Түрік бизнесі қазақ экономикасындағы балама бағыт ретінде

103732

Қазақстан экономикасында Түркияның басымдық позициясы артуы мүмкін бе? Ресей-Украин қақтығысы әрі қарай шиеленісіп, антиресейлік санкциялар күшейген тұста Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда қатынастары дамудың жаңа кезеңіне бағыт алған секілді

ФОТО: © Depositphotos/alexeynovikov

Естеріңізге сала кетсек, наурыздың басында Түрік Республикасының вице-президенті Фуат Октай мырзаның Нұр-Сұлтанға жұмыс сапары барысында Елордада қазақ-түрік бизнес форумы өткізіліп, онда Қазақстан мен Түркияның бизнес, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор өкілдері бас қосты. Форумда екі ел арасындағы үш жылғы ынтымақтастық қатынастың нәтижесі жария етілді: 2021 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар алмасу 33%-ға өсіп, 4,1 млрд АҚШ долларын құраған. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, жаһандық пандемияға қарамастан, соңғы үш жылда Қазақстан Түркиядан ауқымды инвестиция тартуды одан әрі жалғастыруда. Өткен жылдың 9 айында қазақ экономикасына Түркия тарапынан келген тікелей инвестиция көрсеткіші екі есе өсіп, 535 млн АҚШ долларын құраған. «Бұл Қазақстанға деген мол сенімді білдіреді және біздің елімізде инвестициялық климатты жақсартуға ерекше назар аударылуда деген сөз», - деп мәлімдеді форумда премьер Ә. Смайылов. Бүгінде түрік бизнесі Қазақстанда жалпы құны 5,5 млрд доллар шамасындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда.

Екі ел арасындағы экспорт-импорт қатынасына тоқталсақ, форум барысында үкімет басшысы, 2021 жылы Түркия бағытындағы Қазақстан экспорты 39%-ға артып, 5 млрд долларды құрады дегенді айтты. Ал Қазақстандағы түрік импортының ауқымы 20,5%-ға өсіп, 1,1 млрд долларға шыққан. Қазақстан Түркияға негізінен шикі мұнай мен мұнай өнімдерін және мыс, алюминий, пропан, бутан сынды өзге де шикізат түрлерін сатса, өз кезегінде түрік бизнесінен киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрал-жабдық, қара металл және пластик өнімдері мен жиһаз, т.б. дайын өнімдерді сатып алады. Жалпылай алғанда, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Түркия Қазақстанның ірі сауда серіктестері арасында бесінші орында. Бірінші орын бұрынғысынша Ресейдің еншісінде, одан кейін Қытай, Италия, Нидерланды тұр. Әйтсе де отандық сарапшылардың бірқатары, әлемдік геосаяси жағдайдағы шиеленістер аясында Қазақстан экономикасында түрік бизнесінің үлесі арта түседі деген сенімде.

Замир Қаражанов
Замир Қаражанов

Саясаттанушы Замир Қаражановтың айтуынша, Қазақстан мен Түркия арасында қандай да бір саяси қайшылық, келіспеушілік атымен жоқ, мұның өзі екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға барынша ықпал етуде. «Біздің елдердің бір-біріне деген өзара сенімі жоғары деңгейде, бұл екі елдің бір-бірінен іркіліссіз инвестиция тартып, ұзаққа негізделген жоспарлар түзеуіне негіз болып отыр. 2021 жылы Түркі мемлекеттері ұйымы құрылды, ал оған мұрындық болған Қазақстан. Яғни, Қазақстанның сыртқы саясатында Анкара айтарлықтай маңызды бағыттың бірі. Бұл тұрғыда, сондай-ақ – кез келген мемлекет үшін сезімтал дейтін – қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық та дәлел бола алады. Дәл осындай шетін мәселеде өзара әрекеттесіп, ынтымақтаса білген елдер, меніңше, өзара сенім мен серіктестікті одан әрі нығайтып, кеңейтуге әрқашан дайын. Айтпақшы, Түрік-Ресей қатынастары шиеленісіп, тығырыққа тірелген кездерде де Қазақстан өзінің ымыралық ұстанымынан бас тартқан жоқ, біз екі елмен де қарым-қатынасты сақтап, сәлеміміз түзу болғанын қаладық», - дейді сарапшы.

Әрине, Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық және сауда серіктестігін арттыру әлеуеті жеткілікті, бірақ оны жүзеге асыру үшін тек саяси жігерге үміт артқан қаншалықты орынды? Саясаттанушы Қаражанов, еліміз экономикалық реформаларды тереңдетіп, шетелдік бизнес серіктестер алдындағы Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруы керек деп отыр.

«Бұл арада, ел экономикасының қай бағытта өзгеріп, дамитыны маңызды. Бүгінгідей жағдайда Ресеймен арадағы сауда айналымы өз бетімен біртіндеп бәсеңсуі ықтимал. Ал астанада өткен бизнес форумның мақсаты – Түркиямен экономикалық қатынасты «қайта жүктеп, іске қосу». Яғни, екі ел бір-біріне не ұсына алады: бизнесті дамытуда және құқықтық аспектіде? Жалпы, Түркиямен арадағы экономикалық ықпалдастықты күшейту дегенде, біз екі ел арасындағы әлеуетті мүмкіндіктермен ғана шектелмеуіміз керек. Түрік бизнесі Қазақстанға келіп, жұмыс істеуі үшін біз оларға құқықтық негізде дұрыс орта ұсынуымыз қажет. Айталық, бізде тәуелсіз сот бар ма, инвесторлар біздің экономикадағы қаражатын сот арқылы қорғай ала ма? Бізде шынайы бәсекеге негізделген бизнес орта бар ма? Бұл мәселелер «тартымды инвестициялық климат» қалыптастыруда өте маңызды. Түрік бизнесі өзіне тиімді деп тапса ғана Қазақстанға бағыт алады. Әрине, біздің ел қазір, мысалы, Ресей сияқты геосаяси тәуекелі жоғары елдердің қатарында жоқ. Әрі Қазақстанда жұмыс істей отырып, Ресей нарығына шығу мүмкіндігін де ескеруге болады», - дейді ол.

Сергей Смирнов
Сергей Смирнов

Дәл қазір ел ішіндегі сарапшылар кеңінен талқылап жатқан көп мәселенің бірі – Ресей экономикасына деген тәуелділіктен арылу қажет деген тұрғыда. Сарапшылардың бірқатары: отандық мұнай экспортында Ресей бақылауындағы «Теңіз – Нововроссийск» құбырына (Каспий құбыр консорциумы) Транскаспий халықаралық көлік маршруты (ТХКМ) балама бола алады деп отыр. Бұл бағыт Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Түркия арқылы өтіп, Еуропа елдерін қамтиды. Дегенмен, экономист Сергей Смирновтың пікірінше, аталған жобаның ойдағыдай жүзеге асуы айтарлықтай күмәнді: Қазақстанда дәл қазір бұл үшін уақыт та, қаражат та жоқ. ТХКМ Каспий құбыр консорциумына балама бола алмайды, дейді ол.

«Меніңше, бұл Nabucco-ның кебін киетін жоба (ұзындығы 3300 км қашықтыққа созылып, Иран, Түркіменстан, Әзірбайжан арқылы Австрия мен Германияны қамтуы тиіс магистралды газ құбыры – жүзеге асқан жоқ – F.). Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас биыл ғана емес, бұрыннан даму үстінде. Ия, тауар алмасу көрсеткіші, Ресеймен салыстырғанда, әзірше төмендеу. Өз басым, Ресейдің төңірегіндегі бүгінгі жағдай ұзаққа созылмайды деген ойдамын, өйткені сол санкциялар легінен қазір Еуропа өзі зардап шегіп отыр. Құрама Штаттарда да, Еуропа елдерінде де бензиннің бағасы шектен тыс шарықтап, бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуде. Оның сыртында, нарықтарда өсімдік майы мен дәнді дақылдар жеткізуде проблемалар туындап жатыр, айталық, көпшілік сұранысындағы спагеттиді дайындау үшін бидайдың қатты сорттары керек. Ал ол өнім Ресейден (кең ауқымда) және Қазақстаннан экспортталады. Бірақ Қазақстан Еуропаға қажет дақылдар ауқымын толық көлемде ұсына алмайды. Сондықтан, меніңше, Ресей бағытындағы санкциялар біртіндеп жойыла береді, әрі кетсе, 4–5 айдың ішінде», - дейді экономист Сергей Смирнов.

Өз пікіріне дәлел ретінде сарапшы Еуроодақтың ресейлік энергоөнімдерге қарсы санкцияға бата алмағанын және АҚШ-тың Ресей уранына эмбарго енгізуден бас тартқанын мысал етеді. «Boeing ресейлік авиакомпанияларға техникалық қолдау көрсетуді тоқтатты, бірақ Батыс елдері Ресейден әлі де титан сатып алуда, онсыз ұшақ өндірісі тығырыққа тіреледі. Қазір Батыстың көлік шығарушы компаниялары Ресейден кетіп жатыр, бірақ ертең олар өз өнімін кімге сатады? Қазірдің өзінде отын бағасындағы қымбаттау азық-түлік пен өзге де тұрмысқа қажетті заттардың бағасын көтеріп жіберді: Еуропада да, Құрама Штаттарда да. Меніңше, санкциялардан бірінші болып Еуропа бас тартады, оларда қазір газ бен электр энергиясының бағасы тіптен шарықтап кетті (2021 жылдың басынан бері үш еседей өсті). Электр қуаты қымбаттауы салдарында Бавариядағы болат құятын жалғыз зауыт өз жұмысын тоқтатты. Ал Ресейдің мұнайы мен газына балама жол қалыптастыру үшін кем дегенде екі-үш жыл керек. 2022 жылдың соңына дейін деген бос сөз», - дейді экономист.

Өз кезегінде, Ресейге қарсы санкциялар мен Қазақстан арқылы Ресей нарығына шығу мүмкіндіктері туралы сөз қозғаған саясаттанушы Замир Қаражанов, Ресеймен экономикалық және сауда қатынасын еліміз шетелдік инвесторларды тарту барысында тиімді қолдана алады деген пікірде, яғни Қазақстан аумағында отырып, Ресеймен жұмыс істеу деген тұрғыда. «Шетелдік инвесторлар тарапынан осындай қызығушылық туындап жатса, Қазақстан мейлінше тартымды серіктес бола алады. Бірақ, бұл арада біз ел ішіндегі жүйелік мәселелерді еңсеруге мән беруіміз керек, сонда біздің елге келуге кез келген инвестор мүдделі болады. Егер біз инвесторларға тиімді де қолайлы орта ұсынсақ, онда Түркиямен арадағы тауар айналымы ұлғайып, ірі серіктестер тізімінде түрік бизнесі, тіпті, 2-ші не 3-ші орынға шығуы ықтимал. Иә, Түркиямен бізде ортақ шекара жоқ, бірақ Каспий өңірі арқылы өтетін транспорт дәлізі бар. Біз осы бағыт негізінде Ресейді айналып өтетін логистика түзеп, қалыптастыра аламыз. Тағы бір ескеретін жайт – былтыр түрік лирасы айтарлықтай құлдырап кетті, яғни Түркия экономикасындағы қиындықтар назардан тыс қалмауы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінде көптеген елдердің экономикасында саясат үстемдік етуде. Экономика қолдан басқаруды емес, нарықтық тетіктерді қажет етеді, осыны ұмытпау керек», - деп түйіндейді өз ойын сарапшы Қаражанов.

Ел үкіметінің ресми сайтындағы ақпараттарға жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстанда түрік бизнесінің қатысуымен 3700 компания жұмыс істейді. Бүгінде қазақ-түрік біріккен компаниялары құны 2 млрд доллар болатын 58 жобаны жүзеге асырған. Олардың құрамында тау-кен металлургиясы кешені мен инфрақұрылымға негізделген және тамақ өнеркәсібін, фармацевтика саласын қамтыған жобалар бар. Алдағы уақытта жалпы құны 2,5 млрд доллар шамасындағы 27 жоба орындалмақ, сол сияқты, екі елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен 1 млрд доллар сомасындағы 55 жоба қолға алынуда. Форум барысында мәлім етілгендей, Қазақстан тәжірибесі мол түрік компанияларын энергетика саласындағы жобаларға қатысуға шақырып отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить