Forbes Kazakhstan қазақша журналының кезекті саны жарыққа шықты
Басылымның жаңа санын журналдың бас редакторы Асия Акишева ұсынады

Құрметті оқырман, қазақ тілінің «жасып-мұқаған» қалпын осыдан бір ғасыр бұрын Міржақып Дулатұлы жеткізіп айтқаны есіңізде болар. «Мен заманында кім едім? Ақын, шешен, тілмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім, жарға соққан толқындай екпінді едім. Енді қандаймын?..».
Әрине, уақыт ағымына қарай кез келген тіл трансформацияға ұшырап, өзгеретіні сөзсіз, әсіресе, бүгінгідей екпінді технологиялар кезеңінде. Бірақ меніңше, өзгеру дегеніміз кемелденіп, толысу; жасып-мұқалу емес. Медиа саласында жүрген көптеген жылдардың ішінде өз басым анық көз жеткіздім: ана тіліміздің қабілет-қайраты, әлеует мүмкіндігі ғылым мен білімде де, қаржы мен бизнесте де, заманға сай технологиялар әлемінде де жетіп асады, егер, әрине, әр салада тіліміздің мүмкіндігін бейімдеп, шыңдауға деген ниет, жігер, талап болса; ана тіліміздің мүмкіндігін дұрыс дамыту стандарттары әзірленіп, қолданысқа түссе.
Ел бойынша барша жұртқа кең танымал маркетплейстердің бірінде сатушылар тұтынушы қауымға «мөлшері мөлшері» деген сипатта «жартылай аяқкиім» ұсынып отыр. Қалай ойлайсыз, бұл тілді дамытуға қосқан үлес пе, сауатсыздық па, білместік пе? «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады», — деп жазған қайраткер ақын Мағжан Жұмабаев. Өкініштісі сол, ебедейсіз аудармаға негізделген қазақ тілінің «ынжық» сипатына қазіргі күні үйреніп те қалдық. Арагідік тілімізді өзіндік бір саяси құрал ретінде пайдалану әрекеттері де айқын байқалып жатады, ал осыдан бір ғасыр бұрын ұлт зиялылары қазақ тілін елді біріктіріп, тұтастандыруы тиіс тұтқа ретінде сақтауды ойламап па еді?!
Бүгінгі номерде біз ел экономикасының кез келген саласында қазақ тілін емін-еркін қолдану мүмкіндігі зор дегенді жеткізуге тырыстық. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, біздің қоғамда: «Қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазақтілді қарым-қатынасқа сұранысы жоғары орта өсе береді. Бұл — объективті процесс», — деп отыр.
Бизнестің тілімен айтсақ, ел ішіндегі кез келген салада қазақша қызметке деген сұраныс бұрыннан бар, тек өзге тілдің біразын жетік меңгеріп алған қазақ тұтынушысы өзіне тән «жомарттық мәдениетінен» аттап өткенді әдепсіздік санады. Алайда заман ырғағы тұтынушы қауымның өміріне тек жаңа технологиялардың дендеп енуімен ерекшеленіп отырған жоқ. Бүгінгі қоғамда қазақ тілінің жоғын жоқтап, мұңын жырлаушы әртүрлі буын өкілдері қалыптасып үлгерді: олардың пайымынша, бір ұлттың тіліне деген ізет пен құрмет — сол елде бизнес жүргізіп, табыс тауып отырған қауымның өзіндік бір сауапты мәдениетіне, ұстанымына айналуы тиіс. Қазақ қоғамында өріс алған cancel culture құбылысы да осының бір айғағы болса керек. Бірақ бәзбіреулер ойлағандай, ана тілінің жанайқайын жеткіземін деген саналы ортаның көкейінде өзге тілдерге деген өкпе-реніш жоқ. Оқырман қауым біздің пікірімізді дұрыс түсінеді деген үміттеміз.

Ал номердегі негізгі тақырып — «Қазақстандағы ең беделді 50 бизнесмен» рейтингі. Бүгінгі таңда отандық бизнес ықпал етудің әлеуметтік деңгейіне шығып, қоғам ішіндегі, ел ішіндегі өз беделін одан әрі нығайта түскен.
Сондай-ақ отандық логистика және қойма нарығында қызмет көрсетудің бірегей мәдениетін қалыптастырған Atasu Group құрылтайшысы Марат Жұманмен арадағы әңгімеден осы саланың қыр-сырымен таныса аласыздар. Сол сияқты, «шайқұмар» қазақтарды кофеге қызықтырған Дәурен Қозыбаев жас буын өкілдеріне қандай ұсыныс жасап отыр — біздің журналдың кезекті санынан осы және өзге де материалдар топтамасын оқи аласыз.
Forbes Kazakhstan оқырманы қатарына қош келдіңіз!