Ресей арқылы мұнай тасымалдасаң – балама бағыт ойыңда болсын

50476

Қазақ мұнайын әлем нарықтарына жеткізуде бірден-бір төте жол Каспий құбыр консорциумына (КҚК) Ресейдің ресми орындарының қайта-қайта шүйлігуінің артында қандай пиғыл жатыр?

ФОТО: © Depositphotos/Dyshlyuk

Отандық сарапшылардың бұған қатысты пікір-ойы әртүрлі: бірі бұл ҚР президентіне бағытталған «ескерту» десе, екіншілері – Еуропаға қыр көрсетудің бір жолы деп есептейді. Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы шілденің басында Новороссийскінің Приморский аудандық соты – экологиялық талаптарды елемеді деген желеумен КҚК жұмысын 30 күнге шектеу жөнінде шешім шығарған болатын. Артынша Краснодар өлкелік соты бұл шешімді 200 мың рубль айыппұлға алмастырғаны мәлім болды.

КҚК жұмысына қатысты солтүстік көршіміздің биылғы «алмағайып» ұстанымына қарап, Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестік бойында түйткіл туындамасын деген де сұрақ жоқ емес. Айтқандай, ел ішіндегі сарапшы қауым күмән келтірмейтін тағы бір пікір – Ресей арқылы мұнай тасымалдасаң, балама бағыт ойыңда болсын дегенге саяды.

Сарапшы экономист Жарас Ахметовтың пікірінше, Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі оқиға Қазақстанға Батыс бағытында «жылыстауға» жол бермейтін өзіндік бір ескерту іспетті көрінуі мүмкін, дегенмен, бұл әлі қақтығыс емес. Сол сияқты, екі ел арасындағы импорт және экспорт шектеулері бойынша да айтарлықтай өзгеріс бар деуге әлі ерте. Себебі Қазақстан – транзитті ел ретінде Ресей үшін маңызды серіктес.

Жарас Ахметов
ФОТО: © Андрей Лунин
Жарас Ахметов

«Ресейге қарсы санкциялардың ішінде дамыған елдер мен халықаралық ұйымдардың арнайы қаулысымен енгізілген ресми тыйым шаралары бар, әлбетте, оларды еш бұзуға болмайды. Сонымен қатар, ресейліктермен жұмыс істеуден бас тартқан шетелдік жеке компаниялардың жеке тыйымдары тағы бар. Бұл тұрғыдағы шектеулер бұзылған жағдайда, оған қатысты қандай да бір жауапкершілік қарастырылмаған. Яғни, мұндай «сұр» реэкспорт не, ресейше айтқанда, мұндай компаниялар өнімінің «параллельді импорты» қандай да бір ресми реттеуге жатпайды. Бүгінде Ресей үшін параллельді импорт өте маңызды, ал Қазақстан бұл тұрғыда транзитті ел ретінде тиімді серіктес. Олай болса, бізге КҚК арқылы не басқа да тетіктер негізінде ықпал ету – мәнсіз шешім», - дейді Жарас Ахметов.

Өз кезегінде саясаттанушы Рим Абдуллин Ресейдің бүгінгі сыртқы саясатындағы аумалы-төкпелі сипатқа назар аударып, ресми Кремльдің қимыл-әрекетіне қатысты қазір бірде-бір рационалды аргумент жұмыс істемейді деп есептейді.

Рим Абдуллин
ФОТО: личный архив
Рим Абдуллин

Айта кетейік, Ресей тарапынан КҚК жұмысына қатысты кезекті «тосқауыл» шешім ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербург экономикалық форумында сөйлеген сөзінен соң іле-шала орын алды. Онда Қазақстан басшысы өз-өздерін мемлекет етіп жария еткен ЛНР, ДНР сынды квазиқұрылымдардың дербестігін Қазақстан мойындамайды деп мәлім еткен-ді. Әрине, бұл екі оқиғаның бір-біріне еш қатысы болмауы да мүмкін, дегенмен кездейсоқ сәйкестік деуге де тым күдікті...

Саясаттанушы Рим Абдуллиннің пікірінше, Қазақстан президенті Санкт-Петербургте өткен форумда Қазақстан – Ресей қатынастары бойынша жаңа тренд белгілеп берді.

«Біздің президенттің Петербург форумында сөйлеген сөзі өте маңызды, ол осы сөзімен жаңа тренд қалыптастырды деуге болады. Иә, Украинадағы қақтығысқа қатысты өз позициясын Қазақстан басшылығы бұған дейін де мәлімдеп келді. Бірақ бұл жолы президент Тоқаев өз пікірін ресми Кремльге бетпе-бет келіп, ашық айтты: Ресейдің бизнесті заңдастыру жөніндегі форумында, міне, мәселе қайда жатыр! Бұл өте маңызды. Президенттің форум соңында айтқаны есіңізде ме? Қазақстан Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеспейді, деді ол, өйткені бізге екінші айналымдағы санкциялар да, Батыспен арадағы шиеленіс те керек емес. Сол сияқты, президент Тоқаев КҚК төңірегіндегі экопроблемаларға дейін де мұнай тасымалын диверсификациялау қажеттігін айтып келді. Ал мұнай жеткізудегі іркілістерден туындаған Еуропадағы дағдарыс пен рецессия мүмкіндігі жөнінде ол, Қазақстан Еуроодаққа мұнай бойынша ұсынысты сұраныс деңгейіне жеткізуге әзір деп мәлімдеді. Естеріңізде болса, Еуроодақ 2022 жылдың соңына дейін Ресей мұнайына эмбарго енгізіп, алдағы жылдың наурызынан бастап ресейлік мұнай өнімдерінен толық бас тартпақ. Меніңше, КҚК төңірегіндегі мәселе Еуропаның осы мәлімдемесі аясында орын алды», - деп түйіндейді өз ойын саясаттанушы.

Ал халықаралық сарапшы, Австралия ұлттық университетінің PhD маманы Динара Писарева болса, ҚР президентінің Ресей форумында сөйлеген сөзі мен КҚК төңірегіндегі жағдайлар – маңызды процестердің көрінісі дегеннен гөрі, ақпаратқа негіз болар оқиғалар легі деп есептейді.

Динара Писарева
ФОТО: личный архив
Динара Писарева

«Әрине, Ақ Орда мен Кремльдің арасында өзара бекітілген келісімдер бар, дәл қазір олардан бас тарту – ешкімге ұпай әкелмейді, бұл ешкімге тиімді емес. Бізде қазір реформалар, Ресейде – соғыс. Экономикалық не саяси тұрғыдан болсын, қосымша волатильдік екі елге де керек емес. Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас біздің мемлекет үшін қазір өзіндік бір үлкен дипломатиялық сынақ іспетті. Ресейдің бүгінгі сыртқы саясатын болжап, оған баға беру мүмкін емес, ол өте құбылмалы әрі онымен әрекеттесу оңай емес», - дейді сарапшы.

Динара Писареваның айтуынша, жалпылай алғанда, ресми Мәскеу мен ресми Нұр-Сұлттанның екіжақты қатынастары бәрібір өзгерген жоқ: «КҚК төңірегіндегі оқиға көрсеткендей – түйінді мәселе араға 4 күн салып оңай шешілді. Бұл біздің биліктің дипломатиялық жұмысының нәтижесі. Жалпы, Ресеймен арадағы қатынастарда: қысқа мерзімді перспективада біз тұрақты да теңгерімді саясатты сақтағанымыз жөн, ал ұзақ мерзімді перспективада Ресейдің аймақтағы ықпалын тегістеп, теңестіре алатын сыртқы күштерді де ескерген дұрыс. Мұндай күштер аса көп емес, мысалы, Қытай және Түркия. Бұл екі елмен біздің сәлеміміз түзу, байланысымыз оң. Егер Ресей тарапынан экономикалық не саяси агрессия туындап жатса, онда біз оған қарсы тұра алатын берік те сенімді одақтар құрсақ артық болмайды. Қазақстанның Батыспен қарым-қатынасы да ойдағыдай, бірақ олар бізден алшақ жатыр әрі біз олардың тікелей саяси мүддесі аясына кірмейміз».

Әлбетте, Каспий құбыр консорциумы бойындағы соңғы іркілістер аясында мұнай тасымалында балама бағыттарды дамыту мәселесі кезекті мәрте алға шықты. Сарапшылар, қазақ мұнайын әлемдік нарықтарға жеткізуде Ресейді айналып өтуге мүмкіндік беретін бағыттың бірі Баку – Тбилиси – Жейхан арқылы кем дегенде 20 млн тонна мұнай экспорттауға болады деп отыр.

Экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, қазір бұл құбырға мұнай жартылай ауқымда толтырылады және ішінара әзірбайжан мұнайымен: «Яғни, әзірбайжан жағында мұнай қабылдау қуаты жеткілікті деген сөз, ал әрі қарай Иран мен Әзірбайжан танкер жолын ашуы мүмкін. Сосын паром, цистерна негізінде Батумиге жеткізуге болады. Бізде, негізі, белсенді түрде қолданылмай отырған баламалы бағыттар жоқ емес. Мұнайды, сондай-ақ Иранмен арадағы алмастыру схемалары бойынша да әлемдік нарықтарға жеткізуге болады, бірақ бұл арада – Иранға қарсы санкцияларды ескере отырып, АҚШ және Еуроодақпен келісіп алған жөн. Түркіменстан арқылы айналма темір жолды пайдаланып, Иран арқылы Парсы шығанағына шығу мүмкіндігі бар. Бірақ бұл жол оңай шешім емес. Әрине, ауқым көрсеткіші бойынша балама бағыттар Ресей транзитін толық алмастыра алмайды, дегенмен мұнай айдауға мүмкіндік береді».

Ал ұзақ мерзімді деңгейде, дейді сарапшы Жарас Ахметов, Каспий теңізінің түбінен құбыр тарту мүмкіндігін ескеріп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбырының мұнай өткізу қабілетін кеңейтуге мән берген дұрыс. «Бірақ бұл КҚК және Транснефть желісі транзитінен бас тарту деген сөз емес. Алайда, РФ басшылығында иррационалды адамдар тұрғанда балама бағыттарды дамытып, кеңейтуге түпкілікті көңіл бөлген жөн», - дейді ол.

Саясаттанушы Рим Абдуллин болса, Алашаңқай – Душанцзы және Баку – Тбилиси – Жейхан құбырынан өзге Қазақстанның мұнай құбырлары кеңес дәуірінде іске қосылғанын еске салады. «Көптеген жылдар бойы біз барлық мәселені Мәскеу арқылы шешіп келдік. Содан да жаңа құбыр салуға аса мән берген жоқпыз. Ал КҚК бойындағы соңғы іркілістер, меніңше, бұл Қазақстаннан гөрі, Еуропа бағытындағы ескерту болса керек, яғни Ресей Еуропаға қыр көрсетіп, кез келген сәтте КҚК желісін жауып тастайтынын көрсеткісі келді. Бірақ, әрине, мұның зардабын шегетін мұнайды жеткізуші де, мұнайды алушы да», - дейді сарапшы.

Ал мұнайдың бір баррелі 300 АҚШ долларына дейін қымбаттайды деген РФ басшылығының кезекті болжамына Рим Абдуллин күмәнмен қарап, шүбә келтіреді.

«Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт сынды елдер, қажет десе, мұнай өндіру ауқымын бір түнде арттыра алады. Қазір олар өндіріс екпінін бір деңгейде ұстап отыр. Citibank өз болжамдарында жыл соңында мұнайдың бағасы барреліне 80 долларға дейін төмендеуі мүмкін деп ескертті. Меніңше, мұнайдың бағасы таяу арада бірден шарықтап кететіні күмәнді», - дейді саясаттанушы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить