Тұрақтылық кемеңгерлері

1021

Криптовалютамен айналысып қалай баюға болады? $83 млрд-қа бағаланған Tether компаниясын жүргізіп отырған басқарушылардың жұмбақ командасы өз-өзін тура мағынада дәулеттілердің қатарына қосты

Tether-дің қаржы директоры Джанкарло Девасини және оның өтімді өнімі
Tether-дің қаржы директоры Джанкарло Девасини және оның өтімді өнімі
Иллюстрация: © Wesley Bedrosian

Криптовалюта әлемі қиын кезеңдерді өткеріп отыр: реттеуші органдардың шабуылы салдарынан бағамдар жаппай төмендеді – 2021 жылғымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш шамамен 60%-ға түскен. Алайда, бұл саланың кем дегенде бір өкілі – Tether стейблкоин эмитенті өркендеп келеді. Британдық Виргин аралдарында орналасқан компанияның нарықтық құны қазір $83 млрд құрайды, бір жыл бұрынғы $65 млрд-тан айтарлықтай өскенін байқауға болады. Бүкіл криптовалюта нарығының өтімділігінің 50%-дан астам үлесіне ие Tether мәлімдемесіне сәйкес, алғашқы үш айда олар $1,5 млрд пайда тапқан.

Компания өз қызметінде пайда табудың қарапайым әрі тәуекелі төмен моделін ұстанады: клиенттер АҚШ долларын одан шығатын USDT (T – Tether) токеніне айырбастайды. Қамсыздандыру жағын компания негізінен қазыналық вексельдер, ақша нарығының қорлары, биткоиндер және кепілдік несиелер түрінде ұстайды. Нарық кірістерін де осы «резервтерден» алады. Бастапқы ой бойынша, USDT-ны қашанда эмитентке алғашқы талап ету бойынша қайтадан $1-ға сатып жіберуге болады (валюта атауындағы «тұрақтылық» мәні осыдан шығады), бірақ Tether клиенттеріне олардың салымдары үшін сыйақы берілмейді.

Наурызда Tether компаниясы Silicon Valley Bank-тің күйреуінен пайда көрді, бұл кезде Tether-дің ең үлкен бәсекелесі бостондық Circle компаниясы $3 млрд-тан астам ақшаcын SVB-дегі сақтандырылмаған депозиттерде сақтағаны белгілі болды. Circle шығарған долларға байланған стейблкоин тез арада 88 центке дейін төмендеп кетті – бұл клиенттерге өз активтерін Tether-ге аударуға себеп болды.

Нарықтағы табандылығы мен үстем позициясын ескере отырып, Forbes компанияның қаржылық көрсеткіштері расымен өздері айтқандай болса, $9 млрд-қа сатылуы мүмкін деп санайды. Бұл компанияның төрт басшысын миллиардер ету үшін жеткілікті болар еді. Forbes есептеулеріне сүйенсек, қаржы директоры Джанкарло Девасини (суретте) 40%-дан астам үлеске ие, бұл $4 млрд құрайды. Бас директор Ян Людовикус ван дер Велде мен технологиялар жөніндегі директор Паоло Ардоиноға құны $1,8 млрд үлестер тиесілі; бас заңды кеңесші Стюарт Хогнер $1,2 млрд үлестің иесі. Алайда Tether басылым жолдаған сауалға жауап қатпаған.

Компания, сөзсіз, қазір сәттілік кезеңін бастан кешіруде, алайда егер АҚШ Конгресі биылғы мамырдағы ЕО-ның кейсін қайталап, стейблкоиндерге қатысты нормативтік талаптарды мақұлдар болса, бұл реттеуші мәселелерге қатысты аса сақтық танытатын Circle-ге белгілі бір артықшылықтар береді. Егер USDT ұстаушылары нарық деңгейінде өз активтеріне сыйақы төлеуді талап ете бастаса, турбуленттіліктің тағы бір ықтимал кезеңі басталуы мүмкін. Tether-дің негізін қалаушылар өз клиенттерінің есебінен байып кетіп отыр, алайда бір-ақ сәтте бәрі өзгеріп кетуі ғажап емес.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить