Ел болам десең денсаулығыңды түзе

75340

Қазақстанда соңғы бес жылда мектеп оқушыларының арасында артық салмағы бар балалардың үлесі артып келеді, деп дабыл қағуда мамандар

Фото: © Depositphotos.com/mao_graphic

2018 жылы еліміздегі 11–15 жас аралығындағы балалардың жалпы санына шаққанда салмағы қалыпты көрсеткіштен асып түсетін балалардың үлесі 9,7%-ды құраса, 2022 жылдың соңында – 15,4%-ға дейін ұлғайып өскен. «Қазақстан оқушыларының өмір салты факторлары, олардың физикалық, психикалық денсаулығы мен әл-ауқаты» атты ұлттық есепте көрсетілген мәлімет осылай дейді.

ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО) әзірлеген бұл зерттеуге сай, 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде елімізде дене салмағы артық және семіздікке шалдыққан оқушылардың үлесі 1,6%-ға өскен. Жалпы, былтыр «семіздікке шалдыққан» деген диагнозы бар балалардың үлесі 4,7%-ды құраған. Артық салмақ қосу тенденциясы бүгінде ұл балалардың да, қыз балалардың да арасында кездеседі. Бірақ статистика бойынша, салмағы артықтау дейтін ұл балалардың үлесі 19,2%, ал қыз балалардың көрсеткіші – 11,3%. Зерттеу авторлары бұл көрсеткіштерді балалардың дене салмағының индексін есептеу негізінде анықтаған: олардың салмағы мен бой өлшеміне қатысты деректерді есепке алып.

Өз кезегінде ҚДСҰО мамандары, бүгінде еліміздегі 11 жастағы әрбір төртінші ұл баланың салмағы бой өлшеміне сай емес деп отыр. ҚР денсаулық сақтау министрлігі сайтындағы деректерге сай, артық салмақ 2-ші типті қант диабеті, гипертония және жүрек-қан тамырлары ауруларына алып келуі мүмкін.

«Қазақстанда қант диабетіне шалдыққан деген диагнозы бар 439 327 ересек адам және 5 132 бала тіркелген. Қант диабетінің үш негізгі түрі бар: 1-ші типті, 2-ші типті және гестациялық қант диабеті. 1-ші типті қант диабетінің себебі белгісіз және онымен ауыратын адамдарға өмір сүру үшін күнделікті инсулин салу қажет. Әлемдегі қант диабетімен ауыратындардың көпшілігінде 2-ші типті қант диабеті бар. Бұл көбінесе физикалық белсенділіктің болмауы мен артық салмақтың салдары. Бұрын 2-ші типті қант диабеті ересектерде ғана байқалатын, қазір балалар мен жасөспірімдерде де жиі кездеседі», - делінген ҚР ДСМ сайтында.

Семіздік адам ағзасындағы көптеген аурулардың ушығуына алып келеді, ата-ана баласының салмағына, физикалық көрсеткіштеріне әу бастан мән беріп, көңіл бөлгені дұрыс, дейді нутрицитолог маман бұл тұрғыда.

Аида Мұхтарқызы
Аида Мұхтарқызы

«Әдетте баланың салмағы 3 жасқа дейін, мектеп жасында (5–8 жаста) және жыныстық жетілу кезінде (12–15 жаста ) өзгереді. Бірақ қазір біздің қоғамда бойында зат алмасуы бұзылған балалар мен жасөспірімдер қатары көбейіп барады. Себебі балалардың қимыл-қозғалысы аз, жүгіріп, секіріп ойнамайды. Тамақтану барысында дұрыс баланс ескерілмейді: ақуыз, май реті сақталмайды, тек тәттіні жей береді. Қалқанша безінің жұмысы бұзылса, барлық зат алмасу процесінде қиындық туындайды», - дейді нутрицитолог Аида Мұхтарқызы.

Сарапшының айтуынша, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы 2020 жылы жүргізген мониторинг қорытындысы көрсеткендей, қалаларда тұратын балалардың арасында артық салмағы барлардың үлесі (23,1%) ауылдағы балалардың көрсеткішінен (17,5%) асып түскен.

Аида Мұхтарқызы алға тартқан деректерге ден қойсақ, 2020 жылғы зерттеу қорытындысы бойынша, балалардың арасындағы артық дене салмағы, әсіресе, солтүстік өңірлерде байқалған: Қостанай (29,3%) Шығыс Қазақстан (27,1%), Ақмола (26,3%) және Солтүстік Қазақстан (25,3%) облыстарында. Ал оңтүстік өңірдегі көрсеткіштер, мысалға, Жамбыл облысында бұдан төмендеу болған – 11,3%.

Баланың денсаулығына, ең алдымен, ата-ана мұқият көңіл бөліп, назар аударуы тиіс, деп отыр нутрицитолог маман.

«Арықтауға көмектесетін диета ұстап, дәрумен ішсек, артық салмақтан арыламыз деп есептейді көпшілік. Мұндай «шара» қолданбас бұрын дәрігерге жүгініп, артық салмақтың себебін анықтайтындар кемде-кем. Ал егер баланың ағзасында «тесік ішек» синдромы болса ше? Мұндай жағдайда дәрумендерден көмек жоқ, бала одан сайын толып кетеді. Бұл арада кешенді шаралар қажет – баланың дұрыс тамақтануын, физикалық белсенділігін, режим бойынша ұйықтап-оянуын қамтамасыз ету қажет. Отбасында адам ағзасы үшін пайдалы тағамдар туралы әңгімелесуді әдет ету керек. Рационда көкөніс пен жеміс-жидек болуы тиіс, газдалмаған ауыз су ішкен жөн. Ал қант пен тұзды шекету керек», - дейді Аида Мұхтарқызы.

Energoprom.kz мәліметінше, статистика бойынша 90% жағдайда артық салмағы бар балалар ертеңгі күні қоғам ішіндегі артық салмақты ересектердің қатарын құрайды.

«Қазақстанда семіздікке шалдыққан балалардың саны өсіп бара жатқанына қатысты Семіздікпен күресу жөніндегі дүниежүзілік федерацияның (ДДҰ-ның кеңесшілік органы) сарапшылары жасаған болжам көңілдегідей емес. Егер бұл жағдай бізде өзгермесе, онда 2030 жылға қарай Қазақстанда 5 жастан 19 жасқа дейінгі артық салмағы бар азаматтардың саны 536,9 мың адамды құрайды, оның басым бөлігі жасөспірімдер мен жастар болмақ – 330,4 мың адам», - деп көрсетеді Energoprom.kz.

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 6 жастан 9 жасқа дейінгі балалардың шамамен 20%-ы семіздікке шалдыққан. Мектеп оқушылары қант қосылған тәтті сусындарға үйір. Олардың 50%-ы мұндай сусындарды апта сайын ішетін көрінеді.

Алматыдағы №168 мектеп-гимназияның психологы Динара Мұқажанованың пікірінше, балалардың адам ағзасы үшін пайдасы жоқ тағамдарға әуес болуының бір себебі – жарнаманың әсері

«Балаларға көрсетілетін азық-түлік жарнамасының 79%-ы қант қосылған сусындар, кондитерлік өнімдер, фаст-фуд және дайын таңғы ас түрінде», - дейді сарапшы. Ол, сондай-ақ, Қазақстан бүгінде дұрыс тамақтанбайтын 10 елдің қатарына кіреді деп отыр.

Динара Мұқажанова
Динара Мұқажанова

«Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының 2018–2022 жылдарға қатысты зерттеуінде, біздің елде аптасына 1–6 рет қант қосылған сусын ішетін балалардың үлесі 66,7%-ға дейін өскен деп көрсетілген (2018 жылы – 60,2%). 2022 жылы 11–15 жас аралығындағы әрбір бесінші жасөспірім аптасына кемінде бір рет энергетикалық сусын ішетінін айтқан. Күн сайын жеміс жейтіндері – шамамен үштен бірі ғана. Ал күн сайын толыққанды таңғы ішетін жасөспірімдердің саны азайып келеді», - дейді психолог маман.

Сарапшының айтуынша, егер бала табиғатынан толық болса, онда салмақ өздігінен қалпына келеді. Мұндай жағдайда оны өзге балалармен салыстырып, диетаға итермелеп, жүйкесіне әсер етпеген жөн.

«Кейде табиғаты мұндай болмаса да, салмақ қосып алатын балалар бар. Бұған кейде стресс әсер етуі ықтимал. Сондай кездерде балаға дұрыс көңіл бөліп, қиындықты бірге талқылап, стресті де, артық салмақты да жеңуге болады. Сонымен қатар, спортпен, физикалық жаттығулармен айналысуды әдет ету керек. Ал егер балаңыз тәттіге құмар болса, онда мұндай тағамдарды тек сенбіде ғана пайдаланатын болып келісіңіз», - деп кеңес береді психолог Динара Мұқажанова.

«Қазақстан оқушыларының өмір салты факторлары, олардың физикалық, психикалық денсаулығы мен әл-ауқаты» атты ұлттық есеп авторларының мәліметінше, 2022 жылы елімізде кәмелетке толмағандардың тек 32,4%-ы ғана күнделікті серуенге шығып, секцияларда жаттыққан. Сол сияқты, былтыр қазақстандық балалардың 51,2%-ы күніне екі сағат уақытын планшет, смартфон, компьютер алдында өткізген.

«Сарапшылардың сауалнамасына қатысқандардың ішінде ұл балалар көбінесе видеоойындарға үйір де, қыз балалар әлеуметтік желілер мен сайттарды қарауға әуес. 2018 жылдан бері бұл көрсеткіш 24%-ға өскен», - деп көрсетеді ұлттық зерттеуге сілтеме жасаған Energoprom.kz.

Шыңғыс Рахымбаев
Шыңғыс Рахымбаев

Өз кезегінде «Абылайхан» спорт кешенінің тренері Шыңғыс Рахымбаев, балалар мен жасөспірімдердің дене бітімінің қалыптасуында дұрыс тамақтанумен қатар, спорттың орны ерекше дегенді айтады.

«Дұрыс тамақтануды бала кезден әдет ету керек, бұл арада отбасында қалыптасқан дәстүр, ата-ананың ықпалы өте маңызды. Ал спорттың орны бөлек. Бізде кейде жаз бойы жүзу секциясына келетін балалар, қыс түсе келмей қояды. Ал спорт тұрақты түрде айналысқанда ғана нәтиже береді. Суға жүзу артық салмағы бар балаға да, ересек адамға да пайдалы. Судың әсерінен көп энергия шығару арқылы калория жоғалтады.

Меніңше, мектептерде оқушыларға тегін ауыз су ескерілгені маңызды, сонда олар тәтті суды қажет етпейді. Бірақ мектептерде ұннан жасалған тағамдар көп сатылады, мектептер жанындағы дүкендерде де – осыған да мән беру керек», - деп есептейді жаттықтырушы маман.

Бұған дейін хабарланғандай, 2021 жылы елімізде Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары мен UNICEF сарапшылары бірлесіп, Қазақстан балалары арасындағы артық салмақ пен семіздіктің алдын алу жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық стратегияны әзірлеген болатын. Онда ел бойынша 14 жасқа дейінгі балалардың арасында семіздікке шалдыққандар көрсеткішін 7,6%-ға төмендету мақсат етілген. Бұл үшін мектеп оқушыларының спортпен айналысуына түпкілікті көңіл бөліп, 2025 жылға қарай 8 жастағы балалардың 80%-ның, ал 11–15 жастағы жасөспірімдердің 40%-ның спортпен шұғылдануына жағдай жасау керек деп көрсетілген ұлттық стратегияда.

Фотосуреттер кейіпкерлердің жеке архивінен өздерінің рұқсатымен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить