Forbes Kazakhstan журналының қазан айындағы саны қазақ тілінде жарық көрді

Басылымның жаңа санын журналдың бас редакторы Асия Акишева ұсынып отыр

Асия Акишева
Асия Акишева
Фото: жеке архив

Жыл ішіндегі әр айдың өзіне тән миссиясы бар деп түйіндейтін болсақ, қазан айының сипаты ағартушылық деуге тұрады. Халықаралық деңгейде белгіленіп, мойындалған айтулы даталар күнтізбесі бойынша қазан айында мектепке, ұстаздыққа, жалпы, білім беруге тікелей қатысы бар бірқатар дата бар екен.

Ашығын айтсақ, ағартушылық әркімнің қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Ағартушылық идеялары кез келген қоғамда ой-өрісі кең, кемелі жеткен тұлғалардың қалыптасуымен бой түзеп, тараған. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қайырымы қайтпаса…». Яғни, біздіңше ағартушылық тек үйретушінің ғана емес, үйренушінің де миссиясы. Осыған мән бере отырып Forbes Kazakhstan журналының бүгінгі номерінде біз қоғам ішінде ағартушылық ұстанымы мол тұлғалармен тілдесіп, олардың игілікті істерін, жас ұрпаққа өнеге болар өмір жолын зердеге салғанды жөн көрдік. Бұл ұстаным жыл сайын қазан айында жарық көретін «Қазақстандағы ең беделді 50 бизнесмен» рейтингімен сайма-сай келеді. Алдын ала айта кетсек, бұл жолы «Беделділер тізімінде», әдетте қазақстандық Forbes рейтингтерінде сирек кездесетін цифрлық технологиялар сегментінің өкілдері де бар. Сол сияқты бұл номерде Forbes Kazakhstan әзірлеген еліміздегі ең ықпалды әйелдер рейтингінің қазақша нұсқасы да бар. Бұған дейін жария етілген рейтингті «қайта басудың не қажет бар?» дер базбіреулер. Әйтсе де ел ішінде өз орны бар қазақтың қыз-келіншектері туралы бұл жариялым біздің қоғам үшін көптік етпейді деген ойдамыз, тіпті ақиық ақын Мұқағали ағамызша айтқанда: «бола берсін көп мейлі» мұндай дерек-ақпарат…

Әрине, журналымыздың күз айындағы санында да әдеттегідей қоғам ішіндегі өзекті мәселелердің түйінін сарапшы қауыммен бірлесе отырып, тарқатуға негізделген материалдар шоғыры бар. Сонымен қатар, жоғарыда айтып өткендей ағартушылық идеясын қоғамға, келер ұрпаққа жеткізуді өздеріне тікелей міндет еткен тұлғалардың жобалары мен өмірлік тәжірибесін сөз ететін мақалалар, сұхбаттар ұсынылған. Соның бірі — белгілі журналист, Tan Media Group басшысы Арманжан Байтасовтың құрылтайшы ретінде тікелей қатысуымен Астанада салынған еліміздегі тұңғыш Креативті мектеп туралы. Бұл мектеп биыл өзінің алғашқы оқушыларын қабылдап, жаңаша білім беруге ден қойды. «Креативті ойлауға үйренуіміз қажет, басқалар кедергі көрген жерде — мүмкіндіктерді байқап, күрделі істің тосын шешімін таба білу де өнер», — дейді Арманжан Байтасов.

Нобель сыйлығының лауреаты, 27 жастағы пәкістандық құқық қорғаушы Малала Юсафзай: «Бір кітап, бір қаламсап, бір оқушы, осылайша бір мұғалім айналасындағы әлемді өзгерте алады» дегені бар. Ал ел астанасында биыл ашылған Креатив мектебінің мақсаты — еліміздің болашағына елеулі үлес қоса алатын «креативті, рухы мығым ұрпақты, интеллектуалдық жағынан дамыған азаматтарды тәрбиелеу». Осы арада қазақ ағартушыларының бірі де бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы ағамыздың: «Біздің заманымыз — өткен заманның баласы, келер заманның атасы!» деген сөзі де еске түсіп отыр…

Сол сияқты, номердің басты кейіпкері кәсіпкер Дулат Тастекейдің: «Мақсатымыз тек ақша табу болса, ұлттың болашағы, ел азаматтары ретінде жасайтын ісіміз қандай болмақ?! Өзіміз қолға алған жобалардың нәтижесін көргенде рухтанып, қуаттанып, өзге де игілікті істерді қолға алғымыз келеді» дегені де осы ағартушылық миссиясының бір көрінісі емес пе?!

«Адамзаттың жақсылығына сену — адамгершіліктің ең биік белгісі» деген екен қазақтың біртуар ұлы, эпик ақын Мағжан Жұмабаев. Жақсылыққа сене білу де — өнер.

Forbes Kazakhstan оқырманы қатарына қош келдіңіз!

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте