Кооперация туралы

1445

Кооперация – XIX ғасырдың бірінші жартысында Еуропада шыққан ұғым. Бастапқыда ол қарапайым жұмысшылардың күрделі мәселелерін шешуге септесетін көмек кассалары мен тұтыну кооперативтері ретінде пайда болды. Ол кездері жұмысшылардың жалақысы төмен болғанын айтып өткен жөн.

Сол XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ, ең әуелі Германия мен Скандинавия елдерінде әртүрлі ауыл шаруашылық кооперативтері пайда бола бастады. Бұл кезде Еуропада революциялар мен жер реформалары салдарынан шағын шаруа қожалықтары басым болды. Пруссия, Англия және Оңтүстік Еуропаның кейбір елдері ғана айырмашылық жасап тұрды. Кооперация шағын шаруа қожалықтарына ірі шаруашылықтың артықшылық-пайдасын көруге мүмкіндік берді. Олардың нарықтық позициялары күшейді – шаруалар өнімдерін тасымалдау, сақтау және сату мақсатында өзара серіктесетін болды.
Өнімін егін жинап болған бойда бірден арзанға сату енді өзектілігін жойды, тиісінше, алыпсатарларға тәуелділік азайды. Кооперация шаруалардың банктен несие алуына мүмкіндік берді, соның арқасында олар несиелік кооперативтерін құра бастады, ол да болса жиынтық капиталын ұлғайту мақсатында бірігуге жол ашты. Ақыры, кооперативтер шеңберінде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, өнімді сату арқылы шаруалар қосымша табыс көздеріне шықты.

Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кооперациясынан келер пайданың көптігі сол, шағын шаруашылықтар саны көп Қазақстанда кооперативтерді дамыту жөніндегі науқандар ара-тұра болып тұрады. Алайда олардан пайда көп емес, себебі біздің шаруалар, сан мың артықшылықтарға қарамастан, кооперацияланғысы келмейді. Дұрысы – мұндай паттерннің себебін анықтау, бірақ неге екені түсініксіз, бізде бұған ешкім мән бермейді. Қалай болғанда да, кооперацияға қатысты сәтсіздіктердің себебін анықтайтын ешбір талдау көзіме түспеді.

Жаппай кооперация бойынша кезекті науқан бастамас бұрын, кооперативтік қозғалыстың тарихын зерделеу керек шығар, бәлкім. Сонда біздегі басшылар кооперацияның қашанда төменнен жоғары қарай, яғни шаруалар бастамасымен ғана пайда болатынын түсінер ме еді. Ол үрдісті жоғарыдан төмен қарай таңып, мәжбүрлеу сәтсіздікке ұшырайды, ал кей жағдайда тіпті кеңестік ұжымдастыру сияқты жаман аяқталуы мүмкін.

Сондай-ақ, кооперация қашанда өзара сенімге сүйеніп құрылатынын ескеру керек. Адамдар өзара бірлесіп жұмыс істейтін болса, олардың арасында «тегін жолаушылар» болмайтынына сенім болуы керек. Құндылықтарға дүниежүзілік шолу жобасы аясында, соның ішінде Қазақстанда, респонденттердің жеке танитын адамдарына сенімі туралы сауалнама жүргізілді. Бұл сауалнамада Қазақстан тоқсан орынның 67-сін алып тұр. Сауалнамаға қатысқандардың 14,5%-ы ғана таныстарына толық сенетінін айтқан. Бірінші орында Дания тұр: ондағы респонденттердің 76,2%-ы таныстарына толық сенеді екен.

Біздегі өзара сенімнің төмен деңгейімен кооперативтік қозғалыстың сәттілігін аңсау логикаға сыймайды.

Өзара сенім жарлықпен, әйтпесе арнайы қабылданған заңмен жүрмейді: жай ғана бәрі бір-біріне сене алуы керек.

Адамдар әділетсіздікке жолықса, әйтпесе біреу алдап кетсе, мемлекеттен қорғаныс табатынына сенімді болуы керек. Сонда ғана бір-біріне сене алады. Кооперациямен айналыспас бұрын жергілікті өзін-өзі басқару процесін реттеу керек, бүкіл сот және құқық қорғау жүйесін реформалау қажет. Сыртын сипап қойғаннан пайда жоқ, қоғамдық-саяси реформалар болмаса, кооперация қазіргі күйінен әрі аса алмайды.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить