Қазақстан халқына украиндықтардың алғысы зор

22758

Украина қалаларында қазақтың «мызғымас киіз үйлерін» құруға ұйытқы болған Сергей Нагорняк Forbes.kz үшін арнайы берген сұхбатында осылай деді

Сергей Нагорняк
Сергей Нагорняк
ФОТО: жеке мұрағат

Украинаның халық депутаты, «Украина – Қазақстан» парламентаралық тобының басшысы Сергей Нагорняктың қатысуымен украин жерінде қолға алынған бірқатар жобалар жөнінде Forbes.kz бұған дейін де жазған болатын, оның ішінде «мызғымас киіз үйлер» туралы да.

Осынау бірегей жобаның бүгінгі қолданыс аясы және болашақ мақсаты қандай? Дәл қазір қазақ-украин жобалары қалай жүзеге асырылуда, украин жеріндегі кеңауқымды қарулы қақтығысқа қарамастан қолға алынған қандай жобалар бар?

Осы және өзге де сұрақтарға арнайы Forbes.kz үшін берген сұхбатында Украинаның халық депутаты Сергей Нагорняк жауап берді.

F: Сергей мырза, «Украина – Қазақстан» деп аталатын парламентаралық топ қашан құрылды, бұл топ 2022 жылдың ақпанына дейін немен айналысты, қандай жұмыс атқарды?

- Сөз басында айта кетсем, мен украин-қазақ диалогы туралы әңгіме қозғау мүмкіндігіне өте қуаныштымын, бүгінде қалыптасқан күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, біздің елдер арасындғы ынтымақтастық қарым-қатынасты біз өте жоғары бағалаймыз және әрі қарай дамыта береміз. Өйткені Қазақстан Украина үшін маңызды серіктес: қазақ халқы мен украиндардың арасындағы достық қатынас ежелден қалыптасқан.

Негізі, біздің парламенттің әр шақырылымында «Украина – Қазақстан» атты парламентаралық достастық тобы құрылады. Жоғары Раданың осы жолғы шақырылымындағы достастық тобы 2019 жылдың қыркүйегінде қалыптасты, яғни кезектен тыс парламенттік сайлаудан соң Украина парламентінің ІX шақырылымы жария етілгенде.

Украинаның әрбір халық депутаты өз қалауынша жеті елмен арада құрылған достастық топтарына мүше болуға құқылы, сөйтіп ол сол елдердегі әріптестерімен достық қарым-қатынас орнату бағытында жұмыс істейді. Мен Қазақстанмен арадағы достастық тобын басқару құрметіне ие болдым: мен де, әріптестерім де бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қараймыз.

Біздің Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық қатынасымыз соғыс басталмас бұрын да белсенді жүріп жатты. Бұған, әрине, Қазақстан Республикасының Украинадағы елшісі болып Дархан Қалетаевтың тағайындалуы септік етті дер едім. Біз елші мырзамен 2020 жылы Киевте бірнеше рет кездесіп, 2021 жылға және одан кейін де бірқатар шараларды бірлесе атқаруды жоспарлаған болатынбыз.

Сергей Нагорняк Астанада, 2021 жыл, қаңтар
Сергей Нагорняк Астанада, 2021 жыл, қаңтар
ФОТО: жеке мұрағат

2021 жылдың қаңтарында біз әріптестерімізбен бірге Қазақстанға шақыру алдық – ҚР мәжілісі сайлауына ресми бақылаушы ретінде қатысу үшін. Сайлаудан бөлек біз сонда қазақстандық саяси партиялардың жетекшілерімен және сол кездегі энергетика министрі Нұрлан Ноғаевпен кездесе алдық. Сол тұста бірқатар мәселелерді өзара белгілеп, 2021 жылы біздің елдердің салалық министрліктері арасында пайдасы мол кездесулер өткіздік. 2021 жылдың қазан айының соңында Украина Қазақстанмен арада 663 мың тонна көмір жеткізу туралы келісім жасасты және де бұл келісім біздің елде соғыс қимылдары басталғанына қарамастан дер кезінде орындалып жатты.

Әрине, осы арада мен қазақтың ерекше қонақжайлық қасиеті туралы да айта кеткім келеді: қаңтардың сақылдаған сары аязы мен әсерлі желіне қарамастан, біз өзімізді жайлы әрі тоқ сезіндік. Астана – заманға сай, әдемі қала. Онда өте таза екенін байқадық, жаяу жүргіншілерге арнап әдемі әрі ыңғайлы етіп жасалған жолдар мен автокөлікке арналған көпірлер бізге қатты ұнады. Мен ЭКСПО үшін тұрғызылған бір қызықты объектіге («Нұр-Әлем» сферасы – F.) арнайы бардым. Қателеспесем, жеті қабаттан тұратын сол нысанның әр қабаты энергетиканың нақты бір саласына арналған. Сондай-ақ, мені қала көркін аша түскен кешкі жарықтандыру шаралары таңғалдырды.

F: Ал қазіргі қарым-қатынас туралы не айтасыз, ауқымды соғыс басталғалы мемлекеттік деңгейдегі байланыстар қалай өрбуде? Қазақстан елшілігімен қалай жұмыс істейсіздер, Қазақстан парламентінің депутаттарымен байланыс бар ма?

- Біз Қазақстанның бизнес өкілдері мен қарапайым азаматтарынан көптеген көмек алдық, украин халқы үшін қиын қыстау кезеңде қол ұшын созған қазақстандықтарға деген алғысымыз өте зор! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға алғыс айтқым келеді – кеңауқымды соғыс қимылдарының алғашқы күндері-ақ Қазақстан президентінің шешімімен украин азаматтары үшін гуманитарлық көмек және дәрі-дәрмек тиеген чартерлік ұшақтар келіп жатты. Біз, сондай-ақ Қазақстан мемлекеттік деңгейде халықаралық құқық және мемлекет егемендігі нормаларын ұстанатынын жоғары бағалаймыз.

Әрине, мәжілістегі әріптестерімізбен арадағы коммуникация алдағы уақытта жақсара түседі деген үміттеміз. Қалай дегенмен, депутаттардың жаңа құрамы өз міндеттеріне енді ғана кірісіп бастады ғой. Біз мәжілістегі әріптестерімізбен белсенді де нәтижелі диалог орнатуға ашықпыз. Қазақстан Республикасындағы әріптестерімізді Украинада қарсы алып, соғыс тауқіметіне қарамастан еңсесін түсірмей, қалпына келіп, бой түзеп жатқан еліміздің бүгінгі бар шындығын көрсетуге дайынбыз.

Екі ел арасындағы диалог барысындағы маңызды да елеулі қадамның бірі ретінде – 2021 жылы өткізілген экономикалық ынтымақтастық жөніндегі украин-қазақ мемлекетаралық бірлескен комиссиясының XIV отырысын айта кеткім келеді. Бұл кездесуге Украинаның сол кездегі бірінші вице-премьері, экономика министрі Алексей Любченко мен Қазақстанның сол кездегі сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қатысқан болатын. Негізі, жоғары деңгейдегі кез келген кездесу, әдетте, бизнес пен инвесторлар үшін конструктивті сигнал болып табылады.

Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Украин комиссиясының отырысы, Киев қаласы, 2021 жыл
Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан - Украин комиссиясының отырысы, Киев қаласы, 2021 жыл
Фото: жеке мұрағат

Осы арада тағы да айта кетсем, бүгінде Украинадағы соғыс жағдайына қарамастан бізге келіп жұмысын жалғастырып жатқан қазақстандық кәсіпкерлер аз емес. Біз Қазақстан бизнесінің әрбір өкіліне көңіл бөліп, олардың әрқайсысын құрметпен бағалаймыз.

Ал мемлекеттік деңгейде өткізілетін кездесулерде біз, әдетте, біздің елдерді, біздің азаматтарды не біріктіріп отырғанын сөз етеміз және де мұндай ынтымақтастық көріністері қазір аз емес. Біріншіден, Қазақстанда украиндардың ауқымды диаспорасы тұрып жатыр: 400 мыңдай адам боп қалады. Екіншіден, Тарас Шевченкоға деген ерекше құрмет, ыстық ықылас. Біздің халықтар арасындағы қарым-қатынасты дамытуда кобзарь маңызды рөл атқарған. Тарас Шевченконың өмірінің елеулі бөлігі қазақ жерімен тығыз байланысты, оның Қазақстанда болған кездегі шығармашылық туындылары қазақ халқының мәдениетіне де ықпал етпей қойған жоқ. Тарас Шевченконың қазақтарды бейнелеген картиналарында қазақ халқына, қазақтың әдет-ғұрпына деген құрмет пен сүйіспеншілік анық байқалады.

Сергей Нагорняк Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаевпен бірге Украинаның Черкасск облысында
Сергей Нагорняк Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаевпен бірге Украинаның Черкасск облысында
Фото: жеке мұрағат

Кезінде менің шақыруыммен Звенигородщинаға (Тарас Шевченконың туған өлкесі, Черкасск облысы) Қазақстан Республикасының Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев, елшіліктің екінші хатшысы, әскери атташе және консул арнайы келген болатын. Біз сонда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Черкасск облысының Ризино селосындағы кескілескен шайқаста қаза тапқан қазақ жауынгері Серікбай Мүткеновты еске алып, құрмет көрсеттік...

Дархан Қалетаев және Сергей Нагорняк Украинаның Черкасск облысына сапарлары барысында
Дархан Қалетаев және Сергей Нагорняк Украинаның Черкасск облысына сапарлары барысында
Фото: жеке мұрағат

Ал алдағы жоспарлардың бірі – Тарас Шевченконың Қазақстанда салған және қазір сонда сақталған алты картинасын әкеліп, көрме өткізу.

F: Таяуда ғана, яғни қыркүйек айының басында Қазақстанның журналистері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері үшін Украинаға өзіндік пресс-тур ұйымдастырылды. Сіздіңше, мұндай сапарлардың басты мақсаты қандай?

- Біздің халықтар арасындағы кез келген байланыс көрінісі, диалог – біз үшін де, сіздер үшін де маңызды деп ойламын. Мысалға, біздің елдердегі әртүрлі сала мамандары мен сарапшылар қауымы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытып, журналистер мен қоғамдық ұйым өкілдері арасында тікелей байланыс орнатуға септік етеді.

Украинаға қарсы ауқымды шабуыл басталған тұста әлем жұртының назары бірден бізге бағытталды, қазір дүние жүзіндегі барлық БАҚ біздің елдегі жағдайды жіті бақылап отыр. Десек те, Украинаның мұндай жауға қарсы тұрар қауқары барына сенім артқандар кемде-кем еді. Бірақ украин халқы әлем бойынша екінші деп танылған әскердің шабуылын тоқтатып қана қоймай, оған қарсы тойтарыс та беруде. Және де осынау сұрапыл соғыста украиндықтар жеңіске жететініне еш шүбә келтірмейді. Қазір көптеген елдердің журналистері біздің елдегі жағдай туралы хабар таратуға ықылас танытуда. Қазақстандық журналистер тарапынан да осындай қызығушылық бар, бұл, әрине, біз үшін маңызды.

Меніңше, Қазақстан азаматтары Украинадағы жағдай туралы бар шындықты білгісі келеді, оларда мұндай ықылас шынында да зор. Біз мұны «Мызғымас киіз үй» жобасы аясында анық сезіндік. Бізге әртүрлі мессенджерлер арқылы хабарласып, «сіздерге қандай көмек бере аламыз?» деп сұраған қазақстандықтар көп болды, олар бәрі де Украинада қазір не болып жатқанын білгісі келеді. Мен Украинаға келіп кеткен қазақстандық журналистердің материалдарын оқып, сюжеттерімен таныса алдым. Олардың бәрі де объективті деп айта аламын.

F: Ал енді қазақтың «мызғымас киіз үйлері» туралы сөз қозғасақ: жалпылай алғанда қанша киіз үй тігілді, қай қалаларда? Жаз айларында киіз үйлерді қалай қолдандыңыздар? Бұл жоба аясында қазір қандай жаңалық бар, жоба әлі де жалғаса ма?

- «Мызғымас киіз үй» жобасы тек әлеуметтік және гуманитарлық қана емес, геосаяси маңызы бар жобаға айналды. Біз бұл жобаны қазақ бизнесмені Дәулет Нұржановпен бірге қолға алғанбыз. Бұл жобаның ойдағыдай жүзеге асып, сәтті орындалуына, меніңше, оның әу бастағы конструктивті мақсаты мен ізгі ниеті септік етті. Бұл жобаны бастаған тұстан біз киіз үйлер Украина халқына ызғарлы қыстан аман шығуға септік етіп (әсіресе, электр энергиясы сөніп қалатын «блэкаут» кезінде), пана болады деген ойға үміт арттық. Әрине, соғыс жағдайына қарамастан, мәдени жобаларды дамыту жоспары да ойда болды – бүгінгі таңда украиндықтар үшін бұл да кәдімгідей демеу.

Сергей Нагорняк Көлсайда (Алматы облысы)
Сергей Нагорняк Көлсайда (Алматы облысы)
ФОТО: жеке мұрағат

Кезінде Қазақстанда болғанда мен сіздердің елдегі ежелгі мәдениет көрінісіне, қазақ халқының өзіндік ерекше болмысына тәнті болдым. Шымбұлақ, Көлсай көлдері, Қоянды, Шарын шатқалы – Алматы облысындағы көркем табиғаттың сұлу келбеті әлі де көз алдымда. Сонда көрген киіз үйлер маған ерекше шабыт беріп, Украинада да осындай киіз үй құру керек деп шештім. Қазақ халқының осынау этномәдени мұрасының бірегей нысаны болып табылатын киіз үйді (ал оның мән-мағынасы өте зор!) қалайда украин халқына таныстырып, көрсеткім келді. Осы ой бүкіл санамды билеп, басымнан кетпей қойды. Ойлана келе, Украина үшін қиын-қыстау кезеңде киіз үйді тек мәдени тұрғыда ғана емес, халыққа іс жүзінде пайдасы бар өзекті нысан ретінде де қолдануға болатынын анық түсіндім.

Қазақтың «Мызғымас киіз үйі» біздің халықтар арасындағы диалогты да кеңейтіп, арттыра түсті. Киіз үйлердің іші қазақтың әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, мәдениеті туралы мағлұмат беретін заттармен, Қазақстанның көріністері бейнеленген картиналармен, өзге де өнер нысандарымен безендірілген.

Жалпы, Украинада осындай жеті киіз үй тігілді: Буча, Киев, Львов, Днепр, Одесса, Харьков, Николаев қалаларында. Ең алғашқы киіз үй 2023 жылдың 6 қаңтарында Бучада құрылды. Биыл көктемде сол киіз үйді Донецк облысындағы Славянск қаласына әкеліп тіктік. Ол әлі де сонда жұмыс істеп тұр – оған келетіндердің басым бөлігі украиндық әскерилер. Олар киіз үйге қызығып келіп, сонда суретке түсіп, ондағы лебіз кітабында пікір қалдырып, алғыстарын жазып жатады. Керегеге ілінген украин туына қолтаңба қалдыратындар да көп. Ал біз киіз үйге келген жұртқа шай, кофе ұсынамыз.

Жаз соңында Харьковтағы киіз үйді жинап алдық, ондағы кейбір жабдықтарды ауыстыру қажет. Бұл киіз үйге жүз мыңнан астам Харьков жұрты бас сұғып, лебіз кітабында бауырлас Қазақстан халқына арнап мыңдаған алғыс, тілек жазып қалдырды.

Сергей Нагорняк, Дәулет Нұржанов жұбайымен (ортада) және волонтерлер Киевтегі киіз үйдің қасында
Сергей Нагорняк, Дәулет Нұржанов жұбайымен (ортада) және волонтерлер Киевтегі киіз үйдің қасында
ФОТО: жеке мұрағат

Киевтегі киіз үй күнделікті жұмыс істеп тұр, тек дүйсенбі – санитарлық күн деп жарияладық. Өзге қалаларда киіз үйлер жаз бойы мәдениет ошағы ретінде жұмыс істеді, негізінен, демалыс күндері. Украиндықтар киіз үйге келіп Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныса алды.

15 қазаннан бастап киіз үйлер қайтадан «мызғымас киіз үй» ретінде жұмыс істей бастайды. Биыл қыс қиын болатын секілді, сондықтан да киіз үйге келушілер мұнда жылынып, смартфондарын зарядтап, ыстық шай ішіп, моральдық тұрғыда қолдау тауып, көмек алу үшін барлық мүмкіндікті жасайтын боламыз.

F: Қазір Қазақстан мен Украина арасындағы сауда-саттық қиындап кетті, көлік қатынасы да әжептәуір ұзақ жолды алады. Бұл проблемаларды бизнес өкілдері қалай еңсеріп жүр? Дәл қазір Украина мен Қазақстан арасындағы бірлескен бизнес жобалар туралы естігеніңіз бар ма?

- Ия, өкінішке қарай, қазір логистика мүмкіндігі айтарлықтай қиын әрі қымбат. Біз бұған Қазақстаннан киіз үйлер әкеле жатқанда көз жеткіздік. Бірақ біздің елдер арасында дәстүрлі тауарлар саудасынан өзге де әлеуетті мүмкіндіктер зор. Мен бұл арада ІТ саласы, агросектор және медицина саласындағы инновациялық технологиялар туралы айтып отырмын. Қазақстан бизнесі де қалыс қалып жатқан жоқ – украин нарығын белсенді түрде зерттеп жатыр, мысалға, девелопмент, ауыл шаруашылығы, энергетикалық секторда. Бұл тұрғыдағы бірқатар жаңа жобалар туралы биылғы жылдың соңына дейін әңгімелеп береміз деген үміттемін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить