Мұхиттың ар жағынан шыққан тариф

АҚШ президентінің баж салығы Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін бе?

Apple, пошлины Трампа, Китай, люди, торговый центр,
Фото: © Depositphotos.com/ChinaImages

Әлемдегі жаһандық сауда қақтығысының бір лебі Қазақстанды да шарпып өтеді деп кім ойлаған? АҚШ президенті Дональд Трамптың халықаралық сауда шарттарын қайта қарау саясаты аясында биыл сәуірде Вашингтон Қазақстаннан келетін тауарларға 27% баж салығын енгізетінін мәлім етіп, артынша базалық мөлшерлеме (10%) деңгейіне қайта төмендетті (уақытша). Ресми хабарламасында Ақ үй: Қазақстанның америкалық тауарларға белгілеген баж салығы 54%, «жағдай тең емес» деп көрсетті. Мұхиттың ар жағында жасақталған жаңа тариф ел экономикасына, инвестициялық ахуалға, отандық бизнестің алдағы жоспарларына әсер етуі мүмкін бе?

Ликвидтілікті басқару және нарықтарды талдау саласындағы сарапшы, Citigroup вице-президенті Дана Кауменованың айтуынша, АҚШ-тың жаңа тарифтері жаһандық экономикаға, оның ішінде Қазақстанға да белгілі бір деңгейде ықпал етпей қоймайды. «Қазақстан АҚШ-тың негізгі сауда серіктесі болмаса да жаңа тарифтер мұнай бағасының төмендеуіне, импорттың қымбаттауына, экспорт тауарларының қысқаруына әкеліп соғуы мүмкін, ал бұл тікелей ел экономикасынан көрініс береді», — дейді ол.

Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда АҚШ-тың Қазақстан тауарларына қатысты ұсынған тарифтері біршама жоғары. Аймақтағы басқа елдерге ресми Вашингтон әу бастан бекіткен баж салығы 10% деңгейінде қалды. Бұл тұрғыда сарапшылар бірқатар факторларды алға тартады, оның ішінде, еліміздің Дүниежүзілік Преференциялар Жүйесінен (GSP) шығарылуын да. «Еліміздің GSP жүйесіндегі мәртебесі туралы айтар болсақ, 2018 жылдың сәуірінде АҚШ-тың Сауда өкілдігі Қазақстанның аталған жүйедегі өлшемдерге сәйкестігін қайта қарауды ұсынып, бастама көтерді. Бірақ бұл мәселе әлі де ашық күйде қалып отыр, бұл, әрине, Қазақстанның тарифтік көрсеткіштеріне де, жалпы, саудаға да әсер етпей қоймайды», — дейді Дана Кауменова.

АҚШ-пен арадағы сауда қатынасына — ескіріп кетсе де әлі күші жойылмаған Джексон-Вэник түзетуінің ықпалы бар ма? Бұл тұрғыда Дана Кауменова былай дейді: «2025 жылдың ақпанында америкалық конгрессмендердің бір тобы аталған түзетуді алып тастау туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ Конгресс өкілдері АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауданы модернизациялау туралы заңды қайта ұсынып, талқыға салды. Онда, мысалы, АҚШ экспортын кеңейтіп, тауар жеткізу тізбегін нығайтумен қатар, Орталық Азия аймағындағы геосаяси ықпалдар туралы да айтылады».

Айта кету керек, жаһандық нарықтарда дүрбелең туғызған ресми Вашингтонның баж салығы мұнай, уран, күміс, темір қорытпалары сынды бірқатар маңызды шикізаттарға «шүйлігіп» отырған жоқ. Ал Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымының 85%-ы дәл осы өнімдерді қамтиды. Ендеше «жаңа баж салығы Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етпеуі тиіс» деп есептейді саясаттанушы Ералы Нұржұма. Әйтсе де ол АҚШ тарифтерінің «тізіміне» Қазақстанның да енуін өз алдына бөлек зерттеп көрген жөн деп отыр.

«Әрине, бұл АҚШ-тың Қазақстанға қарсы тікелей дербес тарифі емес. Қазір жалпы әлем бойынша сауда қақтығысы белең алған, ал оның ықпалынан ығып қалу біз үшін, сірә, мүмкін емес», — дейді саясаттанушы. Орталық Азиядағы ірі экономикасымен танымал Қазақстан Қытай мен Ресейдің жақын көршісі, ал ресми Вашингтон бұл екі елмен экономикалық қақтығыс қапталында, деп түсіндіреді сарапшы. Бұл тұрғыда АҚШ Қазақстанды Қытай және Ресей тауарлары реэкспортының әлеуетті арнасы деп қарастырып, біздің елге қатысты біршама жоғары тарифтер белгілеуі ықтимал деп пайымдайды ол.

Өз кезегінде қаржыгер Расул Рысмамбетов, АҚШ қазақстандық тауарларға қатысты енгізуі ықтимал 27% баж салығы ел экономикасы үшін қандай да бір қиын салдар бермейді деген сенімде. Қазақстан жаһандық сауда қақтығыстарынан іргесін аулақ ұстайтын ел, біздің оған қатысымыз жоқ, бұл мәселе ең алдымен Қытай, Еуропалық Одақ сынды жаһандық деңгейдегі өзге де ауқымды экономикаларды қамтуы мүмкін деп есептейді ол.

«Біздің елдің Америкамен арадағы сауда көрсеткіші сыртқы сауда айналымының 5%-на да жетпейді, сондықтан бұл арада экономикаға қандай да бір соққы келеді деп уайымдауға негіз жоқ, қазақстандық тауарларға 27% баж салығы енгізілген күннің өзінде біз үшін ол айтарлықтай сезіле қоймайды», — дейді Расул Рысмамбетов. Сарапшы сондай-ақ, АҚШ-қа экспортталатын қазақстандық өнімдердің басым бөлігі стратегиялық тауарлар тізіміне енетінін алға тартады, ал мұнай, уран, темір қорытпалары сынды шикізаттар жаңа тарифтерден босатылған. «АҚШ-пен арадағы саудада Қазақстан ұзақ жылдар бойы профицитке ие: еліміздің бұл бағыттағы жыл сайынғы экспорты импорттан екі есе жоғары. Осыдан келіп Ақ үйдің жаңа баж салығын сауда жолындағы кедергі дегеннен гөрі саяси ұстаным деп сипаттаған дұрыстау болар», — дейді ол.

Әйтсе де қаржыгердің пікірінше, Ақ үйден тараған тарифтердің жанама сипаты біздің нарықтарда өзіндік көрініс беруі ықтимал. Мысалға, АҚШ-тың қатаң тарифтерімен бетпе-бет келген кей елдер өз тауарларын өткізу үшін балама нарықтар іздей бастағанда. «Қазақстанға техникалық жабдықтар, металдар, көліктер немесе құрылыс материалдары бойынша жақсы ұсыныстар түсуі мүмкін. Әрине, біз Америка нарығын алмастыра алмаймыз, бірақ ТМД аясындағы басқа елдермен салыстырғанда баға жағынан тартымды болып қала береміз», — дейді ол.

Даулы тарифтердің тағы бір әсері — жаһандық инфляциядан сыр беруі мүмкін. Егер Ақ үйдің тарифтік саясаты АҚШ-тың ішкі нарығында бағаның өсуіне әкеліп соқса, онда АҚШ доллары әлсірей бастайды, мұндай жағдайда Қазақстан үшін импорт тауарларын доллар аймағынан сатып алған тиімді болмақ, сонда, бәлкім, теңге де нығая түсуі ықтимал. Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Қазақстан ел ішінде өндірісті дамытуға екпін беруі тиіс. «Қазір, тіпті, жаңа мүмкіндіктер көрініс беруі мүмкін: арзан жолмен қарызға ақша алып, машина жасау, өңдеу салаларына инвестиция құю керек, ең бастысы — жедел қимылдап, мүмкіндіктерді қалт жібермеу керек», — дейді ол.

Ал АҚШ-тың жаңа баж салығы туралы ақпарат тарағанда бүкіл елді елең еткізген «электронды тауарлар мен гаджеттердің бағасы қымбаттайды» деген әңгімемен қаржыгер әсте келіспейді. «АҚШ қазірдің өзінде электроника бағасын төмендетіп жатыр. Тіпті баж салығы жоғары өрлеген күнде де баға бізде емес, олардың өздерінде қымбаттайды. Бізге әсер етуі ықтимал, егер біз қытайдың кей тауарларын АҚШ-қа Қазақстан арқылы реэкспорттап жатсақ. Бірақ бұл тұрғыда Қытайдың өзге де мүмкіндіктері жетіп асады, мысалы, Оңтүстік Шығыс Азияның портты елдері арқылы», — деп түйіндейді сарапшы.

АҚШ президентінің «тарифтік ойындары» әлі де жалғасуда, әсіресе, Қытай мен екі арада: алпауыт екі ел бір-бірінің импортына қатысты тарифтерді әрі-бері көтеріп әуре. Жалпылай алғанда Ақ үй биыл сәуірде 185 елдің импортына қатысты жаңа тариф енгізетінін мәлім етті, бұл тізімде елсіз аралдар да бар. 10 сәуірде АҚШ 75 елге қатысты жаңа баж салығын енгізу шарасын 90 күнге шегеретінін мәлім етті, оның ішінде Қазақстанға қатысты да. Сәуірдің соңында ел үкіметі тарифтерді көтерудің алдын-алуға қатысты АҚШ-пен арада кеңесулер басталғанын мәлім етті.

Айтқандай, 12 мамырда АҚШ пен ҚХР өзара баж салықтарын 90 күнге төмендету туралы келісімге келгені белгілі болды. Ресми Вашингтон қытайлық тауарларға салынатын баж салығын 145%-дан 30%-ға, ал Бейжің — америкалық тауарларға қатысты тарифтерін 125%-дан 10%-ға дейін түсірмек.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте