Әуе тасымалында жауапкершілік тасымалдаушыға да, жолаушыға да бірдей

25672

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың 1 наурызында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға енгізілген түзетулер өз күшіне енді

ФОТО: © Depositphotos/udmurd

Әуе билетін сатып алған жолаушылардың құқығы мен әуе компаниясы көрсетуі тиіс міндеттер туралы Forbes.kz тілшісі авиация саласының маманы, сарапшы Абыл Кекілбаев мырзамен сұхбаттасқан болатын.

F: Абыл мырза, әңгімемізді ұшақ тасымалы барысында авиакомпания тарапынан жолаушыға көрсетілетін қызметтерден бастасақ...

- Бұл арада, біздің елде, әрине, кез келген жолаушы авиамаршрут бойынша билет сатып алып, сол алған билетіне орай ұшақ ішіндегі сәйкес орынға жайғасуға, белгіленген нормалар шегінде қол жүгі мен багажын өзімен бірге алып өтуге құқылы. Айтқандай, авиабилет статусына қарай жол жүгі және багаж мәселесіне қатысты авиакомпаниялардың өзіндік талап, шектеулері не жеңілдіктері болуы да ықтимал, бұларды билет сатып алу барысында барынша мұқият анықтап алған жөн.

Абыл Кекілбаев, авиация маманы
Абыл Кекілбаев, авиация маманы

Егер тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарында рейс мәртебесі өзгеріп жатса, онда авиажолаушыға ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы және еліміздегі өзге де заңдарда көзделген қызметтер көрсетілуі тиіс.

Оның ішінде, мысалы, мүгедектігі бар кісілер мен жүріп-тұруы шектеулі деп танылған жолаушылардың жеке пайдалануға арналған зембілдерді, яғни носилкаларды және кресло-арбаны ұшаққа өздерімен багаж ретінде тегін алып жүруге қосымша құқығы бар.

Әртүрлі авиакомпаниялар өз мүмкіндіктері мен билет статусына орай жолаушылардың жекелеген санаттарына, мысалы, ана мен балаға арнайы ұсыныс жасап жатады. Олар тегін де коммерциялық тұрғыда да болуы мүмкін. Бұларды әр жолаушы билет сатып алу барысында барынша анықтап алғаны дұрыс. Сонда ұшаққа отырғанда бөтен мәселе туындамайды деп ойлаймын.

F: Ал ұшу кешіктіріліп, кідіріс туындаған жағдайда авиакомпания тарапынан жолаушыларға қандай қызметтер көрсетіледі?

- Егер кідіріс тасымалдаушының кінәсінен орын алса, яғни әуе кемесі белгіленген уақыттан кеш келіп, рейстің мәртебесі өзгеріп жатса, онда тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде төмендегідей қызметтер көрсетіп, ұсынуға міндетті:

7 жасқа дейінгі балалы жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну (егер мұндай бөлме бар болса); рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде жолаушыға ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі рет телефон шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама жіберу; жолаушылар рейстің жөнелтілуін екі сағаттан астам күткен кезде, оларды салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету.

Жолаушы рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде: күндізгі уақытта – әрбір 6 сағат сайын, түнгі уақытта әрбір 8 сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге міндетті.

Сол сияқты, егер жолаушы рейстің ұшуын күндізгі уақытта 8 сағаттан аса және түнгі уақытта 6 сағаттан аса күткен болса, онда ол тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге ораналасуға құқылы. Қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда, қонақ үй тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін ұйымдастыруға міндетті.

Жоғарыда айтылған қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.

Тасымалдаушы рейстің мәртебесі өзгергені туралы мәлімет алысымен, дереу жолаушыларды мобильді телефон не электронды пошта арқылы құлағдар етуі тиіс (бұл мәліметтер билет сатып алу барысында көрсетіледі).

Сондай-ақ, әуежайда рейс мәртебесінің өзгеру себептері және жаңа ұшу уақыты және (немесе) жаңа маршрут туралы ақпараттар жариялануы керек.Егер өзгеріс осы тармақтың 1-ші бөлігіне сәйкес тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан болса, рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты тасымалдаушы ұсынатын қызметтер тізбесі туралы да хабардар етілуі тиіс.

Тасымалдаушының кінәсінен рейстің мәртебесі 5 сағаттан астам мерзімге өзгертілген кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы: осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтерді ұсына отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге; жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.

Жалпы, әуе тасымалын қолданатын жолаушы заңға енгізілген соңғы түзетулермен таныса отырып, өз құқығы мен міндеттерін толық түсініп, түйсініп алғаны дұрыс. Құқық пен міндет қатар жүретінін де ұмытпаған жөн.

F: Әуе тасымалы барысында жолаушының багажы жоғалып кетсе, авиакомпаниялар қандай қызмет көрсетуге міндеттеледі?

- Егер тасымалдаушы тіркелген багаждың, жүктің жоғалғанына, жетіспеушілігіне және (немесе) зақымданғанына (бүлінгені) кінәлі емес екенін дәлелдей алмаса, онда жолаушының залалын төмендегідей мөлшерде қайтаруы тиіс:

1) тасымалдау құны жарияланбай қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн – әуемен тасымалдау шартында белгіленген мөлшерде;

2) тасымалдау құны жарияланып қабылданған багаждың, жүктің жоғалғаны немесе жетіспеушілігі үшiн – жарияланған құн мөлшерiнде;

3) багаждың, жүктің зақымданғаны үшін – багаж, жүк құнының азайған сомасы мөлшерiнде, ал зақымданған жүкті немесе багажды қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде – олардың құны мөлшерінде өтейді.

Егер жолаушы өзімен бірге ұшаққа алған заттардың жоғалуына, жетіспеуіне және (немесе) зақымдануына (бүлінуіне) тасымалдаушы кінәлі болғанын дәлелдеп берсе, онда тасымалдаушы бұл залалды заттар құнының азайған сомасы мөлшерінде өтейді. Мұндай жағдайлар халықаралық ұшулар барысында орын алып жатса, онда тасымалдаушының жауаптылығы ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес айқындалады.

Жалпы, әуе тасымалындағы жүк, багаж мәселесіне қатысты еліміздегі қолданыстағы заңнамадан және авикомпаниялардың жеке мәліметтерінен оқып танысуға болады. Онда тасмыалдаушының да, жолаушының да міндеттері мен құқылары белгіленіп, көрсетілген.

F: Авиакомпаниялар жолаушының денсаулық жағдайына қатысты ұшуға тыйым салатын жағдайлар да бар...

- Жолаушыларға ұшу барысында орын алуы мүмкін, оның денсаулығына зиян келтіретін немесе өлімге әкелетін жауаптылықты өз мойнына алу туралы құжаттарға қол қою көзделмеген, әрине.

Бірақ жүкті әйелдер өзі билет сатып алған авиакомпанияға жүктілік мерзіміне қатысты мәлімет беріп, өзінің денсаулығы туралы анықтама қағазын ұсынуы тиіс. Мысалға, егер жүктілік мерзімі 34 аптаға дейін (бір ұрықты жүктілік кезінде), ал көп ұрықты жүктілік кезінде – 32 аптадан артық емес мерзімді құраса, күтілетін туу мерзімі бойынша есептелетін, жүктіліктің 22 аптасынан кейін болашақ ана өзінің денсаулығы, жағдайы қанағаттанарлық екенін растайтын анықтама қағазын ескеруі керек.

Ал жүктілік мерзімі 34 аптадан асатын жүкті әйелдер дәрігерлік-консультациялық комиссияның арнайы қорытындысын ұсынуы тиіс, ол тасымалдауға дейін күнтізбелік 30 күннен ерте емес мерзімде медициналық ұйымның рәсімдеуімен рұқсат етіледі. Медициналық қорытындыда жүктілік мерзімі көрсетіліп, жүктілік асқынусыз өтіп жатқаны расталуы тиіс.

Ескеретін жайт – тіпті 026/у формасындағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы болған жағдайда да, егер босану мерзімі таяудағы 7 күнде күтілетін болса, онда авиакомпания жүкті әйелді тасымалдаудан бас тарта алады.

Сол сияқты, жаңа босанған әйелді және жаңа туған нәрестені алғашқы 7 күнде тасымалдауға рұқсат етілмейді.

F: Ұшақта жолаушыға ас ұсыну процесі қазір үлкен мәселеге айналған...

- Бұл мәселе ішкі рейстерде арнайы қарастырылмаған. Жолаушыларға ас ұсыну қызметін авиакомпаниялар өздерінің ішкі тәжірбиесі мен саясатына сүйене отырып, жүзеге асырады.

Шетелдік әуемен тасымалдаушылар экипажды және жолаушыларды Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі саласындағы заңнамасына сәйкес өткізу мерзімдерін сақтай отырып, сапалы және қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге міндетті.

F: Қалай ойлайсыз, әуе тасымалына қатысты заңнамадағы жаңа өзгерістер жолаушылардың құқығын толық қорғай ала ма?

- Меніңше, бұл тек бастамасы ғана. Келешекте тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бұдан да жоғары деңгейде қарастырылады деген үміттеміз. Ең бастысы, тасымалды жүзеге асырушы әуе компаниялары да, әуе тасымалын таңдаған жолаушылар да өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсініп, орындап, жауапкершілікті теңдей бөлісе білгендері дұрыс. Әуе тасымалындағы қауіпсіздік екі тарап үшін де маңызды жауапкершілік деп есептеймін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить