«Нағыз актерлік жұмыс»

Қазақстандағы дубляж: даму кезеңіндегі ізденістер мен іркілістер

дубляж, озвучка, студия звукозаписи, звукозапись
Фото: © unsplash.com/EvgeniyShkolenko

Заманауи студиялар мен қолтаңбасы жаңа жастарды қазақ тіліндегі дубляжға қосылған мұзжарғыш кеме дерсіз. Олардың білмекке, көрмекке ұмтылған лебі Қазақстандағы кәсіби дубляжды қайта серпілтті. Forbes Kazakhstan осы салада өзіндік қолтаңбасын қалдырып жатқан жас мамандармен дубляж индустриясының бүгіні мен болашағын сарапқа салды.

Жаңа буын — жаңа стиль

25 жастағы Ерасыл Мұхамадиев — Nickelodeon, Disney, Sony секілді әлемдік компаниялардың жобаларын дыбыстауға қатысқан актер. Ол былтыр прокатқа шыққан «Муфаса: Арыстан патша» фильміндегі басты кейіпкерді дыбыстаған. «Бұл рөл шығармашылық тұрғыдан маған үлкен жауапкершілік жүктеді, себебі әрбір сөзі мен эмоциясын қазақ көрерменіне табиғи әрі әсерлі етіп жеткізу маңызды болды. Көптеген көрермен дәл осы рөлді жылы қабылдады. Бұл мен үшін кәсіби жетістіктің бір көрсеткіші», — дейді ол.

Ерасыл Мұхамадиевтің негізгі мамандығы — физика пәні мұғалімі. Студент кезінде әлеуметтік желілерге хобби ретінде өзі оқыған, дыбыстаған өлеңдерді, қара сөздерді салып, аудитория жинай бастаған. Кейін Алматы қаласында дубляжға әуестенетін жаңа орта тауып, команда құрған. Топ шет елдің кино туындыларынан, аниме, мультфильмінен үзінділерді қазақ тіліне аударып, дыбыстауды қолға алған. Уақыт өте Ерасылдың қызығушылығы кәсіби арнаға ойысып, дубляж индустриясына толық бет бұрды. «Дубляж — жүректің қалауы», — дейді ол.

Ерасыл биыл DEM production дубляж студиясын ашты. Шығармашылық еркіндік пен сапаға басты көңіл бөлетін студия дубляжға жаңа дем беріп, жаңа стиль қалыптастырмақ. Қазір студияда онға жуық адам жұмыс істейді, көбіне америкалық картиналарға, анимациялық фильмдерге дубляж жасайды. Олардың жұмысын Freedom Media платформасында тамашалауға болады.

«Жоғары сападағы микрофондар, дыбыс жазу құрылғылары, бағдарламаларға ауқымды қаражат қажет. Бұған қоса, нарықтағы бәсекелестік пен тұрақты жобалардың аздығы да кедергі. Бірақ мақсатқа адалдық пен сенімнің арқасында қиындықтарды еңсеріп шықтық. Біз жобаны орындау кезінде тек коммерциялық пайдаға емес, мәдени маңыздылығына да, көрерменнің қызығушылығына да қараймыз. Жас актерлерге жол ашып, оларға кәсіби тәжірибе беруге тырысамыз», — дейді Ерасыл.

Ол осы жазда The Continental: From the World of John Wick жобасында дубляж режиссері әрі актер ретінде жұмыс істеп, кәсіби тұрғыда жаңа деңгейге көтерілген. Халықаралық стандарттарға сай талап қойған жобада өз рөлін дыбыстап қана қоймай, бүкіл актерлік құрамның эмоциясы мен сапасына жауап берген. «Қазір Қазақстандағы дубляж саласы даму кезеңінде тұр. Бұрын дубляж көбіне балаларға арналған фильмдермен ғана шектелсе, бүгін ересектерге арналған сериалдар мен көркем фильмдер де кәсіби деңгейде дыбысталып жатыр. Бұл — елеулі қадам. Әрине, әлі де шешілмеген мәселелер бар: қаржыландыру жеткіліксіз, маман тапшы. Бірақ бұл салада кәсіби студиялар пайда болып, сапаға мән беріле бастағаны — үміт ұялататын оң үрдіс», — деп есептейді Ерасыл.

Әуесқой дубляж: саннан сапаға

Қазір бізде кәсіби дыбыстайтын студиялардан бөлек, әуесқой дубляждар да бар: көбіне әлеуметтік желілерде. Олардың контенті қазақ тіліндегі дубляжға жастарды қызықтырып жатыр. Бұл қазақ тілінде дыбысталған жапон анимелері мен корей дорамаларына сұраныстан туындаған үрдіс деуге болады.

Аниме арқылы қазақ тілін насихаттап жүрген 23 жастағы Диас Балаби ani.dybys дубляж студиясының негізін қалаған. Олар дыбыстаған кейіпкерлер жастардың тілінде сөйлейді, сленгтерді қолданады. Бұл қазақ тіліндегі дубляж өнімдеріне қатысты көрерменнің көзқарасын өзгертіп жатыр, қазір студия жұмысына тамсанатындар аз емес. Дыбыстаған анимелерін жастар YouTube және Telegram арналарына шығарады, көрермені оларға донат жіберіп, қаржылай қолдау көрсетеді. Студия тапсырыс бойынша да жоба орындап, табыс табады.

Диас 17 жасында әртүрлі дауысты қайталап, дыбыстау өнеріне әуестене бастаған. Қазір ол дубляж және сөйлеу техникасы бойынша сабақ береді, алғашында мұны актерлік және ораторлық курстардан үйренген. «Қазақша дубляжда қазір дыбыс сапасы жақсарып, дауыстар қарапайым естіле бастады. Әлеуметтік желіде оған жақсы маркетинг жасалса, контент шықса, көрермен көбейе береді. Көп студия «жобаларды тез аяқтасақ» деп ойлайды. Меніңше, дубляж — өнер, ал оны жасағанда өзің де ләззат алуың керек», — дейді Диас.

Қазақша дубляжға сұраныс бар ма?

Былтырдан бері Қазақстанда Disney, Pixar, Sony Pictures, Illumination Entertainment секілді әлемге әйгілі студиялардың қаражатына он шақты фильм қазақ тіліне аударылып, дыбысталды. Оған дейін елде мұндай жобаларды түрлі демеушілер қолдау көрсеткен «Болашақ» корпоративтік қоры, кейін мәдениет министрлігі жүзеге асырған.

Алғаш рет Disney компаниясының қаражатына қазақшаға аударылған «Ойжұмбақ-2» анимациялық фильмі 128 млн теңге касса жинап, қазақ тілінде дыбысталған фильмдердің арасында рекорд орнатты. Одан кейін «Моана 2» анимациялық фильмі 12 күнде 151 млн теңге тауып, бұл рекордты жаңартты. Көрермен тіпті кинотеатрдағы сеанстар санының аздығы мен уақыт кестесінің қолайсыздығына да шағымданып жатты. Бұл — кәсіби тренд талабын «тамыршыдай» тап баса алса әлемдік «інжу-маржандардың» қазақ тілінде де көркем сөйлеп, көрерменін баурап алатынының көрсеткіші.

Disney компаниясы «А» санатындағы, яғни «ең үздік» деген отбасылық және шытырман блокбастер фильмдерін өз қаражатына қазақша дыбыстауды жалғастырып жатыр. Биыл қарашада «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмі шығады. Бұған қоса, желтоқсанда режиссер Джеймс Кэмеронның «Аватар: От пен күл» фильмі көрерменге жол тартады. Бұл — «Аватар» франшизасының қазақша дубляжда шығатын үшінші фильмі. Бұған дейін шыққан бөлімдері әлем бойынша ең көп табыс тапқан фильмдер қатарынан көрінді.

Disney фильмдерінің қазақ тіліндегі дубляж режиссері, Freedom Media компаниясының дубляж режиссері әрі продюсері Шах-Мұрат Ордабаев «мұның бәрі Қазақстандағы көрермен үшін істеліп жатыр, шамамыз келгенше бар күш-жігерімізді салып, жоғары деңгейде қазақша дыбыстаймыз» деп отыр.

Бұған дейін 50-ге жуық фильмге дубляж режиссері болып, ондаған кейіпкерді дыбыстаған Шах-Мұраттың сөзінше, дубляждағы негізгі проблемалардың бірі — көрерменнің қазақша контентті таңдамауы. «Кинотеатрда фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын емес, орысшасын таңдайды. Өз тілімізге, Қазақстанда жасалған деген өнімге әлі де сенбейміз. Бұл — біздің басты трагедиямыз», — дейді ол.

Ерасылдың пікірінше, көрермен қазақ тіліндегі дубляжға енді-енді үйреніп келеді. Бұрындары «қазақша біртүрлі ғой», «әдеби сөйлейді» дегендей пікірлер айтылып, кинотеатрдағы сеанстарда адам саны аз болатын. «Қазір деңгей бұрынғыдан әлдеқайда жоғары көтерілді. Көрерменнің біраз бөлігі қазақ тілінде де сапалы дубляж жасауға болатынына көз жеткізді», — дейді ол. Сөзінше, кейінгі жылдары Қазақстандағы дубляж саласында елеулі өзгерістер бар.

«Біріншіден, сапа артты. Дыбыс жазу жабдықтары жаңарып, студиялар кәсіби стандарттарға жақындай түсті. Екіншіден, актерлердің дубляждағы актерлік деңгейі өсті. Олар тек мәтінді оқымай, образды толық аша алатын дәрежеге жетті. Үшіншіден, тапсырыс берушілер көбейді. Бұрын тек мемлекет қолдау көрсетсе, қазір халықаралық платформалар да қазақша нұсқаларды талап ете бастады. Бұл — нарықтың өсіп келе жатқанына дәлел», — дейді Ерасыл.

Шах-Мұраттың айтуынша, кейбір телеарнадағы дубляж ескі үрдіспен келе жатыр. «Жаңа нәрсені үйренбейді, бас тартады. Жас әуесқой дубляж әртістерін қатарына қосудан қорқады. Меніңше, жастарды мойындап, көмектесу керек, мүмкіндік болса, заңсыз дубляждан алып шығатын бір амал табу қажет», — дейді ол.

Маман табу машақаты

Диастың айтуынша, ani.dybys студиясы театр және кино актерлерімен жұмыс істейді, әр жобаға бөлек команда жинайды. DEM production студиясы да актерлерді кастинг арқылы таңдап, студия ішінде тәжірибеден өткізеді. Ерасылдың айтуынша, дикция, эмоцияны жеткізу, экрандағы кейіпкерге бейімделу бойынша арнайы дайындық жүргізіледі.

Шах-Мұраттың сөзінше, дубляж саласында тапшы мамандар да бар, бірақ басым көпшілігі жеткілікті. «Дыбыс инженері, дубляж актеріне қарағанда дубляж режиссері аз. Дегенмен бір-бірімізге кеңес беріп, тәрбиелеп, үйретуге тырысып келеміз. Бізде мәтін үйлестіруші маман тапшы. Дубляжда аударылған мәтінді көркем фильм тілінде редакциялап, оны кейіпкердің ауыз қимылына қарай үйлестіру керек. Оған қоса, стилистикасын сақтау маңызды», — дейді ол.

Ерасылдың айтуынша, сұраныстағы маман болса, бұл салада тұрақты табыс табуға болады, бірақ ол үлкен еңбекті талап етеді. Нарық енді қалыптасып жатқан соң табыс көбіне тұрақты тапсырыс берушілерге байланысты. Ал негізгі қаржыландыру көзі — стриминг платформалар, телеарналар, кино дистрибьюторлары. «Дубляж актері — тек мәтінді оқитын адам емес, ол кейіпкердің эмоциясын, жанын қайта жасап шығаратын тұлға. Бұл — нағыз актерлік жұмыс. Кейінгі жылдары олардың еңбегіне көбірек көңіл бөлінгенімен, еңбекақы мен мәртебе тұрғысынан әлі де артта қалып жатыр. Дубляжды өнер ретінде толық мойындаса, актерлер еңбегі де әділ бағаланар еді», — деп түйіндейді Ерасыл.

ЖИ қауіп емес, құрал

Кейінгі уақытта жасанды интеллектінің дауысты дәл қайталап бере алатыны жұртты таң қалдырып жатыр. Кейбірі оның шын-өтірігін ажырата алмай қалады. Дубляж саласына да ЖИ әсері болуы мүмкін деген сан алуан пікір бар. Бірақ Диас бұл ойға келіспейді, оның сөзінше, жасанды интеллект адамның эмоциясын ешқашан жеткізе алмайды.

«ЖИ кейбір процесті жеңілдетуге көмектеседі: мәтінді бейімдеу, дауыс тазалау, синхронды сәйкестендіру. Ал дубляждың жүрегі — актерлік ойын. ЖИ техникада көмекші бола алады, бірақ эмоцияны, жүректің жылуын бере алмайды. Сондықтан жасанды интеллектіні қауіп емес, құрал ретінде қабылдаймын. Әйтсе де болашақта не болатынын кім біледі? Оны болжай алмаймыз», — дейді ол.

Шах-Мұраттың пікірінше, дубляжға кіршіксіз, артық дыбысы жоқ, тап-таза дауыс шыққаны керек емес. Оған шынайы жүрегі, адами энергиясы бар әртіс қажет. «Жасанды интеллект қазақ тілін бұдан сайын танымал етуге, көркейтуге көмектесетін құрал болса, бұл мені қуантады», — дейді дубляж режиссері.

Бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ тіліндегі киноконтентті арттыру үшін жыл сайын 15 шетел фильмін дубляждауға министрлік 443 млн теңге бөледі деп мәлімдеген-ді. Сөзінше, 2023–2024 жылдары заңнамадағы қатаң талаптар мен конкурс рәсімінің ұзақтығына байланысты шетел фильмдерінің дистрибьюторлары конкурс іріктеуіне қатыспай, дубляжға бөлінген қаржы бюджетке қайтарылған. Министрлік шетел фильмдерін іріктеуге қойылатын талаптар бойынша заңнамаға түзетулер дайындап, парламенттің қарауына енгізді деп сұхбат берді ақпарат министрі.

Шах-Мұраттың пайымынша, сайтқа конкурс жариялап, жауап күту — нәтиже беретін тәжірибе емес. Ол мәдениет министрлігі Қазақстанда кино прокатымен айналысатын компанияларды дөңгелек үстелге отырғызып, мәмілеге келуі керек деп санайды. «Фильм дубляжын үкімет емес, жеке компаниялардың өзі қаржыландырып, кино нарығына шығып жатқаны — қуантарлық жайт. Мұндай практика әлемде бар», — дейді ол.

Ал Ерасылдың айтуынша, Қазақстанда дубляж индустриясы дамуы үшін оны қаржыландыру аса қажет. Студияларды ұзақ мерзімді жобалармен қамтыса — сапа да, тұрақтылық та артады. Көрерменнің қазақша контентке деген қызығушылығын арттыру үшін насихат, мәдени саясат маңызды. Ал мемлекет, бизнес пен қоғам бірлесіп қолдаса, дубляж тұрақты әрі табысты индустрияға айналады деп санайды сала маманы.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте