Нұр кезеңінің саябағы

1344

Британдық режиссер Гай Ричидің «Джентльмендер» фильмінде теріс бейнедегі кейіпкердің бірі доминоның бірінші тасын кім итергені маңызды емес, ең бастысы соңғысының қалай жататындығында деген сөз айтады. Оған басты кейіпкер: «Мені домино тасын бірінші кім итергені қызықтырады» деп жауап береді

Досым Сәтбаев
Досым Сәтбаев
ФОТО: © Андрей Лунин

Мен әңгімемді кинематографиялық шегіністен бастап отырғаным жайдан-жай емес. Қаңтар қырғынынан кейінгі алғашқы жыл еліміз үшін шешуші жыл болуы керек еді, өйткені мемлекетіміздің болашақта қалай дамитынының бағыт-­бағдарын айқындауы тиіс болатын. Бірақ сол оқиғадан кейін Қасым-­Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум, кейін кезектен тыс президент сайлауын, одан кейін 2023 жылдың наурызында Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізіп, доминодағы бірінші тасты итерді. Саяси доминоның барлық тастары ойынға тек бір мақсатта ғана қосылды — суперпрезиденттік жүйені сақтап, Тоқаев пен оның жақтастарының элита ішілік позицияларын нығайту үшін. Авторитарлық басқару үлгісін ары қарай да алып жүре беру үшін президенттің қолында биліктің барлық тетігі сақталды.

Ал ондай жүйеде мықты парламент, тәуелсіз сот жүйесі мен сайланбалы әкімдер априори бола алмайды.

Егер Қазақстанда «Алтын таңқурай» сыйлығының саяси баламасы болғанда, онда ең нашар ойын, ең нашар сценарий және ең нашар режиссура үшін бас жүлдені президенттің өзі, оның айналасы, парламентке қайтадан бет алған партиялар мен билік атынан бір мандатты округтардан сайлауға түскен үміткерлер алатын еді. Расымен, олардың барлығы биыл «Алтын таңқурай» киножүлдесін алған «Юра кезеңінің әлемі. Үстемдік» киносының кейіпкерлеріне ұқсайды. Мәжіліске өткен билікшіл партиялардың көпшілігі фильмдегі әлдеқашан жойылып кеткен динозаврларды еске түсіреді, бірақ оларды парламентте жүріп саяси үстемдіктің әйтеуір бір кейпін қалыптастырсын деп Ақорданың зертханаларында қайта-­қайта тірілте береді. Парламент солардың кесірінен «Нұр кезеңінің саябағына» айналғалы қай заман?

Айтпақшы, сайлау учаскелерінің біріне экс-президент Назарбаев келіп, парламент сайлауында дауыс берді. Сырттай бұл оның өзінің ұзақ жылдар бойы сүйікті болған «сайлау» жүйесін екінші президентке салтанатты түрде мұра ретінде табыстағандай көрінді. Ол жүйеге «карусельдер», сайлауға келу көрсеткіштерін асыра көрсету, бюллетеньдерді тастау, ойына келгенін істейтін жабық учаскелер, халықтың өз еркін білдіру имитациясы мен қиялдан туған экзит-­полдар кіреді. Бірі өткізді. Ал екіншісі атқарылған жұмыстар актісі бойынша қабылдап алды.

Бұл тек сайлауға ғана емес, олигархиялық жүйенің сақталуына да қатысты. Соңғысы Назарбаев кезіндегі авторитарлық басқару стилінің айнадағы көрінісі еді, билік пен бизнес қатар жүрген корпоративтік матрицаның бір бөлігі болды. Себебі билікке тәуелді емес көптеген бизнесмендерден гөрі (олардың кейбірі тіптен саясатқа да кетіп қалуы мүмкін ғой) бизнесі «денеге байланған» олигархтарды басқару әлдеқайда оңайырақ. Дәл сол үшін де Тоқаевқа нарықтық және бәсекелі ортаға қарағанда мемлекеттік капитализм аясындағы олигархиялық жүйе әлдеқайда тиімді, өйткені соңғысында шенеунік экономикалық процестердің негізгі қатысушысы болып қала береді, ал біріншісінде саяси амбициялары бар бизнесмендер пайда болуы мүмкін. Сол үшін Қаңтар оқиғасынан кейінгі алғашқы жылы президент пен оның айналасы меншіктерді қайта бөлу аясында олигархтардың бір тобымен келіссөздер жүргізіп, екіншілеріне қысым жасап тұрды.

Осылайша Қасым-­Жомарт Тоқаев былтыр домино эффектісін өз қолымен іске қосты. Алдағы жеті жылда әрбір тастың құлағанын бақылауда ұстай аламын деп ойлауы бекер. Тіптен биліктен ертерек кетіп жатқан жағдайда, Назарбаев сияқты өз мұрагерін жақын айналасынан өзі тағайындаса да, елдегі ахуалды бақылап отырмын деген иллюзия жағдайды одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін.

Жаңаөзенде басталып, Астанаға ауысқан мұнайшылар наразылығы отыз жыл бойы жиналған шексіз көп проблемалардың «жентек қар эффектісі» көптеген әлеуметтік-­экономикалық және саяси көшкінге себепкер болуының индикаторы бола алады. Қоғамдағы наразылық өсіп жатыр. Мұнайшылар наразылығының себебі тек жұмысқа тұру және аймақтағы әлеуметтік-­экономикалық мәселелерде ғана емес, отыз жыл ішінде билік барлық саладағы тәуелсіз кәсіподақтарды мақсатты түрде жойып, экономиканы олигархтар, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік құрылымдарға, билікке жақын болғандардың барлығына беріп жіберуінде де.

Нәтижесінде жұмысшылар, оның ішінде мұнайшылар да бар, өз құқықтарын қорғайтын мықты құралдан айырылып, өз мәселесі өзінде жалғыз қалды. Енді билік неге азаматтарда өз мәселесін білдірудің тек жалғыз-ақ жолы, яғни алаңға шығып, билікке өз талабын қою ғана бар деп таңғалмай-ақ қойсын. 2011 жылы Жаңаөзенде солай болды. Қазір де солай болып жатыр. Алдағы уақытта да солай бола береді. Биліктің еккені жел болды. Енді ұзақ уақыт бойы оратыны — дауыл. Кәсіподақтан бастап БАҚ пен партия сияқты көптеген тәуелсіз институттардың пайда болуы мен дамуына кедергі келтіру арқылы биліктің жағдайды бақылап отырмыз деп есептеуі — ақымақтық. Билік осы жолы да өзін-өзі алдап отыр, өйткені ертелі-кеш әбден жиналып қалған әлеуметтік бу шығатын тесік таппай қазанды жарып жіберетіні белгілі.

Президенттің қаңтар қырғынынан кейін халықтың бір бөлігінен алған сенім мандатының шектеулі екенін ескермей жатқаны — оның қателігі. Билік легитимділігінің деңгейі төмен, оны президенттік те, парламенттік сайлау да жоғарылата алмады. Осы жайтты және ушыққан әлеуметтік-­экономикалық мәселелерді ескерсек, қоғамда тағы бір жарылыс болуы мүмкін. Оның үстіне Украинадағы соғыстан кейін Ресей арқылы өтетін транспорттық-­логистикалық маршруттар бұзылып, импорттың қымбаттап, тауар тапшылығының өсуіне тап болдық. Мұның салдарынан Қазақстанда инфляция өсті (20%-дан асады), бұл елдегі әлеуметтік-­экономикалық жағдайдың нашарлауымен байланысты қосымша мәселелердің туындауына әкеп соқты. S&P рейтинг агенттігінің пікірінше, тұрақты өзгермей немесе өсіп жатқан сыртқы қарыз жағдайында Ұлттық қордағы активтердің қысқаруы және бюджет тапшылығының артуы елдің кредиттік рейтингінің тағы да төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Айта кету керек, өткен жылы S&P Global Ratings Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредиттік рейтингі бойынша болжамды «тұрақтыдан» «жағымсызға» ауыстырды, мұның себебінің бірі — Қазақстанның КҚЖК жұмысындағы ықтимал кідірістерге қатысты қорғаусыз болуы. Сол кезде S&P Global Ratings Ресей мен Украина арасындағы белгісіз геосаяси жағдай КҚЖК мұнай құбыры сол мұнайды пайдаланушыларға, оның ішінде Еуроодақ елдеріне ықпал ету тетігі ретінде пайдаланылады деп мәлімдеген еді. 2023 жылдың ақпанында S&P Global Ratings өзі болжаған қауіптерді тағы да растады. Fitch Rating агенттігі болса, ақпандағы баяндамасында Ресейдің КҚЖК жұмысын бұзатындай барлық мүмкіндігі бар екенін айтты. Ол Қазақстан үшін мұнай экспорттауда тәуекел тудырып, еліміздің несиелік қабілетінің негізгі көрсеткіштеріне әсер етуі мүмкін. Орта мерзімді перспективада Қазақстан шикі мұнайды тасымалдауда Ресейге тым тәуелді болып қала бермек. Алайда Тоқаев үшін КҚЖК жұмысының тоқтауының ішкі саяси салдары өте ауыр болады, өйткені елдегі әлеуметтік-­экономикалық тұрақтылықты бюджет пен Ұлттық қор трансферттері есебінен әлеуметтік сфераға қаржы құю арқылы сақтай алмай қалады.

ХВҚ 2023 жылы Қазақстандағы инфляция өзінің ең жоғары шыңына жетеді деп күтеді, себебі елдегі баға Украинадағы соғысқа қатты тәуелді болып отыр. Кейбір экономистердің пікірінше, ин-фляцияның күрт өсуі импортқа тәуелді Қазақстан үшін өте үлкен қауіптердің бірі, себебі жалғыз Ресейдің өзіне импортымыздың 40–80%-ы тиесілі болып келді. Парламент сайлауына дейін-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова инфляция халықтың көп бөлігінің табысын жеп қоятынын, нәтижесінде кедей қазақстандықтардың саны артқанын мойындаған еді. Егер бұрын азаматтар азық-түлікке табысының 50%-ын жұмсаса, қазір тамақ үшін кірісінің 70%-ын жаратуға мәжбүр. Энгель коэффициентіне сәйкес, егер адамдар табысының 60%-нан астамын азық-түлікке жұмсаса, онда ол ел кедей саналады.

Экономист Алмас Чукиннің сөзінше, қазіргі биліктің парламент сайлауынан кейін реформа жасауға 36 айы ғана бар. Тіпті оның өзі оптимистік болжам, уақыт одан да аз болуы мүмкін. Себебі Қаңтар қырғынынан кейін бір жыл өтсе де, биліктің популистік ұрандар мен саяси технологтардың ойынынан басқа ешқандай нақты экономикалық және саяси реформалары жоқ. Егер парламент тағы да президент әкімшілігі жанындағы нотариалдық кеңсеге айналып кетсе, онда алға басу болмайды.

Парламент сайлауынан кейін қатты жаңара қоймаған үкімет те ондай әрекетке бармайды. Нассим Николас Талебтің: «Оқиғаны емес, жүйе мен оның морттығын зерттеу керек» деген тезисі бар еді. Осылайша, авторитарлық жүйедегі кадрлық өзгерістерді, егер олар көптеген «номенклатуралық құрт жеген қуыстары» бар сол жүйедегі қандай да бір өзгерістерге алып келмесе, оларды ешқандай оқиға деуге келмейді. Авторитарлық жүйелерде кадрлық ауыс-түйістер не мемлекеттік басқарудағы сапаны көтеру имитациясының құралы, не болмаса түрлі топтар арасындағы номенклатура ішілік ықпалды қайта бөлудің нәтижесі болып қала береді.

Үкіметтегі кадрлық ауыс-түйістер айсбергтің шыңы ғана, себебі бұл мемлекеттік орган орталықта болсын, аймақтарда болсын, шексіз вертикаль және горизонталь байланыстардан тұратын алып номенклатура машинасының бір бөлігі ғана. Бұл машинаның ішіндегі кадрларды жаппай тазартып, люстрация жасап, түбегейлі жаңарту керек еді. Ал үкіметтегі тиіп-қашып жасалған ауыс-түйістер дегеніміз — өзі зорға жүріп келе жатқан, бұзыла беретін ескі көліктің салонына «әйтеуір бір өзгеріс» деген иісі бар хош иістендіргіш іліп қойғанмен бірдей. Сәл кейінірек ол иістендіргіштің иісі кеткен соң оны да жаңасына ауыстыра салады. Бірақ ол кезде машина қозғалтқышы өшіп, кезекті Қаңтардың туындауына түрткі болуы мүмкін.

Кезінде әлеуметтанушы Игорь Задорин «жылдам адамдар» ұғымын енгізген еді. Ол жеткен «жетістіктері» туралы баяндама жасауға асық, жылдам нәтиженің соңынан жүгіретін барлық деңгейдегі басқарушыларды білдіреді. «Жетістіктері» көп жағдайда қиялдан туындаған, тез ғайып болып кететіндей, ал өздері тиімсіз шешімдерінің салдарынан болатын болашақ қателіктері үшін жауап бергісі жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде, квазимемлекеттік секторда ондай «жылдам адамдар» қаптап кеткен болатын. Тәуелсіздік жылдары елімізде орнынан кеткен министр, әкім немесе ұлттық компания және квазимемлекеттік құрылымның жетекшісі өз сәтсіздіктері мен жетістіктері (егер болса) үшін есеп беру тәжірибесін енгізген емес.

Мемлекеттік аппараттың ішіндегі ықпал мен ресурстарды бөліп алу нәтижеге қарағанда маңыздырақ болатын жүйеде басқарудың барлық деңгейіндегі үнемі туындайтын сәтсіздіктер номенклатураның «тиімсіздік арқылы басқаруының» бір бөлігі саналады. Оның мақсаты — бас-аяғы жоқ құрылымдық қайта құрулар, кадрлық ауыс-түйістер мен қаржыны қайта бөлуді ақтап алу үшін сәтсіздіктерді қолдану. Бизнесте басшылық пен қатардағы менеджерлердің тиімді жұмысының маңызды критерилерінің бірі табыстылық пен пайда болса, мемлекеттік аппаратта тиімділік индикаторын анықтау қиын, тек қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс деңгейін өлшеп көруге болады. Бірақ өзіне тұйықталған басқару жүйесінде ол шиеленісті өлшейтін сенімді құралдардың болуы да мүмкін емес. Айтқандай, ондай құралдың бірі барлық деңгейдегі әділ және бәсекелі сайлау өткізу. Ондай сайлау қоғамдағы наразылық көңіл-­күйді нақты өлшей отырып, халықтың билікке деген қиялдан алған емес, нағыз сенімін көрсетеді. Бірақ соңғы президенттік және парламенттік сайлаулар бұл жолы да наразылық индикаторы бола алған жоқ, олар «кімнің қалай дауыс бергені маңызды емес, дауысты кім қалай санағаны маңызды» деген ескі ұранмен өтті.

Реформаторлар командасысыз Қазақстан үкіметінде де, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде де ешқандай стратегия болмайды. Ал жоғарыда айтылған люстрациясыз және мемаппаратты «масылдардан» жаппай тазарту жасамай оны жүзеге асыру қиын. Қазақстанда жұмыстың 80%-ын қызметкерлердің 20%-ы ғана жасай алатын «Парето ережесін» енгізу «Паркинсонның бірінші заңымен» бетпе-бет келеді. Ол шенеунік өзіне бәсекелестерді емес, бағынышты адамдарды көбейтуге тырысады дегенді білдіреді. Сондықтан ескі торсыққа жас министр кейпіндегі жас шарапты құю бекер, өйткені көп ұзамай ол сірке суына айналып кетеді.

Егер жекелеген ықпал ету топтары үстемдік құрып отырған жағдайда саяси және әкімшілік қызметкерлер, мемлекет басшылығы мен атқарушы биліктің орта және төменгі деңгейлері арасындағы ескі де қауіпті айырмашылық жойылмаса, онда реформаторлар командасы ешқашан пайда болмайды. Элита ішілік балансты сақтап тұру үшін мемаппараттың ішінде үздіксіз ведомствоаралық күрес жүріп отыруы билік үшін тиімді екені түсінікті. Тіпті премьер-­министрді тағайындаудың өзі білікті емес, номенклатуралық топтардың көпшілігіне жағатын ымыралы фигураны таңдау болды.

Шетелдік білім алып, орталық ведомствода жұмыс істейтін, бірақ төменнен бастап жиған ешбір тәжірибесі жоқ «киндерсюрприздер» мен мемаппараттың ортаңғы және төменгі деңгейінде пайда болған, бірақ өзіміздің сапасыз білімді алған бюрократтардың жас буыны арасында тағы бір айырмашылық бар. Нәтижесінде біріншілері әдемі «қағаз көпіршік» шығарумен айналысады, ал екіншілері онымен не істейтінін білмейді. Жүйелі жұмыс жоқ, өйткені бірінші қол екіншісінің не істеп жатқанын білмейді. Мұның қауіптілігі сонда, вертикаль деформациясының нәтижесінде елдің орталығы немесе аймақтарында қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жасырын немесе айқын саботаж қалыптасуы мүмкін. Былайша айтқанда, ұзақ уақыт бойы тек бейілділерді ғана маңайларына топтастырып, енді оларға ақылдылар сияқты талап қойғысы келеді.

Кез-келген иерархияланған жүйедегі осындай мәселені канадалық-­америкалық психолог, менеджмент теоретигі және «иерархология» теориясының авторы Лоуренс Джонсон Питер көрсете алды. Ол былай дейді: «Неге біліксіз қызметкерді орнынан босатуға болмайды? Кейде, аса қажетті жағдайларда солай жасайды, бірақ иерархия біліктіге де, біліксізге де пана болу үшін құрылады. Біліксіздік иерархияға қауіп төндірмейінше, әдетте оған төзеді. Иерархиялар біліктілікті анықтап, оны марапаттау үшін де емес, біліксіздікті жою үшін де емес, тәртіпті сақтау үшін ғана құрылады. Әдетте ұйым құрудағы қарапайым мақсат — жасау керек әлдебір іс. Бірақ иерархия нық орнаған соң, ол тек өзінің өмір сүруін ғана мақсат тұтады».

Сол себепті «ескі шенеуніктердің» орнына нақты кім отыратыны ғана емес, сонымен қатар олар өздерімен бірге қандай құндылықтар жүйесін әкелетіні де маңызды. Жобалық менеджментте (өткен жылы президент оған сілтеме жасаған-тын) тек бір немесе бірнеше мақсатты анықтау, стратегия жасап, оны жүзеге асыратын команда дайындаудан бөлек, реформалар үшін мотивацияның болуы және оны іске асыратындарды тиімді бақылау жүйесі деген функциялар да бар. Осының бәрі жоқ болғандықтан да, Қаңтар қырғынынан кейін бір жыл өтсе де үкімет ықтимал шиеленіс аймақтарын анықтау мақсатында елдің бүкіл аумағында мемлекеттік ағзаның толық диагностикасын жасау үшін көпшілік сарапшыларды жұмылдыра отырып, қауіп-­қатерлердің республикалық картасын жасауға кіріспегеніне таңғалмаймыз.

Жақында ғана Екібастұздағы ЖЭС-те болған ірі апат та жұқа жерде әрдайым жыртық болатынын көрсетті. Төтенше жағдай болмай тұрып кейбір сарапшылар билікке ЖЭС-тің әбден апаттық жағдайға жеткенін ескертіп келді. Журналист Вадим Борейко дұрыс атап өткендей, бүкіл елді екібастұздық ЖЭС деуге болады, себебі бүкіл елді жемқорлық, салақтық, көптеген билік өкілдерінің салғырттығы, бір кездері биліктен экономика, бүкіл салалар, зауыттар, ЖЭС-тердің бір бөлігін алып қалған олигархтардың ашкөздігі және басқа да себептер ертелі-кеш техногендік немесе антропогендік апаттарға анық алып келеді. Егер Сэм Блэктің дағдарыстар классификациясын еске түсірсек, «белгілі-­белгісіз» деген дағдарыс түрі еліміз үшін қауіпті. Себебі бізді болашақта қандай дағдарыс түрі күтіп тұрғаны белгілі болса да, биліктің оған қалай дайын екені және ол елде болған жағдайда салдарын қаншалықты тиімді жоя алатыны белгісіз. Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда үрей туғызатын дағдарыстың немесе форс-мажордың өзі де емес. Біліктіліктің жоқтығы, немқұрайлылық, жемқорлық, «уақытша билік синдромы» және мемлекеттік құрылымдар тарапынан антидағдарыстық менеджменттің құлдырауы көбірек зиянын тигізеді.

Елде онсызда түрлі тәуекел саны артқанда мұндай жағдайдың өзі аса қауіпті. Мәселен, былтырдан бері Ресей республикамыздың аумағын «көлеңкелі» (паралелль) импорт үшін белсенді пайдалана бастады, ол болса халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылылығын туғызып отыр. Бұл бізге қайталама санкциялардың салыну қаупін арттырады. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Ресейге экспорт 2022 жылы 25%-ға өскен. Өз кезегінде Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚБ) баяндамасында ЕО елдері Ресеймен көрші елдерге экспортты көбейткенін, бірақ Ресеймен тауар айналымын рекордтық деңгейге қысқартқанын мәлімдеген еді. Банк бұл трендті Ресей көршілерінің оған қарсы салынған санкцияларды айналып өту схемаларына қосылғанымен түсіндірді. Bloomberg санкцияға ілінген кейбір тауарлардың Ресейге Қазақстан, Түркия және БАӘ сияқты елдер арқылы жеткізілетінін жазған еді. Олардың арасында жартылай өткізгіштер және екі түрлі мақсатта қолданылатын басқа технологиялар бар.

Еуроодақ Ресейдің көршілеріне, оның ішінде Орталық Азия елдеріне, егер олар санкциялық өнімдердің реэкспортын азайтпаса, санкция салуы мүмкін екенін ескерткен. Брюссельдің пікірінше, бұл елдер Мәскеуге шектеулерді айналып өтуге көмектеседі. Еуроодақтың санкциялар бойынша арнайы өкілі Дэвид О’Салливан осы мәселені талқылау үшін Орталық Азия елдеріне баруды жоспарлап отырғанын да айтқан. Қазақстанға АҚШ мемхатшысы Энтони Блинкен келгенде бұл мәселе жабық есіктің ар жағында талқыланған болуы да мүмкін.

Бұл жерде мәселе тек «көлеңкелі» импортта ғана емес, ресейлік компаниялардың Орталық Азия елдеріне белсенді қоныс аударуы жайлы да болып отыр. Олар осында өндірісін ашып, санкциялық өнімді ресейлік нарыққа экспорттауы мүмкін. Ресейлік азаматтар да Орталық Азияда кәсібін ашып, санкциялық тауарларды жеткізуі мүмкін. Ресми деректер бойынша, өткен жылдың қыркүйегіне қарай Қазақстанда 15,4 мың ресейлік компания тіркелген, олар ел экономикасының барлық саласында көбейіп жатыр. Қазақстан сарапшыларының сөзінше, Украинада соғыс басталғаннан кейін елімізде Ресей мен Беларусьтен келген 5 мың жүк көлігі қайта тіркеуден өткен. Нәтижесінде, қазақстандық жүк тасымалдаушылар халықаралық автотасымалдау нарығының 70%-ын жоғалтып ала жаздады. Яғни ресейлік және беларусь автотасымалдаушылар санкцияларды айналып өту үшін қазақстандық тіркеуді пайдаланған, бұл оларға Еуропаға тауар жеткізіп, қазақ-стандық квота бойынша қайтып отыруға мүмкіндік берген. Әзірге қазақстандық автотасымалдаушылар бұл мәселені үкімет алды-на шығармады, ешкім жергілікті бизнесті қорғауға тырыспады.

Егер Украинадағы соғыс ресурстар әбден сарқылғанша дейін жүретін болса, Ресей Қазақстанды өзінің санкциялық экономикасының бір бөлігіне айналдыру үшін экономикамызды әбжылан сияқты барған сайын тұншықтыра бермек, бұл біз үшін ең басты қауіптің бірі. Қайталама санкцияларды салу қаупін азайту үшін Қазақстанда осы жылдың 1 сәуірінен бастап шекарадан өтетін тауарлардың қозғалысын бақылауды автоматтандыруы тиіс жүйені енгізді. Әзірге, ол жүйенің «көлеңкелі» импортқа қалай тиімді тосқауыл бола алатыны түсініксіз. Себебі Қазақстан Ресей және басқа елдермен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді, оның ішінде тауарлар кедендік бақылаусыз тасымалданады. Сол үшін форс-мажорлық жағдайды сылтау ете отырып ЕАЭО-тағы мүшелігімізді тоқтата тұрған (біртіндеп шығып кеткен) дұрыс еді. Ресей Украинаға шабуылдағаннан кейін Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне де қауіп төне бастады.

Ел болашағына төніп тұрған қауіп-­қатерлер көп, оларға қазірден бастап дайындала беру керек. Климаттағы өзгерістер болсын, технологиялық төңкеріс не геосаяси дауыл болсын, әртүрлі жаһандық трендтер мен сын-қатерлерге қатысты шынайы сценарилік үлгілер мен ел болашағын стратегиялық тұрғыда көре білу тапшы болып отыр, ал бұл өте қауіпті. Бұл билік пен қоғамға алдағы сын-қатерлерге дайын болып, ашылған «мүмкіндіктер терезесін» байқай білу үшін орманды тұтастай көре алу мүмкіндігін төмендетеді.

Бірінші кезекте, еліміздің біраз аймағында су тапшылығы өсіп барады. Бұл орайда оңтүстіктегі жеріміз — осал тұсымыз. Бірақ Орал өзеніндегі судың тарылуынан, Каспийдегі су деңгейінің төмендеуінен Қазақстанның батысында да үлкен мәселе туындап жатыр. Қаңтар қырғыны елдің батысында газ бағасының көтерілуінен бастау алғанын ұмытпайық. Бірақ бұл аймақтағы су тапшылығы қаупін де ертелі-кеш кідіріп жарылатын мина болатынын естен шығармаған жөн.

Дүниежүзілік банктің болжамынша, 2030 жылға қарай елдегі су тапшылығы 15%-ды құрайды. Бұл ішкі өзендердің ағынының азаюына, көрші елдердің аумағынан келетін су тармақтарының әлсіреуіне байланысты болып отыр. Стратегиялық бастамалар орталығының бағалауынша, Қазақстанның су ағынының 44%-ы ел шекарасының сыртында қалыптасады. Біз суды Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайдан аламыз. Демек, экономикалық, азық-түлік және экологиялық қауіпсіздігіміз үшінші елдерге тәуелді. Балқаш көліне қазірдің өзінде саяздану қаупі төніп тұр, өйткені Қытай ШҰАА-ға трансшекаралық өзендерден су алуды арттырды. Мұның барлығы кедейліктің өсуіне, азық-түлік қауіпсіздігіне, денсаулық сақтау және жаңа аурулардың пайда болуына, көші-қон ағынына және аймақтағы су ресурстары үшін бәсекелестіктің қатаюына әсер етеді.

Тағы бір «қарақуға» түрлі «қопарғыш инновациялардың» пайда болуын жатқызуға болады. Мысалы, осы жылы жетілдірілген СhatGPT (OpenAI компаниясы жасап щығарған жасанды интеллектісі бар чат-бот) қолжетімді бола түскеннен кейін «жарылғыш инновациялар» дәуіріндегі адамзаттың болашақ дамуына қатысты үлкен пікірталас туындады. Жасанды интеллект тақырыбы бұған дейін де ұзақ уақыт бойы түрлі сарапшылар ортасында қозғалып жүрген еді.

Жасанды интеллект саласындағы жұмыстарымен танымал математик әрі кибернетик ғалым Джеффри Хинтон бұл технологияны Homo Sapiens-те «дөңгелек» немесе «электр тоғының» пайда болуымен салыстырып, адамдар үшін үлкен мүмкіндік ашады дейді. Илон Маск, Стив Возняк және басқа да көптеген ғалымдар, инженерлер мен «технарьлар», керісінше, жасанды интеллектіні жасауды тоқтата тұруға шақырды. Олар адамзат мұндай интеллект түрі жай ғана өмір сүріп қоймайтын, одан әрі жетіліп, дами беретін жаңа әлемге дайындалып үлгеруі керек деп есептейді. Ол болмаса адамзат өз өркениетін басқаруды жоғалтып алуы мүмкін. Бұл «Рассел-­Эйн-штейн манифесіне» ұқсайды. 1955 жылы әлемге танымал 11 ғалым бас қосып, ядролық қаруды пайдаланудың қаупін ескеріп, манифеске қол қойған еді. Бірақ әдеттегідей, шындық ортада жатыр. Әлем тарихы көрсеткендей, кез-келген инновациялық және технологиялық төңкеріс жеңімпаздарды да, жеңілгендерді де дүниеге алып келеді. Қазақстан болса келешекте қай топқа кіретін болады (жеңімпаздар әлде жеңілгендер ме)? Еліміз үшін «қопарғыш инновациялар» қандай қауіп-­қатер төндіреді әрі ашатын «мүмкіндіктер терезесі» қандай? Бұл білім беру жүйесі мен еңбек нарығына қалай әсер етеді?

Осы және бұдан да басқа көптеген сұрақтар жаһандық деңгейде инновациялық төңкеріс күшейген сайын арта бермек, қазірдің өзінде осы сын-қатерлерді ескере отырып, елімізде көптеген қазақстандықтардың өміріне тікелей немесе жанама әсер ететін түрлі даму үлгісінің сценарилері жасалуы керек.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить