Отель бизнесін өзгертетін стартап
BeNomad.Live өз клиенттерінің түйінді мәселесін шешіп беруге әзір

Отандық стартап нарығында 2025 жылдың қаңтар айында пайда болған жаңа жобаның бірі BeNomad.Live деп аталады. Қонақ үй бизнесіне негізделген бұл жобаның құрылтайшылары қазақстандық екі жігіт: Айдос Телжан және Шыңғыс Мадияров. Аталған стартап өз дамуында екі түрлі бағытты қамтыған. Біріншісі — желілік отельдер мен қашықтан жұмыс істейтін цифрлық көшпенділер қауымына арналған b2c форматындағы тиімді шешім. Екіншісі — саяхатшыларға арналған b2c ұсынысы. Жыл басында іске қосылған жаңа жоба жарнамаға қаражат салмай-ақ өз клиенттерін дәл таба білген.
Жобаның бас атқарушы директоры (СЕО) әрі тең құрылтайшысының бірі Айдос Телжан Қарағандыда туып-өскен. Түркияда авиациялық инженерия мамандығы бойынша оқып, бакалавр дәрежесін алған, кейін b2b-fintech секторында стратегиялық кеңесші болып жұмыс істеді, Қазақстан-Британ техникалық университетінде сабақ берді — нәтижесінде өз бизнесін бастау туралы шешімге келіп, бұл тұрғыда елеулі табысқа да кенелді. Айдос негізін қалаған мейрамханалар желісі ІРО кезеңіне шыққанда бұл желі 20 шақты бөлшек сауда орнын қамтып үлгерді және онда мыңнан астам адам жұмыс істеп, жылына миллионнан астам тұтынушыға қызмет көрсетті.
Ал жобаның бас операциялық директоры (СОО), алматылық жігіт Шыңғыс Мадияров — логистика саласының дипломын алған кәсіби маман, кезінде Қазақстандағы Volkswagen өкілдігінің сатуды дамыту бөлімін басқарған, ол сондай-ақ кофейнялар желісінің, күзет және құрылыс компанияларының негізін қалаған.
Жаһандық пандемия қаупі сейіле бастаған тұста әлем бойынша отель бизнесі нарығын мұқият зерттеп, танысып шыққан екі жігіт — бірқатар елдер мен өңірлерде тіпті премиум санатындағы отельдерде де кей кездері қонақтар саны болар-болмас көрсеткішті қамтитынын байқайды, яғни оларға нақты бір кезең аралығында келіп-кетушілер саны аса көп болмайды деген сөз. Стартапшы жігіттердің айтуынша, желілік отельдердегі номерлердің 30%-ы бос қалып жататын маусымдар болады, ал бұл 100 млрд доллардан астам табыстан қағылу дегенмен тең. BeNomad.Live стартапы осындай отельдерге өздеріндегі бос бөлмелерді толтыруға мүмкіндік береді: клиенттерге айтарлықтай жеңілдік ұсыну негізінде.
«Бұл тұрғыда біз қонақ үйлердің табысына таласып отырғанымыз жоқ, керісінше, отель басшыларына біздің стартап негізінде қосымша пайда табуға септік етеміз, мысалға, қонақтар аз келетін маусымдарда цифрлық көшпенділерді жайғастыру арқылы», — деп түсіндіреді өз жобаларының болмысын Айдос Телжан.
Қазірдің өзінде Айдос пен Шыңғыстың стартап жобасы әлем бойынша көптеген желілік отельдермен жұмыс істейді, оның ішінде тіпті Address, Sofitel, Intercontinental, Fairmont және Hilton сынды танымал брендтер де бар. Бүгінде олар Сауд Арабиясы, БАӘ, Таиланд және Мальдив аралдарындағы 50-ден астам отельмен келісім жасасқан. BeNomad.Live клиенттері премиум санатындағы отельдерде тіпті үш жұлдызды қонақ үйлердің бағасынан да арзан бағамен тұрақтай алады, яғни оларға отельде жайғасу құнына қарай 30–50% деңгейінде жеңілдіктер қарастырылған.
Қазақстандық екі жігіттің стартап өнімі қонақ үй индустриясына еш кедергісіз, емін-еркін ене алды, өйткені олар нарық ішіндегі жағдайды жақсы түсініп, ондағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тың ұсыныстарды алға тартты. Мысалға, кезінде Ресейден шығып, бүгінде әлем аралап жүрген 4 млн шамасындағы цифрлық көшпенділер қазір көптеген қиындықтарға тап болуда. Бұл тұрғыда BeNomad.Live құрылтайшылары оларға әртүрлі елдерде қысқа мерзімге де, ұзақ мерзімге де тұрақтау мүмкіндігін беретін тиімді жазылым опцияларын ұсынады. «Шағын стартаптардың міндеті кеңауқымды модель құруда емес, олар жай ғана өз клиентінің проблемасын шешіп берсе болады», — деп түсіндіреді осы арада Айдос Телжан.
BeNomad. Live сондай-ақ саяхатқа жеке-дара, оқшау аттанудан тайсалмайтын адамдарға да арнайы ұсыныс жасап отыр, мысалға, олар қонақ үйге орналасуда осы стартаптың мүмкіндігін қолдана отырып, өз қаржысын үнемдей алады. Кезінде BeNomad.Live сервисіне жүгінген жас отбасы Меккенің ең тамаша отельдерінің бірінде 45%-дай жеңілдікке қол жеткізген.
«Біздің сервисті қолданушылар қай жағынан болса да өзі үшін тиімді ұсыныс таба алады, содан да біздің стартапқа деген қызығушылық артып келеді. Сервисті бір рет қолданып көрген адам оны әрі қарай таныстарына, туыстарына, достарына ұсына бастайды. Бұл сервисті қолға алудағы басты мақсат — біздің клиенттеріміз әлем аралап, саяхатқа шыққанда қаржысын үнемдей отырып, тәуір отельдерге орналассын деген ұстанымнан бастау алды», — дейді Шыңғыс Мадияров.
Стартап авторларының айтуынша, BeNomad.Live қазір клиенттер рәсімдеген бронь негізінде шағын пайыздық үстеме алуға мүмкіндік беретін модель бойынша жұмыс істейді. Бірақ олар сервиске жазылу моделін енгізуді де қарастыруда, мысалы, Costco секілді, ал оларда эксклюзивті жеңілдіктерге ие болу үшін клиент нақты бір белгіленген сомада төлем жасап отырады. Айталық, 50 долларға жазылған клиент — саяхатқа қатысты ең тиімді ұсыныстар мен 50–60%-ға дейінгі жеңілдіктерге қол жеткізе алады деген тәрізді. Бүгінгі таңда жобаның маржиналдылығы 5–10%-ды құрайды, ал орташа чек 1000 доллардан басталады. Әу бастан қандай да бір қомақты қаражат салмай-ақ басталып кеткен бұл жоба инвестиция тартуды да қажет етіп отырған жоқ — жігіттердің айтуынша, ағымдағы шығындар аса көп емес.
Қазір Айдос пен Шыңғыс Қазақстан нарығына арналған BeNomad.kz жобасын әзірлеуге кіріскен, ол негізінен қонақ үйде қысқа мерзімге тұрақтауды місе тұтқан клиенттерге бағытталмақ. Стартап авторлары сервис клиенттерінің санын айына 1000 адамға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал ұзаққа негізделген жоспарға сай — жылына 1 млн бронь деңгейіне шығуды көздейді. Сонымен қатар, отельдермен жаһандық ауқымда келісімшарттар жасап, b2c сегментін ілгерлету үшін инфлюенсерлер тарту да ойда бар, дейді жігіттер. Түпкілікті мақсат — сервисті жаңа деңгейге шығарып, клиенттер санын әрі қарай ұлғайту.