Баспагер Раиса Қадыр: Қазақстанда әйел кәсіпкерлерге менсінбей қарайтындар әлі күнге дейін көп

54160

Steppe and World баспа үйінің басшысы Раиса Сайран Қадыр арнайы Forbes.kz үшін отандық кітап нарығы, Хәрри Поттер феномені мен еліміздегі әйел басшы туралы стереотиптерге қатысты өз ойын ортаға салды

Раиса Қадыр
Раиса Қадыр
Фотосуреттер Раиса Қадырдың жеке архивінен алынған

Раиса ханым, біраз сұхбаттарыңызды қарап шықтық. Баспа үйін ашу, баспа нарығына келу бір сәтте, дереу қабылданған эмоционалды шешім болғандай әсерде қалдық. Әлде қателестік пе? 

- Қазақстанға 2016 жылғы кезекті сапарымда балаларыма, туыстарыма базарлыққа қазақ тілінде шыққан әлем әдебиетін таппай, таң қалдым (бұл жайында сұхбаттарымда жиі айтамын). Жырақта жүргенде елдегі жағдайға қатысты көзқарас басқаша болып жатады ғой. Сонда қазақ балалары бестселлер болған, танымал заманауи әдебиетті қалай оқиды деп ойланғаным рас. Шынын айту керек, осы уақытқа дейін елімізде қазақ кітап нарығы деп айтатындай нарық болмады. Мемлекеттік тапсырыспен классикалық әдебиетті шығаратын ірі баспаларды ескермегенде, нарық Ресейден шыққан орыс кітаптарынан тұрды. «Атамұра», «Алматы кітап», «Фолиант» баспалары көбіне мемлекетпен тікелей, яғни B2G (business-to-government) форматында жұмыс істеп келеді. Ал B2C (business-to-consumer) форматындағы жұмыс көп уақыт пен қаражатты талап етеді. Ондай күш-қуат пен уақыт бөлуге баспа үйлерінің біразы мүдделі болмады деп ойлаймын.

Осының бәрін зерделей келе, өз баспамды ашу керек деген идеяға тоқталдым, бұл 2016 жыл болатын. Баспа 2017 жылы тіркелді, ал алғашқы кітап – Джулия Дональдсонның «Ақын қояны» («The Rhyming Rabbit») 2018 жылы шықты. Қарап отырсаңыз, идеяның туындауы, баспа үйінің тіркелуі мен алғашқы кітаптың жарыққа шығуы екі жылды қамтыды. Меніңше, аз уақыт емес. 

Қазір еліміздің кітап нарығы жаңа баспалармен толығып жатыр. Бірақ нарық ішіндегі кітапқұмарларды тілдік ерекшелігіне орай құрылымдап бөлу оңай емес, әсіресе, қазақша оқитындар өзге тілдерде де оқитынын ескерсек. Сізде аудитория бойынша қандай да бір статистика бар ма?

- Статистика бар дей алмаймын, дегенмен, бес жылдық тарихымызды саралай келе, бірнеше тенденцияны байқадым. Біз «қазақша кітап кімге керек, орысша оқи саламыз» деп ойлаудан «оқуға болады екен ғой» дегенге дейінгі көзқарастың өзгергенін көріп жүрміз. Оның бәрі кітап сапасының, аударма сапасының, кітап мазмұнының жақсы болғандығынан деп білемін.

Біздің баспа үйінің мақсаты – қоғамның қазақ тілінде шыққан кітаптарға көзқарасын өзгерту. Қазақша кітап сатып алу «әдеттегі қалыпты жағдай» деген түсініктің орнауына, қазақша кітап сатып алу мәдениетін қалыптастыруға атсалысу болатын. Соған жеттік! Алғашында «мен қазақша оқи алмаймын», «қазақша кітаптардың аудармасы сауатсыз», «қазақша кітапты кім оқиды?» деген сөздер көп айтылатын. Қазір де солай айтатындар бар, бірақ бұл пікір жақсы жағына қарай өзгерген.

Екінші жағынан, Украина мен Ресей арасындағы жағдай халық ішінде патриотизм сезімінің артуына алып келді. Намыс оянды. Біздің баспадан шыққан кітаптар көбіне балаларға арналған. Бірақ кітапты бала өзі сатып алмайды ғой, сатып алып беретін оның ата-анасы. Сондықтан «ата-ананың көзқарасы өзгеріп жатыр» деп айта аламын. Өздері орыс тілді болса да, балаларын қазақ мектебіне беріп, қазақша ктіаптар сатып алып, «әлемде шыққан керемет туындыларды балаларым қазақша оқысыншы», «тілін жақсартсыншы» деген көңіл ұлғайып жатыр.

Қызығушылықтың артқанын тираждың да өсіп жатқандығынан байқаймыз. Біздің тұрақты оқырмандарымыз өте лоялды. Жаңа кітап шықса болды, бірден сатып алады. Ал біздің баспамызда жаңа оқырманды тартатын ерекше өнім – ол Жоан Роулиңтің «Хәрри Поттер» сериясы. Алғашқы кітабын қызығып алып, сапасын көрген соң қызығушылығы артып, келесі кітаптарды да сатып алып жатады. Меніңше, айналып келгенде, бәрі де сапаға байланысты. Ұнаса алады, ал бір ұнамаса болды, клиенттен айрылдық дей беріңіз. Клиентті ұстау оңай емес.

Біз алғаш есептегенде «Хәрри Поттер және пәлсапа тас» кітабын 5000 дана тиражбен шығарамыз деп жоспарлағанбыз. Қазір ол межеден асып кеттік. Жалпы, әлем бойынша да Поттер сериясындағы алғашқы кітап ең көп сатылады. Поттердің жанкүйерлері ерекше ғой. Мысалы, кітабы ескіріп қалса болды, бірден жаңа жинағын толығымен сатып алатындар бар. Өйткені олар бұл кітапқа эмоциямен қарайды. Бұл – эмоция тудыратын тауар. 

Әлбетте, Жоан Роулиңтің Хәрри Поттер сериясынан Steppe and World баспа үйін жазбай тануға болады. Десек те, бұл – сәттілік пе әлде қандай да бір бизнес-жоспардың,  маркетингтік қадамның нәтижесі ме? Сіз баспа ісіне бизнес деп қарайсыз ба, ерекше амалдар қолданасыз ба?

- Мен баспа үйіме бизнес стартап ретінде қарап, стартаптар қолданатын амалдардың бәрін қолдандым. Бұл салада тәжірибем болмады, бірақ менің ұйымдастырушылық қасиетім зор деп айта аламын. Нетворкинді жақсы көремін. Отбасымнан көріп өскен тағы бір қасиетім – қоғамға пайдалы болу. Осы ұстаным мен бойымдағы қасиет жоғары әлеуметтік әсері бар осы жобаға келіп тоғысты. 

«Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, ең алдымен, мен команда жинауға үлкен мән бердім. Біз жас мамандармен жұмыс істегенді жақсы көреміз. Қызметкерлер таңдағандағы негізгі талабым – баспаға мамандар «өсемін» деп келуі керек. Амбициясы бар, көзі жанып тұрған мамандарды жинай алдым. Бүгінде біздің командада оннан астам адам бар. Редакция, баспахана, маркетинг деген үш бөлімшеміз жұмыс істейді.

Кәсіпкер болған соң, сенің жұмысың 24 сағат үзіліссіз, демалыссыз жүреді. Қайда болсаң да, байланыстасың. Бухгалтерия, маркетинг, стратегияны анықтау жұмысы болсын – бәріне араласасың, өйткені бәріне өзің жауаптысың. Ал бәрін бір өзің жасағанда, қателеспеу мүмкін емес, бірақ сол қатеңнен үйренесің, әр саладағы процестерді түсіне бастайсың. Жалпы, стартапта микроменеджмент өте керек. Команда ұлғайып, процестер бірізді болғанда, өзің де микроменеджментпен айналысуды қоясың. Бірақ командаң үлкен болсын, кіші болсын, ерекше көңіл бөлетін нәрсе – ол коммуникация. Бәрін нақты түсіндіру, ашық қарым-қатынас орнату өте маңызды. Мен әр әріптесіммен бөлек отырып, сөйлесемін, жоспар құрамын, мақсаттарды айқындап, талқылаймын. Ашықтық, нақтылық болса, жұмыс барысында қате де аз болады. 

Баспа ісі – нан, шампунь не кір жуатын ұнтақ сынды үздіксіз өтіп кететін, жылдам пайда әкелетін бизнес емес. Бұл арада кәдімгідей шыдамдылық керек. 

Кітап нарығына геосаясат, Украинадағы соғыс әсер етуде ме?

- Қағаз, бояу бағасының құны аспандап кетті. Оған тек соғыс емес, оның алдындағы пандемияның әсері де зор болды. Қағазды, бір жағынан Ресейден алсақ, екінші жағынан Қытайдан алатынбыз. Қытай пандемиядан кейін енді ғана ашыла бастады. Биылдан бастап, кітапты бұрынғыдай көп тиражбен шығаруды қойдық. Кітап сатып алуға халықтың жағдайы да керемет жақсы емес. Шыны керек, бағамыз бұрыннан арзан болмады, соңғы жағдайларға байланысты, кітап бағасын он пайызға дейін көтеруге мәжбүр болдық.

Сіздіңше, Қазақстанда әйел кәсіпкерге оңай ма, қиын ба?

- Біз патриархалды қоғамда өмір сүреміз. Қайда барсаң да шешім қабылдайтын жерде ер адамдар отырады. Кейде, «еркек болсам, кәсіпкерлікпен айналысу әлдеқайда жеңіл болар ма еді» деп те ойлап қоямын. Әйел кәсіпкерлерге менсінбей қарау басым. Бизнес иесі әйел адам болса, көбі оны қайырымдылық жобасы деп қабылдайды, не еріккен адамның ермегі, хоббиі деп ойлайды. 

Мен бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Шынтуайтына келгенде, кәсіпкер әйелдің жасап жатқан жұмысы ер адамның жұмысынан кем емес, еш айырмашылығы жоқ. Қайта, біз, қыз-келіншектер, жігіттерге қарағанда екі есе көп жұмыс істейміз: бизнесті де дамытып, отбасыңа да қарап...

Раиса ханым, әңгіме барысында стратегияға ерекше көңіл бөлетініңізді айтып қалдыңыз. Бес жылдан кейін Stepp and World баспа үйін қалай елестетесіз? 

- Біз осыдан бес жыл бұрын «70% балалар кітабын шығаратын баспа үйі боламыз» деп негізгі стратегиямызды анықтадық. Соған берікпіз. Таяу арадағы бес жылда түбегейлі өзгереміз деген ұстаным жоқ. Орта деңгейдегі баспа болып қаламыз. Бірақ біз оқырманның «ең сүйікті баспа үйі» болып қалғымыз келеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить