Біржанов халықтың табысын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мемлекет басшысының қазақстандықтардың табысын арттыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы айтты, деп хабарлайды ҚР ЕХӘҚМ баспасөз орталығы.

Вице-министр сөз басында Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған міндеттерін еске салды, оларды іске асыруға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) толық немесе ішінара жауап береді.

Біріншісі – «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша қатысу кезеңін ұзарту мен жалақысын арттыру, сондай-ақ бизнес-идеяларды дамыту үшін гранттар мөлшерін 400 АЕК-ке дейін ұлғайту.

Екінші – Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу және қабылдау.

Үшінші – өңірлерде жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру. Бұл халық санының өсуін ескере отырып, 2025 жылға дейін негізінен жеке секторда 780 мыңнан астам жұмыс орнын құрайды.

«Сонымен қатар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында (2020 жыл) Мемлекет басшысы өңірлік жұмыспен қамту карталары арқылы жұмыс орындарын құру мониторингін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап педагогтердің, 2021 жылдан бастап медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды, нәтижесінде 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕТЖ мөлшері 41% - ға, 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін ұлғайды, бұл шамамен 1 млн 650 мың жалдамалы жұмыскердің ақшалай табыстарының өсуіне алып келді», – деп қосты Ержан Біржанов.

Жоғарыда көрсетілген тапсырмалардың алғашқысын іске асыру шеңберінде ағымдағы жылғы ақпанда Еңбекмині нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізді, оған сәйкес жастар практикасына қатысу кезеңі 6 айдан 12 айға дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасында 12 айдан 18 айға дейін ұлғайды. Жастар практикасына қатысушылардың жалақысы – 20% - ға (25-тен 30 АЕК-ке дейін), «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы – 50% - ға (20-дан 30 АЕК-ке дейін) өсті.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар мөлшері 200-ден 400 АЕК-ке (1,2 млн теңге) дейін 2 есеге ұлғайды.

Вице-министр сондай-ақ, 2021 жылдың қазан айында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Еңбекмині Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қайта форматтау бойынша жұмыс жүргізгенін, оның негізгі құралдары жобалық басқару жүйесін енгізе отырып, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға кіргенін атап өтті.

«Ағымдағы жылы ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына 700 мың адам тартылатын болады, оның ішінде 36 мың адам кәсіптік оқытумен қамту жоспарлануда, 50 мың адам кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға жәрдем көрсетеді, 97,6 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылады.

2022 жылдың екі айында Ұлттық жобаға қатысушылар құрамына 115,6 мың адам енгізілді, оның ішінде: 31,6 мың адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды; 36,4 мыңы қоғамдық жұмыстарға жіберілді; 8 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды; 3,3 мыңы жастар практикасына жіберілді; 326 адам «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары аясында жұмысқа орналастырылды», – деді Ержан Біржанов.

Еңбекмині халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізеді. Бағдарламаның 38 іс-шарасы Еңбекминінің қатысуымен іске асырылатын болады, оның 17-ін министрлік тікелей жүзеге асыратын болады.

Вице-министр халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарламада көзделген әрбір бағыт бойынша жүргізіліп жатқан және жоспарланып отырған жұмыс туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Бірінші. Жаңа жұмыс орындарын құру.

Фрилансерлер қызметін цифрлық форматқа көшіру мақсатында Еңбекмині «Платформалық жұмыспен қамту» электрондық сервисін әзірлейтін болады. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін түрлі платформаларда оңай тіркеуге, қажетті мамандарды тез табуға, еңбек құқықтарын қорғауға және Тапсырыс берушілермен қарым-қатынасты ресми ресімдеуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 3 және 4 санат бойынша 4,7 мың адамға қысқартылды.

Бұл шаралар халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға және ішкі еңбек нарығын қорғауға мүмкіндік береді.

Екінші. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Еңбек нарығында арнайы тәсілдерді талап ететін бірнеше топты атап өтуге болады (жұмыссыз жастар және NEET санатындағы жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылар, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар).

Осыған байланысты мемлекеттік және жеке дерекқорларды интеграциялау және олардан алынған ақпаратты талдау арқылы әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуға мұқтаж азаматтарды «Ерте анықтау жүйесін» енгізу жоспарлануда.

Жастарды жұмысқа тарту және ынталандыру үшін еңбек заңнамасына «жас қызметкер» ұғымын енгізу, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірлерден жұмысқа келген жастар үшін тұрғын үй жалдауға көтерме жәрдемақы енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Көпбалалы отбасылар (76,8 мың) және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (7 мың) үшін барлық өңірлерде қолданыстағы үлгідегі әйелдерді қолдау орталықтарын құру жоспарлануда. Бұл орталықтарда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетілетін болады.

Жоғарыда көрсетілген шаралар нақты қажеттіліктер бойынша әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтауға, жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, балалы отбасыларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Үшінші. Еңбек ресурстары дағдыларын және жастарды кәсіптік бағдарлауды жетілдіру.

Еңбек нарығына талдау жүргізілді және назар аударуды талап ететін негізгі аспектілер айқындалды, атап айтқанда жұмыспен қамтылғандардың 15,2% - ы тек орта білімге ие, түлектердің 40% - дан астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді, жастардың 34,1% - ы мамандықты өз бетінше таңдамады. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы 5 жылда қызметкерлердің дағдылары мен талаптардың 40% - ға жуығы өзгереді.

Осы мәселелерді шешу үшін жоспарланып отыр:

- бизнеспен бірлесіп, кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтары базасында жаппай қайта даярлаудың, біліктілікті арттырудың «фабрикаларын» құру қажет. Жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға ерекше назар аудару жоспарлануда;

- сұранысқа ие дағдыларды тану жүйесін енгізу. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбекмині «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын әзірледі. Оның шеңберінде біліктілікті танудың тәуелсіз орталықтарын құру үшін тиімді жағдайлар жасау, жыл сайынғы сертификаттаудан өту үшін ізденушілерге кемінде 1000 ваучер ұсыну көзделеді. Яғни, бір реттік ваучер негізінде жұмыссыздар кейіннен жұмысқа орналасу үшін өз біліктілігін растай алады;

- skills.enbek.kz платформасы арқылы жаңа білім мен дағдыларды игеру үшін жағдай жасау. Портал 2021 жылы жалпы ел халқының білім деңгейі мен кәсібилігін арттыру, мансаптық дамуды ынталандыру және «Өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында іске қосылды. Бұл Coursera сияқты халықаралық онлайн оқыту платформаларының аналогы;

- оқушылар мен жастар арасында кәсіптік бағдарлауды ұйымдастыру үшін мансаптық ілгерілеу бойынша кемінде 100 нұсқаулық әзірлеу. Сұранысқа ие кәсіптер мен перспективалы дағдылардың тізімі жыл сайын жаңартылып отырады.

Бұл шаралар жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кадрлар даярлауға, жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар туралы хабардар етуге, оларға мамандық таңдауда қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Вице-министр сондай-ақ, ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес экономиканың басым салалары бойынша ұлттық жобаларды іске асыру басталғанын, олардың негізгі міндеті жұмыс орындарын құру болып табылатынын атап өтті.

«Өңірлердің орта мерзімді кезеңге арналған даму перспективаларымен жұмыс орындарын құру бойынша міндеттерді біріктіруді қамтамасыз ететін кешенді құжаттар болып табылатын өңірлік жұмыспен қамту карталары қалыптастырылды.

Жалпы, 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам, оның ішінде 600 мыңнан астам тұрақты және 1,4 млн-нан астам уақытша жұмыс орындары құрылатын болады. Барлық құрылған жұмыс орындары «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ақпараттық жүйесінде визуалданатын болады. Жергілікті атқарушы органдардың алдына жүйені сапалы толтыру міндеті қойылды.

Екі айдың қорытындысы бойынша шамамен 65 мың жұмыс орны немесе жылдық жоспардың 15% (444,4 мың) құрылды, оның ішінде 16 мыңнан астамы тұрақты», – деп хабарлады Ержан Біржанов.

Өз сөзінің соңында ол Еңбекмині жаңа трендтерге сәйкес халықты жұмыспен қамту саласын цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Негізгі мақсат – бизнес-үдерістерді толығымен қайта қарау, проактивті форматқа көшуді жүзеге асыру. Ол үшін біз бірыңғай цифрлық экожүйені құратын боламыз, оған мынадай сервистер кіреді: Электрондық еңбек биржасы – enbek.kz, қысқа мерзімді онлайн курстар порталы – skills.enbek.kz, фрилансерлер үшін жұмыс іздеу қызметі – freelance.enbek.kz, еңбек шарттарын есепке алудың электрондық жүйесі – ehr24.kz, кәсіпкерлікті дамыту шараларын көрсету жөніндегі автоматтандырылған жүйе – business.enbek.kz. Бұл сервистерді Еңбекмині «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мамандарымен бірлесіп дербес әзірлейді», – деп қорытындылады Ержан Біржанов.