Адамзат бақылауындағы ЖИ

Технологиялардың қолданыс аясын реттеу Қазақстанды да айналып өтпейді

Фото: © Depositphotos.com/phonlamai

International Data Corporation (IDC) зерттеулері бойынша 2025 жылға қарай әлемдегі генерацияланатын барлық деректердің 80 %-ы жасанды интеллект негізінде жасалатын болады. ЖИ қазір ХХІ ғасырдағы ең серпінді технологиялардың бірі ретінде медицина мен қаржыдан бастап, көлік пен өндіріске дейін әртүрлі салаларда қолданылуда. Дегенмен, технологиялық дамудағы мұндай қарқынды өзгерістер адамзатты алаңдатып та отыр. 2024 жылдың 13 наурызында Еуропалық Одақ «Жасанды интеллект туралы» арнайы заң қабылдады. Бұл құжат ЖИ қолдануда және инновацияларды ынталандыруда адамның қауіпсіздігі мен негізгі құқықтары сақталуын қамтамасыз етуге мән береді. Онда сондай-ақ, қоғамдық орындарда ЖИ негізінде құрылған адамдардың бет-бейнесін тану жүйелерін қолдануға тыйым салынған.

ЕО құжатына зер салсақ, онда ЖИ жүйелерін қауіп-қатеріне қарай төрт классификацияға бөлген: тыйым салынған (қолдануға мүлдем жол берілмейді, мысалы, адамның ізіне түсіп, бақылап отыруға; физикалық және психологиялық ауыр салдарға әкелетін жүйелерге); шектеу қойылған (ондай ЖИ жүйелерін заңды түрде қолдануға болады, бірақ адамның бет-бейнесін тани алатындықтан ол қауіпті болуы мүмкін); қауіп деңгейі жоғары (денсаулық сақтау, білім беру, маңызды инфрақұрылым менеджменті секілді салаларға қатысты) және қауіп деңгейі төмен (бұған жоғарыдағы тізімге кірмеген, сонымен қатар, адамдарға қаупі төмен чат-боттар кіреді).

ЖИ рөлін зерттеумен айналысып жүрген қазақстандық зерттеуші Сергей Голуновтың түсіндіруінше, Еуроодақ адам құқын қорғау мәселесінде қашаннан «бірбеткей ойыншы». «Кейде мұндай позиция Еуроодақтың саяси мүдделеріне нұқсан келтіретіндей болып көрінуі мүмкін, оның айқын дәлелі – 2016 жылғы жеке деректерді қорғау жөніндегі қаулы. Сол тұста бұл құжат ЕО мен оның халықаралық серіктестері арасындағы қарым-қатынасқа бірқатар бюрократиялық кедергілер келтіруі ықтимал деген көзқарас болды. Бұл жолы да заң ЖИ қолданатын ірі бизнес пен құқық қорғау органдарының жұмысын шектеуі мүмкін деген пікірлер айтылды, бірақ адам құқықтары мәселесі бәрібір бірінші орында қалды», – дейді ол.

Ал IT-ағартушы, аналитик Тимур Бектұр, бұл заңды «Еуроодақтың ЖИ бойынша актісі деп атаған жөн» деп есептейді. «ЕО көтерген мәселелерге тоқталсақ, біріншісі – жалпыға ортақ жасанды интеллектінің (general-purpose technologies) кемшіліктерінен қорғау. Қазақстанда жеке куәлік алатын азаматтар енді суретінен бөлек саусақ ізін де тапсырады деген хабарландыру шықты. Мұндай биометриялық идентификация деректері бірқатар жұмыста пайдалы болғанымен, ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде біз оған күмәнмен қараймыз. Мемлекет базасындағы халықтың мәліметтері қарақшы топтардың қолына түссе, бұл үлкен қауіп. Сол үшін Еуроодақтың ЖИ бойынша актісі азаматтардың биометриялық идентификациясын оңды-солды қолдануға және күш құрылымдарының пайдалануына шектеу қояды. Екіншіден, ЖИ-ді қолданып, адамдарды категорияға бөлуге болмайды. Ол қалай жүзеге асып, оның қандай салдары болуы мүмкін? Мысалы, көпшілік жүретін жерлерде камера қойылып, ол адамдардың жынысын, жасын, бет-әлпетін, эмоция­ сын, қандай киім кигенін, қайда бара жатқанын тізіп ақпарат жинаса, халықты бай, кедей, әлеуетті қылмыскер не күш құрылымдарына қарсы бірдеңе жасамақ ойы бар деп бөліп-жарса, жоғарыда айтылған категорияға бөлу қаупі бар. Яғни, сіз туралы ақпарат сырттан, сіздің қатысыңызсыз жиналмауы тиіс. ЖИ ашықтықты сақтап, сіз туралы ақпарат жинақтап жатқанын айту керек, айтпаған жағдайда ол заңбұзушылық болады», – дейді сарапшы.

Әйтсе де ол «ЕО ережесі жасанды интеллектіге қатысты тарихтағы ең бірінші заң деп айту оғаштау» деп отыр. Оның айтуынша, жасанды интеллектімен жұмыс аясында ірі компаниялардың басымдығын шектеу әрекеттері бұған дейін де кездескен. Әр ел әр уақытта өз ережелері мен нормативтік актілерін, өз деңгейіндегі құжаттарын жария­лап жүр. Deloitte аналитикалық институтының деректері бойынша бүгінде 69 елде ЖИ бойынша 1600 ереженің түрі бар. «Олардың резолюциясы жұмыс мәселесі, мемлекет қауіпсіздігі секілді сан қилы стандарттарға қарай ережелер жиынтығына топтастырылған. АҚШ-та ЖИ бойынша өз көзқарасын білдіріп Коннектикут, Калифорния, Луизиана, Вермонт штаттары ережелер қабылдап үлгерді. Жапония осы технологияға байланысты ережелер жинақтап жатыр. Қытай жасанды интеллектінің бірнеше түріне шектеу қойса, Ұлыбритания біздің заңдарымыз күн тәртібіндегі технологиялық мәселелерге жауап береді деп отыр. Бір қызығы, Сауд Арабиясы мен БАӘ – ЖИ жүйелері бойынша әралуан көзқарас танытуда, сонда да технологиялық жарысқа қосылып, дамытуға ақша құюға кет әрі емес», – дейді Тимур Бектұр.

Осы тұста «Мұндай құжат басқа елдерде де қабылдануы мүмкін бе?» деген заңды сұрақ туындайды. Сарапшылардың пікірінше, әр елдің өзіне тән саяси және экономикалық ерекшелігін ескерсек, әлемдегі бүкіл мемлекет бұл саланы реттеу ережелерін енгізуге мүдделі деп айта алмаймыз. Бірақ адам құқықтары жоғары дәріптелетін елдерде ЖИ қаупі міндетті түрде ескерілетіні анық. «ЖИ саласын реттеудің жалпы ережелері Конс­титуция секілді барлық елдерде қолданылғаны дұрыс, бірақ әр елдің өз ерекшелігі бар. Егер бір елде адам құқықтарының бұзылу қаупі жоғары болса, онда заңның осы сегментінде ережелерді мүмкіндігінше мұқият қарастырып, заңды бұзған жағдайда артылатын жауапкершілікті күшейту керек. Әлбетте, мұндай заңдар мен реттеулер Қазақстанды да айналып өтпейді. Бұл тек уақыт еншісіндегі мәселе. Менің ойымша, осы тұрғыдағы реттеулер халыққа бағытталып қабылдануы керек, яғни бұл мәселе тек IT қауымдастық үшін ғана маңызды нәрсе емес. ЖИ ел экономикасының барлық саласын қамтитын технология. Ендеше бұл саланы реттеуші құралдар мен тетіктер мейлінше ертерек қабылданғаны жөн. Дәл қазір Қазақстанда ЖИ екпіні аса қарқынды емес, бізде оның қолдану аясы тар. Ғылым саласының өкілі ретінде айтсам, бізде жасанды интеллектіні зерттеуге, нейрондық желілерді қолдануға арналған бірқатар жұмыстар бар және оқу орындарында да ЖИ жүйесін зерделеп, енгізу процесі жүріп жатыр», – дейді СДУ Университетінің аға оқытушысы Азамат Серек.

Адам баласының бүгінгі өмірінде цифрлық трансформация көші елеу­лі орын алады. Жасанды интеллект жүйесі біз өзіміз қаласақ та, қаламасақ та, біздің өмірімізге дендеп ене бастайды. Сәйкесінше ЖИ технологияларын қолдану тетіктерін мемлекеттік деңгейде реттеп, бақылау қажеттілігі де алдағы екі-үш жылда өзектеле түседі, дейді сала ішіндегі мамандар.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте