Мұғалім болу оңай ма?

30101

Мектеп оқытушылары қазір тест тапсырып, эссе жазып, сұхбаттан өтуі тиіс

Фото: © Depositphotos.com/monkeybusiness

ҚР оқу-ағарту министрлігі келтірген деректерге сай қазіргі таңда Қазақстанда 350 мыңнан астам педагог еңбек етуде. Олардың ішінде 73 820 педагог-модератор, 81 168 сарапшы, 71 141 зерттеуші, 3482 шебер бар.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, ел ішіндегі 220 мыңнан астам педагог аттестация қорытындысымен тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына қосымша ақы алады. Мысалы, педагог-шеберге 50%, педагог-зерттеушіге 40%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-модераторға 30% қосымша ақы төленеді.

Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы Дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының аға әдіскері Манар Рахманбергенованың айтуынша, 4 жыл ішінде қазақстандық мұғалімдердің жалақысы екі есе, яғни 100%-ға артқан. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруші педагог мамандардың еңбекақысы 30%-ға көбейтілген.

Манар Рахманбергенова
Манар Рахманбергенова

«Мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өсіп келеді. Қосымша төлемдер беріледі. Біліктілік санаты, магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде жүргізу, дәптер тексеру, сынып жетекшілігі, жаңартылған мазмұндағы жұмыс және тәлімгерлік үшін қосымша төлемдер ескерілген. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс қосымша спорт секцияларын өткізгені үшін де қосымша ақы беріледі. Қыркүйек айынан бастап кадр тапшылығы бар өңірлерде мұғалім болғаны үшін жалақысының 150% мөлшерінде қосымша төлем белгіленді. Мұғалімдерге демалыс, сауықтыру қаражаты да қарастырылған.

Мұғалімдердің жалақысын көтеру өз нәтижесін беруде. Педагогика мамандығына университеттің үздік түлектері мен «Алтын белгі» иегерлері келе бастады. Бұл мектептегі балалардың білімді болуына әсер етеді. 2020 жылы педагогикалық бағыттарға түсу үшін шекті балл 60-тан 70-ке дейін, 2021 жылы 75-ке дейін көтерілді. Педагогика бөлімінде оқитын студенттердің шәкіртақысы да өсіп келеді», - дейді Манар Рахманбергенова.

ҚР оқу-ағарту министрлігінің деректерінше, 2022 жылы Республикалық бюджеттен мұғалімдердің жалақысын көбейтуге, оларға біліктілік санаттары, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төлеуге және дене шынықтыру мұғалімдерінің сабақтан тыс спорт секцияларын жүргізуге 1,2 трлн теңге бөлінген. Оның 121,5 млрд теңгесі мектепке дейінгі білім беретін педагог мамандарына, 1,04 трлн теңгесі орта білім беру ұйымдарына, 39,8 млрд теңгесі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бағытталған. 217 мыңға жуық педагог аттестаттау қорытындысы бойынша қосымша ақы алады.

Әйтсе де қазір білім беру саласындағы негізгі талаптың бірі мұғалімнің кәсіби деңгейі, педагогика саласындағы тәлім-тәжірибесі дегенмен шектелмейді: бүгінгі педагог цифрлық заман талабына да сай болуы тиіс.

Ақмола облысының Қошқарбай ауылында қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беретін жас маман Назым Сапарова, орта мектепке мұғалім болып орналасқан кез келген маман цифрландыру тетіктерін, жалпы, техниканың тілін жақсы біліп, ұғынып алғаны жөн деп отыр. Оның айтуынша, ауыл мектептеріндегі кей мұғалімдер техниканың тілін білмей жататын кездер де жоқ емес.

Назым Сапарова
Назым Сапарова

«Электронды күнделікпен жұмыс істей алмайтын ұстаздар да кездесседі. Олар жастардан көмек сұрайды, жастар «жеке шекараны сақтау қажет, уақыт – ақша» деп көмек бергісі келмейді. Жас мұғалімдер оқушыларды әртүрлі ойын, интерактивті тақта арқылы қызықтыра алады. Ал зейнет жасындағы ұстаздар цифрлық технологиямен жұмыс істей бермейді. Қазір 2-сыныптан бастап «Цифрлық сауаттылық» деген пән бар. Жаратылыстану, математика мұғалімдері «Bilimlend», «Ақылды мектеп» платформасын пайдаланады. Менің ойымша, бізге зейнетке шыққан ұстаздар мен жас мұғалімдер бір-бірімен өзара тәжірибе алмаса алатындай ұйым, өзіндік орта керек сияқты», - дейді жас маман.

Назым Сапарованың айтуынша, әдетте, зейнет жасына жеткен ұстазды уақыты келгенде жұмыстан босатады, бірақ, мысалға, оқушылары түрлі дәрежедегі олимпиадада жетістікке жетсе, өзі республикалық, облыстық білім байқауларында орын алып жүрсе, мәселе бөлек: «Зейнет жасындағы ұстаздардың ерекше тәжірибесін ескере отырып, аудандық білім бөліміне хат жазып, осы мұғалімнің жыл соңына дейін мектепте жұмыс істеуіне рұқсат сұрайды».

Айтпақшы, Манар Рахманбергенова өз сөзінде, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар ұстаздар Ұлттық біліктілік тестілеуін (ҰБТ) тапсырмайтынын айтты.

«Бұрын еңбек өтілі мен тәжірибесіне қарамастан барлық мұғалім ҰБТ тапсыратын. Сондай-ақ, ескі жүйе бойынша «бірінші», «жоғары» санаттары бар мұғалімдер жұмыс нәтижелерін жан-жақты қорытындылау арқылы «педагог-модератор» біліктілік санатына ауысса, ҰБТ-дан босатылады. Зейнет жасына шығуға төрт жылдан аз уақыт қалған мұғалімдер аттестациядан босатылады. Аттестациядан өту кезеңдері де қайта қаралды. Бірінші кезеңде мұғалімдер білім беруді ұйымдастыру барысында біліктілік бағалаудан өтеді. Одан кейін өз қызметінің жан-жақты аналитикалық қорытындысын тапсырады, яғни олар портфолиосын сараптамаға ұсынады. Келесі кезең – Ұлттық біліктілік тесті. ҰБТ барысында тиісті өту балын жинай алмағандар болды. Тәжірибелі мұғалімдер ондағы талаптың тым күрделі екеніне шағымданған. Жеңілдету және жетілдіру керек. Десе де, мұғалімге қойылатын талаптар жоғары болуы тиіс. Мектептердегі бос жұмыс орындарын кез келген жолмен толтыру кадрлардың сапасын жоғалтады», - дейді ол.

Жалпы, елімізде мектеп мұғалімдері конкурстық негізде іріктеледі. Тиісті бейіндер бойынша конкурсқа жоғары педагогикалық білімі бар, жоғары кәсіптік білімі бар педагогтар, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер біліктілік санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ педагогикалық ЖОО-ның жақсы үлгерімі бар түлектері қатыса алады (тұрғылықты жеріне қарамастан). Бос жұмыс орындарына орналасу үшін олар компьютерлік тестілеу тапсырып, эссе жазып, сұхбаттан өтуі тиіс.

Манар Рахманбергенова алға тартқан деректерге үңілсек, бүгінде республика бойынша ауылдағы жоғары білікті мұғалімдердің пайыздық көрсеткіші қалалық мектептерге қарағанда төмендеу: «Ауылдағы мұғалімдердің 18,5%-ы жоғары біліктілік санатына ие. Бұл қалалық мектептердегі 31,2%-бен салыстырғанда біршама төмен. Ауыл (24,1%) және қала (23,7%) мектептеріндегі мұғалімдердің төрттен бірінде біліктілік санаты мүлдем жоқ».

Ұлттық білім беру деректер қоры базасындағы мәліметтер бойынша елімізге 3733 педагог маман қажет: қалалық жерлерде – 1632, ауылдық жерлерде – 2101.

«Ауылда кадр тапшылығы өте жоғары. Физика, математика, информатика, биология, химия пәндері бойынша мұғалімдер жетіспейді. Колледжде «Ағылшын және информатика» деген екі мамандықты оқып келген жастар болды. Айлық аз, жұмыстың ауыр екенін көріп, кетіп қалуға тырысатын. Оқушы саны жетпегесін химия, биология пәндерін 5–7 сынып оқушылары бірігіп оқыған сәттер болды. Мұғалімнің сағаты қысқарған сайын, оның табатын ақысы да азая береді... Менің анам мұғалім, нағашы атам да ұстаз болған. Алматыдан оқып келгенімді естігенде «Ауылға неге келдің?» деп таңданғандар көп болды. Ал маған ақша емес, тәжірибе керек», - дейді ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Назым Сапарова.

Жас маманның пікірінше, бүгінде елімізде жаратылыстану, математика бағытында жоғары білім алуға мемлекеттік грант көп те, гуманитарлық бағытқа аз бөлінеді: «Ата-ана баласының физика, математика пәнін таңдағанын қалайды. Қандай мамандық таңдаса да, грантқа түссе болды дейді. Содан да әлеуетті студент сұраныс аз мамандықты оқып, бос жүреді... Қазір ауыл баласының ағылшын тіліне қызығушылығы жоғары. Оларға ағылшын, орыс тілін үйрену оңай. Өйткені, теледидардан, смартфоннан кез келген мультфильмді көре алады».

«Алматы Дарыны» орталығының аға әдіскері Манар Рахманбергенованың айтуынша, өңірлер бойынша алғанда Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарына математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері қашанда қажет.

«Қазір орыс тілінде сабақ бере алатын педагогтар тапшылығы біліне бастады. Астанада санаулы жоғары оқу орнында педагог мамандарын дайындайды. Мәселен, былтыр «Химия» бөліміне 38 талапкер оқуға түссе, оның екеуі ғана орыс тілінде оқыды. Бұл ЖОО үшін тиімсіз», - дейді ол.

Әйтсе де сарапшы маман, еліміздің білім беру саласында үмітті көрсеткіштер басым деген сенімде.

«2022 жылы Қазақстан оқу үшін үздік 78 елдің ішінен 71-орынды иеленді Біз үшін басты мәселе – сапалы білім беру. Білімді ұрпақ – өркениетті ел және сауатты халық деген сөз», - деп түйіндейді өз пікірін Манар Рахманбергенова.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить