Еңбек нарығына технологиялардан келер қауіп жоқ

Отандық бизнес қоршаған ортаны қорғау бойынша жаңа шешім, жаңажол ұсынуға мән бергені абзал

Фото: © Depositphotos.com/serezniy

Автоматтандыру және жасанды интеллект — еңбек нарығына қауіп төндіріп отырған жоқ, деп есептейді The Boston Consulting Group (BCG) сарапшылары. 150-ден астам сарапшының арасында сауалнама жүргізген олар — алдағы елу жылда адам баласы үшін қызықты жұмыс ауқымы көп болады деген түйін жасайды. Яғни, соңғы жылдары белең алған «жұмыссыз қалу» ықтималдығы туралы үрейге қарамастан, болашақта адамдардың кәсіби тұрғыда өсіп, шыңдалуына, материалдық жағдайын жасауға барлық мүмкіндік бар. Әлбетте, бұл мүмкіндіктерді тек өз бойындағы машық-дағдыларды ұдайы дамытып, жаңаларын игеруге ниетті мамандар ғана тиімді қолдана алады.

BCG сарапшыларының пікірінше, таяу жылдары офистердегі күнделікті жұмыс барысы елеулі өзгерістерге ұшырайды, бұған генеративті жасанды интеллектпен қатар, ұстаным-көзқарастары аға буын өкілдеріне мүлдем ұқсамайтын жас мамандардың еңбек нарығына қосылуы да ықпал етпек. Технологиялық және әлеуметтік өзгеріс толқындарына әзір болуы үшін компаниялар бүгін өз жұмысында заманауи бизнес-климаттың келбетін айғақтайтын бірқатар факторларды ескеруі керек.

Біріншіден, қоршаған ортаға қамқорлық жасау — бұл өте маңызды. Қазір жаһандық экономиканың негізгі даму принципі экологияға кәдімгідей зиян келтіруде. Бизнес — қоршаған ортаны қорғау бойынша өз көзқарасын өзгертіп, бұл тұрғыда жаңа шешім, жаңа жол ұсынуға мән бергені абзал. Екіншіден, компания­лар ЖИ мүмкіндіктерін барынша ақылмен, саналы түрде қолдануды үйренуі керек — бұл технология адам үшін қауіпсіз әрі пайдалы болып қалуы тиіс. Үшіншіден, компаниялар адам баласына тән негізгі қажеттіліктерді қанағаттандырудың маңыздылығын ұмытпауы керек. Үйсіз-күйсіз, аш-жалаңаш қалған адамдардың саны артқан сайын жаһандық тұрақтылықтың іргесі де сөгіле береді. Төртіншіден, бизнес тарапынан қызметкерлердің шығармашылық тұрғыда өсіп-өрлеуіне жағдай жасалып, олардың психикалық денсаулығына қолдау көрсетілуі өте маңызды, әсіресе, ақпарат әрі-бері жорытып жүрген бүгінгі әлем аясында.

BCG сарапшыларының пікірінше, осы тұрғыдағы ұсыныстарды дұрыс жолмен жүзеге асыра алған компаниялар — жаңа технология­лар мен әлеуметтік өзгерістер негізінде бой түзейтін экономиканың жаңа салаларын бағындырып, игеруге мүмкіндік алады. Солардың бірі — күтім жасау экономикасы, ол қарттарға, балаларға, жастарға және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтарға қамқорлық көрсету қызметтерін қамтитын сала. Күтім жасау экономикасы денсаулық саласымен тікелей байланысты, ал бұл сала жаңа технологиялардың ықпалымен әрі қарай өзгеріп, түрлене береді. Күтім экономикасының маңыздылығына күмән келтіруге болмайды: қазір егде жастағы кісілердің саны өсіп, денсаулықтың менталдық проблемалары кең тарауда. Күтім экономикасы адамдардың қатысуын қажет етеді, сондықтан бұл салада жұмыс орны қашанда көп болады, деп болжайды сарапшылар.

Дәл қазір экзотикалық деп танылатын регенеративті өнеркәсіп саласында да жұмыс орындары көп болады. Бұл сала құрылыс материалдарын қайта қолдану, қалдықсыз қала инфрақұрылымын құру, экологиялық таза материалдар өндіру, баламалы энергетиканы дамыту сынды маңызды бағыттарды қамтиды.

Болашаққа негізделген саланың бірі — бизнестің жан-жақты, кешенді қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мұнда тәуекелдердің алдын алуға негізделген жүйелі де белсенді бағалау жолдары қарастырылады. Ал мұндай қызметтерге көптеген ірі компаниялар зәру болмақ, өйткені оларға киберқауіпсіздік, когнитивтік (мысалға, қызметкерді жалған ақпараттан және шектен тыс стресстен қорғау), климат қауіпсіздігі сынды кешенді мәселелерді шешуге тура келеді. Бизнеске бағытталған қауіп атаулы үнемі өзгеріп, түрленіп жататынын ескерсек, кешенді қауіпсіздік экономиканың ең маңызды саласына айналмақ, ендеше бұл салада жұмыс орындары көп болуы тиіс.

Регенеративті ауыл шаруа­шылығы — жұмыс күшін талап ететін сала. Ауыл шаруашылығындағы жерлерді өнеркәсіптік жолмен өңдеуге қарағанда, регенеративті шешім елеулі көлемдегі еңбекті және білікті мамандарды қажет етеді.

Кәсіби тұрғыдан өсіп, шыңдалуға мүмкіндік беретін саланың бірі — тәжірибемен бөлісу секторы. Алдағы уақытта әртүрлі салалардың мамандары бір-бірімен жиі араласып, әлем ішіндегі өзгерістерді түсініп, түйсінуде бір-біріне қолдау көрсетіп, жаңа машық-дағдыларды бірлесе дамытуға мән бере бастайды. Әрине, бәсекелестік — әлемдік экономиканы дамытудағы іргелі аспект ретінде қала береді, бірақ BCG мәліметтеріне ден қойсақ, әртүрлі компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың маңызы жыл өткен сайын өсіп келеді. Бұл сала көптеген жаңа мамандықтардың бой түзуіне серпін бермек.

Жаңа жұмыс орындарын құруды жергілікті өндіріс саласы да талап ете бастайды. Ертеңгі күннің ірі қалаларында қала жұртына арнап өнім өндіретін шағын өндірістік жүйелер жұмыс істейтін болады. Бұл кәсіпорындар электроника, мобильді телефон, медициналық құрал-жабдық, жиһаз, киім-кешек, т. б. өндірумен айналысады. Бұл салада ЖИ және 3D басып шығару сынды технологияларды игерген мамандарға қашанда жұмыс табылады.

Ойын-сауық пен өнер саласы бүгінгі заманауи адамның өміріндегі өзіндік бір маңызды бағыт. Бұл тұрғыда метағалам көңіл көтеруге негізделген көптеген ұсыныс жасап отыр, оның ішінде киберспорт та бар. Бұл саланың дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға екпін береді.

Әрине, болашақтың еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктерді игеріп, қолдану үшін адамдар өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, шыңдаумен қатар, сыни тұрғыдан ойлау, шешім қабылдау сынды қабілеттерді дамытып, оптимист болуды және өз бойындағы эмоционалдық, физикалық қасиеттерді реттеп ұстауды үйренуі тиіс, деп көрсетеді BCG сарапшылары. Әлем іші күрделене түскенін ескерсек, болашақтың кәсіби маманы үшін мұндай машық-дағды маңызды қажеттілік. Табысты карьера құру үшін болашақ мамандарға жаңа технологияларды дұрыс игеріп, маңайындағы адамдармен түзу қарым-қатынас орнатуға және креативті тұрғыдан ойлауға тура келеді, дейді BCG сарапшылары.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте