Қазақстанда табиғи апаттардың салдарынан қорғану тетіктері талқыланып жатыр

Сақтансаң сақтайды деп…

Фото: © Depositphotos.com/intararit

Соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлем бойынша өрт, су тасқыны, сейсмикалық қауіп сынды табиғи апаттар көбейді. Табиғи қауіп-қатер мен тәуекелдің алдын алуға немесе олардың салдарын азайтуға мүмкіндік беретін тиісті тетік-құралдарды іздеп тауып, қолданысқа енгізу — кез келген мемлекет үшін кезек күттірмес мәселе. Бұл тұрғыда отандық сақтандыру секторына артылатын үміт те, жұмыс та ауқымды.

Естеріңізге сала кетсек, биыл ақпанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) еліміздің сақтандыру секторын дамытудың 2024 жылға арналған бағдарламасымен таныстырды. Онда сектор бойынша басым бағыттың бірі ретінде апатты тәуекелдерден сақтандыру тетіктерін енгізу туралы да айтылған. «2024 жылы апатты оқиғалар мен тәуекелдер туындаған жағдайда халықаралық сарапшыларды тарта отырып, халықты мүліктік қорғау тетіктерін айқындау бойынша жұмыс жүргізілетін болады», — делінген реттеуші мекеменің ресми ақпаратында.

БҰ

мәліметтеріне сай, Қазақстан аумағының 75 %-да табиғи және техногенді сипаттағы тәуекелдер қаупі жоғары, ал бүгін де еліміздегі баспана түріндегі ғимараттардың тек 1,5 %-ы ғана сақтандырылған. Мұндай мәліметті Forbes Kazakhstan сұрақтарына бұған дейін берген жауабында ҚР ҚНРДА төрайымының орынбасары Мария Хаджиева айтқан болатын. Өз кезегінде, апатты тәуекелдерден сақтандыру барысындағы жекеменшік сектордың үлесі дәл қазір мардымды емес: халықтың бұл тұрғыдағы тәуекелдеріне қыз­мет көрсету үшін сақтандыру нарығының сыйымдылығы да, бәсекелестік қабілеті де жеткіліксіз, осының нәтижесінде сақтандыру өнімдерінің құны да біршама қымбат. «Сақтандырудың міндетті деген түрлері мен елімізде кең тараған автосақтандыруды есепке алмағанда сақтандыру мәдениеті бізде әлі де болса төмен. Мұның бір себебі — халықтың сақтандыруға деген сенімі толық қалыптаса қойған жоқ, біздің халық қазір де «көппен көрген ұлы той» деген дәстүрлі ұстанымға негізделеді», — дейді Мария Хаджиева. Маманның айтуынша, биыл қаңтар мен наурызда Алматыда болған жерасты дүмпулерінен кейін ғана халық арасында өз өмірін және мүлкін сақтандыруға деген көзқарас біртіндеп өзгере бастады. Мұны БАҚ-тағы мақалалар мен желідегі талқылаулардан, сақтандыру мәмілелерінің статистикасынан байқауға болады.

Жалпы, апатты тәуекелдерден сақтандыру жүйесін құру Қазақстан үшін өте өзекті әрі маңызды қадам. Мойындау керек, сақтандыру мәселесінде қазақстандықтар әлі де болса енжар. Сол себепті елімізде табиғи апаттардың салдарын барынша азайтып, қаржылай шығындардың орнын толтыруға мүмкіндік беретін тиісті тетіктер мемлекеттік деңгейде қабылданып, жұмыс істегені жөн. «Қазір реттеу­ші мекеме кезінде Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Түркия, Испания сынды елдер үшін әзірлеген сақтандыру үлгілерінің тәжірибесіне көңіл бөлуде, әрине бұл арада отандық сақтандыру нарығына тән ерекшеліктер де есепке алынады», — дейді Мария Хаджиева. Агенттік бүгін апатты тәуекелдерді қамту қабілеті бар қолданыстағы шарттарды бағалау жұмыстарын да жүргізуде: дәл қазір онда көрсетілген қайта сақтандыру талаптары зерделеніп жатыр. Келесі қадам — апатты жағдайлар орын алғанда халықтың мүлкін қорғау тетіктерін анықтау бойынша мемлекеттік органдармен, сақтандыру нарығымен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеу. Бұл тұрғыда Агенттік сақтандыру моделін айқындаумен қатар, орта мерзімге негізделген жол картасын әзірлеп, заңнамаға қажетті тиісті түзетулерді нақтылап алмақ.

Өз кезегінде Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары апатты тәуекелдерден қорғану жолдарын талқылау барысында кірістілігі жоғары борыштық құралдар төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр деп отыр. Бұл тетіктің мақсаты — апатты тәуекелдер туындаған жағдайда қажетті қаражатты жинақтап, шоғырландыру. ҚҚҚ-ның жетекші сарапшысы Зарина Скрипченконың айтуынша, апатты облигациялардың қарапайым облигациялардан басты айырмашылығы — тәуекел орын алған жағдайда инвесторларға купондық төлемдер тоқтатылады, ал эмитент оларды өтеуден ішінара немесе толығымен босатылады. Бұл арада эмитенттер — мемлекеттік немесе квазимемлекеттік органдар, жекеменшік компаниялар болуы да мүмкін. «Бірақ мұндай тетік жұмыс істеуі үшін — осы тұрғыдағы міндеттемелерді шығару және өтеу тәртібін анықтайтын құқықтық база болу керек. Сондай-ақ, алынған қаражатты ликвидті қаржы құралдарына орналастырудың өзіндік тәртібі болуы тиіс», — дейді сарапшы.

Зарина Скрипченконың пікірінше, отандық сақтандыру секторының апатты тәуекелдерден сақтандыру құралдарына деген қызығушылығы шектеулі болуы мүмкін, өйткені біздің нарық аса ауқымды емес. Содан да нарық ішіндегі ойыншылар өз тәуекелдерінің елеулі бөлігін халықаралық компанияларда қайта сақтандыруға мәжбүр болуы ықтимал. «Бүкіл әлем бойынша жиілей түскен табиғи апаттардың салдарынан қазақстандықтар да апатты жағдайлардан сақтандыру өнімдеріне көңіл бөле бастады. Қазір бізге төтенше жағдайлар кезіндегі залалдардан мүлікті сақтандыратын құралдарға мән беру керек, мүмкін тіпті салық шегерімдері немесе субсидиялар түрінде болса да. Және олардың табыс деңгейі әртүрлі азаматтар үшін қолжетімді болуын ескеру қажет, бұл — ықтималды тәуекелдер мәселесін мемлекет пен сақтандыру компаниялары бірлесе шешуге жағдай жасайды», — дейді сарапшы.

Кибертәуекел тағы бар

Апатты тәуекелдерден қорғауға негізделген тетік-құралдар шынымен нарық ішінде қолданысқа түсіп жатса, халықтың сақтандыру құралдарына деген ықыласы еселеп артады, деп есептейді сақтандыру нарығындағы кәсіби ойыншылар. «Евразия» СК басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Джантуреевтің пікірінше, егер елімізде мүлікті апатты тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы енгізілер болса, онда халықтың отандық сақтандыру саласына деген сенімі де артады, өйткені ел азаматтары ерікті сақтандыру механизмінің жұмысын дұрыс түсіне бастайды. «Қазір байқап жүрміз, ел аумағында орын алып жатқан кезекті жер сілкінісінен кейін тұрғындар бізге көптеп хабарласып, кеңес алып жатады, дегенмен бұдан сақтандыру құралдарымен қамту көрсеткіші ұлғая қойған жоқ. Иә, өткен жылмен салыстырғанда жылжымайтын мүлікті сақтандыруға деген сұраныс екі есеге жуық өсті, бірақ бұл төмен базаның әсері ғана, яғни ол нарық ішінде қалыптасқан жалпы жағдайға бәрібір әсер етіп отырған жоқ», — дейді Нұржан Джантуреев.

Сарапшының айтуынша, міндетті сақтандыру — сақтандырудың ерікті түрлерін дамытуға ықпал ете алады: оның құны төмен әрі ол тұтынушылардың жаппай қатысуына негізделген, өтемақы лимиті де шағын. «Мысалы, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі аясындағы 600 АЕК-ке дейін өтемақы лимиті бар, жылдық орташа құны 10 мың теңгені құрайтын міндетті сақтандыру — автокөлікті ерікті сақтандыруға деген ықыласты арттырды. Ендеше міндетті сақтандыруға негізделген бағдарламалар да халықты сақтандыру өнімдерімен, олардың жұмыс принципімен таныстыруға ықпал етпек, осының нәтижесінде тұрғын үйлер мен пәтерлерді ерікті түрде сақтандыру көрсеткіші арта түседі», — дейді ол.

Әр елдің өз ерекшелігі бар — жер ауқымы, экономикалық дамуы, тәуекелдер құрамы әр елде әртүрлі. Біздің еліміз кең байтақ — бізге барлық аймаққа шақ келеді дейтін әмбебап бағдарламалар жарамайды. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігіне жер сілкінісі тән десек, солтүстік, батыс және орталық үшін су тасқыны өзекті

Нұржан Джантуреев, мүлікті жаппай сақтандыру тарифтерді төмендетуге жол ашады, бірақ міндетті сақтандыруға негізделген бағдарлама қабылданбай нарық ішіндегі жағдайды өзгерту қиын соғады деп отыр. «Дамыған елдерде апатты тәуекелдерден қорғау бағдарламаларын іске қосуға миллиардтаған шығындар емес, ондаған мың адамның қазасы себеп болды. Осыны ұмытпағанымыз абзал. Дәл қазір бізге бос күтіп отырудың қажеті жоқ, дұрыс шешім қабылдауды ойлау керек», — дейді «Евразия» СК өкілі.

Бұл пікірмен Amanat СК басқарма төрағасының орынбасары Әлібек Жиенбаев та келіседі. Оның айтуынша, апатты тәуекелдер мен олардың ықтималды салдары, залалы туралы халық неғұрлым көбірек құлағдар болса, одан қорғану жолдары туралы да соғұрлым дұрыс түсініп, біліп отырады. «Апатты тәуекелдерден дұрыс қорғану үшін жаңа сақтандыру өнімдерін әзірлеп, ұсынуға болады, айталық, арнайы маманданған сақтандыру бағдарламалары түрінде», — дейді Әлібек Жиенбаев. Маманның пікірінше, мұндай бағдарламалардың тұтынушы қауым үшін пайдалы да, тиімді тұстары көп. Мысалы, қаржылық қорғау, яғни апатты жағдай орын ала қалса, сақтандыру шарасы тұтынушыға қаржылай шығындарын тездетіп қалыпқа келтіруге көмектеседі. Әрі қарай — психологиялық жайлылық: апатты тәуекелдерден сақтандырылғанын білетін тұтынушы өзін сенімді сезініп, үрейге бой алдырмайды. Қосымша қызметтер мен ресурстар: сарапшының айтуынша, кейбір сақтандыру компаниялары көшіру жоспарынан бастап, апаттан кейінгі қалыпқа келтіру жұмыстары бойынша да қосымша көмек, қызмет, ресурс ұсына алады.

Әлібек Жиенбаевтың пікірінше, апатты тәуекелдерден сақтандыру тетіктері осындай тәуекелдерден қорғануға мүдделі компаниялар үшін де қызықты болмақ. Осыны ескеріп, апатты тәуекелдерден қорғанудың төмендегідей тетік-құралдарын талқыға салу керек, дейді сарапшы. Олар: жер сілкінісі, дауыл, су тасқыны, өрт секілді апат салдарындағы шығындарды өтеуді қамтитын табиғи апаттардан сақтандыру құралдары; террорлық оқиғаларға қатысты шығындарды сақтандыру; пандемиялық тәуекелдермен байланысты ықтималды қаржылық шығындарды сақтандыру; кибертәуекелдерден сақтандыру құралдары.

Әр өңірдің тәуекелі әртүрлі

Жалпы, сақтандыру секторындағы кәсіби ойыншылар халықтың да, бизнестің де мүдделерін қорғауы тиіс жаңа сақтандыру құралдарын енгізіп, дамытуға дайынбыз деп отыр. Дегенмен Нұржан Джантуреевтің пікірінше, дәл қазір тұрғын үйді міндетті сақтандыру бағдарламасын әзірлеуге барынша мән беру керек. «Қазір бізде Түркия, Жапония, Жаңа Зеландия және т. б. елдердің мысалында апатты тәуекелдер бағдарламасының жұмыс барысы, ықтималды нұсқасы талқыланып жатыр. Байқасаңыздар, бұл елдерде жер сілкінісі таңсық емес. Бірақ әр елдің өз ерекшелігі бар — жер ауқымы, экономикалық дамуы, тәуекелдер құрамы әр елде әртүрлі. Біздің еліміз кең байтақ — бізге барлық аймаққа шақ келеді дейтін әмбебап бағдарламалар жарамайды. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігіне жер сілкінісі тән десек, солтүстік, батыс және орталық үшін су тасқыны өзекті», — дейді сарапшы.

Ал Әлібек Жиенбаев болса, апатты тәуекелдерден қорғану тетіктерін енгізумен сақтандыру компанияларының тәуекелдері де ұлғая түседі, деп ескертеді. Бұл тұрғыда оларға капиталдандыру және апат салдарындағы шығындарды жабу үшін қаражат қорларын арттыру дегендей бірқатар талаптар күшеюі мүмкін. «Нарықтағы жаңа жағдайларға бейімделіп, апатты тәуекелдердің ықтималды салдарын барынша азайту үшін сақтандыру компанияларына тәуекелдерді басқару стратегия­ларын қайта қарау­ға тура келеді. Оның ішінде қайта сақтандыру, тәуекелдер портфелін тараптандыру, тәуекелдерді бағалау мен басқарудың инновациялық әдіс­терін әзірлеу секілді қажеттіліктер туындауы мүмкін», — дейді ол. Әріптесінің бұл пікірімен Нұржан Джантуреев те келіседі: «Біздің жағдайда мемлекеттің қатысуынсыз мұндай бағдарламаны іске қосу мүмкін емес, сол сияқты, ықтималды шығындардың белгілі бір деңгейінде халықаралық қайта сақтандыру тетіктерін қолдану да қажет болады».

Сарапшылар нарық ішінде тек апатты тәуекелдермен ғана жұмыс істеуге маманданған жаңа ойыншының пайда болу мүмкіндігін жоққа шығармайды, бірақ бәрі де реттеуші орган мен үкіметтің таңдауына қарай қалыптасатыны анық. Халық­аралық тәжірибені есепке алсақ, мұндай ауқымды шараларды реттеуге әдетте мемлекеттік құзырлы органдар жауапты, олар тәуекелдерді бағалап, тиімділік көрсеткіштерін талдап, бағдарлама саясатын белгілейді. Ал нарыққа мемлекеттің қатысы бар сақтандырушы жаңа ойыншының келу мүмкіндігін Нұржан Джантуреев «қажетсіз шара» деп есептейді. Оның пікірінше, апатты тәуекелдерден қорғану тетіктері Қазақстан халқына тиімді әрі қызықты болуы үшін онда сақтандыру өтемінен бастап, әділетті сақтандыру құны, сенім көрсеткіші, практикалық тұрғыда қарапайым да түсінікті шарттар және қатысушы тараптардың мүдделерін сақтау сынды мәселелердің өзара балансы сақталуы тиіс. «Біздіңше, апатты тәуекелдерден сақтандырудың тиімді моделі Жапонияда жүзеге асырылған. Оған мемлекет те, жергілікті сақтандыру компаниялары да қатысып отыр. Қысқаша айтсам, біздің нарықта белгілі бір лимит өтемін қамтамасыз ететін міндетті бағдарлама болғаны дұрыс. Қымбат мүлікке иелік етіп отырған азаматтар өтеу деңгейі біршама жоғары құралдарды сатып ала алады. Ал географиялық тұрғыдан келгенде тәуекелдер әр өңір үшін дифференциалды болуы тиіс, сәйкесінше тариф­тер де икемді болуы керек», — дейді Нұржан Джантуреев.

Бүкіл әлем бойынша жиілей түскен табиғи апаттардың салдарынан қазақстандықтар да апатты жағдайлардан сақтандыру өнімдеріне көңіл бөле бастады. Қазір бізге төтенше жағдайлар кезіндегі залалдардан мүлікті сақтандыратын құралдарға мән беру керек

Әлібек Жиенбаевтың айтуынша, апатты тәуекелдерден сақтандыру тетіктерін енгізудегі негізгі тиімді фактор — мемлекеттің қолдауы болуы мүмкін. Бұл тетіктер дұрыс жұмыс істеуі үшін бірқатар шарттар орындалуы тиіс, дейді ол. Мысалы, тәуекелдерді дұрыс бағалау, әсіресе, нақты бір өңір, аумаққа тән тәуекелдер аясында. Сақтандыру нарығын дамыту және нарық ішінде кәсіби сақтандырушы компаниялардың болуы. Адекватты сақтандыру саясаты және оның дұрыс реттелуі. Тәуекелдерге мониторинг жүргізіп, олардың алдын алу шараларын ескеру — бұл тұрғыда мемлекет пен сақтандыру компаниялары бірлесе жұмыс істей алады, дейді сарапшы.

Қорыта айтқанда, сақтандыру нарығындағы ойыншылар апатты тәуекелдерден қорғану тетіктерін тиімді етіп енгізуде мемлекет пен нарықтың өзара бірлескен күш-жігері қажет деген пікірде. «Тек осындай модель аясында ғана мемлекеттік шығындарды оңтайландырып, халықтың басым бөлігі үшін қолжетімді тарифтер белгілеу және шығын орын алған жағдайда дұрыс төлем жасау мүмкіндігі бар», — дейді олар.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте