Ағартушы бизнесмен

2753

Соңғы жылдары елімізде бірнеше мектеп ашқан кәсіпкер кедейлікпен күресудің тиімді жолын тапқанына сенімді

Айдын Рақымбаев
Айдын Рақымбаев
ФОТО: © Андрей Лунин

Көпшілік Айдын Рақымбаевты Forbes Kazakhstan тізіміндегі (№12) кәсіпкер әрі меценат ретінде таниды. Соңғы жылдары ол бизнестен бөлек еліміздің білім беру саласында да ірі жобаларды іске асырып жүр – бірқатар мектепке рекордтық инвестициялар құйды. Кәсіпкерден заманауи білім беру жүйесі неге көңілінен шықпайтынын, мектептер ашуға не түрткі болғанын, ел экономикасын дамыту мен білімді қоғамның арасында қандай тығыз байланыс бар екенін түсіндіріп беруді сұрадық.

30 жылға созылған стагнация

Соңғы жиырма жылда технологиялардың дамуы, күнделікті өмірдегі өзгерістердің жылдамдығы адам сенбес деңгейге жетті. Бұрын қиял көрінетін дүниелер бүгін үйреншікті нәрсеге айналды: көліктердегі автопилот режимі, роботтандырылған өндіріс, өздігінен қонатын ракеталар, донорлыққа қолдан өсірілген ішкі құрылыс мүшелері… Мұның барлығы кезінде Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Германия сияқты елдер білім беру саласын дамытуды басты мақсат етіп қойғанның арқасында мүмкін болды. Инновациялар мен технологиялар әлемді дамыған елдер мен көштен қалып бара жатқан елдер деп бөліп жатқандай. Көштен қалып қалмас үшін, елімізге жоғары сапалы адами капитал қажет. Демек, мектептегі білім беру жүйесі ұлт деңгейінде басымдыққа ие болуы шарт.

Қазіргі әлемде тек жоғары білімді ұлт бәсекеге қабілетті бола алады. Осы ретте мектептердегі білім беру жүйесі қынжылтады. Қазақстан оқушыларының шамамен 45%-ның үлгерімі төмен саналады. Ауылды жерлерде бағаны қалай көтермелейтінін еске алсақ, бұл көрсеткіш те шындыққа жанаса қоймайтынына көзіміз жетеді. Демек, болашақта халықтың шамамен жартысы бәсекеге қабілетсіз болады деп болжай аламыз ба? Мәселені қолға алмасқа болмайды деп есептеймін.

Соңғы он жылда BI Group студенттер мен жоғары оқу орындарының түлектері үшін тағылым бағдарламаларын ашты, оларға 1400‑ге жуық студент қатысты. Өзге компаниялар сияқты, біз де теория мен практика арасындағы үлкен айырмашылықты, білім мен қабілеттердің, сыни ойлау, аналитикалық дағды, тайм-менеджмент сияқты софт-скилдардың жетіспеушілігін аңғарамыз. Жағдайды талдау, балалармен үнемі әңгімелесудің арқасында мәселенің төркіні тек жоғары білімде ғана емес, кейде мектеп бағдарламасының да осалдығында екенін түсіндік.

Біріншіден, соңғы отыз жылда орта білім беруде шектен тыс өзгерістер енгізілгеніне, көп жағдайда олар фрагменттік сипатқа ие болғанына куә болып келеміз. Жаңа пәндер мен курстар білім берудің ескі мазмұнына (алмастырылып емес, қосылып) енгізіле берді. Бұл өз кезегінде оқу процесін күрделендіріп, тым көп теориялық ақпараттың берілуіне әкелді.

Оңтүстік Кореяның орта және жоғары мектебінде бар-жоғы 7 пәннен сабақ беріледі, Финляндияда — 8, ал Қазақстанда — 15 (!), сенесіз бе?

Біздің ел мен батыс және азиялық елдердегі балалардың жасы мен танымдық қабілеттерінде еш айырмашылық болмаса да, берілетін пәндердің саны мен көлемінде айтарлықтай өзгешелік бар. Мысалы, егер қазақстандық балалар шетелдік бағдарламалармен білім ала бастаса, өзге елдердегі құрдастарымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алады. Мұны біздегі мектептердің тәжірибесінен көріп жүрмін.

Қазақстандық білім беру моделі кеңестік жүйеден көп нәрсе сіңірген. 1959 жылғы КСРО Типтік оқу жоспарын салыстыру кезінде таңғалғанымызды көрсеңіз! Республикамызда бүгін қолданыста жүрген ТОЖ-дың (типтік оқу жоспары) 80%-ы мазмұны бойынша кеңестік жоспармен сәйкес келді. Ескі әдістермен, ескі қарумен күресіп жүріп, жеңіске жету мүмкін бе?

Екіншіден, педагогикалық кадрлар мәселесі. Жаңа буын ерек-шеліктерінің (ұрпақтар теориясы) ескерілуі төмен. Біз компьютермен есейген шағымызда таныссақ, бүгінгі ұрпақ үшін ол кішкентайынан қалыпты нәрсе болып саналады. Соған қарамастан, көп жағдайда балаларды ғасыр бұрынғы тәсілдермен оқытып жатады. Оңтүстіктегі ұстаздардың 80%-ы сырттай оқып білім алғаны да білім беру процесінің сапасына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Сонымен қатар, өз ісі мен миссиясына адал ұстаздар қауымының да еңбегін ескеру қажет.

Үшіншіден, мектептердің инфрақұрылымы да сапаға зор әсерін тигізеді. Халық саны 14‑тен 20 миллионға дейін өсті, бұл қуантарлық жағдай. Бірақ әлеуметтік инфрақұрылымға жүктеме арта түсті. Екі, үш ауысымды мектептер — өзекті мәселенің бірі, әсіресе Алматы, Шымкент қалаларында, оңтүстік және батыс өңірлерде. Әрі бір сыныпта 40 оқушыға дейін отырады. Ғалымдардың айтуынша, ми ең тиімді жұмыс істейтін уақыт — таңертеңгі, түске дейінгі мезгіл. Осы уақытта ақпарат тез қабылданады. Нәтижесінде, бірінші, екінші және үшінші ауысымда оқитын оқушылардың білім сапасында үлкен айырмашылық болады. Мұндай жағдайда қолжетімді бағаға қосымша шығармашылық немесе спорт үйірмелерін ұйымдастыру да мүмкін емес. Сондықтан, кез-келген ауысымда оқитын балалардың барлығы қиналады. Көп бала мектепте баруға тіпті құштар да емес, өйткені мұғалімдер сыныпта оқушы көп болған соң бәріне бірдей көңіл бөле алмайды, олардың секциялар мен үйірмелерге қатысу мүмкіндігі жоқ.

Төртіншіден, мектептегі білім сапасына әсер ететін басты себеп — бастауыш мектептегі білімнің негізін қалайтын мектепалды даярлықтың айырмашылықтары. Мысалы, Сингапур мен Оңтүстік Корея міндетті түрде сапалы екі жылдық мектепке дейінгі білім беруге көп көңіл бөледі. Ол жақтағы балалар мектептің 1‑сыныбына дайындалып, біздің балаларымызды ең басынан білім деңгейі бойынша басып озады.

Оқушылардың дағдыларын толыққанды зерттейтін PISA зерттеуіне 2018 жылы қатысқан 79 мемлекеттің ішінде еліміз Уругвай, Панама және Ливан арасында 69‑орынға жайғасты. Қазақстандық оқушылар білімі мен дағдылары бойынша қытайлық құрдастарынан екі жылға артта қалып келеді!

2023 жылдың PISA нәтижелерін алаңдаушылықпен күтіп отырмыз, десе де, жағдайды дұрыстауға белсенді атсалыссақ, бәрі оңалады деп үміттенемін. Өз басым PISA рейтингінде Қазақстан әлі де төмен позицияға түседі деп болжаймын.

Қазақстандық оқушылар қатысатын халықаралық олимпиадаларды көп жағдайда беделді деп айту қиын. Ең мықты сайыстарда жеңіске жететін оқушыларымыздың саны тым аз. Оның үстіне, олар қатардағы мектептердің емес, дарынды балаларға арналған арнайы мектептердің оқушылары болып жатады. Бұл футболшыларды Еуропа не әлем чемпионатына емес, Оңтүстік-­Шығыс Азияның екінші дәрежелі ойындарына жіберіп, халықаралық футбол додасында жеңіске жеттік деп жариялаумен бірдей.

Мектептегі білім берудің сапасы мен жүйелі өзгерістер туралы ойланатын уақыт келді. Қуантарлығы, соңғы жылдары мемлекет өзгерістерге, заман талаптарына жауап беруге тырысып келеді. Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі азаматтық қоғам мен бизнес өкілдерін өзекті мәселелерді шешуге тартуда. Білім саласындағы мемлекеттік-­жекеменшік серіктестік бағдарламалары инновациялардан жұмыс істейтін құралдарға айналуда, мұны өз жобаларымыздан да көріп жүрміз.

Білім беру саласына неге келдім?

Бизнесің енді аяқтанып келе жатқанда, бұл мәселе ойыңа кіріп те шықпайды. Кәсібіңді жолға қойып, компанияңды құрып болған соң, қоғамның өзекті мәселелерін ойлап, өз септігіңді тигізгің келе бастайды. Президент те ірі қазақстандық бизнесті білім беру саласын дамытуға, азаматтық құрылыс процестеріне белсенді атсалысуға, ел мен қоғамның дамуына үлес қосуға шақыруда. Бұл да қосымша импульс береді.

Тіпті іс-сапарларға шыққанда өз бағдарламама міндетті түрде шетелдік мектептерді аралауды қосып, атақты профессорлар мен оқытушылармен білім беру саласын дамыту мәселелерін талқылаймын.

ФОТО: © Андрей Лунин

Білім мәселелерін шешуге көмектесетін идеялар мен жобаларды іске асыру үшін әр түрлі салада PhD деңгейін қорғаған 17 практик сарапшыдан тұратын мықты команда жиналып, «Білім Болашағы» коммерциялық емес білім беру қоры құрылды. Сингапур, АҚШ, Финляндия сияқты мемлекеттерден халықаралық сарапшылармен ұзақ мерзімді жүйелі жұмыс жасап жатырмыз, себебі білім саласы өте сезімтал, өзгеріс енгізуді бастасаңыз, соңына дейін жеткізу керек.

Соңғы жылдары білім саласына салған инвестицияларымыз 200 миллион долларға жетті. Бұл БИНОМ және QUANTUM мектептерінің құрылысына кеткен 180 миллион доллар, одан бөлек, жұбайым Анар екеуміз Бурабайда IQanat мектебін салып, іске қосу үшін өз қаражатымыздан 20 миллион доллар бөлдік.

Үш жыл бұрын Гарвардта болғанда, досым Берік Қаниев екеуміз ойластырып, QUANTUM мектептер желісін іске асыруды бастадық. Бұл мектепте математика алдыңғы орынға қойылатын, STEM элементтерін үйлестіретін, технологиялар мен ағылшын тіліне басымдық беретін сингапурлық білім моделі орнаған. Қазақилықты, тарих пен әдебиетті де естен шығармайды. Қазіргі мақсатымыз — орташа чекті екі есеге дейін түсіріп, көпшілік ата-аналарға қолжетімді етіп, сонымен қатар ең мықты халық-аралық мектептер деңгейінде білім беру.

Елордамызға келсек, бұл ең алдымен, мемлекеттік мектептерге жүктемені төмендету. Жеке мекемелердің инвесторлары білім беру шығындарының едәуір бөлігін көтереді, бұл мемлекеттік бюджетке ауыртпашылық түсірмеуге де көмектеседі. Бүгін көптеген бизнесмендер және өзге де топтар жекеменшік мектептер ашу ісіне араласып жүр. Мемлекетпен серіктестікте ортақ мәселені шешуге талпынудамыз — бұл керемет нәрсе.

Қаражат табу мүмкіндігі аз

Білім беру саласында ақша табу мүмкіндігі өте аз. Мысалы, біз жаңа үлгідегі БИНОМ мектептер желісін мемлекетпен серіктестікте қатаң қаржылық шарттар мен талаптар жағдайында құрдық. Егер жекеменшік мектептерде меншік иелері бағаны көтеріп, инфляцияның әсерін теңестіре алса, белгілі бір табыс таба алады. БИНОМ мектептері мемлекеттік-­жекеменшік серіктестік механизмі негізінде құрылды. БИНОМ мектептерінде оқитын балалардың ата-аналары ақы төлемейді. Қаржыландыру дәл мемлекеттік мектептердегідей. Сондықтан несие алуға мәжбүрміз, ал банктер болса, ешқашан мұндай жағдайға тап болмаған, алғашқы кезде несие беруден үзілді-­кесілді бас тартты. Кейін келіскенмен, қатаң шарттар қойылды. Онымен қоса, холдингіміз жыл сайын барлық қаржылық сұрақтар тексерілетін BIG4 кешенді аудитінен өтетінін естен шығармаңыз.

Мектептердің қызметін қамтамасыз ету үшін коммерциялық емес ұйым форматында басқарушы компания құрылды. Оның басшылығына қойған талабымыз ақша табу емес. Басты мақсат — біздің мектептерде сапалы және қолжетімді білім беруді қамтамасыз ету. Бүгін БИНОМ мектептерінде 22 мыңға жуық оқушы білім алуда, жыл соңына дейін 30 мыңға жетеді. Міндетіміз 4–5 жыл ішінде білім сапасын кемінде 20%-ға арттыру.

Біз қолданыстағы жүйені сынға алмаймыз, мұны әлеуметтік желілерде кез-келген адам жасай алады. Керісінше, мемлекетке жүйені жақсы жаққа қарай өзгертуге көмектесуге тырысамыз, өйткені негізгі басымдық — қазақстандық оқушыларға үздік болып суырылып шығуға мүмкіндік беретін сапалы отандық білім берудің жолын іздеу. Бұл жолда мемлекеттік қаражатты қолданбаймыз, керісінше, өз қаражатымызды инвестициялаймыз.

IQanat-тың артықшылығы неде?

Жалпы, IQanat бағдарламасы — ауыл балаларын мақсатқа қол жеткізуге ынталандыру. IQanat мектебінде 200 бала оқиды, ал егер білім беру орталығына келіп, түрлі тренингтерге қатысатын балаларды есептесек, онда саны ондаған мыңға жетеді.

Бұл жобада біз қамқоршылармыз, аудан мен облыстан бастап республикаға дейін әр түрлі деңгейдегі жүзден астам кәсіпкерлер атынан, өңірлердің атынан өкілдік жасаймыз, IQanat бағдарламасының жұмысын қамтамасыз етеміз, соның арқасында жыл сайын 40 мың ауыл баласы бағдарламаға қамтылады. Қамқоршылар елордада өткізетін IQanat олимпиадасына өңірлерден және ауылдардан келген балалардың барлық шығынын өз мойнына алады, оларды оқытуға қаражат бөледі.

Біз балаларды қалай таңдаймыз? Бірінші турға 40 мыңға жуық бала қатысады, екінші турға 8 мың оқушы іріктеледі. Екінші турдан кейін 800 бала қалады, олар Астанаға бес күнге шақырылады, онда олар үшін академиялық және психологиялық тренингтер, шеберлік сыныптары бар бағдарлама ұйымдастырылады. Нәтижесінде стипендия алатын жүз финалист таңдалады, қалғандарымен қашықтан жұмыс жасалып, қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, балаларды жыл бойы еліміздің барлық аймақтарынан оқу сессияларына мектепке әкелеміз, балалар бір-бірімен араласып тұрады.

Біздің мектептің оқушылары арттарынан ерген өзге оқушыларды ынталандырады, ақыл-кеңесін бөліседі, бойында өзіне деген сенімді ұялатады. Осылайша, мектеп оқушылары арасында сабақтастық пайда болады. Яғни, басты міндетіміз — ең ақылдыларын іріктеп алып, оларды одан сайын ақылды ету емес, ондаған, жүздеген мың ауыл балаларын оқуға ынталандыру, оларды білім мәдениетімен таныстыру, үлкен жетістіктерге итермелеу.

Нәтижесінде IQanat бағдарламасының жүздеген қатысушылары АҚШ, Гонконг, Еуропа және Азиядан келген шетелдік жоғары оқу орындарынан шақыртулар алып, грант иегерлері атанды. Бұл да ауылдағы балалар үшін зор мотивация.

Ауыл мектептерін дамытуға бағытталған тағы бір жобам — 7 жыл бұрын пайда болған Ыбырай мек-тебі (34 жыл бұрын оқу бітірген Шығыс Қазақстандағы туған ауылымдағы мектеп). Ол 120 оқушыға арналған. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, іске қосу үшін шамамен 2 миллион доллар инвестицияланды. Үздік шетел тәжірибесін біріктіріп, ауыл мектебінің бірізді білім беру моделін қалыптастырдық. Бұл жай мектеп қана емес, бүкіл ауыл тұрғындарын біріктіретін ерекше Community Center. Оқушылар ғана емес, ата-аналары да қызығушылықтарына сай іс таба алады. Біреу компьютер меңгереді, спортзалға, кинотеатрға, кітапханаға және түрлі шеберханаларға барады. Осылайша, біз мектептің беделін арттырамыз, жергілікті қоғамдастық үшін орталық құрамыз, мектепті ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанға айналдырамыз. Біріншіден, оқушылардың үлгерімі артса, екіншіден, басқа ауылдар да осы модельді игерсе дейміз.

Қоғам өзгерістерді қабылдауға дайын емес

Кез-келген инновация қоғамның кертартпалығымен күресуге мәжбүр. Мысалы, кәдімгі мектеп демалысын алайық. Былтыр оқу жылы екі аптаға ұзартылуы мүмкін деген жаңалықты қоғам тым қатты қабылдады. «Балаларды жайына қалдырыңдар» деген пікірлер айтылды.

Біздің елде балалар үш ай демалады, Қытайда екі ай, ал Жапонияда бір айдан сәл асады. Америкалық ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, жазғы демалыс неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым балалар білімдерін (шамамен 25%-ын) естерінен шығарып алады. Ұзақ демалыс — кеңес заманынан бері жалғасып келе жатқан дәстүр. Неліктен бұлай болды? Себебі балалар жазда бақшада, совхозда, жайлауда, егін жинауда жұмыс істеді. Ауылда тағы бір бесінші «еңбек тоқсаны болады» деп әзілдейтін. Кейде ол жұмыстар қыркүйекке дейін созылатын. Балалар картоп қазып, мақта жинады. Бұл режим сол уақыт үшін қажет болды. Қазір мұндай қажеттілік жоқ. Жазғы демалыс екі айға созылса, қазіргі уақытта сол оңтайлы шешім болмақ.

ФОТО: © Андрей Лунин

Қазіргі ата-аналар посткеңестік кезеңде тәрбиеленген, сондықтан оларға мұны қабылдау қиынырақ. Цифрлық заманда туған бүгінгі бірінші сынып оқушылары 2033–34 жылдары мектеп бітіреді. Оларды не күтіп тұрғаны, қандай қабілеттер мен мамандықтар қажет болатыны белгісіз. Сондықтан мектептің басты міндеті — балаларды болашақ өзгерістерге дайындау. Балаларды шынайы өмірге дайындаудың орнына, біз оларға түк маңызы жоқ ақпарат беруден шаршамаймыз.

Кеңес дәуірінде білім беру жүйесі нарықтық экономикаға сәйкес келмейтінін, ол жоспарлы экономиканың қажеттіліктерін шешуге бағытталғанын мойындайық. Бүкіл адамзат креативті экономикаға ұмтылғанда білім беру жүйемізді әлемдік трендтерге икемдеуіміз қажет.

Эстонияның тәжірибесі бізге мысал бола алады. Ұлттық бюджеті көп жұмсалмаса да, бұл ел әлемдегі ең тиімді білім беру жүйелерінің бірін құра алды. Мұны 2018 жылы PISA рейтингі растады, Эстония Канада мен Финляндиямен қатар үздік үштікке кірді. Бұл шынымен ой салатын нәрсе, еліміз де сондай жетістікке жетуі бек мүмкін.

PISA мәліметі бойынша, Қытай басқа озық елдер сияқты білім сапасы бойынша бірінші орынға нық қадам басып келе жатыр. Қытай өзінің білім беру жүйесін жетілдіруді бастау үшін елдің бай болған сәтін күткен жоқ. Білім беру жүйесін модернизациялау арқылы ғана ол өзінің материалдық әл-ауқатын күрт жақсарта алды. Жапония да, Норвегия да адами капиталдың сапасы жақсарғаннан кейін, білім беру сапасын жақсартқан соң бай елдерге айналды.

Әлемнің тек 23 елінде 11 жылдық білім бар. Бізден басқа, Гондурас, Солтүстік Корея, Ресей сияқты елдер осы жүйеде сабақ береді. Ал 120 елде он екі жылдық білім қолданылады. 56 ел тіпті он үш жылдық білімге көшті (Австралия, Швейцария, Италия және т. б.). Яғни, біз артта қалған елдердің 12%-на кіреміз!

Қазақстандық балалар мектепті 16–17 жасында тым ерте бітіреді, ал Америкада, Австралияда, Швейцарияда, Норвегияда мектеп түлектері 18–19 жаста. Оқу ұзақтығының артуы мектеп бағдарламасының шектен тыс қарқындылығын азайтуға, алынған білімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл жаста адам мамандық пен студенттік өмірді саналы түрде таңдауға дайын болады. Мойындайық, 16–17 жастағы балаларымыз ересек өмірге дайын ба? Біз өзіміз оларды тәуелсіз өмір сүруге жіберуге дайынбыз ба?

Әрине, біз мұғалімдердің біліктілігін арттыруымыз керек. Мұғалімдердің жалақысын көтеру өте жақсы шешім. Бірақ бұл өрт сөндіру сияқты уақытша шара. Елімізде педагогикалық мамандықтарға қабылдау принципі ұзақ уақыт бойы қате қағидат бойынша жұмыс істеп келеді. Бақытымызға орай, соңғы жылдары бұл мамандыққа түсу шегі көтерілгеннен кейін жағдай аздап жақсарды. Сонымен қатар, соңғы екі жылда мұғалімдердің жалақысы айтарлықтай өсіп, бәсекеге қабілетті болғанын атап өткен жөн. Бірақ ұстаз мамандығының беделін арттыру үшін әлі де жұмыс істеу керек.

Мысалы, Сингапурда үздік түлектердің тек үш (!) пайызы мұғалім бола алады, өйткені бұл мамандықтың беделі өте жоғары. Сондықтан бізге озық әлемдік тәжірибені меңгеруге негізделген ұзақ мерзімді стратегия қажет. Финляндияда жиырма жылдан астам уақыт бойы мемлекет жүргізіп келе жатқан «болашақ жұбайымның кәсібі» сауалнамасы бар. Үйленбеген, тұрмысқа шықпаған азаматтардан қай кәсіптің өкілі күйеуі немесе әйелі болғанын қалайтынын сұрайды. Мұғалімдер бұл рейтингте жылдар бойы жеңіп келеді. Ал қазақстандықтар кімді таңдар еді?

Педагог кадрлардың сапасы мен беделін көтеру үшін BI Group-та Астанада жаңа форматтағы педагогикалық университет құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз, онда білім беру саласында халықаралық деңгейдегі жоғары білікті кадрлар даярланатын болады. Жобаны дамытудағы серіктесіміз — жетекші зерттеу білім беру нысаны (U. S. News&World Report Top‑100) және QS 2022 пәндік рейтингіне сәйкес АҚШ-тың топ‑10 оқу орнының құрамына кіретін Мичиган университеті. 180 гектар учаскеде жаңа ЖОО салып, оны дамытуға он жыл ішінде шамамен 200 миллион АҚШ долларын инвестициялау жоспарлануда. Жобаның мақсаты пайда табу емес, педагогикалық кадрлардың сапасын дамыту екенін тағы да атап өтемін. Стэнфорд немесе Гарвард тұжырымдамасына сәйкес, университеттің шарықтау шегі, дамуы елу жылдан кейін орын алатынын түсінеміз.

Бюджет балаларды оқытпауға жұмсалуда

Экономика саласындағы 2019 жылғы Нобель сыйлығы үш ғалымға — Абхиджит Банерджи, Эстер Дюфло және Майкл Кремерге кедейлікпен күреске қосқан үлесі үшін табысталды. Олар жасаған зерттеумен мұқият таныса келе өте маңызды инсайт алдым: кедейлікпен күресу — бұл қарыз беру не гранттар емес.

Кедейлікпен күресудің ең тиімді әдісі — білімі бойынша артта қалған студенттерге өз құрдастарын қуып жетуге көмектесу! Бұл кедейлердің санын азайтуға қалай көмектеседі? Біріншіден, өз құрдастарын «қуып жеткен» оқушының колледжге немесе жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі бірдей, бұл кейіннен оған жақсы табыс табуға мүмкіндік береді. Екіншіден, өз-өзіне деген сенімі артады, ал бұл оның өмірде жетістікке жету қабілетіне әсер етеді.

Қаражаттың маңызды екенін түсінемін, бірақ армандап көрейікші! Ресми мәліметтер бойынша, ұлттық қорымызда шамамен 60 миллиард АҚШ доллары бар. Бұл ақшаның он пайызын білім беру жүйесіндегі өзгерістерге, педагогикалық жоғары оқу орын-дарына және қазақстандық мұғалімдерге, мектептерді жаңартуға инвестициялаған дұрыс болар еді. Өйткені Ұлттық қордағы миллиардтаған долларды болашақтағы сауатсыз азаматтар үшін үнемдеп сақтағаннан гөрі, сауатты әрі білімді азаматтардың көбеюіне инвестиция ретінде дәл қазір жұмсаған дұрыс емес пе?

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить