Ақбақайда алтын шығару жылына 13%-ға ұлғаюы мүмкін

Бұған дейін мұнда жылына 850 мың тонна кен өңделетін

ФОТО: архив пресс-службы

Ақбақай өндірістік алаңында алтын шығару фабрикасының 2-ші сатысының іске қосылуымен кен өңдеу көрсеткіші жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайып, алтын шығару 13%-ға артуы мүмкін. Бұған дейін мұнда жылына 850 мың тонна кен өңделетін.

Айта кетейік, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Ақбақай кен орнын 1968 жылы белгілі геолог Дүбек Дүйсенбеков ашқан болатын. Кен игеру жұмыстары мұнда 1975 жылы басталды. Ақбақай алтын өндіру фабрикасы қазір «Ақбақай», «Бескемпір», «Карьерное», «Ақсақал», «Светинское», «Кенжем», «Шығыс Ақбақай» және «Олимпийское» сынды кеніштердің кенін өңдейді.

Ақбақайда кен қорының өзге де орындары ашылуы себепті, мұнда заманға сай жаңа цех ашу қажеттілігі туындады. Алтын шығару фабрикасында өңделетін алтынды кеннен металл алынып, Доре қорытпасы түріндегі дайын өнім шығарылады.

«Екінші сатыны іске қоса отырып, «Ақбақай» алтын шығару фабрикасы жобалық көрсеткіштерді жылына 1,2 млн тоннаға дейін жеткізе алады. Компанияның өсіп, кеңеюімен жергілікті өңірде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туындайды. Мысалға, осы жобаның арқасында бізде 90 шақты жаңа жұмыс орны ашылады», - дейді «Алтыналмас АК» АҚ Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы өндіріс бойынша басқарушы директор Бағдат Бахрамов.

«Алтыналмас» жерасты өндірісіндегі технологияларды қол еңбегінен механикалық әдіске 2011–2015 жылдары көшіріп, «Ақбақай» алаңындағы өнімділік көрсеткішін 600%-ға ұлғайтты. Кәсіпорынның дамуы фабрика құрылысынан және жинақталған өндіріс қалдықтарын (техногендік-минералдық түзілімдерді) қайта өңдеуден басталды. Бұл жұмыстар аяғына дейін жеткізілген соң, фабрика кен өңдеуге кірісті.

Бүгінде өндірісті цифрландыру бағдарламасы аясында аталған кен орнында бірқатар инновациялық жаңа технологиялар енгізілген. Мысалға, жерастылық стационарлық жабдықтар мен ашық негіздегі тау-кен жұмыстарын басқару барысы автоматтандырылған. Сондай-ақ, геологиялық-маркшейдерлік жасақтамасы мен GEOVIA интеграциялық платформасы енгізіліп, ұзындығы 130 шақырымды қамтитын талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылған, 400 метр тереңдікте жерастылық Wi-Fi орнатылған.

Кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұнда қазір жерастылық жұмыстарды маркшейдірлік бақылау шаралары CMS MINEi пайдаланылған кеңістікті лазерлік сканерлеу көмегімен жүргізіледі. Тау-кен геологиясы деректерін сақтап, жүйелеу мақсатында Minevision мәліметтерді басқарудың орталықтандырылған жүйесі енгізіліп, ол сыртқы зертханалармен шоғырланған. Strata жерасты қозғалысын бақылау жүйесі сенсорлар арқылы диспетчерге адамдар мен құрал-жабдықтың орналасқан жерін көрсетіп отырады. Ал Surpac 3D модельдеу жүйесі геологтың жұмыс уақытын қысқартып, толыққанды сенімді мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Осылайша, мұндағы өндіріс ошағында интеграцияланған цифрлық орта құрылып, барлық бизнес-процестер ағымдағы уақыт режимінде бақылауға алынған: өндірісті басқарудан, бақылауға дейін.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
20681 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить