Қазақстандықтар ақшасын жинақтауға мән бере бастаған

2023 жылы Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық индексі 40,5%-ды құрады. Салыстыру үшін: 2022 жылғы көрсеткіш 40,3%, 2021 жылы – 39,52%, 2020 жылы – 39,07% деңгейінде болған
Фото: © Depositphotos.com/4eX

Бұл – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің халықтың қаржылық сауаты бойынша 2023 жылдың соңында жүргізген зерттеуінің нәтижелері. 18 жастан 63 жасқа дейінгі азаматтар мен одан ересек жастағы топтардың арасында өткен сауалнамаға республикалық маңызы бар үш қала мен елдің барлық облыстарынан үш мың адам қатысқан. Агенттік мұндай әлеуметтік зерттеуді осымен төртінші рет өткізіп отыр.

Ақша жетпесе... кредит алады

Агенттік ақпаратына сай, соңғы жылдары халықтың қаржы тақырыбы бойынша «хабардар болу деңгейі» өсіп келе жатса керек. Ағымдағы зерттеуде бұл көрсеткіш 42,8% деп бағаланған. Салыстыру үшін: 2022 жылы қазақстандықтардың қаржы нарығындағы ақпараттану деңгейі 41%-ды, 2021 жылы – 35,5%-ды құраған.

Дегенмен, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, 2023 жылы ел азаматтары өздерінің «меншік қаражатын басқару» өлшемі бойынша ең төмен деңгейді көрсеткен: 38,6%. Бұл өлшем 2022 жылы – 39,6%, ал 2021 жылы 42,57% деңгейінде бағаланған.

Ал, мысалға, «қаржы қызметтерін пайдалану» тұрғысында соңғы үш жылда ел ішінде айтарлықтай өзгеріс бола қоймаса керек: ел азаматтарының бұл тұрғыдағы көрсеткіші 2023 жылы 40,1%-ды құраған (2022 жылы – 40,1%, 2021 жылы – 40,5%).

Зерттеу қорытындысындағы мәліметтерге үңілсек, қазақстандықтар әдетте жас шамасы елуден асқан тұста ғана өз қаржысын бөліп, жұмсау туралы шешімді өздері қабылдай бастайды екен. Агенттік сауалнамасына қатысқандардың 30,2%-ы (50–63 жастағылар) дәл осынай жауапты ұстанған. Респонденттердің 35,6%-ы (30–49 жастағылар) өз ақшасын ата-анасына сеніп тапсырады. Әрбір бесінші респондент қолындағы ақшасын жұбайына беретінін айтса, өз отбасында ортақ бюджет жүргізуді әдет еткен респонденттердің үлесі 18,2%-ды құраған.

Сол сияқты, кредит рәсімдеуге берілген өтінім кезінде елімізде әрбір үшінші адам (38,2%) өз табысын молайтып көрсетуге бейім. Белгілі бір кезең аралығында шығыны артып, ақшасын жеткізе алмаған әрбір үшінші адам қарыз алады (38,9%) және кредитті пайдаланады (35,9%), оның ішінде 12,5%-ы микрокредитке, 7,5%-ы онлайн-кредитке жүгінеді. Қаржы бойынша ақпаратты халықтың жартысына жуығы (48,2%) әлеуметтік желілерден алғанды жөн көреді. Ел халқының қаржылық сауатын зерттеу барысында Агенттік сарапшылары анықтап, көрсеткен мәліметтердің дені осы сипатта.

Сондай-ақ, Агенттік сарапшылары, жыл өткен сайын елімізде ақшалай жинақ жасауға қабілетті азаматтардың саны (ай сайынғы міндетті шығындарын төлеген соң) ұлғайып келеді деген қорытынды жасаған. Агенттік сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 48,2%-ы ақшасын жинақтауға мән беретінін айтқан. Салыстыру үшін: 2020 жылы жинақтау тәжірибесі бар азаматтардың үлесі 30,6%-ы, 2021 жылы – 31,4%-ды, 2022 жылы – 31,5%-ы құраған.

Дивидендке күн көруді үйрен...

Өз кезегінде, краудфандинг платформасының негізін қалаушы, қаржы сарапшысы Нұрбек Раев, Қазақстанда қаржы жинай алатын адам өзіміз күнделікті кездестіріп жүрген таныс та, бейтаныс жандардан айтарлықтай ерекшеленеді деп отыр. Ол бұған өз платформасындағы инвесторлардың портретін жасаған кезде көз жеткізген.

Нұрбек Раев, қаржы сарапшысы
Нұрбек Раев, қаржы сарапшысы
Фото: жеке архивтен

«Әдетте, олар тәкаппарлықтан ада, өз дүниесін өзгеге көрсетіп, жасанды бейне жасауға ұмтылмайды, жеңіл қызық пен сайранның соңынан кетпейді. Кәдуілгі жан бірнеше не ондаған миллион теңгесі болса, қымбат көлік алып немесе демалуға баруды ойлайды емес пе», - деп түсіндіреді сарапшы өз пікірін.

Нұрбек Раевтің айтуынша, жұмсалған қаржы қайтып келмейді, ал шығындар өсе береді: «Бір жалақы барлық шығынды жаба алмайды. Оның үстіне, зейнетке шығатын күн, яғни тұрақты табыстың тоқтайтын кезеңі де жақындай береді. Уақыттың қалайша тез сырғып өтетінін осыдан он жыл бұрынғы суреттеріңізге қарап-ақ көруге болады. Демек, келер 10–20  жыл да сөйтіп өте шығады».

Сарапшы, бұл тұрғыда «қарттық шақ жайлы болу үшін бар болғаны үш түрлі инвестиция керек» деген кеңес береді.

«Біріншіден, өзіңе инвестиция құй. Жаңа білім ал, өз біліміңді капитализациялауды үйрен. Екіншіден, балаларыңа инвестиция құйсаң, зейнет жасыңда бала-шағаңды сүйремейсің, болмаса, олар өмір бойы мойныңда отырады. Үшіншіден, өз капиталың капиталға ұласып, дивиденд алып келуіне жағдай жаса. Өз капиталыңды жеп қою – қедейшілікке алып келеді, қайта, соның дивидендіне өмір сүруді дағды ет.

Тек қаржылық тұрғыдан дербес азамат қана дербес ойлап, өзі, отбасы, елі үшін дербес шешім қабылдай алады», - дейді Нұрбек Раев.

Гәп «пирамидаға» деген сұраныста

Ал Қазақстанда private banking бойынша жұмыс істейтін қаржыгер, швейцариялық сарапшы Глеб Штрайб, Қазақстанда капитал және қаржы жинақтау туралы ұғымдар соңғы 20 жылда ғана өзекті бола бастағанын алға тартады, мысалға, Швейцария не Еуропаның басқа да елдерімен салыстырғанда.

Глеб Штрайб, қаржыгер
Глеб Штрайб, қаржыгер
Фото: жеке архивтен

Оның айтуынша, Қазақстандағы бүгінгі клиенттерді не өзі табыс табушы, не қаржыны өз қолында жұмылдырған бірінші ұрпақ деп сипаттауға толық негіз бар. Ал Еуропа немесе Солтүстік Америкада табыс жинақтау деген ұғым ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырады: Қазақстанмен салыстырғанда оларда қаражатты жинақтау тарихы ұзақтау.

«Байқауымша, Қазақстанда кәсіпкерлер ақша табарда тәуекелге бел буады және дәл сондай позицияны қаржыны жинақтау барысында да пайдаланғысы келеді. Жылдам пайда табу үшін өз капиталы мен жинағын да салып, шығындауға әзір. Демек, қаржыны тапқаны секілді, табысты да солай молайтуға болады деп түсінеді. Агрессивті жолмен инвестициялауға бейім. Бірақ нарық олай жұмыс істемейді. Ал Еуропа мен Солтүстік Америка инвесторларына мұндай қасиет тән емес. Олар алған мұрасын өте мұқият инвестициялайды, себебі, бала кезінен қаржыны сақтап, жинақтауды үйренеді, біраз сүзгіден өткізеді. Негізгі инстинкт қаржыны сақтауға бағытталады», - дейді Глеб Штрайб.

Айтпақшы, агенттік жүргізген зерттеуде «Қаржылық алаяқтық» бөлімі де бар, бұл азаматтарды алдаудың барынша дамыған және күрделі әдістерінің қолданылуына байланысты өзекті тақырып.

Өңірлер бойынша алып қарағанда, еліміздің батыс бөлігіндегі, атап айтқанда Атырау (27,3%), Ақтөбе (26,7%) және Маңғыстау облыстарындағы (26%) көрсеткіштер ерекше назар аудартады: мұндағы респонденттер алаяқтыққа тап болғандарын жиі көрсеткен.

Көбінесе 18–29 жас аралығындағы жастар (23,1%) мен 50–63 жас аралығындағы ересек адамдар (24,9%) алаяқтардың құрбаны болады екен.

Сарапшы Глеб Штрайбтың айтуынша, Еуропада да қаржы пирамидалары бар, бірақ, ТМД немесе Қазақстандағыдай көп емес.

«Бұл сұраныстың аздығына байланысты, себебі, Еуропа елдерінде балаларға қаржылық сауаттылықты отбасында үйретеді. Олар экономиканың базасын түсініп, тегін нәрсе болмайтынын біліп өседі. Ал мұнда пирамидалардың тұзағына түсетіндерді, бәлкім, тығырыққа тірелгендер немесе соған амалсыз баратындар деп сипаттауға болатын шығар», - дейді ол.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте