Туристік сала: Саяхатқа негізделген стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер жоқ емес
Алдағы 20 жылда әлем бойынша әуе қатынасын таңдайтын саяхатшылар саны 4 млрд адамға артып, 2043 жылға қарай 7,9 млрд адамды құрауы мүмкін

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ІАТА) мамандары өз зерттеулерінде осындай болжам айтады. ІАТА сарапшыларының пайымынша, жаһандық әуе тасымалының тұтас бір бөлігін Азия-Тынық мұхиты аймағының тұрғындары құрайтын болады.
Бұл мәлімет Amadeus Travel Trends 2025 есебіндегі деректерге де сай келеді. Мысалға, 2016–2023 жылдары Қытайдың Чэнду қаласынан шет елдерге саяхатқа аттанған туристер санының көрсеткіші 66%-ға, яғни 35,2 млн жолаушыға дейін, ал Үндістан астанасы Делиден өзге елдерге аттанған туристер көрсеткіші 31%-ға еселеп артқан. Сол сияқты, 2023 жылы мұндағы әуе жолаушыларының саны 30 млн адамнан асып түскен.
«Азияда қазір туризм саласы қайта жанданып жатыр, оның сыртында біз бүгін оңаша саяхатты таңдайтындар саны арта түскенін байқап отырмыз, өйткені адамдар цифрлық әлеммен ғана шектелмей, шынайы табиғи әлемнің сұлу көрінісін тамашалаудан бас тартқан жоқ», — дейді Amadeus компаниясының коммуникациялар жөніндегі вице-президенті Дэниел Бэтчелор.
Қытай мен Үндістаннан бағыт алған әуе жолаушыларының легі біздің елде де арта түскен: 2024 жылы бұл елдер Қазақстанға келген туристер саны бойынша, сәйкесінше бірінші және екінші орындарға жайғасқан. Әрине, қытайлық туристер біздің елге бұған дейін де көптеп келетін, ал үндістандық саяхатшылардың үлесі былтырдан бері артып келеді.
Lufthansa Innovation Hub мамандарының пікірінше, Үндістанның орта тап өкілдерінің сыртқы туризмге деген қызығушылығына визаға қатысты шектеулердің жеңілдеуі серпін берген көрінеді. Дегенмен, Үндістан азаматтарының паспортын әлем бойынша «ең мықты» дейтін төлқұжаттар қатарына жатқыза алмаймыз, бұл елдің азаматтары бар болғаны 50 елге визасыз саяхаттай алады. Бірақ осы 50 елдің құрамында Қазақстан да бар және Делиден Алматыға дейін ұшақпен қатынауға әрі кетсе үш жарым сағат кетеді. Былайша айтқанда, отандық туристік сала үшін бұл жаңа мүмкіндік, әсіресе саяхат саласына негізделген стартап жобалар үшін. Айталық, қазақ жерінің ғажайып мекендері туралы цифрлық өнімдер әзірлеп, оларды жалпы Үндістан нарығы аясында масштабтап ұсынуға болады.
Айтқандай, Amadeus Travel Trends 2025 есебінде жоғарыда біз тоқталған Азиядағы туристік дүрбелеңнен бөлек тағы төрт тартымды тренд мысал етілген.
Олардың біріншісін — өткен жылдарға саяхат деп сипаттауға болады. Бүгінгідей тоқтаусыз өзгеріске ұшырап, түрленіп жатқан өмір ырғағында адамдар өткен күндердің жаймашуақ қарапайым тұстарын еске алып, аңсауы табиғи құбылыс. Сағыныш тербеуі оларды бір кездері өздерін қуанышқа, шаттыққа, мүмкін тіпті жаңа шабытқа жетелеген студенттік жылдарға немесе бақытты балалық шағына шақыруы мүмкін. Яғни, Ескендір Хасанғалиев пен Қадыр Мырзағалиев ағаларымыз: «Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем» деп жырлаған Атамекен, туған өлке қашанда көкейіңде жатады емес пе?! Туристік салаға негізделген қазақ стартаптары үшін жаңа идея: ірі қалалардың жасанды келбетінен шаршаған туристер қауымына өткен күндердің естелігі ретінде туған жерге деген сағыныштың орнын толтырар ұсыныс жасау, оның ішінде шынайы саяхат түрінде де және цифрлы әлемнің мүмкіндіктерін қолдана отырып та.
Amadeus сарапшыларының екінші идеясы — әуе жолаушыларына арналған дербес ұсыныс дегенге саяды. Олардың болжамынша, жасанды интеллект пен 5G мобильді байланысының және виртуалды шындық технологияларының (VR) арқасында 2025 жылы әуе қатынасымен саяхаттаушы жолаушыларға арналған бірегей ұсыныстар мүмкіндігі жаңа деңгейге шығады. Мысалға, әуе кемесінің бортында қолданылатын ойын-сауық жүйелерін жаңартып, модернизациялау негізінде жолаушыларға мультимедиалық ең жаңа контент ұсыну ықтималдығы алға шығады. Және бұл тұрғыда оларға арналған ұсыныс жай ғана кинофильмдер мен телесериалдарды тамашалап, музыка тыңдау дегенмен шектелмейді. Ендігі кезеңде, тіпті ұшақта отырған жолаушының жеке талғамына сай тауарлардың жарнамасынан бастап, сол тауарды сатып алу мүмкіндігі де ойдағыдай жүзеге асуы мүмкін. Өзіңіз ойлап көріңізші, жолаушы ұшақ бортында отырып-ақ сауда жасау мүмкіндігіне ие болады…
Әрине, жолаушылар өзі қалаған контентті тамашалаудан да кенде қалмайды, әсіресе, Starlink сынды провайдерлер ұсынатын жоғары жылдамдықтағы сымсыз интернеттің кең тарауын ескерсек. Сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта әуе компаниялары өз жолаушыларына виртуалды шындыққа негізделген гарнитура ұсынуға кірісетін тәрізді. Мысалы, биыл beOnd әуе компаниясы Мальдив аралдарына ұшқан премиум санатындағы жолаушыларына Apple Vision Pros құрылғысын ұсынған.
Amadeus белгілеп берген үшінші тренд — бірегей даралығымен ерекшеленетін отельдерге қатысты. Мысалға, бүгінгі таңда Кениядағы қонақ үйлерінің бірі қалпына келтіріліп жөнделген мозамбиктік желкенді қайықтарда (dhow) серуендеуді, ал Швециядағы отельдердің бірі көне заманның тылсым құпиясын ашуға жетелейтін ұсыныстарын алға тартуда.
Саяхат саласындағы стартапшылар үшін тағы бір қызықты ұсыныс — шынайы өмірде ел аралап, жаңа адамдармен танысу, маңайдағы жұртпен араласып, жылы қатынас орнату, мүмкін тіпті адал дос, асыл жар табу дегенге келіп тіреледі. Amadeus сарапшыларының айтуынша, қазіргі таңда көптеген елдерде саяхатшылар мобильді қондырғыларды жауып, өз бетімен жеке-дара сапар шегуге ден қоюда. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы осы сынды оқшау саяхаттар саны 15,6%-ға артты деп көрсетеді Amadeus мамандары өз зерттеулерінде. Олардың пайымынша, 2024 жылдың алдын ала қорытындыларына сай бұл көрсеткіш тағы 9,2%-ға ұлғаюы әбден мүмкін. Жаңа таныс, достық қатынас іздеген саяхатшылардың топтасқан және оқшау сапарлары тұрғысында компания мамандары осындай болжам жасайды.
Айтпақшы, саяхатқа аттанған жалғызбасты туристерді бір-бірімен таныстыруға талпынған қонақ үйдің бірі америкалық The Standard бутик отельдерінің желісі. Танымал режиссер София Копполоның Lost in Translation (2003) фильмі естеріңізде ме? Осы фильмдегі идеяға негізделген The Standard өз қонақтарына бір-бірімен танысып, қарым-қатынас орнатуға жол ашатын мобильді қосымша ұсынған. Бұл ұсыныс тек отельде тұрған кезде ғана өзекті болды, яғни отельдегі номерді өткізген соң мобильді қосымшадағы жолаушы туралы барлық мәлімет толық өшірілді. Бірақ дәл қазір аталған құрылғы өз жұмысын толық тоқтатты. Мүмкін, америкалық отельдің бұл ұсынысы дәл қазір өзекті болмаса керек.