«Хан Сұлтан»: даналық пен шыдамдылықтың символы

Тоқсан жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 91-ші театр маусымында «Хан Сұлтан» операсын ұсынғаны белгілі

Фото: © Владимир Акуленко

Тоқсан жылдық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 91-ші театр маусымында «Хан Сұлтан» операсын ұсынғаны белгілі. Халықаралық мамандар тартылған бұл премьера Қазақстанның мәдени өміріндегі ең елеулі оқиға болды. Ұлттық нақыштағы жаңа операның сахналануына бастамашы болған театр директоры Айнұр Көпбасарова.

Бір кездері анасымен бірге театр қойылымдарын тамашалауға келіп, қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған өнер ордасының есігін қобалжи ашқан ол уақыт өте осынау үлкен ұжымға басшылық етемін деп ойламаса керек.

Кейіпкеріміз осыған дейін Түркістан музыкалық драма театрын басқарды. Айнұр Көпбасарова сол кездің өзінде-ақ, аймақтағы театрға шетелден мамандар шақырып, «Бөрте» және «Мағжан» қойылымдарын сахналаған.

«Түркістан музыкалық драма театрының басшысы және көркемдік жетекшісі болдым. Оған дейін «Фариза» спектаклін қойғаным бар. Сондықтан театрға аяқ астынан келген жоқпын. «Фариза» спектаклі маған жаңа мүмкіндік сыйлады, театр әлеміне жол сілтеді», — деп әңгімелейді Айнұр Көпбасарова.

Қанабек Бәйсейітов, Күләш Бәйсейітова, Құрманбек Жандарбековтерден бастап, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев секілді қазақ өнерінің дүлдері қызмет еткен, бүгін де көптеген айтулы өнерпаздар еңбек ететін Абай театрының қалыптасқан дәстүрі мен қазақ мәдениетінде өзіндік бөлек орны бар.

«Театрға басшы болып келгенде 90 жылдан аса тарихы бар театрды түбегейлі өзгерту, «революция» жасауды мақсат тұтқан жоқпын. Себебі бұл — ұлттық театр. Бұл театрда өмірін өнерге арнаған адамдар жетіп артылады. Қазірдің өзінде ертеңгі күннің тарихи тұлғаларымен бірге жұмыс істейміз. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе және орасан зор жауапкершілік. Біздің театр жаңа ғасырда жаңа кезеңге қадам басқалы тұр. Мен сол кезеңнің куәсімін. Бұл — менің өмірімдегі маңызды сәттердің бірі», — дейді театр директоры.

Айнұр Көпбасарова театрға басшылық еткен бір жыл ішінде оның репертуарына ауқымды, халықаралық деңгейде жүзеге асқан жоба қосылды. Ол — «Хан Сұлтан» операсы. Оны қоюға шетелдік мамандар атсалысты.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін біз өз тарихымызды, өнерімізді, әсіресе, ұлттық операмызды қайта қарап, саралап келеміз. Қазақ операсынан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ән айту мәнеріміз, айтыс, қисса, дастандарымызды бөліп қарай алмаймыз. Қазақ даласының үні, кең тынысы — бәрі осы өнерде жатыр. Сол үшін біз өзімізге «Қазақ операсы қандай болу керек?» деген сұрақ қойдық. Осы ізденіс барысында «Хан Сұлтан» операсының негізі қаланды», — дейді ол.

Түркістан театрында «Фариза» спектаклін қойылымдап, қазіргі замандағы ақын, қайраткер қазақ әйелінің бейнесін сомдаған Айнұр ханым қара шаңырақта да тарихи тұлғаға айналған әйел образына көрермен назарын аударуды ұйғарыпты.

«Қазір қоғамда әйелдің орны туралы көп айтамыз. Пікірталастар, конференциялар — бәрі осы тақырыпта. Бірақ қазақ даласындағы әйел — ерекше құбылыс. Ол тек нәзіктіктің ғана емес, даналық пен шыдамдылықтың символы. Осыдан кейін әйел бейнесін іздей бастадық. Бірақ бұл жолы тек сахна үшін емес, әлемге ұсынуға тұрарлық туынды болу керек деп шештім. Сондықтан танымал, тартымды атау керек болды. Сол кезде «Алтын Орда» кезеңінде өмір сүрген «Хан Сұлтан» атты әйел бейнесі ерекше назарымды аударды», — дейді театр басшысы.

Айнұр Көпбасарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры
Фото: © Андрей Лунин

Хан Сұлтан — жай ғана аңыздағы кейіпкер емес. Ол — Хорезм шахының қызы, текті әулеттен шыққан, Жалаладдиннің қарындасы. Шыңғысханның жорығында тұтқынға түсіп, кейін Жошының жары болған.

«Тарихшылармен сөйлесе келе, бұл образды сахнаға шығару — үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Өйткені, төрт ханның анасы, ұлы қағанның жары — Бөрте тұтқында отырса да көрегендігімен, тектілігімен көзге түскен Хан Сұлтанды Жошының ұрпағын жалғастырсын деп ханның отбасына қабылдаған. Хан Сұлтан — тек ханның жары ғана емес, ол — отбасын, ұрпағын, елдің абыройын ойлаған көреген әйел бола білген. Ана ретінде дүниеге үш ұл әкелді, сол ұрпақ — кейінгі Алтын Орданың негізін қалаған. Хан Сұлтан ақылымен, мінезімен және саясатта біліктілігімен өзін де, ұлдарын да Алтын Орданың белді қайраткеріне айналдырған тұлға. Сондықтан дәл осы кейіпкерді таңдаудағы мақсат — көрерменге тек әйелдің нәзіктігін емес, парасатын, қайсарлығын көрсету еді», — дейді Айнұр Көпбасарова.

Абай атындағы Опера және балет театры бұл қойылымға ерекше дайындалды, мамандардың басым көпшілігі шетелден шақырылды. Операны Италиядан шақырылған режиссер Давиде Ливерморе қойды, сценографиясын жасаған итальяндық маман Элеонора Перонетти, ал жарық қоюшы — есімін әлем білетін маман — Гаэтано Ла Мэла.

«Бұл жобаның мақсаты — қазақ операсын халықаралық деңгейге шығару. Сондықтан сапа мен кәсібилікке ерекше назар аудардым. «Біздің тарихымызды өзімізден жақсы кім біледі?! Неге шетелдік режиссерді шақырасыз?» деген де сауалдар қойылды. Онда неге біз Шекспирді қоямыз? Неге орыс классиктерінің шығармаларын сахналаймыз? Өнер ұлтқа бөлінбейді. Шетелдік режиссердің өзіндік қолтаңбасы, көзқарасы болады. Халықаралық сахнада «режиссері кім?» деген сұрақ бірінші тұрады. Бұл — кәсіби өлшем», — дейді театр басшысы.

Ал операның музыкасын жазған Хамит Шанғалиев. Айнұр Көпбасарова музыканы жазу терең ізденістерден туғанын айтады: «Кейбіреулер «музыкасы итальян композиторларының шығармаларына ұқсайды» деп жатады. Бұл — жаңсақ пікір. «Хан Сұлтан» операсын жазған кезде, композиторға: «Біз ешкімді қайталамауымыз керек» деп баса айттым. Біз ешқашан басқа композиторлардың стилін көшірмеуіміз қажет, себебі бұл тәуелсіз Қазақстанның операсы. Біздің әуеніміз — жыраулардың, қиссашылардың, айтыскерлердің мұрасы».

«Хан Сұлтан» операсының идея авторы — Айнұр Сайлаубайқызы өзі болғанымен оны әзірлеу барысында тарихи кеңесшілермен бірлесіп жұмыс істеген. Тек, талқылау мен сүзгіден өткеннен кейін ғана драматургке беріліп, пьеса жазылған. Пьеса авторы — «Мағжан» пьесасымен танымал Алмас Нүсіп. Айнұр Көпбасарова жастарға мүмкіндік беріп, сенім артып, бұл істі жас драматургке сеніп тапсырғанын айтады. Ал, либреттосын жазған Маралтай Ыбраев.

«Хан Сұлтан» операсының премьерасынан кейін жергілікті басылымдар оның Қазақстанның мәдени өміріндегі тарихи оқиға болғанын жарыса жазды. Операны сахналауға қатысқан әртістердің кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті. Ал 2024 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Хан Сұлтан» операсы Стамбұлда қойылды.

«Стамбұлдағы аудитория керемет қабылдады. Біз — түбі бір түркілерміз. Тарихымыз ортақ, содан да болар, 16 желтоқсандағы қойылымға билеттер сатылымы небәрі 5–6 күн бұрын ашылды. Соның өзінде 5 мыңға жуық билет сатылды. Бұл — рекорд. Шетелдің сахнасына шыққан қазақ операсында қазақтың өз табиғаты мен болмысын көрсету өте маңызды. Сондықтан ұлттық мұрамызды бағалап, оны әлемге танытуымыз керек», — дейді Айнұр ханым.

Түркияда сәтті өткен премьерадан кейін «Хан Сұлтанды» өзге де мемлекеттерге гастрольге шығару жоспары бар, алайда мәселе қаржыға келіп тіреледі. Ал Абай театрында алдағы уақытта да қызықты премьералар өтуі ғажап емес. Театр басшысы ұлттық нақышта балет қою жоспары барын жеткізді. «Енді қазақ балетін қойсақ деген арманымыз бар. Әлемдік деңгейдегі балет. Мысалы, Анна Каренинамен тағдыры ұқсас «Қан мен Тер» романындағы Ақбаланың өмірін неге балетке айналдырмасқа?! Ұлттық театр болғандықтан ұлттық қойылымдар дүниеге келуі керек емес пе?!» — дейді ол.

Айнұр Сайлаубайқызы Абай атындағы Опера және балет театрын басқарған бір жыл ішінде көптеген тың бастамалар қолға алынды. «Әлемге аты әйгілі, британдық хореограф, балетмейстр Акрам Хан келіп, шеберлік дәрістерін жүргізді. Мариин театрының прима балеринасы Ульяна Лопаткина балет әртістеріне шеберлік сабақтарын өткізді. «Хан Сұлтан» операсын қойған Давиде Ливерморенің өзі осындағы мамандарға қаншама дәріс оқыды. Осы қойылым үшін арнайы шақырылған маман Гаэтано Ла Мэла да сахнаға жарық қою бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Ондай мамандардан үйренуіміз керек», — дейді театр директоры.

Айтуынша, театр мамандарының біліктілігін, әртістердің шеберлігін шыңдау үрдісі бір премьераның аясында тоқтап қалмайды, үнемі жалғаса береді. «Мысалы, бізде хор бар. Онда жұмыс істейтін әрбір адам — жеке-жеке солист. Хорға неге жаңа бір леп бермеске?! Неге хормен бірге жаңа дүние жасамасқа, хормен бірге ұлттық операның кейіпкерлерін жаңаша туғызбасқа?! Осындай бір ойымыз бар», — дейді Айнұр ханым.

Қазір театрдағы жас әртістерді насихаттауға баса көңіл бөлініп, жас мамандарды шетелде тағылымдамадан өткізу мүмкіндігі де қарастырылуда. «Қазір идея тапшы, әрі идея қымбат заман. Ал ол идеяны халықарлық ауқымда жүзеге асыру одан да қымбат. Қыруар қаражат керек. Қаражаттың барлығын тек үкіметтен сұрап отыратын болсақ, ол да дұрыс емес. Сол себепті театрларға өзін-өзі асырауға белгілі бір деңгейде жол ашатын құқықтық мүмкіндіктер болса деген ұсыныс жүреді көкейде. Өзіміз де демеушілер іздеумен айналысып жатырмыз. «Сабақты ине сәтімен» болсын деп отырмыз», — дейді театр басшысы.

Бүгінде театр ғимаратында бірқатар әрлеу жұмыстары жүргізілген. Театрдағы музей, хор залдары, үлкен оркестр залы жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген. Айнұр Көпбасарова бұл шаруалар әлі де жалғаса береді деп отыр. Ең бастысы ұлттық театрда «осы уақытқа дейін қалыптасқан дәстүр мен құндылық» деп есептейді ол. «Абай атындағы театр — қазақ классикалық музыкасының алтын тәжі. Бұл — талай тарихи дүниенің куәсі болған, талай тұлғаның ізі қалған, қазақ өнері салтанат құрған орда. Театр — жанды организм сияқты. Ол да адам секілді: дүниеге келеді, өседі, кемеліне жетеді.

Бұл театр да сондай жолдан өткен. Менен бұрын да, менен кейін де театр өз жолымен дами береді. Өзінің өрнегі, болмысы сақталады. Көрермені де, құндылығы да арта түседі», — дейді Айнұр Көпбасарова.