Әр қазағым — жалғызым!

Кез келген елдің ең маңызды активі — адамдар. Экономиканы қалыптастырып, оның болашағын айқындайтын да, елдің даму бағыты мен келешегіне қарқын беретін де — ел азаматтары

В ботаническом саду Алматы
Фото: архив пресс-службы

Тарихқа көз салсақ, табысқа қол жеткізген іргелі мемлекеттер табиғи ресурстарға емес, ел ішіндегі дарындар мен таланттарға арқа сүйеген. Мысалға, Сингапурда мұнай да, газ да жоқ, бірақ — тәуелсіз де салауатты, ең бастысы білімді халқы бар. Бұл елдің экономикасы адами капиталды жүйелі түрде дамытуға негізделіп құрылған.

Қарап отырсақ, бүгінде талантты адамдар үшін жаһандық деңгейде кәдімгідей шайқас жүріп жатыр — бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалмауы тиіс. Дамыған елдермен салыстырғанда біздің елдің өзіне тән демографиялық басымдығы бар. Орташа есеппен алғанда біздің халықтың жас ерекшелігі ойдағыдай, жастар жағы өсіп-өркендеп жатыр. Енді елдің осы әлеуетіне дұрыс бағыт-бағдар беруді ойлау қажет, қазіргі уақытта бұл ерекше маңызды. Бұл үшін бізге мемлекетті, бизнесті және қоғамды біріктіретін ұзаққа негізделген стратегия керек.

Біздің мақсатымыз — әлемдік деңгейдегі дарындар мен таланттарға жағдай жасап, оларды елге тарту және ел ішінде ұстап қалу. Бұл тұрғыдағы негізгі құрал — мұнайдан түсетін кірістерді бөлу моделін қайта қарау. Қазір бізде Ұлттық қордағы қаражат пен мұнайдан түскен табыс негізінен импорт тауарларына жұмсалуда. Ал бұл қаражат адамдарға инвестициялануы керек. Бүгінде шамамен 15 трлн теңгені өнеркәсіп жобаларына бағыттау жоспарланса, меніңше, кем дегенде 5 трлн теңге білім алуға, кәсіпкерлікті дамытуға және креативті индустрияға бөлінгені дұрыс. Бұл тұрғыда бізде оң нәтиже берген жобалар да жоқ емес, мысалға, «Болашақ» бағдарламасы немесе спорт секциялары мен үйірмелеріне дем берген «АртСпорт» жобасы, NIS мектептері, Назарбаев Университеті. Бірақ Қазақстандай ел үшін бұл әлі де аздық етеді, бізге қазір ұлтымыздың бәсекелестік қабілетін арттырып, нығайтуға серпін беретін жүйелі шешім, тетік-құрал қажет.

Қазақстан шетелдік инвестициялар үшін ашық ел, осының арқасында біздің елде кәсіби мамандардың жаңа табы қалыптасып қалды. Яғни, елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық компаниялардың арқасында кәсіби қаржыгерлердің, аудиторлардың, мұнайшылардың қауымдастықтары құрылды. Ал жаһандық деңгейдегі брендтердің келуі (мысалға, Starbucks, McDonald’s, халықаралық қонақ үй желілері) белгілі бір салада ұлттық бизнестің дамуына серпін беруде. ІТ секторы мен стартап нарығындағы ұлы көшке дем берген де жеке сектор тарапынан туындаған сұраныс пен халықаралық бәсекелестік талаптары.

Дәл қазір біз осы тенденцияларға сүйене отырып, кәсіпкерлік ой-санаға бизнестегі дағдыларды игеруге инвестиция бағыттауымыз керек. Бізді қоршаған бүгінгі әлемде белгісіздік нышандары өте көп, сол үшін де біз кәсіпкерлерге тән икемділік, бейімділік қабілеттерімен қатар, тәуекелге бел буу сынды қасиеттерді игере білгеніміз жөн. Бұл қасиеттер білім беру жүйесі мен мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде қалыптасуы тиіс. Дегенмен, маңыздысы жай ғана жаппай кәсіпкерлік емес, қоғам игілігіне бағытталған этикалық бизнесті қолдау. Қазақстандық компаниялар тек өз қожайындарына ғана емес, жалпы қоғам үшін құндылық қалыптастыра алатын деңгейде болғаны хақ. Ал мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлікті белсене қолдауы тиіс. Біздің мақсатымыз — адами капиталды дамытуға жағдай жасау, өйткені бұл шығын емес, бұл — болашаққа жасалған инвестиция.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте