де түсіне бастады. Сол себептен, күзден бастап сатылым жақсаратын шығар деп үміттенеміз», — дейді Steppe&World баспасының директоры Раиса Сайран Қадыр.
Кітап саудасы да, кітаптың бағасы да өскенін Alqa Publishing директоры Бану Дәулетбаева да растап отыр. Ол бұл процесті «кітап оқу мәдениетінің қалыптасуы, интеллектуалдық еңбектің бағалана бастауы» деген себептермен қатар, «қағаз және тасымал қызметтерінің өсумен» де байланыстырады.
Қазақ баспагерлері қалай бас көтереді?
Әзірге отандық баспа нарығына серпін берудің бірден-бір жолы салықтық жеңілдіктер екендігін ҚР парламентінің депутаттары да айтқан. Баспагерлер қазақша кітаптар шығару ісін мемлекет тарапынан субсидиялауды немесе мектеп пен кітапханалар тарапынан оларға тұрақты сұраныс беруді қамтамасыз ету — шешімін таппай келе жатқан мәселе деп есептейді.
«Елде шығатын кітаптың санына қарап-ақ елдің интеллектуалды әлеуетін бағамдай беруге болады. Әлемнің біраз елі қарынды тойдыратын ауыл шаруашылығы өнімдеріне субсидия берген секілді сананы тойдыратын өнімдерге де қарасып тұрады: салықтан жеңілдік жасайды; жас қаламгерлерге қаржы бөледі; шет тілдеріне аудартады», — дейді «Мазмұндама» баспа үйінің жетекшісі Шыңғыс Мұқан.
Сонымен бірге баспагерлер мемлекет тарапынан кітаптың ҚҚС көлемін өзгерту мүмкіндігін де ескеру керек деп есептейді: оны алып тастау немесе мүлдем төмендету деген тұрғыда. Көптеген елдерде осындай жолмен баспа үйлеріне көмек көрсетіледі. «Заң жағынан қолдау керек. Баспагерлерге жеңілдікпен берілетін кредиттерді көптеу берсе дейміз. Өйткені баспагерлер банкке өтінім берген кезде «айналымдарың жоғары емес» деп жатады. Айналымы жоғары баспалар, әрине, мемлекетпен бірге жұмыс істейтіндер. Жеке баспагерлер үшін бұл — ауыр жағдай. Яғни, жас баспагерлер бір-екі жылдың ішінде аяғынан тік тұрып, жүгіріп кете алмайды», — дейді «Steppe&World» баспасының директоры Раиса Сайран Қадыр. Ол кітаптарды жеткізу, тарату ісінде де қиындықтар жоқ емес деп отыр. Баспагердің пікірінше, «бәсекеге жету үшін кітап сөресінде, мысалы, «Меломан» дүкендерінде қазақша кітап үлесі қазіргідей 10% емес, 50% болуы керек».
Ол, сондай-ақ, кітап сату тек оны басып шығарумен шектелмейтінін, жаңа кітапқа оқырман назарын аудару шаралары, маркетинг амалдары да маңызды екенін алға тартады. «Қашан пайда әкелсе, автордың кітабы да сол кезде шығарылады, сондықтан, олардың қандай да бір мүмкіндік туған кезде өз кітаптарын шығаруы өте тиімді. Кейбір авторлар «мен тек шығармашылықпен айналысамын, промоушн, маркетинг, презентацияларға араласпаймын» деуі қате түсінік. Автордың өзі де кітабын сатуға атсалысқаны дұрыс», — дейді баспагер.
Digital әлеміндегі кітаптар
Қазіргі нарықтық жағдайға авторлар ғана емес, баспагерлер де бейімделіп, көбірек жұмыс істеу қажет, деп есептейді Бану Дәулетбаева. «Әлемдік бестселлерді шетелде шыға салысымен немесе шықпай жатып аудару керек. Жаңа авторларды, замана ойын дөп баса алатын авторларды іздеп табу маңызды. Күн сайын бір, тіпті, бірнеше кітап сартылдап шығып жатуы керек», — дейді Alqa Publishing баспасының директоры.
Ол авторлық құқық мәселесін де назардан шығармаған жөн деп отыр. Осы ретте авторлар кітабын саудаға салуы, баспа оларға қомақты қаламақы төлеу механизмдері айқындалуы керек деп есептейді. Сол сияқты, аудиокітап пен электронды кітап саудасы артуына байланысты интеллектуалды меншік құқығын қамтитын жаңа нормалар да қажет болуы мүмкін, дейді баспагер.
Қазақ баспагерлері айналып өткен әлемдік тренд — қымбат қағаз кітаптардың орнын электронды нұсқалардың басуы. Мысалы, Mordor Intelligence зерттеулері бойынша, электронды кітап нарығының көлемі 2024 жылы 17,20 млрд доллар болса, 2029 жылы 21,73 млрд долларға жетеді деген болжам бар. Техникалық даму мен кітап оқу қондырғыларының барынша жетілдірілуі ғаламдық электронды кітап нарығын дамытуда шешуші факторға айналмақ. Яғни, бұл әлемдік тренд қазақ баспагерлерінің ісіне де әсерін тигізері сөзсіз. Бірақ оған қазақ баспагерлері дайын ба? Бұл енді — келесі мақаланың тақырыбы.