АШМ бидайды Қазақстанға әкелуге тыйым салу мен шектеулерді ұзартады

Бидайдың «сұр импортын» болдырмау үшін 2023 жылғы 26 қыркүйектегі ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен ағымдағы жылдың 11 қазанынан бастап 6 ай мерзімге Қазақстан аумағына автокөлікпен бидай әкелуге тыйым салу ұзартылды.

Бұдан басқа, 2023 жылғы 26 қыркүйектен бастап лицензияланған элеваторларға, сондай-ақ астық өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарына арналған астық импортын қоспағанда, темір жол көлігімен бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым салынды.

Лицензияланған элеваторлардың тізбесі сайтта орналастырылған: https://p-grain-receipt.qoldau.kz/ru/gr-info/granaries. Астық өңдеу және құс шаруашылығы кәсіпорындарының тізімін «Атамекен» ҰКП қалыптастырады және өзектендіреді.

Айта кетейік, темір жол көлігімен әкелуге енгізілетін шектеулер Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдарға қолданылмайды.