Ломтадзе, Жүсіпов, Қанафин ЖИ мүмкіндіктері мен тәуекелдеріне қандай баға береді?

Қазақстандық компаниялар басшыларының 60%-ы жасанды интеллектжұмыс уақытының тиімділігін арттыруға септік етеді деп есептейді

Фото: © Depositphotos.com/diversepixel

Былтырғы жыл генеративті жасанды интеллект технологиялары үшін шынымен де айтулы жыл болды. UBS қаржы холдингінің мәліметінше, 2023 жылдың басында ChatGPT тарихтағы ең жылдам дамып жатқан қолданба деп танылды: бар болғаны екі айдың ішінде оның ай сайынғы аудиториясы 100 миллионға жеткен. Қолданушылар ChatGPT мүмкіндіктеріне баға беріп, мәтін түріндегі контент және иллюстрация жасаудағы ерекшеліктерін де атап өтті. Генеративті жасанды интеллектіні бизнес процестерге ендіру туралы корпоративтік сектор өкілдері де айта бастады.

Бұл тақырыптың өзектілігі әлі де басыла қойған жоқ. Осыны ескеріп, CEO Survey 2024 авторлары (PwC Қазақстан және Forbes Kazakhstan бірлескен жобасы) таяу жылдары генеративті ЖИ компанияның кірісі, табысы, персонал саны, компания басшысы мен қызметкерлерінің жұмыс тиімділігі секілді көрсеткіштерге қаншалықты әсер ете алады, әсер етуі мүмкін бе деген де сұрақтардың жауабын іздеген болатын.

Айта кету керек, бұл тұрғыда қазақстандық компаниялардың басшылары (СЕО) өзге елдердегі әріптестерімен толық келісіп отыр: жаһандық көшбасшылардың 59 %-ы және қазақстандық басшылардың 60 %-ы ЖИ жұмыс уақытының тиімділігін арттыруға септік етеді деп есептейді. Уақытты тиімді пайдалануды олар өз қызметкерлерінен де күтеді: жаһандық басшылардың 64 %-ы және жергілікті басшылардың 77 %-ы осындай пікір айтты. Сәйкесінше 25 %-ы және 21 %-ы осының нәтижесінде персоналды қысқарту мүмкіндігін жоққа шығармайды. 41 %-ы және 51 %-ы генеративті ЖИ кірісті арттыруға септік етеді деп, ал сәйкесінше 46 %-ы және 54 %-ы — компанияның табысы артады деп үміттенеді.

Orbis Kazakhstan компаниясының негізін қалаған Фаррух Махмудов — өзі жұмыстағы уақыт тиімділігін 25 %-ға, ал қызметкерлері одан көп дәрежеде арттыруға мүмкіндік бар деп болжайды. Егер генеративті ЖИ жұмыс барысына дұрыс ендірілсе, онда бизнесмен шығындарды азайтып, оңтайландырумен қатар, кіріс те артады деп күтеді.

Kaspi.kz басқармасының төрағасы Михаил Ломтадзенің болжамдары әзірше біршама байсалды. «Менің жұмыс уақытымдағы тиімділік көрсеткіші өзгермейді, ал қызметкерлердің көрсеткіші біртіндеп артады. Мықты сервистер құрғанда мәліметтер мен анализдің рөлі маңызды. Сол сияқты, мұнда өнер элементі де бар, ал ЖИ оны әлі үйреніп, игеруі керек», — дейді ол.

Sulpak компаниясының бас директоры Дмитрий Провкин ЖИ төңірегіндегі бүгінгі дүрбелең аясында осынау танымал тақырыпты монетизациялауға деген ұмтылыс бар және белгілі бір деңгейде хайп та жоқ емес деп есептейді. Оның пікірінше, генеративті жасанды интеллект — бұл күнделікті жұмыс процесін жеделдете алатын жақсы технология, оны әзірше қарапайым код, мәтін жазуға, дизайн үшін қолдануға болады.

Есесіне технологиялық сектордың өкілдері генеративті жасанды интеллектіні таяу келешекте қолдану мүмкіндігін жоғары бағалайды. «ЖИ қолданудың арқасында еңбек өнімділігі артып, командаға түсетін жүктеме азаяды деп ойлаймын. Әрине, дәл менің айтқаным келеді дей алмаймын, бірақ өнімділікті әртүрлі құралдар негізінде, оның ішінде генеративті модельдер арқылы да дамытсақ деген идея бар, біз бұл тұрғыда жұмыс істеп бастадық. Өз басым генеративті жасанды интеллектіні күнделікті жұмыс барысында, белгілі бір сұрақтардың жауабын іздегенде қолданамын. Менің жұмысым қаншалықты тиімді бола түскенін айту қиын, бірақ бұл құралды өзім қолданып жүрмін, қызметкерлердің қолданғанын да қолдаймын», — дейді CEO Chocofamily Holding Николай Мазенцев.

Dell Technologies қызметкерлері генеративті жасанды интеллектіні жұмыстағы күнделікті процес­терді автоматтандырып, есептер, сараптамалар жасауға, маркетинг контентін әзірлеуге, тұтынушыларға көрсетілетін қызметтерді жақсартуға пайдаланады, дейді СЕО Нұрлан Садықов.

Cerebra стартапының негізін қалаған Досжан Жүсіпов, жұмыс процесіне генеративті ЖИ қолдану — қызметкерлердің жұмыстағы тиімділік көрсеткішін арттырады, мүмкін, тіпті алдағы уақытта ЖИ ұйымдастыру, жоспарлау секілді мәселелермен айналысатын қыз­меткерлерді алмастыра алатын шығар деп есептейді. «Бірақ, әрине, оларды әзірлеп, қолдау көрсетумен адамдар айналысады. Cerebra-ның жұмысы адамдармен жұмыс істеуге құрылған, бұл арада эмпатия және шығармашылық тұрғыдан ойлай білу өте маңызды», — дейді ол.

Айта кету керек, қазақстандық және жаһандық компаниялардың басшылары, кез келген жаңа технология секілді генеративті ЖИ әлеуеті толыққанды зерттеліп, зерделенген жоқ, сондықтан да оның бойында мүмкіндіктермен қатар, тәуекелдер де жетіп асады деген пікірде. Жаһандық респонденттердің 34 %-ы және қазақстандық басшылардың 32 %-ы генеративті ЖИ клиенттер мен қыз­меткерлер тарапынан қалыптасуы ықтимал біржақты қыңыр көзқарасты арттыруы мүмкін деп есептейді. Сәйкесінше 64 %-ы және 65 %-ы киберқауіпсіздік саласындағы тәуекелдердің өсуін жоққа шығармайды. Ал 46 %-ы және 60 %-ы — абырой-бедел тәуекелдері жоғары екенін айтса, 52 %-ы және 56 %-ы жалған ақпарат қаулап өседі деп қауіптенеді. Қазақстандық компания­лардың басшылары — генеративті ЖИ қолдану саласы заң жүзінде реттеліп, ел азаматтарын қорғауға негізделген тиісті құқықтық тетіктер болуы тиіс деп есептейді.

«Бізде қазір ЖИ саласындағы технологияларды пайдалануға тыйым жоқ, бірақ біз жеке мәліметтердің елеулі ауқымы «ағып кетіп жатқанын» жақсы білеміз. Көптеген қазақстандықтар «Яндекс», Gmail, HeadHunter секілді шетелдік ресурстарды қолданады, бұл сервистер біз туралы, біздің экономика, тіпті нақты бір қолданушы туралы өте жақсы «біліп отыр». Егер ЖИ өз-өзін оқытып, үйретуді игеріп алса, ауқымды мәліметтерді өңдеу біршама жеңілдей түседі, суперкомпьютерлер пайда болады, жұртты көшеге шығып, наразылық танытуға әсер ете алатын мәтінді қалай жазу керек деген мәселе туындамайды да. Мұндай жағдайларға өз тарапымыздан біз әсер ете алмаймыз, өйткені біз әншейін қолданушымыз. Шетелдік компаниялар үшін біз олар құлақ асатын юрисдикция өкілдері емеспіз», — деп түсіндіреді Documentolog компаниясының СЕО директоры Байжан Қанафин.

RG Brands негізін қалаған Қайрат Мажибаев: айталық, егер бір адам қоғамдық орында жүргенде оны сол жердегі кез келген адам суретке түсіріп, артынан нашар шыққан сол суретті желіге салып, астына жалған немесе жағымсыз пікір жаза ала ма, деп сауалдайды. «Меніңше, осындай қол сұғудан адам мен бизнестің беделін қорғау жолдары ескерілгені жөн. Біз қазір өз қызметіміздің материалдық емес аспектілерін реттеп алмасақ, бұл ертең үлкен мәселе болып қала береді, өйткені цифрлық сала біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі, ал бұл тұрғыдағы реттеу тиісті деңгейде өзгере қойған жоқ», — деп есептейді бизнесмен.

Он екі айдан астам кезең аралығында өз компаниясында генеративті ЖИ қолданып келген Invictus Fitness желісінің СЕО директоры Ілияс Исатаев, жалған ақпарат таратудың, абырой-бедел тәуекелінің артуын байқаған жоқпын деп отыр. Бірақ ол бұл мәселелердің болашақта туындау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Жалған ақпарат қаулап өседі дегенмен Chocofamily Holding-тің СЕО директоры Николай Мазенцев те келісе қоймайды. Ыңғайлы құралдардың пайда болуымен тәуекел атаулы автоматты түрде шарықтап кетпейді, өйткені қоғамның жалған ақпаратпен айналысу қажеттілігі бәсеңсиді, деп пайымдайды ол. Бұл кибертәуекелдерге де қатысты — алаяқ, қаскөйлер кез келген қоғамнан табылады және олардың қолында қазір де құрал-­сайман жеткілікті, дейді ол.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте