Qalan.kz: Кәсіпкер болсам да, математика пәнінің мұғалімімін

37595

Qalan.kz математикадан интерактивті онлайн порталының негізін қалаған Асқар Болат білім негізінде табыс табуға болатынын дәлелдеп берген қазақстандық мұғалім

Асқар Болат
Асқар Болат
Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды.

Оның айтуынша, математиканы бүкіл әлем оқиды, оны қолданбайтын сала жоқ. Демек, математиканы үйретуге негізделген сапалы оқу орталығы әрдайым сұранысқа ие және өзіндік табыс көзі.

Qalan.kz Орталық Азиядағы ірі халықаралық технопарк «Astana Hub» резиденті. Еліміздегі 312 000 оқушы және 8,5 мың мұғалім осы порталды қолданады. Оның ішінде 11 200 оқушы ақылы бөлімде оқиды.

2022 жылы Асқар Болат платформадағы есептерді орыс тіліне аударып, ТМД аясында сатуға кіріседі. Биыл Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Өзбекстан мемлекеттерінен порталға қызығушылар саны артқан.

Кәсіпкердің айтуынша, 2021 жылдың ортасына қарай технологиялық порталдың ай сайынғы айналымы 500 мың теңгені құраса, 2022 жылдың қаңтарында айлық айналым 10 млн теңгеге жеткен. Сол сияқты, 2023 жылғы қаңтарда портал 130 млн теңге, ал  қыркүйек айының қорытындысы бойынша 300 млн теңге табыс тапқан.

Білім порталының тез арада танылып, өсуіне бизнес моделінің пайдасы әсер еткен. Кәсіпкер-математик алдымен жобаны толық жетілдіріп, сосын маркетингті дамытуға екпін берген. Нәтижесінде – білім порталы инвестиция салмай-ақ, өзін-өзі ақтайтын жобаға айналған.

«Халықаралық IT университетінің «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығын оқыдым. Студент кезімде репетитор ретінде ақша тауып жүрдім. Балалардың математикадан қиналатынын көріп, «мұғалімдер неге дұрыс оқытпайды?» деп ойлайтынмын. Оқу бітірген соң, мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. Қиындықты сол кезде көрдім. Оқушылар күнделікті сабақты түсінбей жатады, ал ұстаздар сыныптағы алғыр дейтін 5–6 оқушымен келесі тақырыпқа көше салады. Бұған – оқушы немесе мұғалім емес, тұтас жүйе кінәлі деп есептеймін. Осы проблеманы шешкім келді. Математиканы балалардың 100% түсінгенін армандадым. 40 минутта оқушыға есепті қалай түсіндіруге болады? Әртүрлі әдіс-тәсілдерді зерттедім. Оқушыға тақырыпты тез түсіндіретін жүйе жасаймын деген мақсатым болды. Өкініштісі, бұл мақсатым мектепте мұғалім болып жүргенімде орындалмады. Бірақ алған бетімнен қайтпай, математика, IT технологиясы және педагогиканың көмегімен оқытудың жолын таптым. 2018 жылы көктемде портал құрастыру идеясына тоқталдым», – дейді Асқар Болат.

Осы идеяның жетегімен болашақ кәсіпкер инвестор іздеп біраз есікті қағады. Бірақ жас мұғалімді қолдағандар аз еді. Асқар Болат бұл идеясымен университетте бірге оқыған танысы Қуаныш Нәбиевпен бөліседі. Ол программа тілінде жүзеге асыруға келіседі. Әлеуметтік жоба жасауды көздеген жігіттер ақша табуды ойламайды. Жалпы, порталды дайындауға үш жылға жуық уақыт кеткен. Онда қолданылатын есептерді де олар өздері құрастырған. 

Стартап идеясын жүзеге асыру оңай емес. Математик Асқар сол уақыттағы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездеседі. Сөйтіп, пилоттық жоба ретінде порталды бір мектепте тәжірибеден өткізу бойынша келісімге келеді. Өкінішке қарай, сол тұста жаһандық пандемия жарияланып, бұл жұмыс аяқсыз қалады.

«Әр есепке код жазып, генерация жасау керек, ал бұл ұзаққа созылатын жұмыс. Әйтсе де карантин кезінде сайт ашылып, 20 000 оқушы мен 2000 мұғалім тіркеледі. Мұғалім портал арқылы оқушының үй тапсырмасын орындап не орындамағанын бақылап отырды», - дейді кәсіпкер.

Уақыт өте, порталды монетизациялау жайлы ұсыныс түседі. Қазір капиталистік қоғам. Бәрі ақшамен өлшенеді. Егер өніміңді сатып алса, онда болашаққа керек болғаның...

«2021 жылы наурыз айында жиырма мың оқушының арасында сатылымды аштық. Тіркелген балалардың ішінде есепті жақсы шығаратындары көп еді. «1%-ы сатып алса, жетеді» деп ойладық. Бір қызығы 2000 теңгеден 2 оқушы ғана сатып алды. Ол кезде порталды қолдануда алғашқы 40 минут тегін де, одан әрі ақылы-тын. «Оқушыларға керек емес жоба жасадық» деп ойладық. Бір мұғалім мен барлық оқушысына 5000 теңгеге саттық. Үш мұғалім ғана сатып алды. Өз идеямызды қоғамға керексіз деп сезіндік.

Стартап жасаушы ретінде жобаны барынша сапалы етіп жасауға күш салғанбыз. Нарықта видоесабақ және тестпен миллиардтаған айналымға шығып жатқан орталықтарды да көрдік. Сол уақытта олардың жасап жатқаны мүмкін еместей көрінді. Видоесабақ және тестпен осылай ақша табуға бола ма? Демек, біз де табамыз деген мақсатқа сүйендік. Сөйтсек, біз сатуды дұрыс білмеппіз», - деп еске алады Асқар Болат.  

Кәсіпкердің сөзінше, сол тұста олар нарықта кімнің қалай жұмыс істеп жүргенін білмеген: бар ойы тек өздері қолға алған жобаны сапалы етіп әзірлеу болатын.

«Карантиннен кейін халық онлайн білімге негізделген кез келген ұсынысты сатып алып жатты. Өйткені, талғам қалыптаспаған еді. Оқу орталығына қатысты жиындарға барып жүрдім. «Болашақта сапалы өнімі бар жоба дамиды» дегенді көп естідім. Ең мықты дейтін білім берушілер 24 сағаттың ішінде қолданушымен кері байланысқа шығып, олардың сұрағына жауап беретін. Қалғандары мұндай «шапшаңдықты» ұйымдастыра алмаған. Менің арманым оқушының сұрағына барынша жылдам жауап беру. Қазір, біз орташа есеппен алғанда, 5 минутта жауап береміз», - дейді ол.

Қолданушылармен кері байланыс аясында порталдағы жауап беру жылдамдығын арттыру үшін математик-кәсіпкерлер Жасанды интеллектпен жұмыс істеуді қолға алған. Қазір Жасанды интеллект оқушымен амандасып, оның сұрағын тыңдап, тіпті, қоштасуды да ұмытпайды.

Асқар Болаттың айтуынша, бүгінде оқушылардың 20% сұрағына портал ішінде Жасанды интеллект жауап береді. Бұл көрсеткішті 80%-ға арттыру күн тәртібінде тұрған жоспардың бірі: кәсіпкер осылайша табысты көбейтуге болады деген сенімде.  

«Мұғалім болғасын оқушыға жылы қараймын. Бір саннан қате кетсе, көк сиямен жөндеп, «Жарайсың!» деп қолдаймын. Ал компьютерде аяушылық сезім жоқ. Қателессе, айыппұл салады. Жасанды интеллект адамды алмастырады деуге әлі ерте. Қазір ол мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, сапалы жұмыс істеуге көмектесуде деген дұрыстау болар.

Біздің портал аясында ата-аналар баласын күнделікті бақылай алады. Ата-ана, оқушы және біз – үш жақты жұмыс істейміз. Баланың жағдайын ата-анасына күнделікті хабарлап отырамыз. Оқушы есепті шығара отырып, ақша жинайды. Бұл аз ақша болса да балаға өзіндік ынталандырушы құралы, өз білімімен тапқан ақшасы. Оқу арқылы ақша табуға болатынын көрсетеді», - дейді кәсіпкер.

Айта кетсек, оқыту порталын дамыту барысында қолданылған өзіндік ерекше ұсыныстың бірі – қолданушыға кэшбек беру. Оқушыға 30 күнге есеп ұсынылады және де бұл кезеңде тапсырманы орындамай жауып қоюға болмайды. Есепті аяқтаса, қолданушыға сыйлық беріледі.

Кэшбек ұсынысы аясында: егер курсты сатып алған оқушы есепті айдың соңына дейін дұрыс шығарып үлгерсе, онда өзі төлеген ақшаның белгілі бір мөлшері оған қайтарып беріледі. Мәселен, биыл қаңтар-қыркүйек айларында порталды қолданушыларға 193 млн теңге кэшбек төленген.

«Баланы ерте жастан ақшаға үйрету тұрғысында көптеген пікір бар, соның біразы кері, кертартпа дер едім. Қазір еңбектің заманы, ешкім тегін жұмыс істемейді. Біздің порталда бала өз білімімен ақша табуды үйренеді. Есепті шығара алмаса, видеосабақ, теория, мұғаліммен чат бар. Баланың өз бетімен оқуына барлық жағдай жасалған. Бір сабақты өзі отырып оқыған бала – басқа сабақты да солай орындайды. Күнде 10 минутқа 20–25 есеп беріледі. Әдет қалыптастыру өте қиын, ал біздің портал қажет әрі тиімді әдет қалыптастыруға барынша көмектеседі. Десек те, оқушының өзінің ішкі мотивациясы оянғанда, ол кэшбекке қарамайды да», - дейді Асқар Болат.

Кәсіпкердің түсіндіруінше, математикаға бейімделген бала есеп шығара отырып, өмірдегі күнделікті қалыптасып жататын кез келген проблеманы тез шешуді де үйренеді. Миға оқу, жаттау арқылы жаттығу жасаған өте пайдалы, деп отыр ол.

Айтпақшы, бүгінде Qalan.kz авторына ата-аналардан келіп түскен көп ұсыныстың бірі – осындай форматты ағылшын тілін оқытуға да икемдеп, қолдану. Математик-кәсіпкерлер қазір енді ағылшын тілін үйрету порталын әзірлеуге кіріскен. Олардың бұл жолғы да басты мақсаты – оқушыға білім беруге негізделген сапалы өнім ұсыну.

«Біз Qalan.kz жобасын бастаған тұста біздің идеяға күмән келтіріп, күлгендер де табылды. Нарыққа шығу үшін ең алдымен мықты да сапалы өнім керек. Шынымды айтсам, бастапқы үш жылда біз табыс туралы ойланған жоқпыз, мақсатымыз – еліміздегі мектеп оқушыларына көмек, жәрдем бола алатын біліми форматта құнды өнім әзірлеу болатын. Осы мақсатымыз жүзеге асқанда, табыс та келе бастады. Кеңес сұрағандарға айтарым бір ғана сөз – сапалы өнім жасап, сапалы қызмет көрсетіңіз», - дейді Асқар Болат.

Сондай-ақ ол: «Сіз кәсіпкерсіз бе, математиксіз бе деген сұраққа?» – «Мен кәсіпкер болсам да, өзімді математика пәнінің мұғалімімін деп санаймын», - деп жауап берді...

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить