Нейрожелі және бизнес

ЖИ тұтынушының желідегі әрекетін қадағалап, сараптап жүр

искусственный интеллект, шахматы, ИИ
Фото: © Depositphotos.com/yaakovberg@gmail.com

Бұрындары тек ғылыми-фантастикаға тән ұғым болған жасанды интеллект бүгінгі таңда бизнестің күнделікті қарапайым құралына айналған. PwC Kazakhstan және Forbes Kazakhstan жыл сайын бірлесе жүргізетін қазақстандық бизнес иелері арасындағы сауалнама барысында ЖИ тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ. Онда отандық кәсіпкерлердің жасанды интеллектіге көзқарасы, технологиялық жаңа мүмкіндіктерді бизнесте қолдану әлеуеті және компаниялардың ЖИ қолдануға қатысты жоспарлары туралы әңгіме қозғалды.

Айта кетсек, «Қазақстандағы бірінші басшылар арасындағы сауалнама» атты талдаудың 13-ші кезеңі 2024 жылдың қарашасы мен 2025 жылдың ақпаны аралығында жүргізілді. Оған бүкіл Қазақстан бойынша бизнестің әртүрлі салаларынан 62 басшы қатысып, Қазақстан және жаһандық экономиканың даму бағыттары, отандық бизнесті қауіп-қатерден қорғау, генератив ЖИ енгізу, экологиялық таза технологиялар деген тұрғыда өз пікірлерін ортаға салды. Бүгінгі материалда біз осы сауалнамадан үзінді келтіріп, отандық бизнес өкілдері ЖИ мүмкіндіктерін өз бизнесінде қалай қолданып жүр деген сұрақтың жауабын іздедік.

Сауалнамаға қатысқан Kolesa Group компаниясының басшысы Дмитрий Ботанов жасанды интеллектінің интеграциясы әр деңгейде жүзеге асып жатқанын айтады. Оның сөзінше, дәл қазір нейрожелі аталған компанияда маркетингке арналған контент жасауда, кесте түрінде белгіленген күнделікті жұмыс барысында тұрақты қолданылады. Әрине, күрделі жобалар да жоқ емес. «Бізде «Гермиона» атты машиналық оқытуға негізделген қызмет бар. Ол Kolesa.kz-тегі хабарландырулардың 90%-ын іріктеп береді. Сосын қызметкерлер «Чак Норрис» деп атап кеткен робот бар. Қажет кезде ол клиенттерге қоңырау шалып, байланыс орнатады. Тағы бір шағын, бірақ өте пайдалы сервис– маркетинг бюджетін тиімді жұмсауға көмектеседі. Сөйлеу синтезі мен аналитикасы – кейінгі енгізілген жаңалықтардың бірі. Бұл жұмыс барысын айтарлықтай жеңілдетеді. Мысалы, робот бірнеше мың адамға қоңырау шалып, олардың арасында зерттеу жүргізе алады. Соның негізінде азғантай топқа ғана бағытталған болса да, нақты аналитикалық деректер алынады», - дейді Kolesa Group басшысы.

Дмитрий Ботанов, генератив ЖИ келешегінен мүлдем үрей күтпейтінін айтады, өйткені жаңа технологияның стратегиялық деңгейдегі жұмыстарды орындауға әзірше шамасы келмейді. «Қызметкерлер жұмыссыз қалады деп алаңдауға негіз жоқ, себебі іс жүзінде адамдар қазір интеллектуалды жұмыстарды бәрібір өздері орындап жүр, ал күнделікті атқарылатын бірсарынды шаруаларды нейрожеліге тапсыруға болады», - дейді ол.

Kazpetrol Group компаниясы да ЖИ мүмкіндіктерін мұнай барлауда пайдалануға ниет қойған. Компанияның бас директоры Ержан Тазабековтың айтуынша, биыл олар ЖИ технологияларын геология мен кен орнын игеру бағыттарына енгізуді жоспарлап отыр. Бұл технологиялар мұнай қабаттарын судан ажыратып алуға көмектеседі әрі ресурс шығынын азайтады деп түсіндіреді компания басшысы.

АЛ TSPM бас директоры Алексей Хегайдың айтуынша, генеративті ЖИ бұл компанияда мәтін мен визуал материалдарды өңдеу үшін пайдаланылады. Дегенмен, ол бұл технологияны жүйелі түрде қолдану коммерциялық тұрғыда әлі де қымбат деп отыр. «ChatGPT-де бір ғана сұраныс жіберу құны — 4 цент (21 теңге). Егер біз оны, мысалы, TS Online жүйемізге қоссақ, жылдық бюджет бір айдың ішінде-ақ таусылып қалады», - дейді Алексей Хегай.

Ол сондай-ақ, жасанды интеллект өз контентін өзі қайта өңдеп, тұйық циклге түсіп кету қаупі де бар деп ескертеді. «Қазір әлеуметтік желілерде ЖИ арқылы жасалған контентке арнайы белгі қою мүмкіндігі бар. Адамдар жасаған дүниені қолдана отырып, ЖИ өз контентін құрастырады. Ол интернетке таралады да, бір-екі жылдан кейін жасанды интеллект сол контентін адамдікі деп қабылдап, қайтадан пайдалана бастайды. Осындай қайталаудан кейін түсініксіз құбылыстар пайда болады – тіпті біртүрлі «мутация» жүреді, бұл қауіп тудыруы мүмкін», - дейді TSPM басшысы. Сондықтан да Алексей Хегай жасанды интеллект жасаған материалдарға арнайы белгі қою қажет деп есептейді: «Бұл ЖИ өзі бірнеше жыл бұрын жасаған контентін қайта өңдеп, ұсынбасы үшін керек».

Жасанды интеллект – компаниялардың қалыпты жұмысын және адамдардың күнделікті өмірін түбегейлі өзгерте алатын технология ретінде танылған құбылыс. Егер бұған дейін ол тек ғылыми-зерттеу саласында немесе стартаптар аясында қолданылып келсе, қазір оны әртүрлі ірі корпорациялар стратегиялық құрал ретінде пайдалана бастады. Мысалы, клиенттерге қызмет көрсетуді автоматтандыру жасанды интеллектінің ең кең тараған бағыттарының бірі. Amazon, Meta, Google сынды компаниялар пайдаланушылармен тілдесе алатын интеллектуал жүйе енгізіп отыр. Amazon Alexa дауыс арқылы тапсырма орындап қана қоймай, сауда жасауда, күнтізбе жүргізуде және үй құрылғыларын басқаруда көмектеседі. Чат-боттар тек қарапайым сұрақтарға жауап берумен қатар, нақты шешім де ұсына алады. Meta компаниясы өз платформаларында ЖИ көмекшілері арқылы бизнес-парақшалар мен клиент арасындағы коммуникацияны оңтайландырып отыр. DHL, FedEx, UPS секілді логистикалық алпауыттар ЖИ көмегімен жүк тасымалдау маршруттарын оңтайландырып, жеткізу уақыты мен шығынын азайтуда.

Маркетингке арналған контент жасау, аудиторияны сараптау, тұтынушы талғамын болжау – мұның бәрін енді ЖИ орындай алады. Coca-Cola, Nestlé, Unilever сынды брендтер жарнама роликтерінің сценарийін генератив жасанды интеллектіге жаздырып, визуал бейнелерді лезде жасатады. Нейрожелі тұтынушының интернеттегі әрекетін сараптап, оған сәйкес ұсыныстар жасайды. Мәселен, Netflix пен YouTube платформаларындағы ұсыныс жүйелері – осының жарқын мысалы. JPMorganChase, Goldman Sachs, Visa сынды қаржы ұйымдары жасанды интеллектіні транзакцияларды сараптауда, алаяқтық әрекеттерді болжауда және инвестиция стратегиясын жасауда қолданады.

ЖИ қазір заң саласында да құжаттарды оқып, түсіндіре алады, келісім шарттардағы қауіп-қатерді де анықтап береді. Бұл заңгерлер мен сарапшылардың уақытын үнемдеп, стратегия жұмысына назар аударуға мүмкіндік береді. Дегенмен, кей компаниялар тарапынан жасанды интеллектінің ықтимал қауіптері туралы да ашық айтылуда, олар өздерін соңғы уақытта өрши түскен киберқауіптер мен деректер қауіпсіздігі, жалған ақпараттың таралуы, жұмыс орындарының қысқаруы, заң және этикалық жауапкершілік сияқты мәселелер алаңдатып отырғанын айтады.

Сарапшылар бұл қауіптерді болдырмау үшін ЖИ технологияларын қолдану аясын нақтылап көрсететін заңдар, этикалық нормалар қажет деп санайды. Бұл, әсіресе, деректер қауіпсіздігі, авторлық құқық пен жауапкершілік салаларында маңызды. Сонымен бірге оған қоғамдық және ғылыми бақылау керек деп есептейтіндер де бар. Жасанды интеллектінің дамуы тек IT мамандардың ғана емес, бүкіл адамзаттың жіті қадағалауында болуы шарт дейді сарапшылардың бір тобы.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте