Жанармай қымбаттады, енді баға өсе ме?

29491

Мемлекет жанар-жағармай өндірісін ұлғайту үшін қолдан келген шараларды қабылдап жатыр

ФОТО: © Studio Good Time

Мәселен, өткен жылы 5,2 млн тонна көлемінде дизельдік отын өндіріліп, рекордтық көрсеткішке жетті. Жалпы, соңғы бес жылда бензин өндіру 70%-ға, дизельдік отын 33%-ға өсті. Бұл ретте, мұнай өңдеу зауыттары да өз қуатының шегінде жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Осыған қарамастан, мемлекет жанар-жағармай тапшылығы қаупімен үнемі бетпе-бет келіп отырады.

Тапшылықтың негізгі факторы – көрші елдермен салыстырғанда, Қазақстандағы жанар-жағармай құнының төмендігінде. Сол себепті Қазақстанның арзан шикізаты жақын шетелдерге түрлі жолдармен экспортталады. Осыған байланысты, жақында ғана Үкімет «мәжбүрлі шара» қабылдап, бензин бағасын өсірді. Бұл ретте, «Қазақстанда жанармай қымбаттаса, азық-түлік бағасы өсе ме?» деген сауал туындайды.

Forbes Kazakhstan сарапшыларға төмендегі сұрақтарды қойды:

  1. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап қалды. Яғни, ЖІӨ 3,1%-ға өсті. Биылға қатысты болжам қандай? Бұл ретте, жанармай бағасы да өсіп отыр. Ол нарықтағы тауар құны мен қызметтердің бағасына қалай әсер етеді?
  2. Экономикалық өсудің маңызды факторының бірі – ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту. Осыған байланысты, елімізде тиісті шаралар жеткілікті деңгейде атқарылып жатыр ма?
  3. Мемлекет биыл инфляцияны екі есеге төмендету міндетін қойып отыр. Ол 9,5% шегіндегі межені көздейді. Күрделі міндетті қалай орындай аламыз? Биыл инфляциялық қысым әлсірей ме? Баға өсімі тежеле ме?
ФОТО: жеке мұрағаттан

Ғалым Құсайынов, экономист

  1   Біз шикізатқа тәуелді елміз. Ел экономикасы энергоресурстардың әлемдік құнына тікелей байланысты. Бүгінде мұнайдың бағасы айтарлықтай жоғары, сондықтан экономикалық өсім осы факторға қатысты болмақ. Менің ойымша, былтырғыға қарағанда, биыл елде өсім болады. Дегенмен, осы үрдіске базалық мөлшерлеменің жоғары болуы кері ықпалын тигізуі мүмкін. Бірақ, ол да инфляциямен күрес үшін қабылданып отырған шара деп білемін. Өйткені, инфляция мәселесін шешпесек, келешекте сапалы экономикалық өсімге қол жеткізе алмаймыз. Ал жанармай бағасының көтерілуі ел экономикасының өркендеуіне тікелей әсер етпейтіні анық. Айтпағым, бізде жанар-жағармайдың құны нарықтық бағаға сай емес. Сол себепті, бағаны реттеу арқылы оның көрші мемлекеттерге заңсыз тасымалдануын тоқтатамыз. Сонымен қатар, кез-келген уақытта ішкі сұранысты қамтамасыз ете аламыз. Жалпы, көгілдір отынды арзан бағада көрші елдерге тасу елдің ЖІӨ-не теріс ық-пал ететінін айта кетейін. Маңыздысы осы: Қазақстандағы тауар өндіру ісінде жанар-жағармайдың өзіндік құны көп емес. Сол себепті, жалпы азық-түлік пен қолданыстағы тауарлар қымбаттамайды деген ойдамын. Бұл ретте, Үкімет пен Ұлттық банктің жүргізіп отырған саясаты құптарлық.

  2   Кез-келген инвестицияны тартуға болады. Бірақ ол үшін инвестицияларды қорғайтын институттар жұмыс істеуі керек. Реттеуші органдар мен салық салуда шектеулер болмауы тиіс. Сонымен қатар, болжамды саясат іске асырылуы қажет. Мысалы, экспортқа тыйым салу – инвестор үшін тәуекелділікті арттыратын шектеуші фактор ретінде қарастырылады. Ал қандай да бір шектеу бар салаларға мамандар барғысы келмейді. Тағы бір мысал: жеке меншікке қол сұғушылық та инвесторлар үшін тәуекелділік ретінде қарастырылады, сәйкесінше, жұ-мыс нәтиже бермейді. Сондықтан мекемелердің қызметінде ешқандай шектеу болмауы маңызды. Бұл ретте, инвесторларға жағдай жасау мен оларды қолдау елімізде әзірге бір жолға қойылмады деп ойлаймын.
Биыл инфляция төмендеуі керек.

  3   Қазірдің өзінде төмендеп жатыр. Осылайша, Ұлттық банктің жүргізіп отырған саясаты жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Соған қарамастан, инфляцияның жоғары кезеңінде ішкі сұранысты болдырмау үшін бюджет шығыстарын қысқарту қажет. Дегенмен, Үкімет биыл бюджетті тағы 1,5 трлн теңгеге ұлғайтқанын айта кетейін. Бұл – инфляцияға қарсы фактор. Яғни, инфляцияны қолмен бақылау тиімсіз. Онымен күресу үшін тұтынуды азайтып, өндіріске инвестицияны көбейтіп, өндірушілер мен инвесторларға жағдай жасау қажет. Бұл бағытта қазіргі жүргізіліп отырған саясаттың нәтижесі әзірге айтарлықтай көрінбейді. Сондықтан биыл табиғи монополиялар, жанар-жағармай мен газ тарифтерін көтеру қажет екенін ескерсек, инфляцияны 9,5%-ға жеткізу өте қиын болады деп ойлаймын.

ФОТО: жеке мұрағаттан

Ғалымжан Айтқазин, экономист, «Теңгеномика» телеграм-арнасының авторы, ЖШС AERS Beta LLP бас директоры

  1   Расымен де, былтыр ЖІӨ 3,1%-ға өсті. Ал AERC-ның 2023 жылға жасаған Қазақстанның макроэкономикалық сараптамасына сәйкес, сұраныс пен ұсынысқа қарай биыл ЖІӨ 4,1–4,2%-ға жетеді деген болжам бар. Бұл халықаралық қаржы институттарының болжамына сай келеді. Мысалы, Халықаралық валюта қорының қаңтардағы есебінде Қазақстанның ЖІӨ-нің нақты өсімі биыл 4,3%, ал 2024 жы-лы 4,4% деңгейінде болады деп көрсетілген еді. Сонымен қатар, өткен жылы мұнай бағасы Украинадағы соғыстың басталуы мен энергетикалық нарықтың қайта құрылуымен байланысты құбылмалы болды. Нәтижесінде азық-түлік және логистикалық дағдарыс, энергияның қымбаттауы мен жаһандық инфляцияның күрт үдеуін көрдік. Біз шикізатқа тәуелді ел болғандықтан, осындай әлемдегі жағдайлар тікелей әсер етеді. Сондай-ақ, биыл жанар-жағармай бағасы жоғарылап отыр. Оның не үшін жасалғаны да белгілі. Осы орайда, бензиннің нарықтық бағасына көшу кезеңінде қоғамның осал топтарын қолдау маңызды деп ойлаймын. Оның үстіне, жаһандық экономика таза энергия көздеріне көшіп жатқанда мұнай бағасы төмендейтіні анық. Сол себепті биыл біздің экономика үшін қиын уақыт келуі әбден мүмкін.

  2   Бұл сұраққа жауап ретінде келесідей мәселелерді қысқаша атап өткім келеді: экономикамыздың технологиялық хабқа айналуы өте маңызды. Яғни, біздің табиғи ресурстардың арқасында Қазақстанның әлемдік экономика технологиялық шеберханасына айналу мүмкіндігі бар. Бұл жерде еңбек, жер, капитал және табиғи ресурстар сынды өндіріс факторларын қамтитын микроэкономиканың жұмыс істеуі өзекті. Экономикамыздың белгілі бір салаларының өсуін қамтамасыз ететін технологияларды тарту мақсатында арнайы инвестицияларды көбейту – ілге-рілеудің жаңа драйверлері болмақ. Мысалы, жаңғыртылатын энергия саласындағы жобалар жыл сайын жаһандық деңгейде өзектілігін арттырып, әлемдік сұранысқа ие болып келеді. Қазақстанның осы салада өз орнын табуға ресурстары жағынан да, технологияларды тарту жағынан да барлық мүмкіндіктері бар. Менің ойымша, инвестицияны осыған қатысты орайластыру қажет.

  3   Қазақстандағы жылдық тұтынушылық инфляция осы жылдың наурыз айының соңындағы жағдай бойынша BNS ASPR ресми деректеріне сәйкес, 18,1%-ды көрсетті. Яғни, 2021 жылдың соңынан бері алғаш рет төмендеп отыр. Сонымен қатар, айлық инфляция да ақпандағы 1,3%-дан наурызда 0,9%-ға дейін төмендеді. Бұл деректер Қазақстан экономикасында бір жылдан астам уақыттан бері алғаш рет баға өсімінің төмендеуін көрсетеді. Дегенмен, былтырғы жоғары базаның әсері мен алдағы айларда баға өсімін тұрақты бәсеңдету қажеттігін ұмытпаған жөн. Осы жылға арналған болжамға келетін болсақ, жақында Халықаралық валюта қорының Қазақстан бойынша есебі жарияланды. Онда қаржы институты инфляцияның төмендеуін күтетінін баяндады. Бұған наурызда қайтадан үдей түскен инфляциялық болжамдар туралы ҚР Ұлттық банкінің деректері дәлел бола алады. Орталық банк жүргізіп отырған қатаң ақша-несие саясатының жалғасуына қарамастан, біздің экономикамызда жоғары инфляциялық тәуекелдер сақталуда деп айтуға болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить