ҚК бөлімшелері оқу-жаттығу барысында мемлекеттік шекараны күзету мәселелерін пысықтады

«Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында Қорғаныс министрлігінің құрамалары мен бөлімдерінің әскери қызметшілері мемлекеттік шекара күзетін күшейту тапсырмаларын орындады.

Оқу-жаттығудың басталғаны жөнінде дабылды қабылдап алған «Оңтүстік», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімшелері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының шекара маңындағы аудандарына жауынгерлік техникамен марш жасап, ҰҚК Шекара қызметінің өңірлік бөлімшелерінің жедел бағынысына өтті.

– «Батыл тойтарыс – 2022» стратегиялық оқу-жаттығуын өткізу кезеңінде Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету мәселелері пысықталды, – деп түсіндіріп өтті Жамбыл облысы Меркі ауданы бойынша шекара басқармасының бөлім бастығы подполковник Бақытжан Айсағалиев. – Осы шаралардың бәрі мемлекеттік шекараны бірлесіп қорғау іс-қимылдарының бірыңғай тұжырымын әзірлеу үшін қажет.

Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында Қарулы күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілері нарядтар құрамында кезекшілік атқарып, тосқауыл бекеттерін орнатты және бақылау-іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Бөлімше командирлері қарулы және қарусыз арандатуларға жедел ден қою, шекарадан жекелей және топтасып өту амалдарының жолын кесу, сондай-ақ заңсыз қаруланған құрамалардың көзін жою сияқты бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастырып, іс жүзінде машықтанды.

«Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуы шеңберінде мемлекеттік шекараны күзетуді күшейту шаралары Мемлекет басшысының күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бағдарламасының бір бөлігі.