Алматыда қысқы маусымға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр

 Алматы қаласы қысқы маусымға дайындығы 1 қазанға дейін толығымен аяқталады. Бұл туралы қаланың алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша штабтың кезекті кеңесінде мәлім болды.

Алматы әкімдігі хабарлағандай, қала әкімі Ерболат Досаев қаланың алдағы жылыту маусымына дайындығы бойынша штабтың кезекті кеңесін өткізді. Жөндеу және дайындық жұмыстарының аралық қорытындылары туралы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, «Алматы жылу желілері» ЖШС, «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС, «Алматы Су» МКК, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Алатау Жарық компаниясы» АҚ, «Қазтрансгаззаймақ» АҚ және т. б. басшылары баяндады.

Энергетиктердің ақпаратына сәйкес, қалалық жылу энергетикалық кешеннің жылу беру кезеңіне дайындығы жоспарға сәйкес жүруде және ол 75,6%-ға дайын. Бұл ретте газ желілерінің дайындығы – 76,7%, сумен жабдықтау – 80%, электр желілері – 72%. Қаланың қысқы маусымға дайындығы 1 қазанға дейін 100% қамтамасыз етілетін болады. Жылуаралық кезеңде Алматыда 17,7 шақырым жылумен жабдықтау, 120 шақырым электрмен жабдықтау, 43 шақырым сумен жабдықтау, 29 шақырым газбен жабдықтау желілері қайта жаңартылып, жөнделіп жатыр. Тұтынушыларға үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету үшін «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС-ның 84 қазандығын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Дайындық жұмыстары «Алматы электр станциялары» АҚ нысандарында: энергетикалық генерациялайтын жабдыққа жөндеу жұмыстары жүргізілген. ЖЭО-2-нің бес қазандығын жөндеу аяқталды, бұл мегаполис тұрғындарын жылыту маусымында жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бекітілген кестеге сәйкес биыл қараша айына жоспарланған қосымша 3 қазандықты жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады. Бұл шаралар жылыту маусымын уақытылы бастауға және қыркүйек айының соңында айналымды бұруға мүмкіндік береді.

photo

Кеңес барысында Ерболат Досаев әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді күзгі-қысқы кезеңге дайындау мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл ретте тұрғын үй қорының дайындығы – 59,5%, білім беру объектілері – 76,2%, денсаулық сақтау 66,4% дайын. Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жылумен жабдықтау объектілеріндегі дайындық жұмыстарының барысын бақылауға, реконструкциялау аяқталған соң Бостандық ауданының 200 мыңнан астам тұтынушысын, сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үй кешендерін жылумен қамтамасыз ететін Южный аудандық қазандығына ерекше назар аударды.

Сондай-ақ қала басшысы осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жол жабындысын және басқа да орындарды қалпына келтіру бойынша барлық жұмысты аяқтау туралы тапсырма берді. Айта кетейік, қаладағы нысандарды алдағы жылыту маусымына дайындау мәселелері бойынша кеңес ай сайын өтетін болады.