Кеңес Рақышев: Өзгелерге ұқсамайтын мектеп салуды көздедік

54251

Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп – еліміздегі топ-20-ға кіретін жекеменшік мектептің бірі. 2018 жылы кәсіпкер Кеңес Рақышев пен жұбайы Әсел Тасмағамбетова негізін қалаған

Фото: © Жанарбек Аманқұлов

Биыл жоғары сынып оқушыларына арналған жаңа корпусының тұсауын кесті. Мектеп иелерінің сөзінше, Сингапур, Эстония, Финляндия елдерінің білім моделін үлгі еткен, ал әр бала үшін жеке оқу жоспары жасалады. Forbes Kazakhstan Кеңес Рақышевпен сөйлесіп, жаңа мектептің ерекшеліктері туралы сұрап білді.

F: Кеңес Хамитұлы, биыл «Шоқан» мектебінің жаңа корпусы ашылды. Ол тек жаңа ғимарат емес, инновациялық білім ошағы болады деп айтқан едіңіз. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз?

— Қазіргі кездегі білім беру жүйесінде балалардың жеке ерекшеліктерін ескермей, бәрін бір ағымда оқытады. Кейіннен мамандық таңдау қажет болған кезде оқушы, кезінде өз қабілеттерін ескермей, нарықтық үрдістерді білмей, сұранысқа ие мамандықты таңдай алмай қиналады. Соның салдарынан мектеп түлектерінің 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жаңа мектептің тұжырымдамасы осы мәселені шешуге негізделген. Менің ойымша, балаларымыздың үздік халықара-лық университеттерге түсуі өте маңызды. Алайда қазіргі оқу бағдарламасы қажетті пәндерге көңіл бөлуге мүмкіндік бермейді, өйткені мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын біз айналып өте алмаймыз. Бірақ жекеменшік мектептерде өзімізге ыңғайлы жолдарды жасауға мүмкіндік бар. Сондықтан жоғары сынып оқушылары үшін жаңа мектеп ғимаратын салуды шештік, онда әр баланың жеке оқу жоспары болады. 7‑сыныпта оқушы кәсіптік бағдар беру бойынша кеңесшілер, сарапшылар және тәлімгерлер командасының тестілеуінен тұратын бірнеше кезеңнен өтеді. Олар оның қабілеттері мен тілектерін анықтайды және осыны ескере отырып, оқыту схемасын құрастырады. 10‑сыныпқа қарай оқушының жоғары оқу орнына түсуге бағытталған нақты бағдарламасы анықталады.

Фото: © Мектептің баспасөз қызметі

F: Жаңа корпустың сыйымдылығы қандай? Қанша оқушы қабылданады? Әр сыныпта неше оқушыдан болады?

— Ғимараттың жалпы сыйымдылығы 520 орынға есептелген. Оқу жылы басында 300 жаңа оқушы қабылданды. Әр сыныпта 14–15 баладан арттырмауға тырысамыз.

F: Мектептегі оқытушылар қалай іріктелді? Заманауи мектептегі заманауи мұғалім қандай болуы керек? Оған қойылатын талаптар қандай?

— Біздің өзіміз сенетін құндылықтарға сәйкес келетін ұстаздарды іздейміз, сондықтан қатаң іріктеу жүргіземіз: екі кезеңді тестілеу, сынақ сабағы, аналитикалық ақыл-ойды сынау, дағдарыстық жағдайларда шешім қабылдау қабілеттерін тексереміз. Математиктер мен физиктер үшін тестті Қазақ-стандағы ең мықты математика мұғалімдерінің бірі, мектеп директоры Олег Пак құрастырған. Жұмысқа қабылдау кезінде үміткерлердің тек сабақ беруге ғана емес, сонымен қатар үздіксіз білім алуға қаншалықты дайын екенін ескереміз. Ұстаздарымыз студенттерден кем емес білім алып, үнемі тренингтер мен жарыстарға қатысады.

Фото: © Мектептің баспасөз қызметі

F: Жыл сайын елімізде жаңа жекеменшік мектептер ашылуда. Нарықта білікті, кәсіби педагогтардың саны шектеулі әрі мықты маманды бір жылда дайындап шығу мүмкін емес, бұл жылдарды қажет ететін процесс. Кадр мәселесін қалай шешіп жатырсыз?

— Біз өзіміз дайындайтын жас кадрларға сенеміз. Қазіргі таңда бұл мамандыққа жастар көптеп түсуде. Мектебімізде елу пайызы жас, көзі ашық, көкірегі ояу, өз ісіне жаны құмар ұстаздар. Олар үнемі білім алып, көптеген тәжірибеден өтеді. Олардың арасында ер адамдар да көп. Мұғалімдер арасында талас жоқ, тек бір-бірін қолдап, қолпаштап, біріккен команда болып жұмыс жасайды.

F: Білім бағдарламасының қандай ерекшелігі бар? Қай елдің моделін үлгі еттіңіздер?

— Нақты бір елдің моделін қабылдадық деп айта алмаймын, бірақ мектептің басшылығы мен жауапты оқу меңгерушілерімен бірге бірнеше дамыған мемлекеттердің оқу бағдарламасымен танысуға барғанбыз. Мысалы, Финляндия, Сингапур, Эстония мемлекеттеріне іс-сапармен барып, өзімізге іліп алар пайдалы үлгілерді ескердік. Жаңадан ашылған жеке мектептер көбінесе батыстың оқу бағдарламасына еліктейтіні бәрімізге мәлім. Бірақ біз өзгелерге ұқсамайтын, қазақтың ең жақсы тәлім-­тәрбиесін ұстанатын жаңа мектеп салуды көздедік. Мектептің негізін қалаған кезде алдымызға жас ұрпақтың болашағын ойлап, оларға сапалы білім беру керек деген мақсат қойдық.

Фото: © Мектептің баспасөз қызметі

Сонымен қатар бай тілімізді, тарихымызды, мәдениетімізді ұлықтайтын, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңдіру әрекеттері де жүзеге асырылуда. Сол мақсатпен мектепте тарихшылар және қолөнер үйірмелері ашылды, сахналық өнер және домбыра сабақтары енгізілді. Кейіннен біздің оқушылар қазақтың жарық жұлдызы Шоқан сияқты саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, туған халқын көтермелейтін, еліміздің бетке ұстар азаматтары болсын деген ниетпен ырымдап ұлы ғалымның есімімен атадық.

F: Мектепте оқу ақысы қандай? Төлем қабілеті жоғары топқа арналған орталық деуге бола ма?

— Оқу ақысына келетін болсақ, 2023–2024 жылында бір ай оқу төлемі — 400 мың теңге құрады (өткен жылы оқу бағасы 30 пайызға аз болған). Біз төлемақыны тек үш жылдан кейін көтеріп отырмыз. Жылдың тоғыз айы ғана төленеді, осы төлемге көптеген үйірмелер (музыка, керамика, роботтехника, шет тілдер) және асханада берілетін үш мезгіл тамақтану кіреді. Төлем қабілеті жоғары топқа арналады деп айта алмаймын, өйткені басқа да біздің деңгейіміздегі жеке мектептермен салыстырған кезде оқу ақымыз ортаңғы қатарда деп есептеуге болады. Тағы да айта кететін жайт, жыл сайын біздің мектепте дарынды балаларға арналған гранттар қарастырады. Әр жыл сайын гранттар санын арттыруға тырысамыз. Бұл әрекет оқушылардың арасында адал бәсекелестікке әкеледі және оқу ақысын қалтасы көтере алмайтын ата-аналарға керемет мүмкіндік деп айта аламын.

Фото: © Мектептің баспасөз қызметі

F: Мектеп салу, білім саласын алып жүруді табысты бизнес деп айтуға бола ма?

— Біздің мектептің ашылғанына тек үш жыл болды. Әзірше табысты бизнес деуге әлі ерте. Бүгінге қойған мақсатымыз — білім деңгейімізді көтеріп, мектеп түлектері тек еліміздің ғана емес, әлемнің ең үздік жоғарғы оқу орындарына түскенін көздеп отырмыз.

F: Карантин, пандемия білім саласы үшін күтпеген соққы болды, еліміздегі білім деңгейінің кемшін тұстарын анық көрсетіп берді. Болашақта соған ұқсас қандай тәуекелдер болуы мүмкін?

— Әрине, пандемия ешкімге оңай соққан жоқ, карантин кезінде тек білім саласында да теріс әсерлер болды. 2020–2021 жылдар мектебіміздің енді ашылып жатқан кезіне тура келіп қалды. Ол кезде оқушылар саны өте көп болмады және бітіруші сыныптары болмағаннан ба, қатты қиналдық деп айта алмаймын. Алайда сол кездер біз үшін үлкен тәжірибе болды. Егер болашақта осыған ұқсас жағдай болса, білікті ұстаздар мен мамандар ондай қиыншылықтарға дайын. Әсіресе қазіргі кезде әр баланың қабілетін біле тұра, болашақта оны қалай дұрыс жолға бағыттайтынымызды жоспарлай аламыз.

Фото: © Мектептің баспасөз қызметі

F: Мемлекеттік білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті мамандар дайындауға үлес қоса ала ма? Он екі жылдық оқыту оған көмектесе ме?

— Енді біз жас мемлекетпіз ғой. Жаңадан егемендікті алған кезде бұрынғы кеңес кезіндегі оқу бағдарламасын қолдандық. Қазіргі кезде жаңадан көптеген мектептер ашылып, оқу бағдарламалары енгізіліп, енді-енді өзіміздің қазақстандық білім моделін құрып жатырмыз. Мысалы, Ұлыбритания елін алатын болсақ, ол мемлекеттің білім беру тарихы 870 жылды құрайды екен. Сондықтан, бүкіл әлем сол жерде оқуға тырысады. Мұндай дәреже тек уақыттың және тәжірибенің әсерінен туындады. Бізге де уақыт керек, нәтижелерді тек жылдар өткеннен кейін түсінетін боламыз.

Фото: © Мектептің баспасөз қызметі

F: Өзге жекеменшік мектептермен бәсекелестік бар ма? Олардан қандай артықшылықтарыңыз бар?

— Адал бәсекелестік әрқашан да жақсы. Әсіресе тұтынушылар үшін. Небір жақсы мектептер ашылса, елге соғұрлым пайдасы тиеді. Алдында айтып өткендей, біздің мектептің түлегі Шоқан Уәлихановтай өз заманындағы озық ойлы, терең білімді, елінің нағыз жанашыры болса екен деп үміттенеміз және сондай болашақ азаматтарды көз алдымызға елестетеміз. Мектепті ұлы тұлғаның есімімен атағанымыз да сол себептен.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить