Энергетика министрі Петропавл ЖЭО-ға барды

Алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша Үйлестіру штабының жұмысы аясында министр «Севказэнерго» АҚ-тың Петропавл ЖЭО-сына барды, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі. 

2023 жылы №1, 3, 9, 10, 11 қазандықтарды және №3 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. №2, 4, 5, 6, 7 турбиналарды ағымдағы жөндеу де қарастырылған.
Бүгінгі таңда № 3 қазандықты күрделі жөндеу және №4, 5, 6, 7 турбиналарды ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.
№9 (орындалуы 62%), 11 (орындалуы 76%) қазандық және № 2 турбина (орындалуы 11%) жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Министр №9 қазандық бойынша бекітілген графиктен артта қалуды, сондай-ақ №1 қазандықты күрделі жөндеуді 2024 жылға ауыстыру фактісін көрсетті. 2023 жылы тек ағымдағы жөндеу жоспарланған.

Жүргізілген реконструкциялық жұмыстарды ескере отырып, ЖЭО негізгі жабдықтарының тозуы 56%-ды құрайды.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімімен кездесуде күл үйіндісінің жаңа секциясын салу үшін жер бөлу жұмыстарын жеделдету қажеттігі көрсетілген.
«Солтүстік Қазақстан АЭК» АҚ бойынша 110 және 220 кВ электр беру желілерін жөндеуде артта қалуға назар аударылды.

Тұрғындармен есептік кездесуде Министрліктің құзыреті бойынша қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Естеріңізге сала кетейік, алдағы уақытта ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Риддер, Екібастұз, Алматы қалаларына және облыстарға арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірлердегі жылу орталықтарының алдағы жылыту маусымына дайындығын тексереді, тұрғындармен кездеседі.