Мәжілістегі бір орынға орта есеппен 15 кандидат таласады

«Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыларын шығардық. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісіне 7 саяси партияның партиялық тізімдері бойынша 281 кандидат, ал бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 435 кандидат тіркелді. Орта есеппен қарасақ, бір мандатқа 15 адам күреседі», - Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров қорытындыларын жариялады.

Ал, мәслихаттардағы бір орынға орта есеппен 3 кандидаттан келеді.

«Мәслихаттардың депутаттығына саяси партиялардың 118 партиялық тізімі бойынша 1 447 кандидат, мәслихаттардың депутаттығына бір мандатты сайлау округтері бойынша 10 288 кандидат тіркелді. Олар 3 081 мандат үшін күреседі. Сонда бір мандатқа орта есеппен 3,34 үміткер деп айтуға болады», - деді Нұрлан Әбдіров.