Сыртқы саясаттың жүгі ауыр

Ағымдағы жаһандық тәртіп, мемлекеттік шекара, әлемдік сауда – соңғы жылдары мән-мағынасы арта түскен бұл бағыттар қазір кез келген елдің күн тәртібіндегі өзекті мәселелер

Қазақстан АҚШ жалаулары
Қазақстан АҚШ-тан шалғайда жатқан ел: ресми Вашингтондағы әкімшілік ауыс-түйіс Ақ үйдің Қазақстандағы саясатына әсер етпеуі тиіс
Фото: © Depositphotos.com/Ruletkka

Ал бұл бағыттар аясындағы негізгі кепілгер серіктес ретінде көптеген мемлекеттер АҚШ-қа үміт артуда. Әлемдік тренд қалыптастырушы ел ретіндегі АҚШ-тың бүгінгі ұстанымдары Қазақстан үшін қаншалықты өзекті, соны бағамдап көрелік.

Бірінші мәселе — АҚШ-тағы демократтар мен республикалықтар арасында Дональд Трамп президенттігі кезінде туындаған азаматтық текетірес. Бұл мәселе бүкіл әлемді шарпуы мүмкін, бірақ Қазақстан АҚШ-тан шалғайда жатқан ел: ресми Вашингтондағы әкімшілік ауыс-түйіс Ақ үйдің Қазақстандағы саясатына әсер етпеуі тиіс. Америкалық демократтар да, республикалықтар да халықаралық ядролық қауіпсіздікке Қазақстан тарапынан қауіп-қатер жоқ деп есептейді: бұл мәселе 1990 жылы-ақ шешіліп қойды емес пе. Біздіңше, қазір АҚШ үшін маңызды мәселе — Қазақстанда жұмыс істеп жатқан трансұлттық және америкалық корпорациялармен арадағы мұнай және өзге де шикізаттар өндіруге қатысты келісімшарттардың дұрыс орындалуы. Әңгіме Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған төңірегінде. Қазір қоғам ішінде ел үкіметі осы сынды іргелі келісімшарттарды қайта қарамаса да, оларға қатысты ревизия жасауы ықтимал деген әңгіменің шеті шыға бастады.

Екіншіден, АҚШ үшін дәл қазір өзекті мәселенің бірі — халықаралық қауіпсіздік, ал арагідік ядролық қару үрейін таянтып қоятын Ресейдің ұстанымы ресми Вашингтонды әбігерге салмай қоймайды. Ендеше Ресеймен іргелес жатқан және онымен бірге қауіпсіздік (ҰҚШҰ), экономикалық кооперация (ЕЭҚ) ұйымдарына кіретін Қазақстан АҚШ-тың назарынан тыс қалмайды. Біздіңше, бұл Қазақстанның өз қауіпсіздігі үшін өте маңызды, өйткені Ресейдегі кез келген тұрақсыздық немесе азаматтық текетірес дереу біздің елде көрініс береді. Жасырын емес, ресейлік ақпараттың үстемдігі Қазақстанда әлі де өз күшінде, оның сыртында элита өкілдерінің бірқатары бизнестегі мүдделері аясында Ресеймен тығыз байланыста. Тіпті қарапайым халық арасында да солтүстік көршіміздің бүгінгі саясатын ашық қолдап отырғандар аз емес.

Үшінші мәселе — Қытай мен АҚШ арасындағы саудадағы бәсекелестік, бұл Қазақстан үшін де өзекті. Қытаймен арадағы сауда-саттық Қазақстан үшін маңыз­ды, мүмкін тіпті алдағы уақытта сыртқы саудада Ресейдің үлесі бәсеңсіп, Қытайдың көрсеткіші арта түсер, кім білсін. Оның сыртында қазір ел қауіпсіздігіне қолдау көрсету қабілеті бар елдердің қатарында Шығыс көршіміз де айтылып жүр. Бірақ АҚШ пен Қытай технология­лық тұрғыда да, саяси мәселелерде де қатаң бәсекеге келіп тірелген. Бұл текетірес аясында іргелі екі ел Қазақстаннан қандай да бір таңдау жасауды талап етпес, дегенмен қазақ қоғамында әу бастан Қытай бағытында қалыптасқан сенімсіздік лебі барын ұмытпайық. Біздіңше, егер Қазақстанда қоғам іші саясатқа мән беріп, саяси шешімдерге барынша араласа бастаса, онда олар ағымдағы жаһандық тәртіп аясында АҚШ-тың ұстанымын қолдау­ға ден қояды, әсіресе, қазақтілді орта — орыстілді азаматтардың бір бөлігі ресейлік насихаттың ықпалына жығылған деген оймен. Десек те, АҚШ пен Қытай арасындағы сірескен бәсеке Қазақстанның бұл екі елмен арадағы сауда қатынасына сызат түсірмеуі тиіс. Мұндай тәуекелге бұл екі ел де бара қоймайды. Әрине, Қытайдың саяси ықпалы аймақ аясында ғана емес, әлем бойынша ұласып келеді, Шығыс көршіміздің назары Қазақстанды айналып өтпейді. Мұндай жағдайда Қазақстанның АҚШ-пен арадағы әріптестігі ел мүддесін сақтап қалуға мүмкіндік беретін өзіндік бір баланс ретінде көрінуі мүмкін.

Ескеретін жайт — Құрама Штаттар үшін күн тәртібіндегі ішкі мәселелер әрқашан шешуші бағыт ретінде қалады, ал бұл шешімдерге Қазақстан өз мүддесі аясынан бәрібір ықпал ете алмайды, тіпті қыр­уар ақша жұмсап, лоббистер жалдаған күннің өзінде де. Сондықтан екі ел арасындағы қарым-­қатынасты тереңдетіп дамытуда ресми байланыстар мен құжаттардың маңызы өзекті болып қалмақ.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте