Бүгінгі қалалар инновациялар үшін тартымды нысан деп танылуда

Қарап отырсақ, әлемдегі кез келген қаланы инновациялар бесігі деп сипаттауға болады

Бүгінгі қалалар инновациялар үшін тартымды нысан деп танылуда
Бүгінгі қалалар инновациялар үшін тартымды нысан деп танылуда
Фото: © Depositphotos.com/fotoZapad

Өйткені ең батыл идеялар мыңдаған жылдар бойы қалаларда туындап, жүзеге асқан. Қалалардағы халық тығыздығынан бастап, мегаполистер жұртына тән өзіндік машық-дағдылардың алуандығы, әлеуметтік байланыстардың ауқымдығы — қала ішінде бой түзейтін креативті көзқарас пен креативті ұстанымның әлеуеті деуге тұрады, ал ол өз кезегінде қаланың, елдің экономикалық дамуына әсер етпей қоймайды. Бүгінгі қалалар миллиондаған, тіпті миллиардтаған адамдардың көз жауына айналғанын бәріміз де байқап отырмыз. The Boston Consulting Group (BCG) сарапшыларының айтуынша, қалалардағы инновациялар тақырыбы қазіргі таңдағы өте өзекті мәселенің бірі, себебі мегаполистердегі экологиялық тәуекелдерді азайтып, тұрақты даму бағытындағы ұзақ мерзімді шешімдерді белгілеуде дәл осы инновацияларға жүгінуге тура келеді.

Сарапшы қауымның айтуынша, дәл қазір әлем жұрты бастан кешіп жатқан төртінші өнеркәсіптік революция тауар өндірісін екінші кезекке қалдырса керек — бүгінгі заманауи қалалардың басты өнімі — білім, дәлірек айтсақ, білім беру және білім түзу, дейді олар. Қазір өндірістің басты құралы — ақыл-ой еңбегі, сәйкесінше университеттер, ғылыми-зерттеу институттары мен инновациялық компаниялардың кластерлері экономикалық орталықтарға айналуда. Яғни, ХХІ ғасырдың жиырмасыншы жылдарына тән өзіндік ерекшелік — шығармашылық адамдары, мысалы, ғалымдар, инженерлер, суретшілері, музыканттар, дизайнерлер — еңбек нарығындағы экономикалық басты ресурс деп танылуда, ал қалалар осы мамандар үшін күрес жүргізіп жатыр.

BCG сарапшыларының айтуынша, креативтілік — бұл өте күрделі ресурс, оны, айталық, өндіріс процестеріндегідей басқарып, қадағалау тіпті де оңай емес. Біріншіден, бүгінгі кәсіпқойлар өте мобильді. Коронавирус пандемиясы аясында кең тарап кеткен қашықтан жұмыс істеу технологиялары жұртқа қазір үйде отырып жұмыс істеуге мүмкіндік берген. Бұрындары адамдардың тұрғылықты жерін анықтауда негізгі фактор — жұмыс орны болса, қазір көптеген адамдар кеңсеге келіп жұмыс істеуді міндетті санамайды. Екіншіден, креативтілік — ол қолмен ұстап, «дәмін татуға» болатын активтер қатарынан емес, шығармашылық, ол — материалдық емес игілік. Ақыл-ой еңбегінің мамандарын бір орында ұстап қалу да өзіндік өнер. Ал жоғары білікті кәсіби мамандармен жұмыс істеудің әмбебап рецепті әзірше табылған жоқ: нарықта оңай жүзеге асқан бір әдіс, екіншісінде дәл солай тиімді қолданылады дей алмаймыз.

Әрине, сарапшылар да, бизнестегі көшбасшылар да қазір креативті индустрияның қалай жұмыс істейтінін түсінуге зейін қойып, креативті экономиканы дамытудағы қалалардың рөліне үңіле бастаған. Қалаларды зерттеуші теоретик маман Ричард Флорида, креатив саласы мамандарының тұрғылықты жерін анықтаудағы маңызды көрсеткіштің бірі психологиялық фактор деп отыр. «Адамның тұрғылықты жері оның жұмыс орнына деген қолжетімділігін қамтамасыз етумен қатар, оның бақыты мен әл-ауқат жағдайына да әсер етеді», — деп есептейді ол.

BCG-дің Қалалар болашағының жаһандық орталығы мен Хендерсен институты бірлесе жария еткен «Қалалар таңдауы» атты есепте, қала жұртының хәл-жағдайы үшін маңызды мәні бар бірнеше индикатор бөліп көрсетілген. Олар, мысалы: жайлы климат, космополиттік орта, мәдени бай әрі қанық өмір, әлеуметтік тұрғыда берік байланыстар орнату мүмкіндігі, сапалы білім және денсаулық сақтау жүйелеріне қол жеткізу, сондай-ақ үйлесімді құрылыс.

Креативті тап үшін тартымды орта қалыптастыруда қала дизайны маңызды рөл атқарады. Саябақтар, алаңдар мен өзге де ашық кеңістіктер қала жұрты үшін тартымды орта болатындай етіп жобалануы тиіс, деп қосады BCG сарапшылары. Бұларда, сондай-ақ тегін Wi-Fi мен көркемдік инсталляциялар ескеріліп, әртүрлі кафелер ашуға болады. Мұның бәрі қала ішіндегі шығармашылық әлеуетті арттырады.

Зерттеушілердің айтуынша, қазір әлемдегі алдыңғы қатардағы қалалар дәл осы бағытта қарқын алған. Лондон мэрі Садик Хан Англия астанасын нағыз саябаққа айналдыруды мақсат тұтқан, оның жоспарынша, қала аумағының 50%-ын жасыл желектер құрайтын болады. Ал Париж әкімшілігі болса қала орталығында көлік жүргізбеу үшін бұрыннан талаптанып, ізденуде. Копенгаген мэриясы өз қаласын велосипедшілер үшін ең қолайлы еткісі келеді.

Креативті индустрия өкілдері үшін қала тартымдылығының тағы бір факторы — ақылды қала жасау. BCG сарапшылары, бұл термин соңғы уақытта біршама бұрмаланып, түпкілікті ойдан алшақтап кеткенін алға тартады. Олардың айтуынша «ақылды қала» дегеніміз — цифрлық технологиялар ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымның бір бөлігі ретінде қалыптасқан қала. Цифрлық технологиялар жайлы әрі энергия үнемдеуші, қауіпсіз қала құруға көмектеседі. Оларды қолданудың көптеген мысалдары бар: суды есепке алу мен қозғалысты басқарудың интеллектуалды жүйелері, электромобильдерге арналған инфрақұрылым, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыру жүйелері және т. б. Сингапур әкімшілігі жыл сайын осы қаланың цифрлық нұсқадағы «егізін» дамытып, ЖИ негізіндегі қалалық мобильді жүйе енгізуге орасан зор қаражат жұмсайды. Бұл Сингапурды әлемдегі ең ақылды қала деп тануға мүмкіндік береді.

Әрине, инновацияларды дамыту — тиісті деңгейдегі мемлекеттік басқаруды талап етеді. Әдетте ірі корпорациялар, инвесторлар мен стартаптар, саяси шешімдері бұлыңғыр және меншік құқығы аяққа тапталатын елдерде жұмыс істеуге құлықты емес. Олар үшін ең тиімді ынталандыру тетігі — фискалдық қолдау мүмкіндіктері, яғни жаңа технологияларға инвестиция салуға мүдделі компаниялар үшін ең дұрыс құрал — салықтық жеңілдіктер.

Не десек те, ақиқаты сол — адамзат баласы өзінің дамып, өркендеп, гүлденуі барысында қалаларға қарыздар. Ал қалалар бүгін кезекті мәрте цифрлық инновациялардың орталығы ретінде қалыптасып жатыр, олай болса ел үкіметтері қала басшыларына жаһандық деңгейдегі дарындарды тартып, қолайлы бизнес орта құруға көмектесуі керек. Алдағы уақытта мегаполистердің барынша дамып, өркендеуінің негізгі кепілі дәл осы фактор болмақ.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте