Тіл, ғылым және биліктегі әйел жолы
Тіл білімі институтының директоры қоғамдағы өзекті мәселелер туралы

Тарихы тереңде жатқан Тіл білімі институтына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі 1990 жылдың 26 ақпанында берілді.
Forbes Kazakhstan авторы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының алғашқы әйел директоры Анар Фазылжановамен кездесіп, институттың бүгінгі тыныс-тіршілігі, тіл саласындағы өзекті мәселелер мен ғылымдағы кәсіби жолы және басшылықтағы әйел рөлі туралы сөйлескен болатын. Айта кетейік, Анар Фазылжанова биыл қыркүйекте Forbes Women Kazakhstan әзірлеген ең ықпалды жиырма бес әйелдің қатарына енді.
Ғылымдағы алғашқы қадам және әке ақылы
Анар Фазылжанова Алматы облысы, Ақсу ауданы, Жансүгіров кентінде дүниеге келген. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген соң әкесінің кеңесімен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне «Қазақ мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті, қосымша тарих» мамандығына түседі. Әуелде ол анасының жолын қуып, математик болуды армандапты, алайда қызының да өзі секілді тарихшы болғанын қалаған әкесінің көңілін қимай гуманитарлық ғылымдар саласына бет бұрады. Бұл таңдау оның өмір жолын түбегейлі өзгертіпті.
«Әкем мені білімге деген сүйіспеншілікке баулыды және әрдайым өз ақыл-кеңесін айтып отыратын. Оқуды бітірген соң аспирантураға түсуге кеңес берді. Менің арманым – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті болатын, соған барамын деп шештім. Бұл жолы әкем де қарсы болмады, құжат тапсыру үшін Алматыға бірге келдік», - деп еске алады сол кезеңді Анар ханым.
Алайда тағдыр оның жолын тағы басқа бағытқа бұрды. Алматыға келген ол ауылдасы, университет профессоры Орал Қожахметовпен кездесіп қалады. «Орал ағай біздің қандай мақсатпен келгенімізді естігенде: «Сен, бала, болашағыңды ойламайды екенсің. Негізгі мамандығың «Орыс тілі мен әдебиеті» болғандықтан, енді орыс тіліне барасың. Тарих сенде қосымша пән, оны таңдай алмайсың. Елімізде орыс тіліне сұраныс азаятын уақыт алыс емес, ал қазақ тілінің болашағы зор. Сен одан да қазақ тілінің ғылыми жолын таңда. Нағыз қазақ тілінің ғылыми кадрын дайындайтын жалғыз мекеме – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты» деп бағыттап жіберді. Бұл – Кеңес Одағының салқыны әлі де сезілетін 1996 жыл болатын, сонда ойын осылай қорықпай ашық айтқанына әлі де таңмын», - дейді Анар Фазылжанова.
Осылайша біздің кейіпкеріміз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының табалдырығын аттайды. 1999 жылы аспирантураны бітіргеннен кейін еңбек жолын зертханашы болып бастап, 2020 жылы институт директорына дейін көтерілді.
Тіл білімі институты: Ғылымның өзегі
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты тіл ғылымының негізгі ғылыми-зерттеу орталығы. Институттың қызметі қазақ тілінің құрылымы, тарихы, диалектологиясы, ономастикасы, терминологиясы және қоғамдық рөлі сынды басқа да бағыттарды кеңінен қамтиды. 2021 жылы институтта «Ахметтану» бөлімі ашылды. Бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы әртүрлі бағытта бөлек зерттеліп келсе, енді бұл бөлім осы зерттеулерді бір арнаға жинақтап, тұлғаны тану тұрғысынан зерттеуге мүмкіндік берді.
«Қазақстанда ғылымды заманауи академиялық жүйемен ұйымдастыру жолын алғаш Ахмет Байтұрсынұлы бастаған. Ол 1926 жылы өзі қызмет жасаған қазіргі Абай атындағы университетте «Академцентр» деген орталық құрады және Алаш азаматтарына пәндер бойынша қазақ тілінде ғылыми оқулықтар дайындау керек деп тапсырма береді. Осылай Әлихан Бөкейханов астрономияны, Әлімхан Ермеков математиканы, Мағжан Жұмабаев педагогиканы, Жүсіпбек Аймауытов психологияны, өзі тілтануды жазды. Міне, сондықтан Рәбиға апай бізге үнемі «тіл білімі қазақ ғылымының өзегі, ал біздің институт – қазақ тіл білімінің ғана емес, қазақ ғылымының қарашаңырағы» деп айтатын, - дейді Анар Фазылжанова.

Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері 1992 жылы араға ұзақ жыл салып, алғаш рет, ірі ғалым, академик Рәбиға Сыздықованың арқасында кирилл графикасында жарық көрді. Оның редакциясымен дайындалған Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің «Тіл тағылымы» жинағын қазіргі профессорлар Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектепов құрастыруға көмектесті. 1990 жылы Рәбиға Сыздықова Ахмет Байтұрсынұлының қысқаша өмірбаянын жариялап, оны ғылыми айналымға енгізді. Содан бері ахметтану бойынша зерттеулер тоқтаған емес, оларды біз Институт тарапынан «Ахметтануға» арналған жеке сайтта жинақтап бердік – ahmettanu.kz. Қазақ тіл білімі дамымай қалса, оған тікелей жауапты біз боламыз. Сондықтан, біздің міндетіміз – қазақ тіл білімін жаңа зерттеулер мен әлемдік бағыттарға сәйкес дамыту», - дейді Анар ханым.
Институтта қазіргі таңда сексенге жуық ғалым қызмет етеді. «Кейде қарапайым қара еңбек адамында ғалымдардың қоғамға қандай пайдасы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Шын мәнінде, ғылыммен айналысатын адамдардың көп болуы – қоғамды деструктивті санадан алыстатады. Бірақ, бір өкініштісі, бізде жалпы сипаттамалық зерттеулер көп. Енді зерттеулерді қоғамның бүгінгі сұранысын өтейтін мәселелерді шешуге бұрып, оларды интенсивтендіру қажет деп ойлаймын», - дейді тіл ғалымы.
Оның айтуынша, лингвистердің теориялық зерттеу нәтижелері тәжірибеде — орфографиялық, орфоэпиялық, синонимдер, теңеулер, түсіндірме, аударма, стильдік және т.б. сөздіктерде, грамматикалық құралдарда, халық тілінің нормалануында, жалпыға ортақ түсінікті болуында, тілдік коммуникациялардың барлық салада сапалы өтуінде, қысқасы, адамдардың бір-бірімен тіл арқылы түсінісуінде көрініс табады. Бұл нәтижелерді тілі шыға бастаған бала да, үйінде газет оқып отырған қария да күнделікті қолданады. Алайда көпшілік мұның артында ғалымның еңбегі тұрғанын біле бермейді, оны қалыпты нәрсе деп қабылдайды.
Ана тіліміздің қоғамдағы орны туралы
Қоғамдағы қазақ тілінің қазіргі ахуалына тоқталған Анар Фазылжанова тілдік мәселелердің шешіміне тек саяси жігер ғана емес, жеке адамдардың да ықпалы керек деп отыр. Оның пікірінше, қазір қазақ тілінің дамуына барлық жағдай жасалған, тек қоғам тарапынан мемлекеттік тілді белсенді қолдану әрекеті қажет.
«Көп ата-ана баласын ана тіліндегі емес, басқа тілді мектепке беріп жатыр, сол жерде білім жақсылау деп ойлайды. Бұл – баланың болашағына теріс әсерін тигізуі мүмкін қасаң стереотиптер. Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол – ұлы мұра, мәдениет пен әр адамның тұлғалық, тектілік көрсеткішінің, оның кім екендігінің өзіндік анықтамасының қуатты коды. Қазір бізде қазақ тілін үйренуге, қазақ тілінде ғылым үйренуге арналған құралдар баршылық. Іздесеңіз, түрлі ресурс табуға болады. Қазақша кітап саны да айтарлықтай өсті. Негізгі мәселе – қоғам тарапынан сол құралдарды тұтыну деңгейінің төмендігінде. Бұлар ағылшын тілін үйренуге арналған құралдардан кем түспеу үшін тұтынушысы көп болу керек қой. Бірақ олардың сапасы төмен деп шағым айтамыз. Оны бізге, өзіміз болмасақ, ағылшындар кеп жөндеп бере қоймас. Егер күн сайын қазақтілді құралдарды қолданып, ұсыныс, сын-ескертпе айтып отырса, сапа да арта түсер еді. Бұл үдеріс тұтынушының белсенділігіне тікелей байланысты», - деп түсіндіреді Тіл білімі институтының директоры.
Сонымен қатар, ол қазақ тілінің мәртебесіне жаһандану мен ақпараттық кеңістіктің ықпалын да атап өтті. Анар ханымның пікірінше, қазақ тіліндегі сапалы контенттің артуы – тілдің беделін көтерудегі басты қадам. «Жаһандану өз рөлін атқаратыны анық. Ақпараттық кеңістікте және экономикада үстемдік етуші ұлттың тілі өз елінің шекарасынан асып, басқа мәдениеттер мен уақыт кеңістіктеріне (болашаққа) әсер етеді. Біз үшін маңызды міндет — қазақ тілінде сапалы контент жасап, оның көлемін арттыру», - дейді ғалым.
Оксфордтағы қазақ тілі
2024 жылы Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту бағдарламасы іске қосылды. Енді қазақ тілі әзірбайжан, түрік және өзбек тілдерімен қатар Оксфорд университетінде оқытылатын болмақ. «Қазақ тілін әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнында насихаттау біз үшін аса жауапты қадам. Жоба аясында Институт мамандары Оксфордта тағылымдамадан өте жүріп, ондағы ғылыми ортадағы қазақ тілін үйретеді, бұл – тіліміз бен мәдениетімізді жаһандық аренада танытудың тағы бір мүмкіндігі», - деп атап өтті Анар Фазылжанова.

Оның айтуынша, бұл бастамаға Narxoz университетінің сол тұстағы ректоры, қазіргі Coventry University Kazakhstan университетінің ректоры Мирас Дәуленов себепкер болған. «Мирас мырза Вулфсон колледжіндегі Низами Ганджами орталығының жетекшісі Лейла Наджефзадемен танысып, біздің институттың жұмысы жайлы мәлімет береді. Сөйтіп, Институтпен танысуға келген Лейла ханым Оксфордта қазақ тілін шығыстану бағдарламасына қосу идеясын ұсынды. Бұл маңызды бастама Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбектің тікелей қолдауымен, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі елшісі Мағжан Ілиясовтың жәрдемімен жүзеге асты» - дейді Анар ханым.
Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға биыл сәуірдегі ресми сапары барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы және Оксфорд университеті арасында әріптестік туралы төртжақты меморандумға қол қойылды. Бағдарлама Oxford Birsöz initiative CIC бастамасымен түрлі колледждер мен факультеттер арасында ынтымақтастық орнатуды көздейді. Біздің мамандар «Болашақ» бағдарламасы арқылы Оксфордқа барып, тағылымдамадан өтеді және қазақ тілін шығыстанушы студенттерге оқытады.
Мемлекеттік биліктегі әйелдің рөлі
Айтпақшы, Анар Фазылжанова Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының алғашқы әйел директоры екеніне өзі мән бермегенін, бірақ Оксфордтағы әріптестерінің бұл жағдайға ерекше назар аударғанын атап өтті. «Оксфордта қазақ тілін оқыту бойынша келіссөздер жүргізуге барғанымда, олар: «Біз сізді танимыз! Сіз институт тарихындағы алғашқы әйел басшысыз ғой» дегенде, өзім де «рас екен-ау» деп таңғалғаным есімде. Қазір әйелдердің қоғамдағы рөлі, мансап жолындағы кедергілер, олардың белсенділігі туралы көп айтылып жатқан уақытта, бұл реакцияның орынды екенін түсінемін. Бірақ өз басым елімізде филология саласында әйел ғалымдар көп болғандықтан, оған әдеттегі жағдай деп қараймын», - дейді ол.
Сонымен қатар, кез келген адамның жетістігі оған сенетін ұстаздан және қолдау көрсететін ортасынан басталады деген ұстанымдағы Анар Фазылжанова: «Менің зерттеуші ретінде қалыптасуыма ерекше ықпал еткен адам — менің ғылыми жетекшім, аяулы ұстазым, академик Зейнеп Мүслімқызы Базарбаева. Профессорлар Көбей Хұсайынов пен Нұргелді Уәлиев сияқты ғалымдардан тәлім алғаным мен үшін үлкен олжа. Олар маған ғылыми жұмыс жүргізуді ғана емес, ғылымды ұйымдастырудың да маңызды дағдыларын үйретті», - деп сөзін қорытындылады.