Көктал елді мекенінде жаңа қоғамдық кеңістік ашылды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Көктал елді мекенінде жаңа қоғамдық кеңістік ашылғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Соңғы жылдары елді мекендердің өзінде 300-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды. Бүгін Көктал-2 елді мекенінде тағы бір қоғамдық кеңістік ашылды. Жаңа орын тұрғындардың өтініші бойынша ескірген алаңның орнына салынды.

Осылайша «Қорғалжын» гүлзарында балаларға арналған ойын алаңы, спорт алаңы, іс-шараларға арналған орын, демалысты тыныш орында өткізуге арналған аумақ және т.б. орналасқан. Сол сияқты шахмат пен үстел теннисіне арналған арнайы үстелдер орнатылған. Жаңа орын көгалдандырылып, жергілікті суару жүйесімен жабдықталды.

Осыған дейін Көктал елді мекенінде жалпы аумағы 16 гектар болатын саябақ ашылған. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру кезінде балалардың да, жастардың да, аға буынның да мүдделерін ескереміз. Мұның бәрі қала тұрғындары бос уақытын денсаулығына пайдалы күйде өткізуі үшін жасалып жатыр.

Биыл елордада «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында 250-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылды. Ал үш жыл ішінде 750-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған болатын. Бұл жұмыс елорданың барлық ауданында жүріп жатыр», деп жазды Алтай Көлгінов.