10 мың оқушыдан 100 үздік: JUZ40 олимпиадасының формуласы

JUZ40 EdTech компаниясы алғаш рет республикалық олимпиада өткізді. Жүлде қоры 2 млн теңгеден асып, 10 мыңнан астам оқушы қатысты.

Фото: баспасөз дереккөзінен алынды

Қазақстанда EdTech нарығы жылдан жылға кеңейіп, бәсекелестік артып келеді. Бірақ оқушыларды тек пәндерден дайындаумен шектелмей, білімге қолжетімділікті арттыруды мақсат еткен жобалар әлі де аз. Осы саладағы ерекше қадамдардың бірі — JUZ40 EdTech компаниясының алғаш рет ұйымдастырған республикалық олимпиадасы. 2026 жылдың наурызында Алматыда өткен финалға елдің барлық өңірінен іріктелген 100 оқушы қатысты.

10 мыңнан 100: іріктеу жүйесі

Олимпиаданың алғашқы кезеңі 9-21 ақпан аралығында онлайн форматта өтті. Оған Қазақстанның барлық облысынан және республикалық маңызы бар қалалардан 10 мыңнан астам оқушы қатысты. Тапсырмалар математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы және бейіндік пәндер бойынша берілді.

Ең жоғары балл жинаған 100 оқушы Алматыдағы финалға жолдама алды. Бұл кезеңде білімнің өзі ғана емес, стресс жағдайында шешім қабылдау, уақытты тиімді бөлу және стратегиялық ойлау қабілеттері де тікелей сыналды.

Финал: білім сынағы мен кәсіби тәжірибе

24-27 наурыз аралығында өткен үш күндік финал тек тестілеумен шектелмеді. Қатысушыларға толыққанды академиялық орта ұсынылды: университеттерге кампус-турлар ұйымдастырылды, кәсіби бағдар беру сессиялары мен нетворкинг мүмкіндіктері қамтамасыз етілді.

Маңызды нюанс: 100 финалистің тамақтану және тұру шығындарының барлығын JUZ40 компаниясы өз мойнына алды. Бұл — аймақтардағы дарынды, бірақ қаржылық мүмкіндігі шектеулі отбасылардан шыққан оқушылар үшін шынайы тең мүмкіндік жасау әрекеті.

Жеңімпаздар мен жүлде қоры

Олимпиада қорытындысы бойынша үш үздік оқушы анықталды:

  • 1-орын — Айгерім Темірханова, Маңғыстау облысы — 1 000 000 теңге;
  • 2-орын — Аманжол Айтбай, Қызылорда облысы — 700 000 теңге;
  • 3-орын — Даяна Сапарғалиева, Солтүстік Қазақстан облысы — 500 000 теңге.

Жүлде қоры 2 миллион теңгеден асты. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақымен қатар JUZ40 орталығында 100% тегін оқу мүмкіндігі берілді. Қалған финалистерге 20-50% аралығында жеңілдіктер ұсынылды.

Айгерім Темирханова
Айгерім Темирханова
Фото: баспасөз дереккөзінен алынды

Жұлдызай Мұсаева: білім берудегі жаңа буын кәсіпкері

Олимпиаданың артында — сегіз жылдық тәжірибесі бар компания мен оның негізін қалаушы тұр. Жұлдызай Мұсаева JUZ40-ты 2018 жылы құрған. Ол өзін EdTech саласындағы жаңа буын кәсіпкерлерінің бірі ретінде көрсетеді — тек өнім жасап шығару емес, оның артындағы мақсат пен құндылықты маңызды санайды.

Жұлдызайдың білім саласын таңдауы кездейсоқ емес. Оның пікірінше, қазіргі заман кәсіпкеріне «не үшін?» деген сұрақ бизнес-модельден де маңызды. «Жауабың ел игілігіне, адамзаттың пайдасына бағытталса, ісің берекелі болады», — дейді ол. JUZ40-тың бастау алуы осы қағидатқа негізделген: қаржылық мүмкіндігіне қарамастан, әрбір дарынды оқушыға сапалы білім беру.

Алғашқы кезде ҰБТ-ға дайындайтын шағын онлайн жоба ретінде іске қосылған JUZ40 бүгінде 180 мыңнан астам оқушыны оқытып үлгерген толыққанды EdTech платформасына айналды.

«Сегіз жыл бойы 180 мыңнан астам оқушымен жұмыс жасадық. Осындай дарындарды көрген сайын таңдаған жолымыздың дұрыс екеніне көзіміз жетеді. Біздің мақсатымыз — қаржылық мүмкіндігіне қарамастан, әрбір дарынды оқушыға жол ашу», — дейді Жұлдызай.

Кәсіпкердің бизнес тәсілінде технология мен адами қарым-қатынасты қатар ұштастыру басым. Ол атап өткендей, технология қаншалықты дамыса да, оқушымен тікелей байланыс пен эмоциялық қолдаудың орнын ештеңе баса алмайды. Көптеген отбасылар JUZ40-ты дәл осы — оқушыға жеке көңіл бөлу мәдениеті үшін таңдайды.

Жұлдызай Мұсаева
Жұлдызай Мұсаева
Фото: баспасөз дереккөзінен алынды

Платформа қалай жұмыс істейді

JUZ40 оқытуды арнайы LMS (Learning Management System) платформа арқылы жүргізеді. Жүйеде 17 пән бойынша Ұлттық тестілеу орталығының талаптарына сай авторлық бейнесабақтар, интерактивті тесттер және жеке прогресс-трекер бар. Оқушы қай пәннен қандай деңгейде екенін нақты көре алады.

Платформаның ерекшелігі — аралас оқыту моделі. Бейнесабақтар кез келген уақытта қолжетімді, ал практикалық сабақтар Google Meet арқылы тікелей эфирде өтеді. Әр оқушыға жеке куратор тағайындалады: куратор оқу процесін бақылап, мотивациялық қолдау көрсетіп, ҰБТ-ға дайындық стратегиясын жеке құрады.

Осы жүйенің нәтижесі — JUZ40 түлектерінің арасында ҰБТ-дан максималды 140 балл жинаған оқушы да бар.

Білім ғана емес, әлеуметтік қолдау

JUZ40 тек академиялық дайындықпен шектелмейді. Компания оқушыларға жүйелі әлеуметтік қолдау көрсетеді: 2025 жылы 39 университетпен меморандум жасалып, оқушыларға арнайы гранттар тағайындалды. 2026 оқу жылында 37 грант бөлінді. 2026 жылғы Рамазан айында 50 оқушыға 100% JUZ40 гранты берілді, бұл — компанияның әлеуметтік жобаларының бірі. Сонымен қатар, 2025–2026 оқу жылында 237 оқушы әлеуметтік жағдайына байланысты тегін ҰБТ-ға дайындалуда.

Нарық контексті және болашақ жоспар

Қазақстандағы EdTech нарығы қарқынды дамып келеді. topedtechs.kz деректері бойынша, 2024 жылы нарық 20%-ға өсті, ал JUZ40 рейтингте бірінші орын алды. Бұл компанияның тек ҰБТ-ға дайындық орталығы емес, елдегі білім беру экожүйесінің толыққанды қатысушысына айналғанын көрсетеді.

Олимпиаданы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу — компанияның ұзақ мерзімді стратегиясының бөлігі. Компанияның миссиясы — білім мен тәрбиені қатар беріп, саналы ұрпақ қалыптастыру. JUZ40 олимпиадасы осы миссияның іс жүзіндегі көрінісі: жеке білім беру бастамасының ұлттық деңгейде нәтиже беретінін дәлелдеп отыр. Мұндай жобалардың көбеюі мемлекетімізде білім сапасын арттыруға бағытталған жаңа трендтің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте